Жетісуда тағы бір петроглифтер шоғыры табылды

Автор:
02.12.2025
6153
Жетісуда тағы бір петроглифтер шоғыры табылды - e-history.kz

Сурет: 24KZ

Жетісу облысында археологтар тағы бір петроглифтер тобын анықтады, деп хабарлайды e-history.kz «24KZ» сайтына сілтеме жасап. Жаңа нысан «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағында жүргізілген археологиялық экспедиция барысында табылған. Ғалымдардың айтуынша, бұл жер – некрополь, жартас суреттері және көне қоныс орындары кіретін тұтас археологиялық кешен.

Мамандардың мәліметінше, петроглиф галереясы биік таудың қуысына жасырынған. Бір қарағанда көзге байқалмайтын бұл суреттер күн сәулесінің белгілі бір бұрышынан түсуімен анық көрініп, саяхатшыларға аңшылық көріністері мен түрлі діни-ғұрыптық сахналарды көрсетеді. Бұл бейнелердің алғашқысы қола дәуірінен бастау алады.

Зерттеушілердің айтуынша, нысанда ерекше мәні бар бірнеше сюжет кездеседі. Олардың қатарында туу сәтін бейнелейтін көрініс пен Ұмай анаға арналған кәдімгі символдық композициялар бар. Сонымен қатар, табылған ең қызық деректердің бірі – тастың бетіне ойып жазылған өте ұсақ таңбалар. Ғалымдар бұл жазбаларды тибет монахтары қалдырған болуы мүмкін деп болжайды.

Экспедиция барысында ашылған бұл орынның басты ерекшелігі – оның мәдени қабаты. Археологтардың айтуынша, мұнда адамдар шамамен төрт мың жыл бойы үздіксіз өмір сүрген. Зерттелген Шолақ атты шұрат – алтарь, жартас суреттері, қоныс орындары және көне некропольден тұратын күрделі археологиялық кешен.

«Алтын-Емел» ұлттық паркінде жаңа мұра нысанының табылуы зерттеушілер үшін маңызды жаңалық саналады. Себебі мемлекеттік қорғау аймағында тұрған мұндай ескерткіштер табиғи және адам қолымен жасалатын зақымданудан сақталады. Алдағы уақытта бұл нысан жан-жақты зерттеліп, тарихи-мәдени ескерткіштердің ресми тізіміне енгізілмек.

Археологтар экспедиция барысында Жетісудың өзге өңірлерін де зерттеген. Олар Көксу өзені аңғары, Қызылағаш ауылы, Аманбөкте ауылы, Қапал аумағы, Баянжүрек ғибадатханасы маңы және Дегерес тауларында да бірнеше нысанды тіркеген. Барлық материалдар Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтына және «Алтын-Емел» ұлттық паркіне тапсырылатын болады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз