Ирандағы «кек туы» – қызыл жалау нені білдіреді?

Автор:
02.03.2026
67
Ирандағы «кек туы» – қызыл жалау нені білдіреді? - e-history.kz

28 ақпан  күні Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал күрт шиеленісе түсті. Бұл күндері Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе соққылары нәтижесінде қаза тапты. Бұған байланысты Иран билігі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, Құм қаласындағы қасиетті Жамқаран мешітінің күмбезіне қызыл «кек туы» көтерді. Оның мәні неде? Төменде тарқатамыз. 

Шииттік ислам дәстүрінде қызыл түс – жай ғана реңк емес, тарихи жад пен діни эмоцияның терең символы. Ол ең алдымен 680 жылы Ирак жеріндегі Кербала даласында болған қанды оқиғамен байланысты. Сол жылы Пайғамбар Мұхаммедтің немересі, Имам Хусейн ибн Әли Омейя халифі Язидтің әскерімен шайқаста қаза тапты. Шииттік дүниетанымда Кербала – әділет пен зұлымдықтың қақтығысы, иман мен билік арасындағы күрестің ең ауыр мысалы ретінде қабылданады.

Имам Хусейннің өлімі «шәһидтік» ұғымымен байланыстырылады, яғни әділет жолында құрбан болу. Осы оқиға шииттік қауым үшін ғасырлар бойы ұжымдық қайғы мен рухани қарсылықтың өзегіне айналды. Кербала трагедиясы тек тарихи дерек емес, жыл сайын Ашура күні еске алынатын тірі жад. Сол себепті қызыл жалау шииттік мәдениетте «әділетсіз төгілген қанның» белгісі ретінде орнықты. Ол «қаны төгілді, бірақ әділ жаза әлі орындалған жоқ» деген мағынаны білдіреді. Бұл түс бейбіт мерекелерде немесе салтанатты рәсімдерде қолданылмайды. Керісінше, ол қасірет, кек және тарихи жауапкершілік сезімімен байланысты. Яғни шииттік дәстүрде бұл белгі қаһар мен әділет іздеудің символы ретінде қабылданады. Ол тек қаза туралы хабарды білдіріп қана қоймайды, сондай-ақ «кең көлемді жауап» және «азаптың жауапсыз қалмайтыны» туралы сигнал береді. Бұл – әскери әрекетке және саяси шиеленіске тән аса ауыр ишара.  

Неге дәл Жамқаран мешіті?

Иранда қызыл «кек туы» кез келген ғимаратқа ілінбейді. Ол Құм қаласындағы Жамқаран мешітінің күмбезіне көтеріледі. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Жамқаран – шииттік сенімде ерекше орын алатын қасиетті мекен. Аңыз бойынша, бұл мешіт XII Имам Махдиге байланысты оқиғамен ұштасады деп саналады. Шииттер Махдиді әділет орнату үшін ақырзаман алдында қайта оралатын тұлға ретінде қабылдайды. Сондықтан Жамқаран тек ғибадат орны емес, әділет пен рухани үміттің символына айналған.

Құм қаласының өзі Иранның діни орталығы саналады. Елдегі ең ірі діни оқу орындары, беделді аятоллалар мен рухани институттар осы қалада орналасқан. Яғни Құм – тек аймақтық емес, бүкіл шиит әлемі үшін маңызды рухани кеңістік. Сондықтан дәл осы жерде көтерілген жалау Иран қоғамына ғана емес, әлемдегі шиит қауымына бағытталған үндеу ретінде қабылданады.

Бұған дейін қызыл жалау көтерілген өзге жағдайлар 

4 қаңтар 2020 жыл.

2020 жылы 3 қаңтарда АҚШ әскери күштері Бағдад әуежайы маңында дрон арқылы соққы жасап, Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс» күштерінің қолбасшысы генерал Қасем Сүлеймани қаза тапты. Келесі күні Жамқаран үстінде қызыл ту пайда болды. Бұл оқиға АҚШ–Иран қарым-қатынасының ең қауіпті кезеңдерінің біріне айналды. Иран билігі «қатаң жауап болатынын» мәлімдеп, кейін Ирактағы америкалық базаларға зымырандық соққы жасады.

2 қараша 2022 жыл.

26 қазанда Шираз қаласындағы Шах-Черах кесенесінде болған қарулы шабуылдан кемінде 15 адам қаза тапты. Шабуыл үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» ұйымы өз мойнына алды. 2 қарашада осы қасіретті еске алу белгісі ретінде Жамқаран мешітінде қызыл жалау көтерілді. Бұл жолы ту сыртқы әскери қақтығысқа емес, ішкі лаңкестік актіге байланысты ілінді.

5 қаңтар 2024 жыл.

3 қаңтарда Керман қаласында Қасем Сүлейманидің қазасының төрт жылдығына арналған аза рәсімі кезінде екі жарылыс болды. Ресми деректер бойынша 100-ден астам адам қаза тауып, бірнеше жүз адам жараланды. Жарылыс Сүлейманидің бейіті маңында, мыңдаған адамның қатысуымен өткен шеру кезінде орын алды. Осыдан кейін 5 қаңтарда Жамқаран күмбезінде қызыл ту қайта көтерілді. 

31 шілде 2024 жыл.

Бұл күні қызыл жалау Палестинаның ХАМАС қозғалысының саяси жетекшісі Исмаил Ханияның қазасына байланысты көтерілді. Хания Тегеранда, Иран президенті Масуд Пезешкианның инаугурациясына қатысқаннан кейін өз резиденциясында қаза тапты. Иран бұл оқиғаға Израильді жауапты деп айыптады. 

13 маусым 2025 жыл.

Израиль армиясы Иран аумағындағы бірқатар стратегиялық нысандарға, соның ішінде инфрақұрылымдық және ядролық объектілерге әуе соққысын жасады. Шабуыл салдарынан Иранның жоғары әскери басшылығы құрамындағы бірнеше лауазымды тұлға қаза тапқаны хабарланды. Бұл соққы аймақтағы шиеленісті күрт ушықтырды. Осы оқиғадан кейін Құм қаласындағы Жамқаран мешітінің күмбезіне «О, Хусейннің кек алушылары» деген жазуы бар қызыл ту көтерілді. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз