Ауыл билігі мен демократияның қазақстандық моделі: тарих пен қазіргі заман сабақтастығы

24.10.2025
5542
Ауыл билігі мен демократияның қазақстандық моделі: тарих пен қазіргі заман сабақтастығы - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында өткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі: тарих, қазіргі заман және дамудың жаңа қырлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Мемлекет тарихы институтының ұжымы дайындаған екі ғылыми монографияның тұсаукесері өтті. Жаңа еңбектер — елдің саяси институттарының қалыптасуы мен демократиялық үдерістердің даму тарихын кешенді талдауға арналған.

Ауыл билігінің эволюциясы: тарих пен тәжірибені тоғыстырған еңбек

Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырмановтың айтуынша, алғашқы еңбек — «Ауылдағы биліктің эволюциясы және жергілікті өзін-өзі басқару» монографиясы — қазақ даласындағы басқару құрылымының тарихи өзгерістерін кезең-кезеңімен талдайды.

«Бұл еңбекте Қазақ хандығы кезіндегі ауылдағы билік жүйесі қалай болды? Ресей империясы мен Кеңес дәуірінде қандай өзгерістерге ұшырады және қазіргі тәуелсіз Қазақстанда ауыл билігі қалай қалыптасты деген сұрақтарға салыстырмалы талдау жасалды. Біз кестелік, статистикалық, құрылымдық тәсілдер арқылы осы эволюцияны толық қамтуға тырыстық», – деді ол.

Авторлар қазақ қоғамындағы ауыл билігінің табиғатын заманауи ғылыми әдістермен зерделеген. Монографияда соңғы бес жылдағы ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесіне талдау жасалып, әкімдердің өз көзқарастары мен ұсыныстары да қамтылған.

«Біздің артықшылығымыз — әкімдердің өздерінің эксперттік пікірлері енгізілді. Олар қандай қиындықтарға тап болып отыр, аппарат құрамында неше адам болуы керек деген нақты сұрақтарға да жауап ізделді. Бұл жерде математикалық модельдеу әдісі де қолданылды», – деді Пұсырманов.

Еңбекте авторлар әкімдердің аппараттық құрамының тиімді санын анықтауда математикалық формулалар мен модельдеу әдістерін қолданған және мәслихаттар мен ауыл әкімдіктерінің тиімді штат санын есептеу моделі ұсынылған. Осылайша, еңбек тек тарихи шолу ғана емес, қазіргі басқару тәжірибесіне арналған қолданбалы құрал сипатында жазылған.

Демократизацияның қазақстандық моделі: тарихи сабақтар мен жаңа көзқарас

Тұсаукесерде таныстырылған екінші еңбек «Казахстанская модель демократизации общества» — орыс тілінде жарық көрген ұжымдық зерттеу. Бұл еңбек Қазақстандағы саяси партиялар, БАҚ, Парламент, азаматтық қоғам институттары мен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тарихи қалыптасуы мен даму динамикасын ғылыми тұрғыдан зерделейді.

Монография авторлары – Әмина Талғатбек, Марал Қалиева, Сәуле Бағдатова, Бауыржан Шериязданов, Айман Жүсіпова және Анар Ғабдуллина. Еңбек тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаевтың жалпы редакциясымен жарық көрген.

«Бұл зерттеу Қазақстандағы саяси институттардың даму заңдылықтарын, демократияның ұлттық моделін және оның өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге бағытталған. Архивтік деректер мен сауалнамалық зерттеулердің нәтижелері біріктіріліп, ғылыми талдау жасалды», – деді Нұрбек Пұсырманов.

Ғылым мен тәжірибені ұштастырған жоба

Аталған екі еңбек Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын «Қазақстан тарихындағы саяси институттар мен құрылымдардың эволюциясы» атты ғылыми-техникалық бағдарлама аясында дайындалған.

Бағдарламаның ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы Ғани Мұқашұлы Қарасаев. Зерттеу жобалары Мемлекет тарихы институты мен Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының базасында жүзеге асқан.

Пұсырмановтың айтуынша, бұл кітаптар Қазақстан тарихында тұңғыш рет ауыл билігі мен демократиялық институттардың эволюциясын кешенді түрде қарастырған еңбектердің бірі.

«Бұл монографиялар тек ғылыми орта үшін ғана емес, мемлекеттік басқару академиялары мен жоғары оқу орындары үшін де маңызды құралға айналады. Олар билік жүйесінің эволюциясы мен демократиялық модельдің қазақстандық тәжірибесін сараптауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Қос монографияның тұсаукесері

Конференцияға қатысқан ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ Парламент депутаттары қос еңбектің тұсауын кесті.

Пұсырманов бұл еңбектерді жыл соңына дейін ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарына тарату жоспарланып отырғанын, олардың электронды нұсқасы да әзірленіп жатқанын айтты.

Екі жаңа монография — Қазақстандағы мемлекеттік басқару тәжірибесін, демократиялық дәстүрдің эволюциясын және ауылдық билік жүйесінің тарихи тамырын терең түсінуге мүмкіндік беретін іргелі ғылыми еңбек.

Бұл зерттеулер тек өткенге көз жүгіртпей, бүгінгі мемлекеттік басқару мен қоғамның даму бағытына ғылыми бағдар ұсынғаны анық.

Суретті түсірген автор

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз