Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

519
«Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалінің жеңімпаздары марапатталды - e-history.kz

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Астана қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалінің салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Аталған фестиваль еліміздің мәдениет саласы қызметкерлерінің шығармашылық жетістіктерін кеңінен насихаттау, сала ардагерлері мен жас мамандарды ынталандыру, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту мақсатында ұйымдастырылып келеді. Биыл сегізінші рет өткізілген байқауға еліміздің барлық өңірінен 168 өтінім қабылданып, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.

Салтанатты рәсімді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов ашып, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, мәдениет саласының ел дамуындағы маңызды рөліне тоқталды.

«Сіздердің ел руханиятына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Мемлекет басшысының мәдениет саласына ерекше назар аударуы – бұл сала қызметкерлеріне көрсетілген үлкен сенім мен қолдау. «Рухани қазына» фестивалі – шығармашылық ізденіске шабыт беретін маңызды алаң», – деді вице-министр.

Фестивальдің барлық номинациялары мен жеңімпаздары:

Мәдени демалыс орталықтары саласы бойынша:

Үздік облыстық (республикалық маңызы бар қалалар) мәдениет үйі – Орталықтандырылған мәдениет нысандары бар «Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығы» КМҚК.

Үздік аудандық мәдениет үйі (қалалық маңызы бар қалалар) – «Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» ММ «Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры» КМҚК.

Үздік ауылдық клуб (орталық) – Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылдық мәдениет үйі.

Үздік мобильді мәдениет үйі – Жетісу облысы, «Мобильді мәдениет үйі» жобасы.

Үздік мәдениет үйі басшысы – Ақтөбе облысы, Темір аудандық мәдениет үйінің директоры Сәнімгүл Құрманова.

Үздік әдіскер – Алматы облысы, «Талдықорған қаласының халық шығармашылығы орталығы» әдіскері Айдана Амангелді.

Үздік клуб меңгерушісі – Абай облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау ауылдық клуб меңгерушісі Ақнұр Қуатбек.

Кітапхана саласы бойынша:

Үздік облыстық кітапхана – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы.

Үздік аудандық кітапхана – Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті аудандық кітапханасы.

Үздік ауылдық кітапхана – Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылдық кітапханасы.

Үздік кітапхана басшысы – Алматы қаласы, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айгүл Мырзахмет.

Үздік кітапханашы – Жамбыл облысы, Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Арай Есжанова.

Үздік зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана – Республикалық зағиптар кітапханасы.

Үздік цифрлық жоба – ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітап цифрландыру» жобасы.

Музей саласы бойынша:

Үздік облыстық музей – ҚР Мемлекеттік орталық музейі.

Үздік аудандық музей – Қостанай облысы, Амангелді аудандық тарихи-өлкетану музейі.

Үздік ауылдық музей – Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе аудандық музейі.

Үздік музей директоры – Павлодар облысы, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Самал Жүніс.

Үздік қор сақтаушы – Ұлттық музей қызметкері Ержан Байжанов.

Үздік экскурсовод – Шымкент қаласы, «Отырар» ғылыми-орталық музейінің қызметкері Айгүл Саттар.

Үздік ғылыми қызметкер – ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми қызметкері Шынар Маханбет.

Үздік реставратор – ҚР Ұлттық музейі, Қалпына келтіру зертханасының маманы Мейрамбек Тұрсын.

Фестиваль аясында мәдениет саласына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер мен мамандар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

«Еңбек ардагері» медалімен:

Әлібек Асылбайұлы Асқаров – жазушы, баспагер, қоғам қайраткері;

Естай Рыздықұлы Мұқашев – Астана қалалық филармонияның әншісі.

Сахнада сан жылдық шығармашылық жолы бар, қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Естай Рыздықұлы бұл марапатты үлкен толғаныспен қабылдап, фестивальдің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Мұндай игі бастамалар – ел мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Бүгінгі шара – тек марапат емес, бұл – ұлт руханиятына еңбек сіңіріп жүрген барша әріптестерімізге деген құрметтің жарқын көрінісі. Осындай іргелі жобаны дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырған Мәдениет және ақпарат министрлігіне зор алғысымды білдіремін. Бұл бізге – аға буынға үлкен серпін, ал жас ұрпаққа – рухани бағдар», – деді Естай Мұқашев марапаттау рәсімінен кейін.

Сондай-ақ ол мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ел руханиятының жаңа белеске көтерілуіне тілектестік білдірді.

«Мәдениет – ұлттың жүрегі. Біз осы жүректің соғысын тоқтатпауға тиіспіз. Өнер – өшпейтін мұра, ал оны сақтау – баршамыздың қасиетті борышымыз», – деді ардагер өнерпаз.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасын тамашалады.

«Рухани қазына – 2025» фестивалі – еліміздің мәдени кеңістігін дамытатын, өңірлердегі мәдениет ұйымдарын ынталандырып, үздіктердің еңбегін лайықты бағалайтын маңызды шара. Мұндай жобалар – ұлт руханиятын өркендетудің, мәдениет майталмандарына құрмет көрсетудің көрінісі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «Рухани қазына» республикалық фестивалі еліміздің мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізіліп, ұлттық мұраларымызды ұлықтауға, мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалауға бағытталған маңызды іс-шара. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?