Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сақтардың соғыс өнері

5629
Сақтардың соғыс өнері - e-history.kz
NDH порталы жаңа жоба – «Қазақстанның әскери тарихын» бастайды

Дүние жүзінің кез келген мемлекеті өзінің даму тарихында армиясының өткен-кеткеніне тоқталмай тұрмайды. Себебі бүгінгі таңда олардың мемлекет болып қалыптасуының алғы шарты әскерінің қуаттылығы болса, бабалар салған сара жолды ұрпаққа таныту, насихаттау ісі де қатар жүруге тиісті.

Жаңа жобада назарларыңызға қазақ даласын мекендеген көне дәуірдегі байырғы тайпалардың, қуатты мемлекеттер мен даңқты державалардың соғыс өнері мен тактикалары, тарихи соғыс орындары мен атақты қолбасшылары, қорғаныс жабдықтары мен соғыс қару-жарақтары жайында жазылған көл-көсір материалдардың негізінде қайта сұрыптап, өңделіп ерекше тәсілмен мақалалар ұсынылады.

Қазіргі қазақ даласының оңтүстігін, оңтүстік батысын, Арал-Каспий аралығын мекендеген байырғы тайпаларды парсылар сақ, антикалық жазба авторлары скифтер деп атаған. Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта осы далада өмір сүріп, мәдениетін дамытқан, тілі туыстас, халқының саны басым бұл тайпалар бірлестігінің тіршілік кеңістігі бұдан да шалқар, айдынды еді. Біздің дәуірімізге дейінгі 1500 жылғы Бехистун жазбасында «Суы лайланып ағатын екі дарияның ар жағында жазық дала басталады. Осы далада Сақ деп аталатын халық тұрады» деген деректер бар. Тек Қазақстан аумағын ғана емес, бір кездері Қазақ даласы болып саналған Орта Азия мен Сібір, Алтай мен Шыңжаң өлкесін де емін-еркін жайлайтын көшпелі тайпаның өмір салты әлемдік өркениеттің өте биік үлгісін көрсеткен.

Сақтардың соғыс стратегиясы – әлемдік прогресс

Осынау ұлан-ғайыр өлкенің түрлі климаттық ауысымында, сан қилы жер бедері мен таулы-шөлейтті, далалы аумақты мекендей отыра сақтар сол және содан кейінгі кезеңдерде әлем халықтарының экономикалық дамуында ірі прогресс саналған көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығын дамытты. Бүгінгі таңда ашылып жатқан археологиялық орасан зор табыстарға қарап отырып, сақтардың мәдениеті биік дәрежеде дамығанын, әсіресе соғыс ісінің деңгейі жоғары болғанын, жауынгерлік өнердің аса күшті қарқын алғанын байқаймыз. Былайша айтқанда, көне дәуірде атты әскерді дайындау, атты соғыс өнеріне тарту, сол арқылы діттеген жерге тез жету секілді механизмдерді іске асырған сақтардың соғыс тактикасы бүгінгі таңдағы ғарыш әлемін игерген озық елдердің ісімен пара-пар болған.

Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтардың тайпалық одағы темір өндіріп, алтын күміс қорытуды да жетік меңгерген және оны күнделікті тұрмыс-тіршілікте ғана емес, соғыс өнерінде де мақсатты түрде пайдалана білді. Қазақстан территориясынан табылған көне металлургия орындары, түсті және қара  металдар кеніштері сақтар дәуірінде жақсы дамығанын көрсетті. Әсіресе мысқа қалайы, мышьяк, қорғасын, күміс, мырыш қоспаларын қосу арқылы қола мен жез алынуы, тіпті қола индустриясының гүлденген кезеңі сақтар заманына тән еді. Ал алтын тотығуға ұшырамайтын, түрін, қасиетін ұзақ жылдарға дейін тұрақты сақтай алатын өзіндік мықты материал ретінде сақтар үшін орны ерекше болды. Бұған бір ғана мысал есебінде есік қорғанына табылған әйгілі Алтын киімді Адамның қару-жарақтарына жапсырылған алтындар мен Шіліктідегі Бәйгетөбеден аршылып алынған үшінші Алтын адамның киіміндегі сом, құйма алтындарды айтсақ та жеткілікті.

Тарих ғылымдарының докторы Арман Жұмаділдің: «Біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығы – бұл далалық соғыс өнерінің қалыптаса бастаған кезеңі. Сақтардың бір ерекшелігі, сол заман деректерінің негізінде, біз олардың атты әскердің және жаяу әскердің болғанын көреміз. Бұл атақты тарихшы Геродоттың жазбаларында да кездеседі. Жаяу әскер – жер шаруашылығымен айналысатын сақтардың әскері» деген пікірі «Тәңірі сақтың егіншілеріне соқа мен қамытты, жауынгерлеріне найза мен жебені, абыздарына табақ тәріздес сиқырлы сыйлықтарды берген» деп жазған Рим тарихшысы Квинт Курцкий Гуфтың дерегімен сәйкес келеді.

 

Сақтардың негізгі армиясын атты әскер құрады

Сақтардың соғыс өнері сол кезеңдегі өз заманына тән, жетілген, озық өнер болды. Тарихшылар «Сақ дәуірі – соғыс тактикасының шыңдалған кезеңі» деп тұжырымдайды.

Сақ армиясының ең негізгі күші атты әскер болған. Олар атты меңгергені сонша, соғыс басталса, атқа қонған аруақты ерлер жаудың шебін талқандап қана қоймай, ары бетіне дейін тіліп өте шығатын болған. Бұл туралы Геродот жазбаларында да сақтардың ең озық жетістігі ретінде атты әскердің ролін ерекше бағалайды. Тарихтың атасы былай деп жазады: «Олар салт атпен де, жаяу да соғыса береді. Әдеттегісіндей олар садақпен, найзамен және айбалтамен қаруланады. Найзаның, жебенің, айбалтаның ұшы мен жүзін жезден жасайды да, бас киімін – дулығасын, белбеуі мен шығыршығын алтынмен аптайды. Олар аттарына жезден өмілдірік – қап кигізеді. Жүгенін, ауыздығын және ноқталығын алтынмен жалатып, өрнектеп қояды. Олар темір мен күмісті тұрмыс-тіршілігі үшін қолданбайды, өйткені оларды бұл елде кездестіре алмайсың. Оның есесіне алтын мен жездің көптігінде есеп жоқ». «Сақтарды жаулау мақсатында келген басқыншылар не оларды жаулай алмайды, не олардан қашып құтыла алмайды» деп те ескертеді. Атты әскер дегенде, атты әскери арбалардың да сақтардың қолдануы жайында жазбалар сақталған. Мысыр перғауындары мен грек армиясына ғана тән деп келген әскери арбалар мен рыцарлық қару-жарақтар Ұлы Даланың көшпелі тайпаларының да пайдалануы осы кейінгі жылдары анықталды.

Ат үстіндегі қимыл, жеңіл әрекет үшін үзеңгіні ойлап тапқан дала көшпелілеріне аттың қорғаныс жабдықтарын жасау қиынға соқпаса керек. Сақ тайпалық одағына кіретін сарматтар шығыста Рим, оңтүстікте Парфия мемлекетімен жауласып тұрды. Римнің әскерінің лек-лек болып легионға бөлініп, қатарласып жүретіні бәрімізге белгілі. Осындай тығыз ұйымдасқан, мұздай қаруланған қалың шоғыр жасаққа сақтар қарсы амал ретінде катафрактты қолданды. Грек тіліндегі катафрактты қазақтар  «берен кежім» деп атаған және бұл қазіргі таңда бастапқы мағынасынан ажырап, жұмсарып, хас тұлпарды бәйгеге қосу мезетінде жабулап, кежімдеп ұстау дәстүріне ұласып, әлі де жалғасып келеді. Геродот сақ-скифтер өз аттарының кеудесін мыс сауыттармен қорғайды деп жазады, бұл жазбаға қарағанда, жауынгерлік аттарды қорғау үшін жоғарыда айтқанымыздай аттың сауыттарын ойластыруы бекер емес.

 

Сақтардың қару-жарағы

Сақтардың қолөнеріндегі негізгі стиль аңдық стиль болғанын бәріміз жақсы білеміз. Аңдар мен жануарларды, құстарды, тотемдік бейнелер мен морфологиялық белгілерді көркемдік обьектісі деп бағалаған сақ-скиф мәдениетінің ерекшелігі де осында жатыр, мұндай ою-өрнектерді олар соғыс қаруларына да кеңірек пайдаланды. Жалпы алғанда соғыс ісінің қару-жарақтары шабуыл қарулары және қорғаныс жарақтары деп екі үлкен топқа бөлінеді.  

Дәстүрлі қару-жарақ этнографиясын терең зерделеген ғалым Қ. Ахметжанның жіктеуінше, шабуыл құралдарының жиынтығына жақ пен оқ, қанжар, қысқа семсер (акинак), ұзын семсер, найза, жауынгерлік балта жатса, қорғаныс жарақтарына сауыт, жауынгерлік бас киім дулыға, қолды, аяқты қорғайтын жабдықтар кіреді.

Қарулар. Соғыс өнеріндегі ең ежелгі қарудың бірі – жақ. Алғашқы қарапайым түрі неолит дәуірінде аңшылықта қолданылғанымен, жетілдірілген, күрделі садақ түріне айналған бұл қару бабаларымыз үшін б.з.  дейінгі І мыңжылдықтан белгілі болған. Тек ағаштан ғана жасалған жақтың кейін мал шаруашылығымен күнделікті өмір біте қайнасқан сақтар үшін мүйіз, сүйек, тері, тарамыс секілді қосымша заттарды қосып, құрап күрделі түрін жасауы күмән тудырмасы анық. Скифтік садақ – сақтардың атын шығарған әлемдегі ең жетілген, озық қару түрі болды. Бүгінгі таңда оны Калашников автоматымен теңестіруге болатын шығар.

«Садақтың адырна иіндері серпінді болуы үшін кері иіліп, беліне бұрышталып қосылады, сондықтан жақтың керілген кйүінде иіндері белінен біршама алға шығып, гректің сигма әрпіне ұқсап тұрды» деп сипаттайды этнограф Қ. Ахметжан. Ал антикалық автор Аммиан Марцеллин: «Бұл кезде басқа халықтардың жақтары иілгіш ағаштардан иіліп жасалса, скифтер мен парфияндықтардың жақтары екі жаққа иілген иіндерімен біткен айға ұқсайды, олардың ортасын түзу және домалақ таяқша бөліп тұрды» деп жазады. Жақтың ұзындығы 60-100 см аралығын құрады, соған байланысты оғының ұзындығы 60-70 см болған екен. Ал көшпелі жауынгерлердің жақ пен жебені салып жүретін садаққабы ғылымда горит деп аталады.

Бір ғана садақ тарту ерекшелігі турасында айтар болсақ, гректер, басқа көршілес елдердің жауынгерлері садақты аты жоқ және ортаңғы саусақтарының көмегімен шымшып тартатын болса, сақтардың садағы олай атуға мүлде келмейтін, бас бармақпен серпіні қатты адырнаны кере тартып орындайтын болған.

Жақ пен жебе әдетте алыс қашықтықта қолданылатын соғыс қаруына жататын болса, жақын дистанцияда олар акинак деп аталатын қысқа семсер түрін пайдаланды. Акинак – қоян-қолтық ұрыста кесу-түйреуге арналған суық қару. Қанжар сабының ұшы дөңес немесе таяқша түрінде, балдағы көбелек қанатына ұқсас, жүрекше формалы да болып келеді. Сонымен қатар кейбір акинактардың саптарының ұштары бір-біріне қараған грифондардың бастарының бейнелерімен көркемделген түрі де кең тараған.

Жауынгерлік балта – жақын қашықтық үшін ұрысқа қолайлы көшпелілердің көне қаруы. Археологиялық, икнографиялық материалдар негізінде бастапқы қалпын қайта жаңғыртқан Қ. Ахметжанның дерегінше, сақ жауынгерлері басы жарты ай формалы айбалта, екі басты балта – сагарис және басы қайла тәріздес шақан түрін кең қолданған. Соғыс өнерінде соғу үшін қолданатын байырғы қару түріне гүрзілер жатады. Негізінен тастан жасалған гүрзілердің сақтардың пайдаланғаны Ұйғарақ обасынан табылған деректер бойынша дәлелденіп отыр.

Жебе ұштарының дамуына байланысты қорғаныс киімдері де жетіліп отырды. Б.д.д. 6-4 ғасырларда күрделі садақтың күрделі түріне байланысты жебе ұштарының үлгісі өзгерді. Егер бұрын жебе ұшы 7-12 см құраса, ол өз салмағының күшімен барып діттеген жерге шаншылатын. Садақ жетіле түскеннен соң, серпіні күшейді, ату қашықтығы ұзарды, жебе ұштары кішірейе түсті. Үш немесе төрт қырлы сауытбұзарлар пайдаланды. Жалпы сақтардың соғыс өнерінде шабуылдар құралдары мен қорғаныс киімдері бір-бірімен бәсекелесе жетіліп отырды.

Жарақтар. Қорғаныс жарағының ішінде ең маңызды роль атқаратыны – сауыт. Далалық көшпелі тайпалардың металл мен темірді жетік меңгеруінің арқасында  төртбұрышты ірі металл палстиналарды теріге, матаға қатарлап бекіту арқылы тақталы сауыт түрін пайдаланған.

Сақ тайпалық одағына кіретін жауынгерлер б.з. дейінгі І мыңжылдықтың ортасынан бастап металдан тұтастай соғылып жасалған кираса атты сауытты киген. «Талас өзені бойынан (IV-III ғ.) табылған сақ жауынгерінің қола мүсіншесінде осындай кираса киілген де, белден төмен жағы дөңгеленте оралған жалпақ таспа темірлерді бір-біріне қайысбаумен байлап жасалған темір белдемшемен қорғалған» деп сипаттайды Қ. Ахметжан. 

Сақ жауынгерлері қорғаныс киімдерінің ішінде басты қорғайтын дулығаға да аса қатты мән берген. Этнограф Қ. Ахметжанның пікірінше, металл дулығалардың екі түрі кең тараған: бірі – төбесі дөңгелек келген, алдыңғы жиегі адамның қасының формасын қайталайын, төбесінің ортасында қатты соққыдан қорғағыш қыры бар дулыға болса, екіншісі – төбесі шошақ болып жсалған дулыға. Сақтардың жалпы тіршілігінде шошақ өбелі киіз бас киімдерді көбірек пайдалғаны археологиялық қазбалардан нақты анықталып отыр.

Сақ дәуіріндегі қалқандар ағаштан жасалған. Тал шыбықтарынан тоқылып жасау және ағаш тақталардан құрастырып жасау мәдениеті ұзақ жылдарғы тәжірибемен қалыптасқан. Талдың шыбықтарынан теріге өріліп жасалған қалқандар археологиялық қазбаларда (Пазырық, Берел) жақсы сақталған, тұтастай аршылып алынды. 28х36 см көлемді, жалпық өртбұрыш терінің арасына 35-40 тал шыбықты араластыра өріп тоқылған қалқан түрлі түске боялып, әсемденген.

Қазіргі Қазақстан территориясы мен оған шекаралас аймақтарда ғұмыр кешкен сақ-скиф бабаларымыздың соғыс өнеріне қатысты деректерден аңғаратынымыз: соғыс кезінде жеңіл әрі ыңғайлы, ықшам, шұғыл, қауырт қимылға икемді қару-жарақтарды дүниеге келтірген өркениетті құбылыс екенін анық байқалады. Сонымен бірге бұл әлемдік өркениет көшінен ұзақ жылдар бойы жасырылып келсе де, өз дәуірінен кейінгі гүлденген мемлекеттер мен хандықтарға да тікелей әсері болғанын да айтпай кетуге болмас. Соғыс тактикасы мен қаруларын жетілдірген үстіне жетілдіре түскен уақыт белгісі ғұндарға да келіп жетеді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?