«Әулие жерге бағытталу»: Астанада белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың сурет көрмесі өтіп жатыр

02.10.2025
5580
«Әулие жерге бағытталу»: Астанада белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың  сурет көрмесі өтіп жатыр - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың «Әулие жерге бағытталу» атты жеке сурет көрмесі ашылды.

Көрме ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Франция өнер мен әдебиет орденінің кавалері,  Сальвадор Дали атындағы Халықаралық альянс сыйлығы мен басқа да беделді халықаралық марапаттардың иегері Е. Төлепбайдың 70 жылдық мерейтойы және 50 жылдық шығармашылық қызметіне арналған. Шара Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен өткізіліп отыр.

Көрменің ашылу салтанатына Парламент депутаттары, қоғам және мәдениет қайраткерлері, атақты суретшілер мен белгілі тұлғалар қатысты. Салтанатты шараны Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып берді. 

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Ерболат Төлепбай есімі Әбілхан Қастеев, Жанатай Шәрденов, Гүлфайруз Исмаилова сияқты қылқалам шеберлерімен қатар аталады. 

«Біз өзіңізді қазақ бейнелеу өнерін дамытуға сүбелі еңбек сіңірген қылқалам шебер ретінде ерекше құрметтейміз. Жалпы қазақ топырағында бейнелеу өнерінің биігіне көтерілген талай талант иелері туғаны белгілі. Олардың қатарында Әбілхан Қастеев, Жанатай Шәрденов, Гүлфайруз Исмаилова сияқты қылқалам шеберлерінің есімдері ерекше аталады. Бейнелеу өнеріндегі осындай бірегей тұлғалардың қатарында Ерболат Тоғысбайұлының алатын орны ерекше» - деді Сенат төрағасы. 

«Жалпы көрме туралы айтқан кезде алдымен көз алдымызға қазақтың ұлттық бояуы заманауи стильмен әдемі үйлесім тапқан картиналар келеді. Өйткені, Ерболат Досбайұлы қазақы колоритті Еуропа мен Азия мәнерінен шеге ұштастыра білген дарын иесі. Тіпті елімізде қазақы сюрреализмнің негізін қалаған деп айтуға толық негіз бар. Яғни отандық көркемсурет саласына үлкен жаңалықтар әкелген суретші. Суретшінің көрмесі бүкіл қазақ мәдениеті, қазақ руханияты үшін айтулы оқиға деп айтсақ артық емес. Шын мәнінде суретші болу қажыр, қайратты, табандылықты және төзімділікті қажет етеді. Кез келген әдемі шығарманың артында үлкен еңбек жататыны анық. Бұл ретте Ерболат Тоғысбайұлы өзінің талантты ілімі, ерік-жігері және мінезінің арқасында отандық қана емес, әлемдік бейнелеу өнерінің елінен еркін орын алған өнер иесі. Ерекеңнің қай картинасын алсаңыз да үлкен ой, терең философия жатыр. Әсіресе, көшпенділер дәстүрі мен дала даналығы арқылы суретші ұлттық код, тарихи сана, сабақтастық сияқты құндылықтардың маңызын айрықша дәріптейді. Дүниежүзінің отыздан ан астам елдің де көрмесін білуі соның жарқын көрінісі. Тіпті Париждегі көрмесі әйгілі Сальвадор дәлелінен бір залда өткенін де бәріміз жақсы білеміз. Бұл Ерекеңнің талантына, жалпы қазақтың қалам өнеріне берілген жоғары баға», - деп атап өтті ол көрменің ашылу салтанатында.

Экспозицияда көрермен назарына кескіндеме өнерінің түрлі бағыттарын қамтитын таңдаулы туындылары ұсынылған. Туындылар суретшінің әр кезеңдегі шығармашылығынан сыр шертеді.

 Е. Төлепбайдың өнердегі басты ұстанымдарының бірі – «Өнер адамға бақытқа қол жеткізуге үміт сыйлап, оны асқақ мұраттарына жету жолындағы кедергілерді еңсеруге жігерлендіреді» деген сенімге негізделеді.  Әрі осы қағидатты өмірлік бағдар еткен суретші өзінің саналы ғұмырын өнерге арнап, дүниежүзіне танылған және жоғары бағаланған ғажайып туындылар топтамасын жасады.

«Көрменің мақсаты – Ерболат Төлепбайдың шығармашылық жолын қорытындылай отырып, оның өнер әлеміндегі айрықша қолтаңбасын, көркемдік ізденістерін және ұлттық бейнелеу өнеріне қосқан сүбелі үлесін көпшілікке кеңінен таныстыру. Көрме арқылы суретшінің шығармашылық эволюциясын көрсету, мәдени құндылықтарды насихаттау, жас ұрпаққа рухани-эстетикалық тәрбие беру, сондай-ақ қазақстандық өнердің халықаралық деңгейдегі мәртебесін айқындау», - дейді ұйымдастырушылар.

Ерболат Төлепбай 1955 жылы дүниеге келген. 1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай университеті) көркем-графика факультетін тәмамдады. 1974 жылдан бастап кәсіби шығармашылыққа бет бұрады. Содан бері елу жыл бойы үздіксіз қылқалам өнерін дамытумен келеді. Осы уақыт ішінде суретші әлемнің көптеген елдерінде 38 жеке көрме ұйымдастырып, халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен танылып үлгерген.

Мәселен 2024 жылы ол Венецияда өткен мерейтойлық Биенналеде Қазақстан павильонының экспозициясына қатысты. 2025 жылдың маусым айында Голландияда өткен жеке көрмесінің ашылу салтанатына Нидерланд корольдік отбасының арнайы қатысқаны белгілі.

Сондай-ақ «Храмға жол» көрмесі – Қазақстан бейнелеу өнерінің ұлы шеберінің өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық ізденістерін тоғыстырған бірегей оқиға болып тарихта қалары сөзсіз. 

Суретшінің шығармашылық жолы екі негізгі кезеңге бөлінеді:

  • 1970–1990 жылдар – іріформатты, көпфигуралы композициялары, пластикалық күрделі шешімдері мен терең колористикалық шиеленісімен ерекшеленген туындылар;
  • 2000 жылдан бүгінге дейін – ашық кеңістікке негізделген, абстрактылы рухани мәнге құрылған, энергетикалық тербеліс пен психоэмоционалды әсерге толы шығармалар.

Бұл кезеңдегі кейіпкерлер көбіне рухани монадалар түрінде бейнеленіп, көрерменмен тікелей эмоционалды байланыс орнатады.

Суретші тек шығармашылықпен шектелмей, елдің мәдени өміріне де белсенді араласты. Ол ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды, ұзақ жылдар бойы ҚР Суретшілер одағының жастар бірлестігін басқарды. Бүгінде оның шәкірттері бүгінде Қазақстан бейнелеу өнерінің беделді өкілдеріне айналып отыр. 

«Ерболат Төлепбай – ерекше ешкімге ұқсамайтын суретші.  Сонысымен қазақтың сурет өнерін үлкен, әлемдік деңгейге жеткізіп отыр. Бүкіл әлемге көрсетіп, паш етіп отыр», - дейді суретші Мәжит Байтенов.

Ерболат Төлепбайдың жетекшілігімен Ақорда резиденциясы, ҚР Жоғарғы кеңесінің ғимараты, сондай-ақ ел астанасындағы маңызды нысандар көркемдік тұрғыда безендірілді. Ол сондай-ақ, «Бәйтерек» монументін тұрғызу ісіне атсалысты. 

Суретші жасаған ірі тарихи туындылардың ішінде: ҚР Ұлттық музейінің ашылуына арналған «Мәңгілік ел» триптихы («Тандыр», «Анархай», «Жас Дала»), Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи триптихы да бар.

Е. Төлепбайдың туындылары көрерменді өмірдің мәнін, адамның тағдырын, қоғамдағы орнын терең сезінуге жетелейді. Оның өнер философиясы адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттай отырып, болашаққа сенім мен қуатты позитивті энергия сыйлайды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз