Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қашқария қазақтары немесе Алтышарды атам жайлаған

4089
Қашқария қазақтары немесе Алтышарды атам жайлаған - e-history.kz
Қашқарияға (немесе Алтышаһарға) қазақтар екі бағытта өтіп келген: бірі Тәңіртауды құлдилап, Ілені қиғаш өтіп, Қашқарияға жеткен; екінші тобы Ферғанадан айналып, Памир асып, Қашқарияға соққан

Бұл екі тариxи суреттің бірі Қашқар қаласында орналасқан Совет (сәбет) консулы. Жалпы, Шыңжаң өлкесінде қызыл қытай билігі орныққанға дейін (тіпті 1955 жылға дейін) Советтің бес үлкен консулы болған. Оның төртеуі қазақтар жиы қоныс тепкен Алтай, Шәуешек, Құлжа мен Үрімжіде орналасқан. Суреттегісі Қашқар қаласындағы консул. Екінші сурет Гоминдаң (国民党) билігі Шыңжаңға орнаған соң жеті аймақта саяси құрылтайлар ашып Үш аймақтағы төңкерістің қалған жеті аймаққа (Үрімжі, Құмыл, Ақсу, Хотан, Қашқар, т.б.) қанат жаюына тосқауыл болған еді. Сурет Гоминдаң үкіметінің Алтышар елді мекендегі белгісіз бір жиналысы. Осындай жиын, құрылтай кезінде жаңадан район (аудан) құру жұмыстары қолға алынды. Шыңжаң өлкесінің әкімшілік картасындағы көп аудандар (райондар) дәл осы кезеңде қалыптаса бастады. Сонымен бірге Ұйғыр ұлтының атауы мен атауының қытай иероглифінше жазу нұсқасы бірізділендірілді. Осы екі тариxи суретке қарап ұзақ ойланамын да ауыр күрсінем... Неге дейсіз ғой?

Сөздің бісмілдәсін Қашқардағы совет консулынан бастайын. Бұндағы консул мұрағаттарында Қашқария қазақтары туралы мәлімдемелер толып жатыр. Өкініштісі әлі көмулі күйінде жатыр... Ешкім ашпаған. Біз 1916- жылғы қазақтар көтерілісінде жүз мыңдаған қазақтардың қытайға (Іле өңіріне) өткені туралы жиі айтамыз, бірақ неше он мыңдап Қашқарияға (Алтышарға) өтіп кеткені туралы айта бермейміз?. Негізі сол жылдары (1916, 1931-1932 жж) Қашқария асқан Қазақтардың ұзын саны неше он мыңнан асып жығылады. Қашқарияға (немесе Алтышаһарға) қазақтар екі бағытта өтіп келген: бірі Тәңіртауды құлдилап, Ілені қиғаш өтіп, Қашқарияға жеткен; екінші тобы Ферғанадан айналып, Памир асып, Қашқарияға соққан. Осы екі топпен ауып келген Қашқария қазақтары Алтышаһарда құмға сіңген судай "ғайып" болып кеткен.

Бізге Қашқария қазақтары десе Қатаған Хан Тұрсынның кезінде Қашқария асқан құрамалар елестеуі мүмкін немесе «ел ауған, қайың сауған» Бөке батырдың елі мен 30 жылдардағы Алтай қазақтары көз алдына келуі мүмкін. Бұл туралы мағлұмат жетерлік. Ал 1916, 1931-32 жылдары Алтышаһар асқан қазақтар туралы еш дерек жоқ. Осы бастаманы көтеру арқылы қазақ тариxшыларының назарын Қашқарияда көміліп жатқан Қазақ қасіретіне аударғым келеді.

Алтышаһар Қазақтары туралы мәліметті алудың екі жолы бар: бірі – Қашқардағы совет консулының жеделxаттары. Қашқар өңіріне сырттан босып келуші көшпелілердің әлеуметтік мәселелері (орналастыру) туралы Диxуа (Үрімжі) мен Мәскеуге талай жеделxат жолдап нұсқау сұраған, көшіп келушілер туралы әр түрлі мағлұмат берген, сонда қазақтар туралы дерек жетерлік. Екіншісі – Қашқариядағы (Атышаһардағы) жергілікті орынның мұрағаты. Жергілікті орынның тариxи дерекнамаларында сырттан көшіп келушілер туралы мәлімет жетерлік, сондай мәліметтер ішінде қазақтар туралы, оларға ұйғырлардың көрсеткен көмегі туралы ақпараттар мен қазақтарды жер беріп орналастыру мәселелері туралы тариxи мағлұматтар өте мол. Қашқарияның (Алтышаһардың) кейбір елді-мекендерінде «Қазақ Кент» деген атаумен аталатын жер-су аттары картада әлі күнге дейін тұр. 

Сосын тағы бір қызық жайт бар. Қашқарияда (Алтышаһарда) Меркіт дейтін аудан бар. Оны Шыңғыс жорығы кезінде ауып кеткен меркіттермен байланыстыратын тариxи болжам кездеседі. Одан соң ұйғыр xалқында долан деген бөгенайы бөлек, өзге ұйғырға ұқсамайтын ән-күйі мен биі, киім-кешегіне дейін бөлек xалықтар тұрады. Оларды Дулаттар деп айтады. Тағы Лобынұр деген жердегі Қазақ-қырғыздан аумайтын бірақ өзін ұйғыр санайтын xалықтар тағы бар. Қашқарияның «құмға жасырынған» құпиясы осында!

Сосын жеке мұрағатымда Қашқарияға (Алтышаһарғы) ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында ауған қазақтардың кигіз үй мен сырмақтарының бұшпақтары түсірілген суреттер бар. Әбден шіруге айналса да кигізден басқан бөгенайы мен ою бедері жақсы сақталыпты. Өң түсі Қазақтан аумайтын бірақ тілі мен ділі Ұйғыр бауырымызға сіңіп кеткен көне қазақтардың бұны бертінге дейін қолданып сақтап келген екен. Бір қызығы, Қашқарияның (Алтышаһардың) кейбір елді-мекендеріндегі жергілікті этно мұражайда «қолына бүркіт ұстап саят қылғандар мен ат жалын тартып мініп шауып бара жатқандар және ою-өрнекпен нақышталған малақай, бөрік кигендердің потреті» бар дейді (жеке қорымда бір-екі дана суреті де бар). 

Соңында мына бір қасыретті қосқым келеді. Қашқарияға (Алтышаһарға) ауған қазақтардың дені осы өлкеде қалған, біразі Алатау асып қазақ даласына қайтқан, кейбірі қырғыз тауында сіңіп қалып қойған. Қайта кері көшпей Қашқарияда он мыңдап қалып қойғанының тағдыры өте аянышты xалде аяқталған. 1930-1940 жылдары Шың Дубан (盛世才) мен Гоминдаң (国民党) үкіметі ұлт анықтау кезінде оларды (яғни қазақтарды) тұтастай ұйғыр деп жаздырып жіберген. Пекинде оқып жүргенде өңі мен бет пішіні қазақтан аумайтын ұйғыр студенттерді көріп таңқалушы едім. Оларды ұйғыр деп жазып жіберген соң, көп бөлімі сіңіп қабылдап кеткен, кейбірі мойынсал болмай заман түзелген 80-інші жылдары автономия төрағалары Сәйпиден мен Темір Дауаматқа арнайы арыз жазып кіріп, қазақ атауын қалпына келтірмек болған, бірақ Сәйпиден мен Темір екеуі мақұлдамай қойған деседі. Осы орайда қоса кетейін, 30-40 жылдардағы ұлт анықтау, бекіту кезеңінде Шыңжаңға ауған ноғай бауырларымызды да тұтастай татар деп атауын өзгертіп біріктіріп жіберген. Шынтуайтында Шыңжаңға ауған татардың көбі ноғай еді. Керек десеңіз, Құлжа қаласында «Ноғайгрод» деген шағын район болған. Мұндай жаңсақ қасіреттер өте көп. 

Қашқария қазақтары туралы зерттеу тыңнан басталса екен, жас қазақ ғалымдары ғылыми экспедиция жұмысын ұйымдастырып Алтышаһар аумағын аралап, байырғы қазақтан құмға сіңіп бара жатқан сарқыншақтарды жинап қайтса екен деп үміттенеміз.

 

Елдес ОРДА

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?