Қосшыдан шыққан дарын: Шерхан Қалмұрза - Қазақ футболындағы жаңа есім

01.10.2025
6680
Қосшыдан шыққан дарын: Шерхан Қалмұрза - Қазақ футболындағы жаңа есім - e-history.kz

Сурет: el.kz

Қосшы қаласы №2 орта мектептің түлегі, Алматылық «Қайрат» футбол клубының 18 жасар қақпашысы Шерхан Қалмұрза бүгінде ел футболындағы жаңа есімдердің бірі. Бұл туралы  Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды e-history.kz порталы. 

«Шерхан Қалмұрза бүгінде қазақстандық футболдағы ең көп айтылатын есімдердің бірі. Бар-жоғы 17 жасында ол алматылық «Қайрат» клубы сапында Премьер-лигада дебют жасап, кейін Чемпиондар лигасы алаңына шықты. Жас қақпашы турнир тарихына ең жас қақпашылардың бірі ретінде енді. Оның сенімділігі мен сабырлылығы бірден жанкүйерлер мен мамандардың назарын аударды, ал Қалмұрзаның есімі бірнеше күннің ішінде бүкіл елге танылды» - деді басқарма басшысы.  

Сондай-ақ Айнагүл Көңбайқызы, Қосшыдағы мұғалімдері Шерхан Қалмұрзаның мектептегі жылдарын еске алғанын да жазып өтті. 

«Шерхан әрқашан белсенді әрі мақсатшыл болатын. Мектептің қоғамдық өміріне қатысып, достары арасында үлкен беделге ие болды. Тәртіпті, жауапкершілікті оқушы еді. Тіпті сабақта да спорттағыдай байыпты көзқарас танытатын. Оның армандары мен мақсаттары әрқашан биік болатын – ол ауқымды ойлаудан қорықпай, алдына батыл міндеттер қоятын. Оның қалыптасуына ең көп үлес қосқан – атасы. Ол Шерханға спортта ғана емес, өмірде де нағыз ұстаз әрі дос бола білді. Біз бұл қасиеттері Шерханға үлкен жетістіктерге жетуге және Қазақстанды әлемдік футбол ареналарында танытуға көмектесетініне сенеміз», – дейді сынып жетекшісі Тазагүл Садуакасова.

Есімі Чемпиондар лигасының үздіктері қатарына енген, жас футболшы Шерхан Қалмұрза 2008 жылдың 15 маусымында Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген. Орта білімін Ақмола облысы, Қосшы қаласындағы №2 орта мектепте алды. Жас спортшыны футболға қызықтырып, тәрбиелеген алғашқы тәлімгері әрі бапкері атасы болған.  Шерхан Қалмұрза - Алматылық «Қайрат» футбол клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының (U-19) қақпашысы,  жастар лигасының екі дүркін жеңімпазы, Чемпиондар лигасындағы ең жас қақпашылардың бірі. Бұған дейін чемпиондар лигасының алғашқы турында «Спортингке» қарсы ойынның 21-минутында Шерхан Қалмұрза Педру Хюльмандтың орындауындағы пенальтиді қайтарған. Осылайша ол Чемпиондар лигасы тарихындағы 11 метрлік соққыны тойтарған ең жас қақпашылардың бірі атанды.

Қысқаша айта кетер болсақ, кеше Алматыда өткен тарихи кездесуде «Қайрат» атақты «Реал Мадридті» қабылдады. Есеп жағынан испаниялықтар айқын басым түскенімен (0:5), бұл ойында көпшілікке ең есте қалған ойыншы «Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза болды. Тартысты кездесуде жас футболшы сейфтарымен көрермен қошеметіне бөленіп,  желі жұлдызына айналды. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз