Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәңгілік жасарған Наурыз

1681
Мәңгілік жасарған Наурыз - e-history.kz
Наурыз – жасампаздық, достық пен қайырымдылық мерекесі. Жақсылықтың осындай эстафетасы ешқашан үзілмесін!

NDH порталы барлық қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтайды. Осыдан 20 жыл бұрын осы мерекенің Астанада қалай аталып өткенін есімізге түсірейік.  

Бұл Ақмоланың астана болғаннан кейінгі алғашқы Наурызы болғандықтан, қалалықтардың есінде ұзаққа сақталуы үшін бұл күнге барынша тиянақты дайындалдық. Енді, міне, бізге көптеген кездесулер мен жерді ақ кілемге орап, кешкі аспанды салютпен жарқыратып, жағымды тосын сыйлар сыйлаған көктемнің осы бір ұзақ күні өткеннен кейін мейрам керемет өтті деп айтуға болады. Бұл мейрам соңғы жылдардағы көп қатысушыларды жинап, көктемгі қуанышты көңіл-күй сыйлады. 

Сюжеттерінің түрлілігіне қарамастан, мейрам композициясы көркемдігімен, бейнелілігімен ерекшеленді. Мерекені ұйымдастырушылар Іскерлік және мәдени ынтымақтастық орталығы алдындағы алаң мен оған түйісіп жатқан Республика даңғылының бөлшегін қамтып, осы жерді сәнді безендіріп, таңертеңнен адамдар ағылып келе бастаған көркем аралға айналдыра алды. Бірақ, безендіруге ең үлкен үлесті табиғаттың өзі қосты: таңертең ұйқысынан оянған ақмолалықтар таң-тамаша болды – қала ертегідегідей аппақ қарға оранып алыпты.   

Наурыздың эмблемасы салынған үлкен паннолар мерекенің басты сахнасын белгілеп тұрған шарлар гирляндасымен ерекше үйлесіп тұрды.    

Жартылай киіз үй сияқты безендірілген жоғары үкімет ложасы рөлін атқарып тұрған сахнада ҚР Президенті Н.Назарбаев,  Премьер-министр Н. Балғынбаев, Парламент Сенатының төрағасы О.Байгелді, мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев, Президент Әкімшілігінің басшысы А.Есімов, облыс әкімі В.Гартман және қала әкімі Ә.Жақсыбеков өз орындарына жайғасты, оларды осы мейрамға келгендер ду қол шапалақпен қарсы алды. Театрландырылған көрініс басталды.  

Қыс пен Көктем жекпе-жекке түсіп, жеңілгісі келмеген, құлап барып, қайта тұрған Суық пен Қараңғылық от рухынан күшті сияқты көрінгенімен, бәрібір де күннің жылы шуағы қараңғылықты, енжарлықты, жамандықты жеңді. Жарық күннің жеңісін ақын да өз жырына қосып, өмірді мадақтайды. Осы жеңісті бекіте түскендей ғып дана Ақ Ана бұғып қалған жамандықты, күнәһарлық пен алауыздықты отпен аластап, ежелгі «Алас» ғұрпын жасайды. Жыл мезгілдерінің ауысуы, жаңа уақыт есептелуінің басталуы тек табиғатқа ғана емес, адамдар өміріне де жаңа өзгерістер әкеледі, соны Наурыздан да көне, түп тамыры пұтқа табынушылық заманына, түркілердің аңызы мен наным-сенімдеріне кететін осы бір ғұрып бейнелі көрсетіп берді… сахнаға көне керней ұстаған жаршылар мен актер-жүргізушілер шығып, бәрінде қатысуға шақырады: «Кернейлер - Тыңдаңыздар!- деп әндетеді.

Ұлыстың ұлы күні басталып, еліміздің түкпір-түкпіріне мереке туралы хабар таратуға жаршылар асыға жөнелді. Көктем келеді!». Қадыр бабаның табиғаттай, адамзат тарихындай ежелгі бата-тілектері болашаққа деген бүгінгі үмітімізбен үндес келеді, бұл үміттер барыстың символикалық бейнесінде берілген, бұл символды батырдың ежелгі сауыт-сайманын таққан батырлардың бірі ту ретінде көтеріп бара жатуы тегін емес.

– Көктем мен бейбітшіліктің мерекесі – Наурыз осында, Қазақстан Республикасының астанасында басталды. Бұдан былай және мәңгілікке Ұлы дала орталығында отанымыздың жүрегі соғады. Үшінші мыңжылдыққа аяқ басар сәтте өзінің тарихи тағдырын Қазақстан осы жерден айқындайтын болады. Жаңа астанамызға Жаңа жыл келді!-деп жариялады жүргізуші, осы сәтте алаңға бір топ келіншек шығып, олардың біреуі Президентке Наурыз-көже құйылған кесені ұсынды. Мейрам күні қазақтар ежелден осы тағамды дайындаған…Осы кезде сахнаға көтерілген барлық ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері де неаурыз-көжеден ауыз тиді, өйткені  халықтар достығын, бірлігін, ынтымақтастығын дәріптеу Наурыздың салты: бұрынғы замандарда Наурыз соғыстар мен талас-жанжалдарды тоқтатқан. Совет үкіметі қуғынға ұшыратқан, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жерімізге қайта оралған осы бір мерекенің түп-тамыры жайлы Нұрсұлтан Назарбаев еске салып өтті.

– Наурыз – ең алдымен жасампаздық мерекесі, – деді Президент. – Біздің жас мемлекетіміз де өзін, өзінің болашағын жасап жатыр. Біз алдағы ұрпақ үшін және бүгінгі күні жұмыс істеп, өмір сүріп жатқандар үшін ел дамуын жақсартып жатырмыз.  Наурыздың осы күні Алматыда жаңбыр жауса, Ақмолада қар жауып тұр. Халық ырымы бойынша – бұл жақсылық нышаны, бұл жақсы жемісті жылдың белгісі, бірақ, табиғаттың осы белгісі орындалуы үшін, біз, мықтап жұмыс істеуіміз керек. Және тек көктемгі егісте ғана емес... Бұл күн – ежелден Келісім мерекесі. Халықтар бірлігі және ұлттық тарих жылы болып жарияланған биылғы жылы бұл мейрам, әсіресе, маңызды әрі өзекті. Қазақстанның барлық халықтарының келісімінсіз, достығы, бірлігі мен өзара құрметінсіз, біз, алдымызға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыра алмаймыз. Келісім – бұл Қазақстанның жасампаздығы мен дамуының негізі. Наурыз – бұл Еске алу, біздің тарихымыздың мерекесі. Наурыз – Қайырымдылық символы, бәрін кешіру мен дархандық күні.

Ежелден біздің халқымыз әлсіздерге, мұқтаждарға, қарияларға көмек қолын созғандарға құрмет көрсеткен. Қазақстанда қайырымдылық қоры құрылып, оны құруға барлық дархан азаматтар ат салысты, сондықтан да, бүгін, Президенттің Жарлығымен Ұлы Отан соғыс мен еңбек ардагерлерінің үлкен бір тобына жеңіл автокөліктер табысталады. Н. Назарбаев ардагерлерді мерекемен шын жүректен құттықтап, олардың ерлігі туған жерге деген сүйіспеншіліктің, нағыз патриотизмнің белгісі екендігін атап өтті. Сіздер отанымызды қорғап, жауды жеңдіңіздер, сол жеңістің арқасында біз бүгін бейбіт Қазақстанда өмір сүріп отырмыз. Президент ақмолалықтарды, барлық отандастарды Наурызбен құттықтап, әр үйге, әр шаңыраққа бақыт, амандық-саулық, табыс, ал ортақ үйіміз – Қазақстанға бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

Жиналғандардың ду қол шапалағымен балалар 60 ардагерге гүл шоқтарын сыйлады. Шаштарын ақ шалып, көпшілігі балдаққа сүйенген қарттар қаздай тізілген мәшинелер легіне қарай аяқ басты. «Таврияларда» оларды автоинспекторлар күтіп алып, үйлеріне дейін шығарып салмақ. Жолдыбай Ахметов Астрахань ауданының Оксановка ауылына,  Валентин Васильевич Тюкачев пен Амантай Нұржанов – Ерейментау қаласына, Федор Иванович Лукьяненко –  Степногор қаласына, Хамит Иманбаев – Жақсы ауданына жол тартпақ. Ал, ақмолалық Кәкен Ахметуллиннің үйі қол созым жерде ғана.
Салтанатты бөлімнен кейін, алты сағаттық концерттік бағдарлама басталып, оны республикаға Еңбегі сіңген әртіс Ақжол Мейірбеков пен қазақ эстрадасының тұңғышы «Гүлдер» ансамблі ашады. Концертке ақмолалық әртістер, астаналық филармония әншілері,  Еуразиялық университет студенттері, музыкалық және гуманитарлық колледжердің оқушылары, Қ.Қуанышбаев атындағы театр әртістері, ұлттық-мәдени орталықтардың ұжымдары қатысты.

Қалалықтар қолөнер бұйымдарын тамашалап, киіз үйлердегі ұлттық тағамдармен танысты. С.Сейфуллин атындағы өлкетану музейі дайындаған көрме ерекше қызығушылық туғызды. Республика даңғылының екі жақ қапталында жергілікті кәсіпорындардың жәрмеңкесі қызып жатты.  Халық кешке дейін жалғасқан той-думанды, спортшылар өнерін тамашалады. Теміржолшылар сарайының алдындағы алаңда, Промышленный кентінің , агроуниверситет алаңдарында да қызықты бағдарламалар ұйымдастырылып, агроуниверситет студенттері А.Байтұрсыновтың, С.Сейфуллиннің, Құрманғазының Отан алдындағы еңбегіне тағзым етіп, арнайы экспозициялар жасады. Иә, жылдарды жылдар алмастырады, қай күнтізбемен есептемесең де уақыт жылжып өте береді, бірақ, жақсылық, қайырымдылық, кішінің үлкен алдындағы адамгершілік қарызы мәңгілік жасай бермек.   

Бұл туралы мәңгі жас Наурыз есімізге салады!  

Мақаланы даярлаған кезде ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімді баспасөз қорларының материалдары қолданылды.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?