Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Президенттік билік институты

2250
Президенттік билік институты - e-history.kz
Қазақстан Республикасында Тұңғыш Президент күні – 1 желтоқсан. Ол әр жылда аталып өтетін мерекелік шара

Оны 2011 жылы 10 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына сәйкес, қол қою арқылы бекіткен.

Әлем елдерінде мемлекетті басқарудың түрлі жүйелері қалыптасқан. Солардың ішіндегі ең озығы Президенттік басқаруы бар, Парламенті мен Үкіметтік құрылымы бар демократиялық елдер. Әлем тарихына назар аударсақ, әр елдің өзіндік жүріп өткен жолы мен қалыптасу, даму сатыларын байқаймыз. Мәселен, АҚШ, Франция елдері де өркениетті қоғамға сәйкес «Президенттік билік институтын» құрып, саяси модернизация жасаған. Ал, біздің елімізде «Президенттік билік институты» қашан құрылды және оның негіздері болды ма? – деген мәселеге назар аударсақ.

ХХ ғасыр басында 1905-1937 жылдар аралығында Алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялыларының арманы тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру болатын. Сол азаттық жолында олар күресті, жердің тұтастығын және ұлт мүддесін қорғауға тырысты. Олар сонау ХХ ғасыр басында тәуелсіз мемлекет құру идеяларын көтеріп, онда «Алаш» партиясының программасында негізгі 10 мәселені атаған. Соның ең алғашқысы «Мемлекет қалпы» деп аталады. Онда Президенттік басқаруы бар, Парламенті мен Үкіметі қалыптасатын мемлекет құруды көздеген. Бірақ, амал не алаш арыстарының арманы орындалмады. Үміттері ақталмады. Барлығы тәуелсіздік үшін күресіп, құрбан болып, оның сағымын да көре алмай кетті.

Осы азат күнге қазіргі тәуелсіз Қазақ елі жетті. Ата-бабалар армандаған сан ғасырлық арман ХХ ғасырдың соңында орындалды. Қазақстан 1990 жылы Егемендік Декларациясын жариялады. 1991 жылы өз алдына жеке тәуелсіз мемлекет атанды. Бұл қазақ халқына берілген үлкен бақ. Өйткені, сан жағынан бізден көп әлемде ұлттар бар. Бірақ, олардың кейбірінде өз Отаны жоқ. Басқа мемлекеттердің құрамында жүр.

Еліміз тәуелсіздік алар шақта уақыттың қойған талабына, заманның ағымына сай мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін құру және қалыптастырып дамыту қажет болды. Міне, осы тұста Қазақстандағы саяси элитаның күрделі мәселені шешу міндеті қойылды.

Мемлекетімізде қайта құрулар мен саяси жаңғыруларды жүзеге асыру қажет болды. Сондықтан, осы бағытта жасалған алғашқы қадам 1990 жылғы 24 сәуірде Президент қызметін енгізу туралы шешімнің қабылдануы десек қателеспейміз. Жаңа қалыптасқан жағдайда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Даму стратегиясын ұлттық мемлекеттік ерекшеліктерімізді, саяси тарихымыз бен мәдениетіміздің өзіндік сипаттарын, кеңестік жүйеден қалған стереотиптерді, этникалық дәстүрлерімізді, өркениеттік-мәдениеттік аямызды түгел ескере отырып, өзіміз анықтауымыз қажет» деуі, әр азамат санасында ел тағдырына, ел болашағына қатыстылық сезімін оятты.

Кеңес Одағының ыдырауымен қазіргі Қазақстан тарихының жаңа беті ашылып, өтпелі кезең басталды. Еліміздегі өзгерістер ерекшелігі – төңкеріс арқылы емес, бейбіт, эволюциялық жолмен жүзеге асты.

Кезінде 1991 жылы Президент Н.Ә. Назарбаевтың: «Біздің міндетіміз – адамзат жинаған тәжірибені ескере отырып, біздің республиканың көпұлтты халқының мүдделері мен ерекшеліктерін барынша ескеретін өз жолымызды іздеп табу», – деді.

Президент мәртебесі мен өкілеттігін анықтау барысындағы келесі маңызды құжат – 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-ның Декларациясында алғаш мемлекеттік билік бөлінісі жарияланды. Заң шығарушы билік – Жоғарғы Кеңесте, Президент – Республика басшысы және жоғары өкімдік-атқарушы билікті иеленді.

1991 жылы 16 қазандағы Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VI сессиясында Қазақ КСР Президентін сайлау туралы заң қабылданып, осы жылдың 1-желтоқсанында Президенттік сайлау тағайындалды. Заңға сәйкес, Президентті сайлау жолы өзгертілді. Сөйтіп, 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының азаматтары қазақтың мыңжылдық тарихында тұңғыш рет өз Президентін бүкіл халық болып сайлады.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезінде ойландырған сұрақтың шешімі табылды. Еліміз «Қазақстан жолы» атты өзіндік даму жолына түсті. Шекарасын айқындады, саяси-экономикалық жаңғыруларды жүзеге асырды. Енді, 3-ші Рухани жаңғыруды бастады. Ол қоғамдық сананы өзгертіп, жаһандық жағдайда бәсекелестікке барынша қабілетті халықты қалыптастыруға, өркениет заманына лайықталған ауқымды шаралар екендігі анық.

Еліміздегі Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі әлемдегі өркениетті елдерге тән құрылыммен қызмет жасап, Президенттік билік институтының қалыптасуы мен еліміздің дамуына зор үлес қосып келеді.

 

Қанат ЕҢСЕНОВ, тарих ғылымдарының кандидаты,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?