Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Асан Қайғының баласы Абат батыр және Айдаһар туралы аңыз

3080
Асан Қайғының баласы Абат батыр және Айдаһар туралы аңыз - e-history.kz
Міржақып Дулатовтың ауылы Қызбел деген ауылдан 50 шақырым жерде Қайғы деген ауыл бар, ал Абат тауы да екі ауылдың ортасында орналасқан

Қызбелге ары шыққанда жол екіге бөлінеді, сол жақтағы Бидайыққа (айтқандай бұл ауылда Міржақып Дулатовтың кесенесі бар), оң жақтағы жол Алтынсарыға апарады. Алтынсары жақ бетте Қотыртау деген тау бар. Аңыз бойынша со таудың астында Абат батырды жұтқан айдаһар жатыр, соны әкесі «Асан Сәбитұлы қырық жыл қайғырып Асан қайғы атанған» деп бала кезімізде үлкен кісілер айтып отыратын. Асанның қарғысынан аждаһаны «жер жұтыпты-мыс» дейтін еді.

1-сурет. Қотыртау, фото авторы – Жанболат Кенжеғұл

Жазушы Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабында («Жалын» баспасы,1985 жыл) Асан Қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ мешіт деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне койылған Тана және Танай деген есімге ие болған егіз қыздың есімінен іздейді.

Өнер зерттеушісі, сазгер Қайыржан Мақанов «Бізге беймәлім баян немесе Қайғы атауы қайдан шыққан?» деген мақаласында («Қостанай таңы»,17.11.2009 жыл): «Ауылдың жанында Қайғы деген шағын көл бар. Одан әрі Күйік деген сулы қопа бар. Асан қайғының бір баласы өліп, Асанның көз жасынан Қайғы көлі, ал екінші баласы өлгенде Күйік қопасы пайда болыпты дейді ел ішінде» – деп жазады.

2-сурет. Айдаһар

Данабике Байқадамова («Аңыздың айғағы бар»,«Лениншіл жас», 16.08.1984 жыл) мақаласында әкесі Байқадам Қаралдыұлының «Қайғы Қарасуы бұрын Асан қайғы Қарасуы делінетін. Қазір Қайғысы ғана қалды. Қоңыс іздеген ел данасы Асан желмаямен жүріп осы Қарасудың басына түнеді деген әңгіме бар. Асан саналы, көреген адам болған. Одан ел билеген хандар да ақыл сұраған. Қайғыдағы ауылдың «Асан келді, Абат жерленді» деген сөздері құлаққа әбден сіңген» деген сөздерін келтіреді.

Филология ғылымдарының кандидаты Бақыткүл Мамиева «Асан қайғы туралы аңыздар» деп аталатын әдістемелік құралында (Қостанай, «Шапақ» баспасы, 2009 жыл, 75 бет) «Мұндай аңыздың бірі Қостанай қаласының аталуына байланысты да айтылады. Аңыз мазмұны бойынша, Қостанай маңын жайлайтын қыпшақ руына жау шапқанда, егіз қыз батырлық көрсетіп, ерлікпен қаза табады. Асан ата қыздарды жоқтап: «қос танам-ай!» – деп жылайды. Содан қаланың аты Қостанай аталып кетеді» деп жазады.

Осы автор Қостанай өңірінен жазып алынған аңыздың бірінде Асан Науырзым маңындағы Бестарау деген жерде жыланмен достасады. Бір күні Асанның баласы аңға шығып, әкесіне дос жыланның баласын абайсызда өлтіреді. Қайғы шеккен Асан дос жыланына келеді. Жылан Асанның баласы екенін білмей қалғанын айтып, қатты өкініп, бірге қайғырады. Осы жер кейін Бестарау деп аталады, Ол жер кейін Қайғы деп аталған деген дерек келтіреді. (ҚР ҰҒА сирек қолжазбалар қоры. № 910 бума, № 5 дәптер).

Асанның Тана-әжеден туған батыр ұлы Абат туралы аңызда айтылатын Жыланды, Қызбел таулары осы күні Қостанай облысына қарасты Науырзым, Жанкелдин аудандарының аумағында орналасқан.

Осы уақытқа дейін Қайғы атын сақтап отырған ауыл тұрғындары күні кешеге дейін қара суға зар болғаны рас. Ауыз судың тапшылығынан әбден таршылық көріп қалған ел ауыл үстімен өткен көлденең көк атты жолаушыға сусын да бермеген кездері болса керек, «Қайғыға қайырылма, кара жолдан айырылма» – деген әзіл де болса шын айтылған сөз сол жылдардан қалған. Ал осы маңайдағы тағы бір тарихи жер атауы Бестамақ. Жазып алушы Бестарау деп қате жазып алған болуы мүмкін.
Аңызға сенер болсақ, желдей ескен желмаясымен жер түбіне келген Асан ата түгін тартсаң майы шығатын құйқалы жерді көріп: «Шіркін, шөбі мол екен, әттең, суы жоқ екен!» – деп аса таяғымен қара жерді бір соғып қалғанда, жер астынан су атып шыкқан екен дейді.

3-сурет. Торғай жері, дала өзені, фото авторы – Жанболат Кенжеғұл

Қызбел тауының бауырында осы күні де Қарасу аталатын көл бар. Бұл көлдің пайда болу тарихы Асан атаның батыр ұлының есімімен байланысты.

Ел аузындағы тағы бір аңызда ертеде өмір сүрген хан ел-жұртына: «кім қорықпайды, кім қызғанбайды, кім өкпелемейді???» – деген үш сауал тастағаны айтылады.

Оған жиналғандар: «Абат ешкімнен қорықпайды, Абат ешкімді қызғанбайды, Абат ешкімге өкпелемейді» – деген жауап қайтарады. Мұны естіген хан Абатты үш сыннан өткізеді.

Алғашқыда өзінің қырық жігітін жұмсап, Абатты оңашада қоршап алып, шайқасуды бұйырады.

Бұл сыннан батыр мүдірмей өтеді. Тосыннан тиген жауға қаймықпай қарсы шауып, бетін қайтарады. Оның қайсарлығын көрген қолбасшы жігіттеріне тоқтау салып, кері қайтады. Көргендерін ханға келіп жыр қылып айтады.

Екінші жолы хан өзінің жырынды қуын қиянат қылмаса да Абаттың әйелінің қойнына барып жатуға жұмсап, ол болса батырды сынағысы келген ханның ұйғарымы бар екенін айтып, Абаттың келіншегін көндіреді. Жорықтан оралған батыр үйіне кіріп келсе, әйелінің қасында бейтаныс жігіт жатқанын көреді. Жігіттің бір қолы әйелінің мойнының астында қалса керек. Сонда Абат: «Шіркін-ай, ер жігіт әйелдің астына қолын сала ма екен», – деп ұйқыларын бұзбай, ақырын әйелінің басын көтеріп, жігіттің қолын үстіне салып қойып, алаңсыз ұйықтай береді. Ертеңіне аман-есен ханға оралған жігіт болған жайды айтады.

Үшінші рет хан Абатты асқа шақырып, қонақасы кезінде оны көзге де ілмейді, қараша үйлердің біріне кіргізіп, кәделі табақ тартқызбай, алдына ішек-қарын салынған табақ қойғызады. Абат алдына қойған тамақты жеп алып, рахметін айтып, жүріп кетеді.

Мұның бәріне қатты қайран қалған хан батырды шақыртып алып, жөнін айтып, аталған үш қасиетке ие болуының себебін сұрайды. Сонда Абат былай деп жауап қайтарады:

Қорықпайтын себебім, бірде жортуылда жүргенде бір қоян кездесті. Қоянды бір атпен қусақ та ұстайтын едік, 300 адам қамалап ұстаймыз деп тұрғанда, сол қоян бізден есебін тауып, құтылып кетті. Япыр-ай, тағдыр қырын қарамаса, ажал жоқ екен ғой, – деп қорықпайтын болдым, – дейді,
Асқа өкпелемейтінім, бірде бір жеті жол жүріп, оралып келсем, шешем күнде ішетін үш мезгіл тамағымды дайындай берген екен, сол сақтап қойғанынан бір мезгілге есепетелген асты зорға тауыстым, бұл тамақ деген де жай көңіл екен ғой, бұған өкпелеу-пенделік екен, – деп тоқтадым, – дейді. 

