Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кетбұқа және Бағаналы

3466
Кетбұқа және Бағаналы - e-history.kz
Жезқазған қаласында ұлы қолбасшы, аталық би, кемеңгер күйші, даңқты тұлға Кетбұқаның құрметіне еңселі ескерткіш орнатылды

Бұл рухани жаңғыру салтанат құрған қазіргі кезеңде көптің көптен бергі тілегін іске асырған айтулы күн, тарихи оқиға болды. Ата тарихта аты қалған даңқы тұлғаның өмірі мен қызметі, қолбасшылық дарыны мен өнері жайлы  Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Қожамжар Махатовтың әр түрлі дерекке толы мазмұнды мақаласын назарыңызға ұсынамыз. Айта кетейік, автор бұл мақаласын 2003 жылы «Сарырқа» газетіне басып шығарған. Және сөздің соңында ұсыныс ретінде ұлы баба Кетбұқаға арнайы ескерткіш тұрғызылса деген ойын айтқан. Қызығы да сол, 14 жылдан соң, Жезқазған қаласының орталық көшесінде даңқты баба бейнесі бой көрсетті.

* * *

Сарыарқаның Ұлытау өңірін атам заманнан бері мекендеген елді Бағаналы-Балталы найман жұрты дейді. Ал осы халық бұл жерге қашан, қандай жағдайда келді, олардың тарихи тұлғалары, батыр, билері, жыраулары, ел бастар көсемдері кімдер еді және олардың тындырған істері қандай? Бұл – әлі тыңғылықты зерттелмеген дүние.

Тарихи мағлұматтарды зерделесек, Бағаналы-Балталыны бұл жерге қоныстандырған – Найманның ноқта ағасы, ұлы жыршысы әрі күйшісі, Ұлығ би, әулие абызы, қолбасшысы – Кетбұқа.

Шежіре бойынша, бір жаугершілікте Найман атаның жалғыз ұлы Тоқпан қаза болып, оның келіншегі Нәзбура жесір қалады. «Атам ұрпақсыз өтеді-ау» деп, ақылды, ұстамды келіні Нәзбура тоқсанға аяқ басқан қайын атасына Дәмелі деген жақын сіңлісін алып беріп, оны «Қыз еней» деп атапты.

Қыз еней жүкті кезінде Найман ата дүниеден өтіпті де, бала туған соң оған Белгібай деп ат қойыпты. Белгібай он үшке келгенде 27-дегі Нәзбура оған өзі тиіпті. Белгібайдан Төлегетай, Сүгірші, Шүйінші туған. Ал Төлегетайдан Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл, Сүгіршіден Бағаналы, Балталы, Ергенекті туған.

«Қыз еней» деп атап кеткен Дәмеліні Нәзбура Найманның інісі Наймантайдың ұлы Елтайға (Ел атаға) қосып, одан Серікбай туған. Серікбайдан екі ұлы: Кетбұқа мен Келбұқа туған. Сонымен, Тоғыз таңбалы Найманға кіретіндер: Төлегетайдан тараған 4 ұл (Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл); Сүгіршіден туған 3 ұл (Бағаналы, Балталы, Ергенекті); Елатадан туған 2 ұл (Кетбұқа, Келбұқа).

Кетбұқа шамамен 1185 жылы Алтай мен Орқын аралығын жайлаған Найман жерінде туған. Кетбұқаның бүкіл саналы ғұмыры халықты қансыратқан моңғол шапқыншылығы – «сұм заманда» өтті. Есін білгеннен ел ішінің азалы қазасын көріп, көкірегі қасіреттен қарс айырылып, өксіп жүріп ержетті. Жүрегі жаралы жан дертінің дауасын Құба-тегіннің қобызынан тапты. Құба-тегін тоғыз ата, тоқсан тобырлы Найманның ауызы дуалы, қолы құтты абызы, ақылманы, күйші-жырауы еді.

Он бір, он екі жасында Кетбұқа Құба-тегіннің күйлерін тыңдап, оны айнытпай қағып алып, өзіне қайта шертіп беретін болған. Оған ырза болған Құба-тегін кейіннен қара домбырасы мен құлжа қобызын сыйлаған (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы». – Астана: «Елорда», 2002. 26-27-беттер).

Зерттеуші ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай өзінің «Кетбұқа» деп аталатын тарихи әфсанасында халық арасында кең тараған «Нар идірген», «Күйдім, жандым», «Ақсақал» күйлерін Кетбұқаның шығарғанын айтады («Кетбұқа». – Алматы: «Балауса», 1997 жыл).

Академик Ә. Марғұлан: «ХІІІ ғасырда жасаған атақты жырау – «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты Кетбұқа еді)», – деп жазған.

Кетбұқаның аты кейінгі ұрпаққа ұлы жорығымен емес, ұлы жырларымен жетті. Оның жырлары кезінде Дешті Қыпшақ пен Ноғайлы жұртына көп тараған еді. Халық жадында сақталып, бізге жеткені – «Ақсақ құлан, Жошы хан» жыры ғана.

ХVІ ғасырдың әйгілі жорық жырауы Доспамбет өзінің бір толғауында: «Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!» – деп Кетбұқаның өзі шешен, өзі би болғанын шамырқана жырлайды.

ХІІ ғасырдың аяғында Инаныш Білгі Бұқа хан өлгеннен соң, билікке келген оның ұлдары: Таян хан мен Бұйрық ханның бірімен бірі дүрдараз, алауыз болуының кесірінен бірлік, береке кетіп, Найман хандығы ыдырап, ұлыс екіге бөлінді. Осы жағдайды пайдаланып, Тэмужин Уан хан Тұғырылмен одақ құрып, Таян ханды да, Бұйрықты да бір-бірлеп жеңіп, 1204 жылы Найман мемлекетін құлатты. Мемлекет құлаған соң, Найман тайпасы моңғолдардың жаңа империясына кірді. «Құба-тегін абыз, атақты әскер қолбасшысы Көксау Саурық өлгеннен кейін Кетбұқа Шыңғыс хан қолының сапында жүрді (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы», 521-бет).

1206 жылы барлық киіз туырлықты көшпенділер жиылып, Онон өзенінің жағасында тоғыз сирақты ақ туын желбіретіп, Тэмужинге Шыңғыс хан атағын берді. Шыңғыс ханның бұйрығы бойынша, барлық жаулап алынған және өз еркімен бағынған халықтар әскери-әкімшілік тұрғыдан «мыңдықтарға» бөлініп, олар өздері тұрып жатқан жерлерге тіркетіліп, өз бетінше көшіп-қонуына тыйым салынды.

«Яса» заңының бір тармағында: «Кімде-кім тұрағын өз бетінше өзгертсе, ол өлім жазасына кесіледі», – делінген.

Шыңғыс хан мыңдықтар бастығына 95 ноянды тағайындады. «Моңғолдың құпия шежіресінің» 202-тармағында келтірілген тізбенің 50-ші рет санында Кетбұқа ноянның аты аталған. Оның аты халық арасында Кете би, Кете ер, Кете жырау деп дағдылы аталуына сәйкес, Кете ноян деп жазылыпты. Моңғол Ғылым академиясының академигі Ислам Қабышұлының «Керейлер керуені» (Өлгий, 1978, 25-26-беттер) деген кітабында: «...оның (нояндардың – Қ.М.) ішінде найман, керейлерден жиырмадай адам осы құрамға кіреді», – деп көрсетілген.

Шыңғыс хан басып алған жерлерін өзінің шешесіне, балалары мен інілеріне бөліп бергенде, Жошының үлесіне 9000 шаңырақ халқымен, байлығымен қоса тиді. Шыңғыс ханның мемлекетті басқару хақындағы дәргейінде әр ханның, әр қолбасының қасында жөн білетін, данагөй, көпті көрген бір кеңесші болсын деген жарлығы болатын. Мұны ұлдарына да, ұлдарының ұрпағына да өсиет еткен және кеңесшінің келісімінсіз келелі шешім қабылданбаған (Т. Жұртбаев. «Дулыға». – Алматы, 1994 жыл, 357-бет). Осы тәртіп бойынша, Шыңғыс хан Жошыға Кетбұқа бастаған үш ноянды ақылман-кеңесші етіп тағайындады («Құпия шежіренің» 243-тармағы; Лувсанданзан. «Алтын шежіре». – Алматы: «Өнер», 1998 жыл, 115-бет).

Шыңғыс ханның осы пәрменіне сәйкес, Кетбұқа Жошының бұдан былайғы барлық жорықтарына қатысып, оның шешімдеріне ақыл-кеңес беруге міндетті еді. 1216 жылы Шыңғыс ханның бұйрығымен Жошы, қасында кеңесшісі Кетбұқа ноян бар, Дешті Қыпшаққа қашқан меркіттерді қууға аттанды. Оларды Ырғыз өзенінің бойында қуып жетіп, қырғынға ұшыратты.

Бұл жорық бір жағынан әскери барлау мақсатында жүргізілді және  Сарыарқаны ендей басып өтті. Осы жолы Жошының Сарыарқа жеріне, табиғатына қызыққандығы сондай, араб тарихшысы Жувейни жазғандай, Жошы: «Во всем мире не может быть земли приятнее этой, воздуха лучше этого, воды слаще этой, лугов и пастбищ обширнее этих», – деген екен (Д. Кшибеков. «Кочевое общество». – Алматы, 1984 г., стр. 132).

Өзінің елшілерінің дарға асылып өлтірілгендігі жөнінде хабар жетісімен, Шыңғыс хан Хорезм шахы Мұхамедке қарсы соғыс жариялады. 1219 жылдың көктемінде ол Қара Ертіс пен Көбік өзендерінің алқабындағы шексіз жайылымдарға табын-табын жылқылар мен отарланған ірі мүйізді малдарды айдатып әкеп, семірте бастады. Күз түсе ол Ұлы қағанның ақ туының астына моңғолдардан және бағынышты ұлыстардан жиыстырып, әскерін құрды. Барлық әскер саны 150000 (Э. Хара-Даванның дерегі бойынша – 230000) адамға жетті. Қытайдан 15000-дай талқандайтын техника жасаушы инженерлер, шеберлер және жұмыскерлер алдырды. Осы жойқын армиядағы Жошы басқарған әскери лектің (корпустың) құрамына Кетбұқа ноянның өр найман руларынан жасақталған екі түмені қосылды.

Соғыс аттарына Бағаналының бақан таңбасы мен Балталының балта таңбасы басылды. Жоңғар қақпасы арқылы өтіп, Арыс өзеніне жеткен жерде армия төрт корпусқа бөлінді. Шағатай мен Үгедей басқарған бірінші корпус тікелей шабуылмен Отырарды қиратты. Қол астында төрт түмен әскері бар Жошының екінші корпусы Отырарға соқпай, Жентке қарай шабуылдады. Үшінші корпус Банакенті қиратты.

Құрамында 50000-дай әскері бар, Шыңғыс ханның өзі басқарған (жанында Төле бар) төртінші отряд армияның тылында қала тұрды (С.С. Уолкер. «Чингиз хан». – Ростов-на-Дону: «Феникс», 1998 г. 118-124-стр.).

1221 жылы қаңтар айында Шыңғыс хан өзінің үлкен ұлдары Жошы, Шағатай және Үгедей үшеуіне Үргенішті жаулап алуға әмір береді. Қаланы қоршау көктемге, одан жазға дейін созылады. Оның үстіне Жошы мен Шағатай өзара ренжісіп қалады. Одан арғы жағдайды автордың өз сөзімен дәлдік үшін орысша мәтінде келтірейік: «Суть конфликта сводилась к тому, что Джучи явно отрицательно относился к мысли, которую внушал ему и его братьям отец – непременно уничтожить город, который в скором времени должен был стать частью его владений. Та же самая причина заставляла его  воздерживаться от полного разрушения городов по берегам Сырдарьи.

...Разногласия между двумя сыновьями были ему (Чингиз хану – Қ.М.) известны и очень его беспокоили. Тогда он отстранил от командования обоих, верховную власть над тремя армиями вручил одному Угэдэю» (там же 197-стр.). «Джучи, возмущенный своим отстранением от командования войском, взял своих воинов и увел их в степи, лежащие к северу и востоку от Аральского моря, а затем разбил свою ставку в городе Сыгнаке. Он не принимал участия в дальнейшей кампании, несмотря на приказы самого Чингиз хана» (там же 205-стр). Джучи увел с собой из общего войска монголов от 15 до 25 тысяч человек» (275-стр.).

Осы Ұлы Далаға беттеген Жошы қолының ішінде бақан, балта таңбалары басылған Кетбұқа ноянның атты әскері де бар болатын. Жошы ат басын Ұлытауға тіреді. Сонымен, «Ұлытауға Бағаналы-Балталылар Кетбұқа басқарған әскер сапында келген. Бұл 1223 жылы болған оқиға» (Қуаныш Ахметов. «Ұлы Даланың Ұлытауы». – Омбы, 1999 жыл. 50-бет). Және де бұл Бағаналының Ұлытауға бірінші келуі. «Шыңғыс хан басып алған жерлерін ұлдарына үлестіргенде байырғы Дешті Қыпшақ, Арқа төсі Жошыға қарады. Жошының ордасы алғашында Найман кере – Шыңғыстауға қонып, кейін Ұлытауға көшірілді. Жошы ең алдымен өзіне өмірлік құтты қоныс ретінде Арқа төсін таңдады.

...Майқы би бастаған қазақ билері 1224 мешін жылының жаз айында Найман кере тауының бөктерінде Тэмужинді өз аттарынан ұлықтап, оның ұлы Жошыны өздерінің тікелей әміршісі деп таныған еді» (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы», 514-515, 517-беттер). Сөйтіп, Ұлытауда алты алаш бас қосып, бірлесе, келісе келіп, бөрі басты, қыл құйрықты ақ туды көтеріп, алғаш рет Жошы бастаған Алтын Орда (әуелде Ақ Орда) хандығы құрылды. Жошы хандығының бас биі, ақылгөй-кеңесшісі Кетбұқа болып сайланды.

Сарыарқаға орналасқан Бағаналы наймандар ерте заманнан Ертағы, Кертағы деп аталып келе жатқан екі тауды және бір өзенді өздерінің Шығыстағы отанындағы жер атауымен – «Ұлытау», «Кішітау таулары» және «Бұланты өзені» деп атап кетті.

Жошы 1227 жылы Бетпақдалада құлан аулау саятында жүргенде жазмыштың құдіретімен опат болғанда, оның қазасын әкесі Шыңғыс ханға естірткен де, келесі жылы Жошыға Кеңгірдің бойында күмбез соқтырған да осы Кетбұқа еді.

1253 жылы Онон өзені жағасында моңғолдың Ұлы құрылтайы өтіп, онда Ұлы қағандыққа Мөңке сайланды. Хан Батый құрылтайға өзімен бірге Ұлығ би Кетбұқа ноянды ертіп апарған болатын. Сол құрылтайда Қытай мен Иерусалимдегі соғысты аяқтау туралы шешім қабылданып, Шын-Машынға Құбылай, Палестинаға Құлағу аттанатын болып бекітілді. Штаб бастығы болып Кетбұқа ноян тағайындалды. Ол әскерін негізінен өз қандастарынан жасақтайды.

Жорықтың дайындалуы, оның барысы, Кетбұқаның осы соғыста қаза болуы Л.Н. Гумилев пен жазушығалым Тұрсын Жұртбайдың еңбектерінде («Дулыға», 2-кітап, 348-367-беттер) толық баяндалған соң, қайталауды жөн көрмедік. Дегенмен, айта кету керек:

Құлағу хан әскерінің қолбасшысы болған Кетбұқаның осы жорықта Сирияны, Халеб, Дамаск, Харран, Урфу, Амид және басқа да аймақтарды алғандығы жөнінде және оның жеңілу себебі туралы армян тарихшысы Киракос Гандзакеци (1200-1271 жж. өмір сүрген) өзінің «Армения тарихы» деген кітабында: «Крупнейший полководец Хулагухана Кетбука, разгромленный египетским султаном Кутузом в Сирии в 1260 году, был по происхождению Найман, человек, пользующийся большим уважением...» – деп жазып, оның есімін алғаш рет айналымға түсірді (Киракос Гандзакеци. «История Армении». – Москва, 1976 год, 233-234-стр).

Айн Джалудтегі осы шайқас дипломат Қ. Сәкидің 2000 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Сұлтан Бейбарыс» атты кітабында берілген. Осы мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде болған мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноян түменінің соғысы тәптіштеп тұрып жазылған. Сол күні таңертең екі әскер шайқас алдында бетпе-бет келеді. Моңғол әскерінің алдында ақбоз ат мініп, моңғол әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақтан шұбар ат мініп, сұлтан Құтыз тұрады. Шайқас моңғолдардың ұранымен басталады. Мәмлүктер де дабыл қағып, белгі береді. Қиян-кескі шайқас басталып кетеді. Одан әрі автор екі жақтың қолданған тактикалық әдістерін ыждағаттықпен баяндайды. Ақырында, Құтыз мәмлүктері Кетбұқа жауынгерлерін қоршауға алып, моңғол әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Сөйтіп, талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген Наймандар Палестина жерінде жусап қалады. Кетбұқа қолға түсіп, сұлтан Құтыздың алдына әкелінеді. Екі жақтың кінәласуы барысында Кетбұқа ешбір тайсалмастан: «Егер мен сенің қолыңнан ажал тапсам, менің ажалым сенен емес, жаратқаннан.

...Мен туғанымнан ханның құлымын, сен секілді иемді өлтіріп, билікке ұмтылған жоқпын», – деп жауап береді де, Құтыздан өзін тез өлтіруді сұрайды. Ноянның басы шабылады.

Автор (Қ. Сәки) өз кітабында араб тарихшыларының жазбаларын келтіреді:

– Әл-Айни: «Кетбұқа егде тартқан ақсақал болатын».

– Кутбуддин әл-Юнини: «...Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын, жұмсақ сақалды. Салтанатты, өктем болатын. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі. Әдемі жігіт екен. Баласы оны (Кетбұқаның мәйітін – Қ.М.) көргенде, қатты жылап, жоқтау салады. Кетбұқа татарлардың бақыты еді, оның өлімімен олардың бағы тайды».

– Ибн Тәңірберді: «Парсы жерін және Иракты жаулап алған Кетбұқа ноян болатын. Құлағу хан оған толық сенетін, оның Шам елдеріндегі орынбасары еді».

Жеңілістің бір себебі ретінде Құлағу Шам билеушісі Слахуддин Юсефті кінәлап: «Мысыр елінде мәмлүктер аз, айтарлықтай күштері жоқ деп алдадың. Сенің сөзіңе сеніп, мен аз әскер жұмсап, жеңіліске ұшырадым», – деп, қасындағы нөкерлерімен қоса бастарын алады.

Кейіннен, Бейбарыс сұлтан болғанда, 1260 жылы Айн Джалуд шайқасы болған жерде «Жеңіс белгісі» деген атпен әйгілі болған ескерткіш тұрғызады (87-бет).

Осы соғысқа қатысқан Наймандардың былайғы жердегі тағдыры жөнінде Л.Н. Гумилев былай деп жазған: «Он (Хулагу) отдал приказ своим воинам, сражавшимся в Палестине и не имевшим возможности вернуться на родину, перейти на сторону мамлюков, не без основания полагая, что земляки между собой договорятся» («Черная легенда»).

Шын мәнісінде солай да болған: арада 34 жыл өткеннен кейін Мысырға Кетбұқаның баласы Зейнуддин Кетбұқа 1294-1296 жылдары сұлтан болады («Сұлтан Бейбарыс» кітабы, 252-бет). «Ол туралы И.М. Фильштинскийдің «История арабов и халифата. 750-1517 гг.» (Москва, 1999 г., 299-322-стр.) деген еңбегінде жоғарыда атап өткен жылдарда Мысыр тағында отырған екінші Кетбұқа туралы да баяндалады.

Бірақ оның атын өзгертіп, «Китбуга» деп, ұлтын моңғол, 1260 ж. 15 жасында соғыс тұтқыны ретінде қолға түскен деп жазыпты» (Т. Зәкенұлы). Дегенмен, жоғарыда баяндалған айғақтар бұл сұлтан Кетбұқа ноянның баласы екендігіне шүбә келтірмейді. Ал сол наймандардың бір бөлігі елге қайтып келе жатып, Арменияға соққан.

Бұл туралы аталған «Армения тарихында» былай деп жазылған: «...после поражения часть войск Кит-буги, спасшись, пришла к царю Хетуму, у которого нашла хороший прием и сочувствие».

Одан әрі осы наймандар Ұлы Жібек жолымен жүріп отырып, Хорезмге жетті деп жорамалдаймыз. Тарихшы М. Тынышбаевтың белгілі еңбегінде наймандар шайбандықтарға, шамамен, 1320-1330 жылдар аралығында қосылды, ал ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қобыз-найман, Жолым би, Құлмұхамед би, Назар би, Ахметәлі-аталық, Жанмұхамед би, Шахғазы билер өзбек жерінде билік жүргізді деп көрсетілген. Бұлар Палестинадан қайтқан «Кетбұқалық наймандардың» ұрпақтары болуға тиіс. Шахғазы би дүрмен еді дегеніне қарағанда, бағаналылықтар да болуы мүмкін. Бұл ру қазір де Ұлытау бағаналыларының құрамында бар.

Өзінің «Түрік шежіресінде» Әбілғазы-баһадүр хан өзінің әкесі Арабмұхамед ханды, оның найман әйелінен туған ұлдары Әбіш пен Елбарысты өлтіріп, ханның басқа әйелінен туған балалары оларға қарсы соғыс ашып, наймандарды жаппай қыра бастағанын жазған.

Сол себепті 1625 жылы наймандар Хорезмді тастап, үш жаққа (Сырға, Еділ-Жайыққа және Бұқараға) қашқан: бір бөлігі – Бағаналы, Балталылар «есің барда еліңді тап» деп, Сырға қарай көтеріле қоныстанған (М. Тынышбаев). Бұл – Бағаналылардың Ұлытауға екінші келуі. Бұл жұрт алғашқыда «Кетбұқа руы» деп аталған (Қазақ Совет Энциклопедиясының V томы, 406-бет). «Кетбұқа – Орта жүз Найман тайпасының руы. Ол көбінесе «бағаналы» деген атпен мәлім», – деп жазылған.

Келешекте Жошы ұлысын құру және оны Ұлытауға орналастыру идеясы ханға 1216 жылғы Сарыарқада «меркіттерді қуу жорығы» кезінде келген. Және де бұл ойды оның кеңесшісі Кетбұқа ноян үнемі қолдап отыратын еді. Әрине, Кетбұқаның ішкі мақсаты халқын аман сақтап, ұлыс билігін қоса атқару болатын.

Шыңғыс хан 1219 жылы Қара Ертіс бойында жойқын атты армия жасақтағанда Жошы мен Кетбұқа ноян жоғарыдағы мақсаттарын орындау үшін өзіне тиесілі өр Найман руларын бақан, балта басылған аттарға қондырды.

Есте болатын тағы бір жағдай: өр Алтай және одан бергі бағынған елдер Үгедей мен Шағатай хандардың билігіне өтетін. Бұдан былайғы жерде «Яса» заңы бойынша рұқсатсыз ошарыла көшуге болмайтын. Сондықтан Жошы хан Кетбұқа ноянның кеңесін қолдап, Бағаналы-Балталылардың жұрт ауыстыруын әскери бірлестік қалпында іске асырды.

Бағаналы-Балталылардың өр Найман тайпасының бір құрамы екендігі дау туғызбайтын шындық. Тарихты зерделеу үшін руға соқпай кете алмайсың. Бұл ретте жазба деректер мен даланың ауызша тарихнамасына (Тарақты Ақселеу) жүгінесің. Қазіргі біздің қолданып жүрген дерекнамаларымыз:

– Мұхамеджан Тынышбаевтың «Материалы к истории киргиз-казахского народа» (Ташкент, 1925 ж.) шежіре-кітабы;

– Тарақты Ақселеудің «Балталы, Бағаналы ел аман бол» (Алматы, 1993 ж.) шежіресі.

– Бошай Кітапбаевтың «Тоғыз таңбалы Найман» (Алматы, 1994 ж., екі кітап) шежіресі;

– «Найманның бір баласы Бағаналы» (Алматы, 1998 ж.) – көп болып ұжымдасып (Марат Ниязбековтің көп күш салуымен) шығарған шежіре;

М. Тынышбаевтың «Материалдарында» негізінен төрт Төлегетайлар жайында айтылған.

Б. Кітапбаев үш Сүгірші жөнінде сөз бастап, Ергенектіні түгелдей қамтиды және бір құндылығы – көшбасшы, зиялы қауым жайында мол мағлұмат келтірген. Осы шежіренің схемаларында Ұлытау Бағаналыларының көптеген ру аттары аталады; әсіресе, Сары, Сарғалдақ жөнінде (көп тараған Қаратай руы ішінде) біраз тарихи баяндар бар. Бірақ, Бағаналы мен Балталы, Ергенектімен бірге туған Сүгіршінің ұрпақтары десе де, бұлар жөнінде ештеңе айтылмайды.

Ал «Бағаналының» жергілікті нұсқасы мен Тарақты Ақселеудің шежіресі қолдарыңызда бар. Осы шежірелердегі мағлұматтар мен жазбаларды салыстыра зерттегенде, өр Найманның көптеген рулары, оның ішінде Бағаналы-Балталылар, Шыңғыс жорығы кезінде Сырға, Сарыарқаға, Ұлытау өңіріне қоныс аударған да, біразы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін  Алтайдағы мекеніне қайта оралған.

1927-1930 жылдары Алтайда КСРО Ғылым академиясының Наймандарды зерттеген этнографиялық экспедициясы ғылыми жұмыстар атқарған. Құрамында болашақ академиктер С.И. Руденко, А.Н. Самойлович және сол кезде Ленинградта аспирантурада жүрген Әлкей Хақанұлы Марғұлан бар. Оқымыстылар әрқайсысы жүргізген жұмыстарының қорытындысы ретінде статьяларын жариялаған. А.Н. Самойлович өзінің «Казаки Кошагачского аймака Ойратской автономной области» деген еңбегінде: «В общем казаки Чуйской степи принадлежат по составу своих основных родов к Средней Орде и преимущественно к входящему в эту орду племени Найман», – деп айта келіп, негізінен сарғалдақтар екенін және олардың саны 1926 жылғы санақ бойынша 2408 жан болғанын жазған.

Ә.Х. Марғұлан өзінің «Найманы» деген еңбегінде шын деректерді келтіре отырып: «Из этого можно заключить, что найманы переселились с запада на восток, заняв полосу, граничащую с одной стороны с р. Кенгир, хребтом Улу-тау и р. Токраун, Чингизским хребтом, Голодной Степью (Шудың бойы) и Джетысуйским Алатау – с другой. К этому еще нужно добавить, что в факте проживания баганалы и балталы в долинах реки Кенгир и хребта Улу-тау, можно видеть следы найманского потока, направлявшегося от Сырдарии вплоть до горного Алтая. Таким образом, нет никаких сомнений в том, что найманы пришли с запада в 60-70 годах ХVІІІ века», – деп тұжырымдаған.

Бұл ретте Әлекең Қаратай руы бір кезде, яғни 1756 жылға дейін қазіргі Жезқазған облысына қарасты Ақадыр ауданының Тайатқан Шұнақ деген жерінде мекендеп (шұбыртпалылар келгенге дейін), белгілі рубасыларының бастауымен ежелгі мекендері – өр Алтайға қайта өрледі деген белгілі шежіреші, шешен, білгір, орысша да жетік сөйлеген Рүстемұлы Мұса бидің дерегін келтірген.

Бағаналының тарихы жөнінде 1926 жылы «Атбасцветмет» трестінің Қарсақбай зауытында инженер-геолог болып қызметін бастаған Қ.И. Сәтбаев та аймақ өңірінің табиғатын, этнографиясын зерттеу барысында мақалаларын баспасөзде жариялап отырған.

1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының 5-6-сандарында жарияланған «Қарсақбай ауданының күйі» деген еңбегінде болашақ академик аймақтың халқын тегіс дерлік найманның Бағаналы, Балталы руларының Сары-Сарғалдақ, Қожас, Ақтаз аталатын үш тобы құрайтынын айта келіп: «...бұлардың ішінде жалғыз ғана Сары-Сарғалдақ Найманның өзі болып шығады», – деп жазған.

Кетбұқа ескерткішін орнату идеясының авторы Төлеген Бүкіров жерлестерінің ортасында

Бұлай делінуі бұл рудың сол заманда Найман тайпасында кең таралуынан шығар. Және де Қ.И. Сәтбаев сол кезде жүргізіліп жатқан Ә. Марғұланның зерттеулерімен таныс болар. Менің ойым – Бағаналы руларын жіктеу, тарату емес, тек қана осы ұлыстың бұл өңірге келуі, қоныстануы, басынан кешірген кейбір оқиғаларын білгенімше жәмиғатқа жеткізу.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: болашақ қазақ ұлтының бір буыны Бағаналы наймандарды тарих атаған астанасы Ұлытауға қоныстандырған, сөйтіп, Ақ Орданың іргесін Жошымен бірге қаласқан Ұлығ би Кетбұқа еді. Сол бабамызға Жезқазған қаласында ескерткіш қойылса екен деген тілегіміз бар.

 

Қожамжар МАХАТОВ, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы

«Сарыарқа» газеті, 25-26 шілде, 2003 жыл.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?