Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақмоланың тұңғыш совдепі мүшелерінің тағдыры

2113
Ақмоланың тұңғыш совдепі мүшелерінің тағдыры - e-history.kz
Авдеев М. – «большевиктер үкіметінің басты әрі қаһарлы қайраткерлерінің бірі», Бачок Т. – «большевиктер үкіметінің басты қайраткерлерінің және ұйымдастырушыларының бірі», Бекмұхаметов Н. – «сөзсіз зия

Ресейдегі саяси процестердің 100-жылдығы сол жылдардың бірқатар мәселелерін тағы да көтерді. Билік үшін күрес империяның шет аймақтарында да болып, адамдардың тағдырына әсер етіп, халық жадында өз ізін қалдырды. Совет үкіметінің орнатылуы мен ақ гвардияшылар көтерілісі кезінде Ақмола совдепінің алғашқы құрамының тағдыры мен қайғылы оқиғалар ізімен жүріп көрелік.

Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатында сақталған материалдар Совет үкіметі үшін күрескендердің азғантай ғана болса да, бірақ «жарқын болашаққа» кәміл сенген күрескерлер жолын анықтауға мүмкіндік берді. Мұрағат қорларында сол жылдардағы оқиғалар куәгерлерінің жазбалары, естеліктері,өлкетанушы А.Дубовицкийдің қолжазбалары, сонымен қатар мұрағаттардан алынған көшірмелерге және мерзімді баспасөз материалдарына бай. Қордың материалдары осы мақаланың жазылуына құжаттық негіз болды.

Ақпан революциясы басталған сәтте шағын ғана Ақмола қалашығында боьшевиктік ұйым болған жоқ. Самодержавиенің құлағаны туралы хабарлар келебастағаннан қалада толқулар басталып, билік мәселесін шешу қажет болды. Атқарушы комитетті сайлау туралы мәселе туындады. Ақмола уезін басқару жөніндегі уездік комиссар ретінде Омбыдан прапорщик Петров келеді [1].

Алғаш рет большевиктер өздері туралы 1917 жылғы 15 мамырда шаруа депутаттарының съезінде жариялап айтты. Солардың ішіндегі ең белсенділері Нестор Монин мен Феодосий Кривогуз болды, олар бірқатар шешімдердің қабылдануына ықпалдарын тигізді. Шаруа бастықтарының институттары мен оның уездік басқармасын жою, кіріс салығын өзгерту туралы шешімдер қабылданды [2].

1918  жылы басылып, Т. Бочка мен Э. Пионтковскийдің қолы қойылған большевиктердің Ақмола ұйымының партиялық билеті

Большевиктер бұқара халық арасында өз саясаттарын белсенді жүргізіп, жергілікті билікті құлату үшін күш құрап жатты. Ақмолаға Юшаков, Шлюшенко мен Дризге сияқты коммунистерді жолдаған Омбы большевиктерінің комитеті көп көмек көрсетті. Партия ұяшықтарын құру бойынша жұмыс басталды. Көмек көрсету үшін көктемде Петроград большевиктерінен Фандов, Зимин, М. Авдеевтер келді, олардың мақсаты Қызыл гвардия отрядтарын құру болды.  1917 жылдың желтоқсанында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары ыдыратыла бастады. Құрамында  Нестор Монин, Феодосий Кривогуз, Захар Катченко, Дмитрий Богомолов, Тимофей Бачок, Николай Горбачев, Сәкен Сейфуллин, Рақымжан Дүйсембаев, Бәкен Серікпаев және басқалары бар Революциялық комитет құрылды [3].

1917 жылдың 27 желтоқсанында жалпы қалалық кеңесте билікті Революциялық кеңеске беру және қалада тәртіпсіздіктерді ұйымдастырмақшы болған прапорщик Петровты тұтқындау туралы шешім қабылданады.  Көпес П.Моисеевтің үйінде жатқан Петровты тұтқындаудың сәті түспейді. Киімдерін қазақ киімдеріне ауыстырып, Уақытша үкіметтің комиссары көзден таса болады [4].

Тұңғыш уездік Совдеп орналасқан П. Моисеевтің тастан қаланған үйі. Совет заманындағы №4 емхана (Орджоникидзе көшесі, 6). В. Бочковтың фотосы, 1960 ж.

Жаңа билік органдарн құру туралы сұрақ тұрады. 1918 жылғы 28 ақпанда Советтердің Ақмола уезіндегі тұңғыш съезі ашылады, оған қала мен болыстардан 224 өкіл қатысқан [5].

Съезде Совдепке қайта құрылу жүргізіледі. Оның төрағасы – Тимофей Бачок, орынбасары – Павел Вязов, хатшысы – Феодосий Кривогуз болады. Съезд: билік туралы, жер пайдалану туралы, ірі жеке капитал мен мүлікті тәркілеу туралы, халық ағарту мен денсаулық сақтау туралы, азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы бірқатар маңызды шешімдерді қабылдайды. Атқарушы комитеттің төрағасы және Ақмола қаласының әскери коменданты болып Захар Катченко тағайындалады.

1918 жылғы наурыздың алғашқы күндері Кеңес мүшелерінің арасында міндеттерді бөлу жүргізіледі, Кеңестің бөлімдері бекітіліп, Халық шаруашылығы кеңесі ұйымдастырылады, жергілікті көпестерге салық салу туралы шешім қабылданады.  Кейінірек, 13 сәуірде, Совдептің бөлімдері қайта құрылып, төраға болып Т.Бачок сайланады. Қызыл Гвардия бөлімшелерін майдангер М.Авдеев басқарады [6].

1918 жылы Қызыл армия отрядтары орналасқан Г. Хальфиннің жекежайы. Совет заманында типография (Ленин мен Мир көшелерінің бұрышы). Е. Лукиннің суреті, 1957 ж.

Бейбіт өмір мен Совдеп қызметі ұзаққа созылмады. Революцияның бейбіт дамуы контрреволюция жақтаушыларының астыртын әрекеттерімен үзілді. 1918 жылдың 3 маусымы Кучковтың бастауымен контрреволюциялық төңкеріс болып, Совдеп мүшелері тұтқындалды. Әр жерде орналасқан Қызыл Армия бөлімшелері көтерілісшілерге мықты тойтарыс бере алмады. Командир М. Авдеев басқарған қызылгвардияшылар отряды әскери қарсылық көрсетуге тырысқанымен, қарсыластың күші басым түсіп, жеңіліс тапты.

Ақмоланың тұңғыш совдепінің мүшелері тұтқында ұсталған  А.И. Рыбникованың дүкені. Совет заманында №6 өнеркәсіп тауарлары дүкені, телеаппаратураны қабылдау пункті (Карл Маркс көшесі, 133). В. Бочковтың суреті, 1949 ж.

Бассыздықтар мен тұтқындаулар басталды.  Жеңіске жеткен ақтар мен казактар совет үкіметіне қатысы барларлың бәрін ұстап тұтқындай бастады. бірінші күні-ақ 200 адам тұтқындалды [7].

Оларды мылтықтың дүмімен, қамшымен ұрып-соғып, осыдан соң Совдеп мүшелері мен коммунистерді станицалық басқармаға қамап, кешке қарай Рыбниковтың жесірінің үйіне ауыстырады. Рыбников дүкенінен тұтқындалғандарды қалалық түрмеге ауыстырады. Тергеу комиссиясының қаулысына сәйкес, Совдеп мүшелері мен партия мүшелеріне қатаң түрме тәртібі белгіленеді. Олардың жағдайлары өте ауыр болды: тұтқындарға сәлем-сауқат беруге тыйым салынды, тәулігіне 1/3 фунт нан және бір саптыаяқ су берілді [8].

Ақмола уездік Совдепінің бұрынғы мүшелері М. Юдин мен И. Пригоданың естеліктерінен:

«Тамақтың жетіспеушілігі, қорлықтар, ұрып-соғулар, ана жақта, еркіндікте әйелің, бала-шағаңның қиналып жатқанынан шеккен азаптар денсаулығыңды бұзбай қоймайды.  Кейбіреулер ауырды. Ең көрнекті деген совдеп мүшелерін жендеттер кісендеп тастады. Темірді бүкіл қала бойынша жинап, тіпті иттердің бұғауларын да шешіп алып жатты, бірақ кісенге бәрібір жетпей жатты.  Барлығы 6 адамның аяқ-қолына кісен салынды. Басқаларының тек аяқтарын кісендеді. Тұтқындарды осы күйінше бүкіл қала көшелерімен алып жүрді» [9].

Жеті айдың ішінде 1918 жылғы маусымнан 1919 жылғы қаңтарға дейінгі жеті ай ішінде тұтқындар Ақмола түрмесінде ұсталып, қорлық пен азап шегіп жатты. Әсіресе, В. Павлов, Н. Монин, И. Трофимов, Т. Бочканың жағдайлары ауыр еді, бірақ ең көп қорлық көрген М. Авдеев еді.  

1918 жылғы 5 қаңтарда Омбыдан офицерлер Губин мен Бородихин басқарған атаман Анненковтың отряды келіп жетеді. Совдептің 57 мүшесін жаяу қала сыртына шығарып, ат-шанаға отырғызып, Ақмоладан Петропавлға жібереді, ара қашықтық 550 шақырым жер [10].

Оларды алып жүргендер Петропавлға «Ақмола қаласындағы 1-ші Совет үкіметінің қайраткерлерінің тізімін», оларға берілген мінездемемен апара жатты. Осылайша, Авдеев М. – «большевиктер үкіметінің басты әрі қаһарлы қайраткерлерінің бірі», Бачок Т. – «большевиктер үкіметінің басты қайраткерлерінің және ұйымдастырушыларының бірі», Бекмұхаметов Н. – «сөзсіз зиянды әрі қауіпті» [11].

13 тәуліктен соң тұтқындарды Петропавлға жеткізіп, бараққа жайғастырып, келесі күні әрі қарай айдап әкетеді.

З. Катченконың естелігінен:

«Петропавлда 57 адам, бәрімізді, екі тауарлық вагонға (атаман Анненковтың өлім вагондары) тиеп, үшінші кластық вагонға Колчактың жендеттері жайғасты. Бұрын мал тасыған вагондар лас еді. Бұл «ажал вагондарында» бізді 48 тәулік ұстады, вагондарды бір стансадан екінші стансаға айдап, тәуліктеп тұйықтарда ұстады, үш-төрт тәуліктеп не нан, не су бермеді. Осындай азаптардың нәтижесінде менің алты жолдасым, Павлов, Дризге, Монин, Пянковский, Афанасьев, вагонда аштықтан өлді. Қайтыс болған жолдастарымыздың мүрделері тәуліктеп біздердің, тірілердің, жанында жататын, ақырында біздің талаптарымыздың нәтижесінде, мүрделерді осы мақсатта біздің вагондарымыздың соңына тіркелген қосымша бос вагонға апаруға рұқсат етті.

 

Әйтеуір, 1919 жылдың наурызында, ғайыппен тірі қалған бізді Омбыға әкеліп, концентрациялық лагерге қамады. Омбының концентрациялық лагерінде көптеген қызыләскерлер, совет және партия қызметкерлері қамауда отырды. Бұл лагерлерде  М. Смакотин, Милокумов, Стручков, Ф. Кривогуз, Задорожный, Патрикеев және басқа да жолдастарымыз қаза болды» [12].

Осылайша, кір, суық вагондармен Семейге жетіп, онда 2-3 сағат тұрған соң, тұтқындар тиелген вагондар қайтадан Омбыға жол тартты. Концлагерде ұрып-соғулар, қорлықтар мен азаптар жалғасып, адамдарды атып өлтіріп жатты, ал басқалары жарақат пен аштықтан өліп жатты. Бірнеше айдан кейін барлығы 57 ақмолалықтан небәрі 31 адам қалды.

М.Юдин мен И.Пригоданың естелігінен: «Біз қашу туралы ойлап, соның жолдарын қарастыра бастадық. Көп ұзамай М. Авдеев, З. Катченко, П. Вязов, Юдин, Сейфуллин, М. Баландин, В. Мартылога, Д. Нуркин, Е. Кондратьева, Ф. Ананченко, С. Макалкиндер сәтті қашып шықты».

1919 жылдың тамыз айының басына қарай Омбы лагерінде Ақмола совдепінен небәрі 19 адам ғана қалады, оның ішінде: Пригода, В. Грязнов, Кременской, Гизатулин, Павлов. Қызыл армия бөлімдерінің шабуылдары колчакшыларды тұтқындарды тағы да вагондарға тиеп Шығысқа қарай жөнелтуге мәжбүр етті. Пойыз тұтқындарды Иман стансасына дейін әкеледі де, оларды сол жерде 1920 жылдың ақпанында Қиыр Шығыс партизандары құтқарады.

Барлығы 57 ақмолалық совдеп мүшелерінен үйлеріне небәрі жетеуі ғана оралады: Пригода И., Грязнов М., Грязнов В., Краменский М., Лозяной С., Стреколовский. Ақмола түрмесінде қалған белсенділер тек Қызыл Армияның бөлімдері Ақмоланы алғаннан кейін ғана, 1919 жылғы 25 қарашада ғана босатылады [13].

Совдеп қаһармандарының аттары ұмытылмай, олардың есімдерімен Ақмоланың, кейін Целиноградтың көшелері аталады – Монин көшесі, Кривогуз көшесі, Дризге көшесі және т.б.

 

Басты суретте: А.Ф. Дубицкийдің суреті «1919 жылы Ақмола қаласында еврей зираты жанында қызыл партизандардың атылуы». 

Татьяна КОШМАН, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті

 

Дереккөздер:

1. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407- Қ.. 1-Тіз. 188-Іс. 1-Б.

2. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 1-Б.

 3. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 1-Б.

4. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 1-Б.

5. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 1-Б.

6. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 12-Б.

7. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 13-Б.

8. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 13-Б.

9. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 13-Б.

10. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 13-Б.

11. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 185-Іс. 1 - 4-Б.

12. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 188-Іс. 3 - 4-Б.

13. «Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты» ММ. 407-Қ. 1-Тіз. 184-Іс. 13-Б.

14. Дубицкий А.Ф. Есіл бойындағы қала. Алматы: Қазақстан, 1986.  

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?