Steppe Games — қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттырады

16.10.2025
5502
Steppe Games — қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттырады - e-history.kz

Астанада балаларға арналған қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды насихаттайытын мобильді ойын – Steppe Games таныстырылды. Ойынды Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген.

Қазақ тілін ойын арқылы насихаттайытын жобаның таныстырылымына онлайн қосылған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ойын индустриясының үлкен нарыққа айналғанын айта келіп, олардың контентке тәуелдігі екеніне тоқталды. Контенттің мазмұны құнды тауарға айналғанын сөз етті.

«Қазіргі таңда ойын индустриясы өте үлкен нарыққа айналды. «Games», «Tonic», «Ars» тәрізді компаниялар бар. Гейминг индустриясы қазір жаһандық деңгейде жүздеген миллиард долларға жетті. Жақында ғана үлкен жаңалық шықты: әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі «Electronic Arts»-ты 65 миллиард долларға сатып алды. Неліктен? Себебі қазіргі таңда контент – өте үлкен индустрия. Нарықтың өзі емес, контенттің мазмұны құнды тауарға айналды. Контент жасау, әсіресе жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – қазіргі әлемдегі ең үлкен мәселе. Үкіметтердің барлығы жастарды жұмыспен қамту жайлы ойлануда. Дүниежүзінің халқы соңғы он екі жылда жеті миллиардтан сегіз миллиардқа өсіп кетті. Осыған байланысты жұмыс орындарын көбейту аса өзекті» - деді министр.

Жоба авторларының айтуынша, Steppe Games мобильді ойыны қазақ тілін оқытудың интерактивті әдістемесіне негізделіп, ойын арқылы тіл үйренудің тиімділігін арттыруға және қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамытуға, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыруды көздейді. Ойынды «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген.

Жобаның тұсаукесер рәсімінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай ойынның негізгі идеясын мен мазмұныны таныстырды.  

«Бүгінде әлемде 2,1 млрд адам смартфон арқылы ойын ойнайды, олардың әрбір төртіншісі – бала. Егер біз балалармен тіл табысқыңыз келсе, дәл осы цифрлық ортада дамуымыз қажет. Steppe Games – қазақ тілін үйретуді ойын арқылы жүзеге асыратын алғашқы оқыту форматындағы жоба. Мұнда ұлттық тағамдар, ойындар, тарихи ескерткіштер мен салт-дәстүр элементтері қамтылған. Бүгінде Қазақстан қазақ тілінде ойлана алатын, мәтін құрастыра алатын және түрлі бағдарламаларды орындай алатын білім моделін әзірлеген әлемдегі алғашқы 15 елдің ішіне енді. Бұл біз үшін айтулы жетістік» деді  ол.

Мақпал Жұмабайдың айтуынша, жобаны әзірлеуге шамамен екі жылға жуық уақыт кеткен.

«Біздің ерекшелігіміз – ойынды  тек IT мамандар емес, лингвистермен бірлесіп жасадық. Steppe Games – тек тіл үйрету құралы емес, дүниетанымды, ұлттық құндылықты танытатын жоба. Балалар ойнап отырып, қазақ тіліндегі A1–A2 деңгейіндегі сөздік қорын толықтырады», - дейді.

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі  сөз алып, креативті индустрияның дамуы жасанды интеллект пен ғаламторды қазақ контентімен толтырып, тілімізді жаңа деңгейге көтергенін айтып өтті.  

«Жалпы жасанды интеллект немесе онлайн платформалар – жақсы да емес, жаман да емес. Ол – бар болғаны платформа. Оны қалай толтырамыз, қалай пайдаланамыз, қалай еңбекке жаратамыз – бұл біздің ниетімізге және әрекетімізге байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда жаңа ғана Мақпал ханым да айтып өтті. Біз әлемдегі алғашқы он бес мемлекеттің қатарына кіріп отыр екенбіз. Шын мәнінде алғашқы қатарында қырғызстандық бауырларымыз да дабыл қаққанын білеміз: «Балаларымыздың тілі қазақша шығып кететін болды» деп. Өйткені осындай контенттер арқылы, жалпы біздегі креативті индустрияның дамуы арқылы жасанды интеллект пен ғаламторды қазақ контентімен толтыру нәтижесінде тілімізді халықаралық, технологиялық деңгейге көтеріп отырмыз… Сондай-ақ ойынға байланысты түйгенім: шын мәнінде, біз ойнап жүріп ойлануға, оқуға, озуға үйрететін ойын үлгісін көріп отырмыз. Баланың санасына, әсіресе ойын жасындағы балалардың санасына тілді сіңіру, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды, тамырымызды, дәстүрлерімізді, ұлттық кодымызды сіңіру оңай емес. Оның барлығы жеңіл, түсінікті әрі тартымды болуы тиіс»  - деді депутат.

Дархан Қуандықұлы, жобаны ұлттық брендті танытудың заманауи тәсілі екенін, сондай-ақ ұлттық жоба еліміздің туристік орындарын насихаттауға да көмегі болатынын атады.

«Кейіпкерлердің аттарының да, осы бағдарламаның атауының да өте сәтті қойылғанын айта кеткім келеді. «Айша» мен «Арман» арқылы бағдарлама тек кішкентай балаларға ғана емес, түрлі жастағы аудиторияға пайдалы болады деп ойлаймын. Бұл арқылы біз өзіміздің «Ұлы Дала» брендін де халықаралық деңгейде көрсете аламыз. Мысалы, Қытайдың «Аспан асты елі» сынды атауы бар, басқа мемлекеттердің де өзіндік бренді бар. Сол сияқты біздің «Ұлы Дала» ұғымымыз да халықаралық деңгейде мойындалады деп сенемін. Бұл бастама еліміздің туристік орындарын, Алматы мен Астананы насихаттауға да септігін тигізеді. Жалпы алғанда, бұл – технология мен дәстүріміздің үндескен жобасы» - Д. Қыдырәлі. 

Steppe Games – оқиға желісіне құрылған интерактивті ойын.

Басты кейіпкерлер - білімге құштар Айша мен Арман және олардың серігі Тазы. Тазы адалдық пен тұрақтылықтың символы есебінде арнайы таңдап алынды. Олар Қазақстанның түрлі аймақтарын аралап, тілдік тапсырмаларды орындап, жаңа өз дүниетанымын кеңейтеді. Ойын картасы еліміздің нақты географиялық аймақтарына негізделген: алғашқы нұсқада Астана мен Алматы қамтылған, ал болашақта барлық өңірлер енгізіледі.

Ойынның әдістемелік негізі

Тіл-Қазына орталығы әзірлеген ғылыми концепцияға сүйенеді. Атап айтсақ: 
- А1–А2 деңгейлеріндегі сөздік қорды қамтиды;
- Тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлесім дағдыларын қатар дамытады;
- Тіл үйрету ұлттық тағам, ойын, дәстүр мен мәдениет элементтері арқылы жүзеге асады.

Steppe Games - тіл мен мәдениетті біріктірген жаңа буын жобасы. Ойын қазірдің өзінде Google Play және App Store платформаларында қолжетімді.

Фотосурет авторы: «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз