Совет үкіметінің жоғары атқарушы органдары құрылып, совнарком Сейітқали Меңдешов төрағалық еткен үкімет құрылды. Республиканың алғашқы мерейтойы 1930 жылдың қазанына түсті. «Советская степь» газетіндегі жарияланым 1930 жылы Қазақстандағы өлкелік тұтынушылар кооперациясының рөлін айқын көрсетеді. Өлкелік тұтыну кооперациясымен жоспарланған мерейтойлық іс-шаралар тізілімінде аудандарға шығатын көшпелі кино көрсеткіш, радиотораптарын ашу, брошюралар шығару, кооперативтік техникум құрылысы көрсетілген.
Тұтынушылар кооперациясы советтік республиканың экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарды. Тұтынушылар кооперациясы – тұрғындар ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алу арқылы селодағы сауда-саттықты дамытатын сауда-шаруашылық ұйымы болды. Тұтынушылар кооперациясы мүшелерінің саны жағынан республикадағы ірі қоғамдық-бұқаралық ұйымдардың бірі болатын. Қазақстанның ірі салааралық ұйымы республика халқының жартысына қызмет көрсетіп, негізгі дайындау ұйымдарының бірі болды.
Тұтынушылар кооперациясы бір мезетте қоғамдық және шаруашылық ұйым болуы оның ерекшелігі болатын, осынысымен де ол республиканың басқа ұйымдарынан өзгешеленетін. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының ортасында Қазақстанның тұтынушылар кооперациясының дайындау қызметі өріс алды.
Астық дайындаудың жалпы көлеміндегі оның салыстырмалы салмағы 37,8% дейін өсті. Ол жәрмеңкелерге қатысты, 1929 жылы 7 өлкелік, 8 губерниялық, 23 жергілікті жәрмеңке өткізілді. Олардың айналымы 15 млн. рубльді құрады.
Қазақстанның тұтынушылар қоғамы халықты көкөніспен және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша қала маңы шаруашылықтарының кең желісін жасады. Бұл үшін 8 млн. рубль жұмсалды. Тұтынушылар кооперациясы мәдени-ағартушылық жұмысын да белсенді жүргізді. Оның қолданысында 328 киноаппарат болды. 1927-1928 жылдары тұтынушылар кооперациясы жүйесінде 130 кооперативтік үйірме, 1 кооперативтік техникум, 2 кооперативтік-білім беру мектебі, коопторгтың 2 жаңа мектебі және біржылдық батрақтар курсы болды.
ҚазАССР-нің Х жылдығына орай
Қазақстанның онжылдығын тойлауға дайындалып жатқан басқа ұйымдармен қоса, өлкелік тұтынушылар кооперациясы да мерейтойды атап өту үшін өз тарапынан келесі іс-шараларды дайындап, өткізбекші: ҚазАССР-нің тұтынушылар кооперациясының жай-күйіне және жұмысын таныстыруға арналған өлкелік көрме ұйымдастыру. Еңбекшіқазақ және Талдықорған аудандарына екі көшпелі кино көрсеткіш жіберіледі. Осы аудандарда әрқайсысы 60 нүктеден тұратын 2 радиоторабы ашылады. Тұтынушылар кооперациясының жетістіктері туралы брошюра шығарылады. Семейде Қазақстанның 10 жылдығы атындағы кооперативтік техникум ғимаратының іргетасы қаланады.
Жаңа экономикалық саясатты тұқырту тұтынушылар кооперациясын тұйыққа әкеп тіреді. Кез-келген әдістермен «жаппай ұжымдастыру» өткізу туралы кеңестік басшылықтың шешімі 1932-1933 жылдардағы алапат аштыққа әкелді. Сталиндік ұжымдастыру мен кулактардың мүлкін тәркілеу кезіндегі тоталитарлық жүйемен жасалған қылмыстар ешбір ақтауға жатпайды.