Төл тарихымызды насихаттау мәселесі талқыланды

Автор:
19.01.2026
7600
Төл тарихымызды насихаттау мәселесі талқыланды - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Президенті орталығында Мемлекет тарихы институтының ұйымдастырымен дөңгелек үстел өтті. Ғылыми-танымдық шараға институт ғалымдары мен Qazaqstan tarihy интернет-жобасының қызметкерлері қатысты.

Еркін форматта өткен басқосуға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатын талқылап, тарих ғылымын дамыту мәселелерін, қазіргі жағдайдағы Жасанды интелект негіздері арқылы ұлт тарихын насихаттаудың маңызын және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Мемлекет тарихы институты мен портал редакциясы арасындағы 2026 жылға белгіленген стратегиялық бағыттары айқындалды.

Шара аясында Мемлекет тарихы институты мен «Qazcontent» акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» атты іргелі 2010 жылы жарыққа шыққан академиялық еңбектің бес томдық жинағының 5-томы негізінде әзірленген аудиокітап көпшілік назарына ұсынылды.

Аудиокітап Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырмановтың бастамасымен, институттың Ғылыми-ақпарат және өзге де құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Жоба жасанды интеллектінің заманауи мүмкіндіктерін пайдалану арқылы дайындалып, гуманитарлық ғылым саласында цифрлық технологияларды тиімді қолданудың нақты үлгісіне айналды.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – отандық тарихи ғылымның іргелі жетістіктерін кең аудиторияға қолжетімді форматта ұсыну, академиялық еңбектерді цифрлық кеңістікке бейімдеу және қоғамның ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыру.

Дөңгелек үстел барысында Qazaqstan tarihy интернет-жобасының редакциясына институт ғалымдары шығарған кітаптар табыс етілді. Алдағы уақытта «Қазақстан тарихы» порталы арқылы Мемлекет тарихы институтының жаңа ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарын кезең-кезеңімен орналастыру жоспарлануда.

Мемлекет тарихы институты директоры Нұрбек Пұсырманов «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Айна Задабекқызы Задабекке ұлттық тарихты насихаттауға, мемлекеттік тілдегі тарихи контентті дамытуға және цифрлық ортадағы ынтымақтастықты нығайтуға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Нұрбек Серікұлы әріптестік байланысты нығайту мақсатында «Qazcontent» акционерлік қоғамы Qazaqstan tarihy интернет-жобасымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін баса айтты.

«Qazaqstan tarihy» порталы ресми түрде 2013 жылы 25 қыркүйегінде құрылған. Портал «Qazcontent» АҚ-ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі. Қазіргі интернет кеңістікте біздің елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген тұрақты қызығушылық қалыптасқан. Сондықтан портал шетелдік азаматтар мен қазақстандықтарға қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін, әдебиетін жан-жақты насихаттап келеді.  Сайт контенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынылған. Мақала авторлары – порталдың журналистері және белгілі тарихшылар, ғалымдар, мұрағатшылар, археологтар және тарих саласының басқа да мамандары.
 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз