«Академик Евней Бөкетовтің ізімен» экспедициясы өтті

06.10.2025
5073
«Академик Евней Бөкетовтің ізімен» экспедициясы өтті - e-history.kz

Биыл жазушы, химик-металлург, техника ғылымының докторы, профессор, Қаз КСР ғылым академиясының академигі Евней Бөкетовтің туғанына 100 жыл. Ұлы ғалымның мерейтойы қарсаңында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті «Академик Евней Бөкетовтің ізімен» атты тарихи-танымдық экспедициясын ұйымдастырды. 

Тағылымды сапардың мақсаты - ұлы ғалымның өмі­рі мен қыз­метіне қа­тысты тың дерек­тер­ді жинақтау, академик Евней Арыстанұлының болған жерлерін анықтау, ол жерлердің қазіргі жәй-күйін көру, ұлы тұлғалардың өміріне қатысты тың деректер іздестіру.

Экспедиция жетекшісі, «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Жамбыл Жұмабеков e-history.kz тілшісіне мәлім еткендей, сапардың мақсаты орындалып, ұлылар руһына тағзым жасалды.

«Ұлы ғалым, академик Е.А.Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына орай арнайы ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Евней Арыстанұлы өзінің ұстазы, қазақтың біртуар тұлғасы, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлының өмірбаянын, әсіресе жастық шағын зерделеу мақсатында 1974 жылы Баянауыл өңіріне, Қаныштың туған жеріне экспедиция жасайды. Нәтижесінде Евней Арыстанұлы «Жас Қаныш» кітабын жазады» - дейді Жамбыл Азмұханұлы.

«Академик Евней Бөкетовтің ізімен» экспедиция құрамында Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ғалымдары болды. Атап айтар болсақ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жамбыл Жұмабеков, аға оқытушы, тарих магистрі Нұртас Смағұлов, экология магистрі Ернар Кейкин, Бұқар жырау ауданының азаматы, мүсінші шебер, ұлағатты ұстаз, мәслихат депутаты Амантай Акишев.  

Экспедиция мүшелері алдымен Мұса Шорман ауылында болып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, би-шешен, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса Шорманұлының және Шорман әулетінің қорымдарында болып, ұлыларға тағзым жасады. Академик ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаған, Евней Бөкетовтің ұстазы Қаныш Сәтпаевтың білім алған мектебінің орнын көрді.

«Бұл экспедиция барысында бізге құнды деректермен бөліскен, тарихи жерлерді көрсеткен Мұса Шорман ауылының қадірлі қариясы, өлке тарихының білгірі елағасы  Қайридден Нұхұлы ағамыз болды. Экспедиция барысында Мұса Шорманұлы кесенесіне зиярат етіп, Сәдуақас (Сәкен ағай), Біләл және т.б. Шорман әулетінің қорымдарын көрдік. Біләл болыстың құлпытасының басында Евней Арыстанұлының түскен фотосуретін Ернар досымыздан көріп, сол тарихи сәтпен үнсіз тідескендей болдық. Одан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев білім алған мектептің орнымен таныстық. Бұл мектептің салынуына ықпал еткен, өзінің үйін берген Сәдуақас Мұсаұлы екен» деді экспедиция жетекшісі.

Жамбыл Жұмабековтың айтуынша, экспедиция Мұса Шорман ауылынан шығып, Айрық, Керегетас мекендерін аралаған. Айрық - ежелден Сәтпаевтар әулетінің қонысы болған. Қаныш Сәтпаевтың кіндік қаны тамған мекен.

«Экспедицияның келесі бағыты Айрық болды. Жолда Қаныштың дүниеге келген жері Имантайдың қыстауын көрдік. Осы арадан 3 шақырым жерде Айрықта Сәтбай әулетінің атақорымдары бар екен. Онда Имантай ақсақал бәйбішесі Нұрым, Қаныштың анасы Әлима жерленген. Бұл арада Қаныштың анасы Әлимаға байланысты әлі де зерттеуді қажет ететін мәселелерді анықтадық. Қайридден ақсақал Имантайдың әкесі Сәтбайдың қыстауын көрсетті. Қайрекеңе бұл жерді кезінде Тілеубек деген ақсақал көрсетіпті. 1959 жылы Қаныш Имантайұлы әке-шешесінің басына келіп, зиратын салғызып, құлпытасын қойғызыпты. Сол кезде Сәтбай қыстауының жанындағы биік төбеге шығып, ата-бабаларының қоныстарына ұзақ қарап тұрған дейді» - деді Ж. Жұмабеков.

Керегетас - ежелден қазаққа қоныс болған тарихи мекен. Қазақтың көрнекті археологі,  «Алтын адамды» тапқан Кемел Ақышевтің дүниеге келген жері. Экспедиция мүшелері де Керегетастың тарихи сырына үңіліп, сақ дәуірінің қорғандары мен түркі дәуірінің балбал тастарын көрді.

«Мұса Шорманұлы ауылында ел тарихындағы тұлғаларға арналған шағын, шағында болса терең мазмұны бар керемет музей жасақталған. Күні ұзақ бізбен бірге жүрген, ел тарихының құнды деректерімен бөліскен Қайридден Нұхұлы ағамызға шексіз алғысымызды айтып, естелікке кітабымызды сыйлап экспедиция жұмысын тәмамдап, көптеген тағылымы мол ақпарат жинап қайттық. Экспедиция барысында тарихи орындардың сақталып тұрғанына, бастарына белгітас орнатылғанына, болашақта керемет туристік маршруттың қалыптасқанына куә болдық» - дейді тарихшы. 

Фотосуреттер: Жамбыл Жұмабековтың фейсбук парақшасынан

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз