Бішкекте өткен қазақ-қырғыз жастар форумының аясында ұлы ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбегіне арналған «Шоқан Уәлиханов: тарихтың жарық жұлдызы» деректі фильмі көпшілікке ұсынылды. Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары бағдарламасына енген мәдени оқиғалардың бірі болды. Премьераға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманкулов, сондай-ақ мәдениет өкілдері мен жастар қатысты.

Министр Аида Балаева Facebook парақшасында былай деді:
«Бүгін қазақ-қырғыз жастар форумының аясында Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Фильмде ғалымның қырғыз халқының тарихы мен этнографиясын тереңірек тануға қосқан зор үлесі, сондай-ақ «Манас» эпосын насихаттаудағы рөлі кеңінен баяндалады.
Белгілі болғандай, әлемге танымал «Манас» эпосы – қырғыз халқының рухани қазынасы. Алайда оны алғаш рет хатқа түсіріп, кең аудиторияға ұсынған тұлға – көрнекті қазақ ғалымы, этнограф Шоқан Уәлиханов еді.
Менің ойымша, оның тағы бір маңызды еңбегі – «Ыстықкөлге сапар күнделігі». Бұл шығарма – қазақ пен қырғыз халықтарының ғылымдағы, руханияттағы бірлігінің айқын ғылыми куәлігі.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұловтың қатысуы іс-шараның мәртебесін одан сайын арттыра түсті. Тағы бір қуантарлығы – біздің елдердің жастары мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, нығайтатын – дәл осындай ұлы тұлғалар екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.».
Деректі туындыны Қырғызстандағы «Манас» ұлттық академиясы мен Barsbek Global Production студиясы бірлесіп түсірген. Продюсер Нуриза Чынтемирова жобаның түсірілімі мен монтажына шамамен бір жарым ай кеткенін атап өтті.
Премьера III қазақ-қырғыз жастар форумының ашылуы ретінде өтті; биыл форум жас өкілдердің цифрлық және инновациялық ынтымақтастығына арналып ұйымдастырылды.
Шоқан Уәлиханов – қырғыздың әйгілі «Манас» эпосының алғашқы жазба нұсқаларын XIX ғасырда қағазға түсірген зерттеушілердің бірі. Ғалым жазып алып, ғылыми қауымға ұсынған үзінділер кейінгі мәтінтанулық еңбектердің іргетасына айналды.
Уәлихановтың 1856 жылғы «Ыстықкөлге сапар күнделігі» экспедициялық жазбалары қырғыз қоғамы, этнографиясы, фольклоры туралы мол дерек береді және қазақ-қырғыз рухани байланысының ортақ негізін айқын көрсетеді.
Іс-шарада сөз сөйлеген тараптар Уәлихановтың қырғыз тарихын, этнографиясын, мәдениетін тануға қосқан үлесін, сондай-ақ «Манасты» кеңінен танытудағы рөлін атап өтті. Премьера екі елдің мәдени-гуманитарлық серіктестігінің жаңа белесін паш еткен оқиға ретінде бағаланды.