Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Найман мемлекеті және билік қызметі туралы

3857
Найман мемлекеті және билік қызметі туралы - e-history.kz
Найман мемлекетінің хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Белгілі тайпа билеушілері, батыр, қолбасшылары хан кеңесінің құрамына кірді. Хан ұлыс жасағының бас қолбасшысы болды

Азаулы елінің ағасы Доспамбет жырау «Кетбұғадай билерден, Кеңес сұрар күн қайда?» дегенде қандай мәселені нұсқап тұр? Доспамбет жанына өзіне туыс болып келетін жүз шақты жігітін ертіп шекаралық аймақта сауда керуендерін тоқтатып қойып, тонап, немесе момын елдің барымталап малын ала қашып жүрген батыр емес, Доспамбет бірер атаға билігі жүргенге мәз болып отырған би де емес, ол – тұтас бір аймақтың басшысы. Ендеше Доспамбет Кетбұқадан өзі басқарған мемлекеттің басқару жүйесі, сыртқы елдермен саясаты туралы кеңес сұрамақ десек шындыққа жарасады емес пе?!

Доспамбет жырау сөзі Кетбұқаның мемлекет қызметіндегі аталық болғанын дәлелдейді деген пікірдеміз. Әрине, Шығыс деректерінде, Қазақ шежірелерінде Кетбұқаның аты Жошы өлімімен  байланыстырылып, оның образы  не дәулескер күйші, не ұлық  жыршы  түрінде көрініс береді.  Бірақ естеріңізде болса орта ғасырлық анонимдік шығарма «Шаджарат-ал-атрак» Жошы ханның өлімін маңайындағы уәзірлерінің Шыңғыс ханға батып жеткізе алмағандығы туралы баяндайды. Шыңғыс хан алдына баратын адам мемлекет қызметіне тікелей араласқан, қағанға етене жақын, ел мүддесін ойлаған адам болуы заңды.

Мемлекет басқару тәжірибесі оңайшылықпен келмейді. Мемлекет пайда болуының басты шарты -жер иеліктері. Рашид-ад-дин наймандардың Шыңғыс ханға дейінгі қоныстанған жерінің шекарасын былай белгілейлі:

«Найманның бір бөлегі биік тауларда жайласа, екінші бөлегі жазықты жерді мекендеді. Жоғарыда айтылғандай негізгі жері -Алтай таулары, Қарақорым, Элуй (Алай) – Сирас және Көк Ертіс, Моғолстанға дейінгі аймақ деп атайды. Патшасының жайлайтын жазғы жайлауы Талақ деген жер. Осы тұста Джаджиз-наур деген алаңқайда ордасы тұрады десе,  қысқы қонысы Адари-Эбке, Бакрас-олум, Ачирик-наур таулары, Ала-Етрин өзенінің бойы».

Найман елінің қонысы Ертістің жоғарғы жағында қырғызбен шекаралас аймақ жатыр, екі арада жаугершіліктің көп болуы осы себепті дейді тарихшы. Рашид-ад-дин наймандардың Ертістен Енисейге дейінгі өлкеде қырғызға бірнеше соққы бергенін де сипаттап жазады, яғни жер мәселесі наймандар қашанда ауыр және өзекті болған.

Найманның шекаралас елінің бірі Тоғрыл (Он) ханның елі, яғни керейлер еді, сол себепті керей мен найман арасында  бітейтін, өшпейтін жаугершілік жүріп жатты. Найман жерімен шекаралас көрші үшінші ел- оғыздардың негізгі ұйытқысы-ұйғырлар екені белгілі. Қырғыз тайпалары  840 жылдары Ұйғыр қағанатын талқандағаннан кейін олардың көпшілігі бір жағы Ертісті бойлап кетсе, екіншілері Шығыс Түркістан аймағына бет бұрды, сонымен бірге Орталық Азия үстіртінде қалғандары да аз емес еді. Олардың ішінен Найманның хан ордасына  қызмет еткен Тата Тунга сияқты сауаттты азаматтары  да аз емес еді.

Қарап отырсаң бүкіл өмірі көршілерімен жаугершілікте өткен, негізгі халқы көшпелілікке бейім найман елінің мемлекет құруы оңай болмаған. Бірақ бізге белгілі деректер наймандардың заманында өте күшті мемлекет құрғанын айғақтайды. Рашид-ад-дин «Эти племена найманов и их государи были уважаемыми и сильными, они имели болтьшое и хорошее войско, их обычаи и привычки были подобны монгольским» дейді.

С.Е. Малов құрастырған түркі жазба ескерткіштерінің жинағы ішінде Абақан өзенінің бойынан  Ачура деген жерден  табылған Орхон жазуымен жазылған құлпытас бар. Ол жазудың мазмұны бір ғана Найман еліннің тарихын суреттейді.:

Ег өгесі Инанч-білге (Бұқа хан),

Оғлы аты Куч-Оре оғлан.

Ер атыңыз Оре бек,

Еліңіз учун қызғану...

Ағыға тегміш су теңі,

Еті бің оғлан ерті.

Найман мемлекетінің хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Белгілі тайпа билеушілері, батыр, қолбасшылары хан кеңесінің құрамына кірді. Хан ұлыс жасағының бас қолбасшысы болды. Ұлыста іс қағаздары жүргізіліп, хан жарлықтары хатқа түсіріліп, оған ханның төрт бұрышты алтын мөрі (таңба) басылған.  Деректерге қарағанда найман патшаларын ертеде Күшліқ хан, Бұйрық хан деп аранайы титулдармен атаған. Осыған қарағанда әуел бастан найманда екілік, яғни  дуальді одақ есебінде өмір сүрудің бір тәртібі болған.  Бұл тәртіп Орталық Азияда мемлекет құрған көптеген халықтардың саяси жүйесінде бар нәрсе, ол шамасы көшпелі елдердің   батыс және шығыс болып бөлінетін екілік этноқұрылымымен байланысты.   

Тарихи анықтамаларға қарағанда «Күшілік» атауы -өте күшті және ұлы дегенді білдіреді. Рашид-ад-дин бұл титулдың басқа да мағыналары бар дейді:

«Значение слова кушлук-хан-сильный и великий государь. Говорят, что была и другая прничина названия кушлук. Некий государь этого племени повелевал джинами и людьми, имея над ними такое могущество, что доил молоко у джинов, делал из него кислое молоко, дуг (айран), кумыс и кушал. После того, эмиры сказали: «Грех это !» и царь оставил это дело. Это в виде легендарного рассказа».

Осы сияқты ертегіге бергісіз әңгімелер қазақ ортасында күні кешеге дейін айтылып келді.... «Бұйрық» сөзін тарихшылар сол қалпында түсіндіреді, яғни орындауды талап ету, бұйыру мағынасында. Орысша «дающий приказ» делінеді. Сонымен бірге Рашид-ад-дин найман басшыларының өздерінің әке-шашелері азан шақырып қойған  шын аттары да болғанын айтады.

Найман мемлекетінде орда, яғни патша резиденциясы болғанын, кеңсе жұмысының жүргенін біз Тата Тунгаға қатысты мәліметтерден анықтаймыз. Енді сөздің кезегін «Құпия шежіреге» берейік.

«Шыңғыс хан Алтай өлкесінде Найманның еліне ойран салып тұп-тұтас бодан етті» деп басталады бұл әңгіме.  Сол шапқыншылықта Таян ханның ордасынан бір адам сай-сайды қуып, бой тасалап қашады. Хасар оны тірі ұстап әкел деген соң Бат деген жауынгер қуып жетіп, тірідей ұстап әкелді. Хасар байқаса жаңағы адамның қойнында мөр (таңба) бар екен.

  Мөр сияқты кеңсе затын өмірінде көрмеген Хасар:

-Сендердің тайпалдарыңның бәрі бізге қарағанда, сен мынаны қойныңа тығып қайда алып бармақсың,-дейді.

  Жау шауып жатқан уақытта, орда сыртындағы өзекте бой жасырып кетіп бара жатқан адам Найман мемлекетінің кеңсе қызметін басқаратын, хатшы Тата-Тунга еді. Ол Хасарға:

-Мен шыбын жаным шыққанша бұйрықты орындауға тиіспін. Мына мөрді бұрыңғы иесіне табыс етемін деп едім. Бақытсыздықтан ұсталдым,-дейді.

Хасар кеңсе қызметі деген хабары жоқ,  мәселен әлі де түсіне қоймай, Тата-Тунгадан:

-Өзің қай русың ? Қандай мансабың бар ?-деді.

Тата-Тунга:

-Менің ата-тегім ұйғыр еді. Есімім-Тата-Тунга. Менің қожайыным бұл мөрді маған өткеріп, азық-түлік жинау және оны жұмсау ісін маған міндеттеген еді,-дейді.

Хасардың;

-Бұл мөрді неменеге керектенушң еді,-дегеніне Тата-Тунга:

-Абзал адамды сайлап жарлық, әмір шығару тәрізді әртүрлі іске керектенеді,-дейді.

Оның жауабын енді түсіне бастаған Хасар:

-Нақ адал адам екен, -деп, Темучинге таныстырыпты.

Темучин де істің қанығына жеткен соң Тата-Тунганы хатшылық қызметке қойып, хат-қағаз жүргізгенде қолдану үшін әлгі мөрді өзіне қайтарып береді».

Кейіннен Темучин Тата-Тунгаға қамқорлық етуді Хасарға тапсырып, оны мұғаклім тұтып, заң-жоралғы, әскери саясат, алым-салық жиану шаруасына басшы қылып қойды. Сонымен қатар Тата-Тунга Хасардан бастап Шыңғыс ханның өз балалары мен жанындағы көмекшілерінің балаларын оқыта бастады. Тата-Тунга мектебін бірінші  аяқтап шыққан шәкірт Хасардың өзі болды. Белгілі ғалым Зардыхан Қинаятұлы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» кітабында «Қалай дегенмен Жошы 1204 жылы өз ордасында ашылған Тататунга мектебінде дәріс алғаны сөзсіз. Бірақ ол Жошының жасы жиырма беске жетіп ысылған қолбасшы болып толысқан тұсы болатын» дейді. Моңғол басшылары өздерінің мемлекет құру саясатын осы Тата-Тунганың ақыл-кеңесімен жүргізді. Сонымен Шыңғыс хан  әулетінің білімге бет бұруы, кеңсе шаруасының қолға алуы т.б. шаруалар 1204 жылы Найманның бас бітікшісі,  әрі хатшысы  Тата-Тунга қолға түскеннен басталады. Бұл туралы Юань Ши (Юань әулетінің тарихы) жылнамасында : «Шыңғыс хан 1204 жылы найман бітікшісі Тататунганы орда бітікшісі етіп тағайындап, хан  балалалырн Ойғыр әліпбиімен моңғол тіңлінде жазу үйрете бастады»деп жазба қалдырған.   

Әлкей Марғұланның пікірінше «Ғалымдардың анықтауынша моңғолдардың мәдениетіне зор әсер еткен найман мен керейлер. Олар көп уақыттан бері үкімет жасап, саяси тұрмысы мен мәдениетіне ойғыр жазуын жақсылап пайдаланған соң, оны көрші елдерге де таратты».

Наймандардың ежелгі ұйғыр жазуын қолданғаны туралы деректер аз емес. Наймандардың түрік тілімен жазылған ескерткіштері Гоби шөліне таяу тұратын «Қара Хото» қаласын қазғанда табылған. Найман таңбалары екі түрлі, бірі – ергенек н, ергенек қамалының қақпасы, екіншісі – бақан таңба ү. Найман тілі Шыңғыс ордасында ресми кеңсе және әкімшілік тілі есебінде қолданылғаны туралы Рашид-ад-диннің жазбаларынан аңғаруға болады. Ол баяут тайпасынан шыққан Унгуз деген әмір туралы сөз қозғай келе ханның дастарханына жауап беретін «бауыршы» және ханның алдында  тамақтан ауыз тиетін «бақауыл» қызметтеріне сипаттама жасайды. Осы аталған Унгуз бақауыл қызметін атқарған екен және Унгуз-қысат деген атақ алған: «оны Унгуз-қысат деп атады, себебі найман тілінде бақауылды «қысат» деп атайды» дейді  ұлы тарихшы.

Найман патшаларын жеңу, найман елін бағындыру тайпалық қауымдастық деңгейінде жүрген моңғолдарды мемлекеттік билік дәрежесіне көтерді. Бұл мәселе Шыңғыс хан туралы жазылған шығыс тарихшыларының еңбектерінде арнайы атап көрсетіледі. Рашид-ад-дин өзінің атақты «Жами ат-тауарихында» «Бартан батырдың ұлы Есугей  баһадүр туралы баян» деген тарауында «Есугейдің үлкен ұлы және бәрінен де жақсысы Темучин, елу жасында найман елінің патшасын өлтіргеннен кейін билеуші атанып, оған Шыңғыс хан атағы берілді» дейді. Бұл жерде Шыңғыс ханның билеуші атағына тек Найманның Таян ханын өлтіргеннен кейін ғана қолы жеткені айтылады. Мәселе уақыт мерзімінде де емес, мәселе Орталық Азия үстіртіндегі тайпалардың ішінде белгілі бір иерархия бар екендігінде және олардың ішінде біреуінде ғана патшалық атақтың болатындығында. Тата-Тунганың әңгімесіне қарап және Рашид-ад-диннің ескертпесін ескере отырып Найман мемлекетінің деңгейі сол кезеңде патшалық жағдайында болды  деп есептеуге болады.

Тағы бір ескеретін мәселе. Рашид-ад-диннің жоғарыда айтылған пікірін ескере отырып Темучиннің Таян ханға дейінгі соғыстарын шын мәніндегі үлкен соғыстар емес, тайпалардың арасындағы қақтығыстар деуге келеді. Осы себептен сол заманның тарихшылары Темучиннің  Найманмен соғысын «ұлы соғыс» деп  атайды.  Бұл соғыстың мәні туралы әңгіме  Темучиннің інісі Жошы-Қасарға қатысты да айтылады: «Есугейдің екінші ұлы – Жошы-Қасар. ...Найманның патшасы Таян ханмен болған ұлы соғыста Шыңғыс хан Жошы-Қасарға әскердің ортасын басқаруды жүктеді. Жошы болса осы соғыста тамаша жігерлілік және сайыпқыран ерлік көрсетті. Осы себептен Шыңғыс хан басқа інілері мен балаларынан Жошы-Қасарды ерекше бөліп жоғарғы атақ берді».

Қысқарта суреттесек Шыңғыс ханның империя құрмақ талабына саяси тұрғыдан үлгі болған Найман мемлекетінің саяси құндылықтары мен құрылымының жалпы сипаты осындай. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?