4-сурет. Міржақып Дулатовтың елі - Қызбел жері, фото авторы – Жанболат Кенжеғұл

Әйелді қызғанбайтыным, бір жылы сапарға шықтық, жиырма бес жігіт едік, ортамызда екі әйел бар еді, бір күні екеуі ұрысып жатыр екен, не деп жатыр, – деп құлақ қойсам, біреуі екіншісіне: «мен он екі еркекке ас қамдаймын, сен он үш еркекке ас дайындайсың, маған бір байыңның артықтығын сес қыласың ба?» – депті. Сонда қанағатсыз жандарды бір еркек болып қорғап үлгірудің өзі мүмкін емес екен, – деп ойладым,» – дейді.

Абат батыр туралы айтылған әңгіменің осыдан сәл өзгертілген нұсқасы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген, филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдаханов құрастырған «Өлген қазан» жинағында жарияланды.

Қалай болған күнде де Абат басы деп аталатын жер де, аңыздарда айтылатын басқа географиялық атаулар да бар. Қостанай атауы Тана-әженің құрметіне қойылған қыздардың есімдерімен аталуы әбден мүмкін.

Тарихқа ақын көзімен қарайтын болсақ, ендігі ойымызды жыр тілімен жалғайық:


Бұл жердің ежелгі аты Қайғы деген,

 

Өзінің түп негізін әйгілеген.

 

Қайғыда қасірет жоқ, қуаныш көп,


Өскен ел өркендерін жайды дер ем.


Бұл Қайғы өткен күннің шежіресі, 


Көп сырға, араласаң, кезігесің. 


Бел шешіп, шалғынына аунап жатып, 


Қадірлеп басыңды иер жерің осы.


Әрине, жоқтан бар зат жасалмайды, 


Өзендер су жоқ жерден бас алмайды. 


Жүйткітіп желден жүйрік желмаямен, 


Жүріпті саяхаттап Асан-қайғы.


Қызбел мен Жылаңдының арасында, 


Дейтін жер Абат басы бар осында. 


Асанның сүйікті ұлы Абат батыр, 


Қазақтың жерленген бе даласында? 


Қазаға аңғал батыр ұшырайды, 


Аңыз қып ел айтады осы жайды, 


Ағыпты тау басынан Үлкен қайғы, 


Сәл төмен және ағыпты Кіші қайғы. 


Міні жоқ бұл мекеннің өз басында, 


Тұр, бірақ, қайғы деген сөз басылмай. 


Мына көл «Асан, Абат, қайдасың?»- деп,


Жоқтаған қалың елдің көз жасындай.


Көзіндей кешегі өткен Тана-әженің, 


Сабырмен ағып жатқан жоқ өзенім. 


Тек қана Қайғы деген көл қалыпты, 


Ал оған қажеті жоқ дәреженің.



Кеткен соң өзен орнын мың із көміп, 


Сөз теріп, ел аузынан сыр іздедік. 


Қайғыда көптен бері жөнелтеді 


Адамды су сұраған қымыз беріп.


Сәл тоқта! Қайда тартып барады өлең?


Мен оның түйініне жаңа келем,


Ұл да көп содан бері Асан деген,


Қыз да көп кең даламда Тана деген.


Бұлдырап көз алдымнан бала кезім, 


Елжіреп ет-жүрегім барам өзім. 


Шұрқырап құлын-тайдай бірге ойнаған, 


Білмеймін, қайда жүрсің, Тана-көзім?!


Бағатын қонағының қас-қабағын, 


Қалмайтын құрақ ұшқан досқа жаны, 


Арудың сыңғыр қаққан сырғасындай, 


Ел қалай ұмытады қос Тананы?!


Құшағы содан бері досқа дайын, 


Жемейтін ел аманда босқа уайым, 


Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап, 


Тобылдың жағасында Қостанайым.

5-сурет. Қызбел (Қыземшек) тауы

Мақалада Ақылбек Шаяхметтің материалдары пайдаланылды

Амандық Әмірхамзин

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?