Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өтер жылдың өрнегі

99
Өтер жылдың өрнегі - e-history.kz

Біз табалдырықтан шығарып салғалы отырған 2024 жыл елдің рухани, мәдени және экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан тарихи кезең ретінде есте қалды. Қазақстанның дамуға деген талпынысы және ұлттық болмысын сақтауға бағытталған қадамдары болашақ ұрпақ үшін маңызды із қалдырды.

«Қазақстан тарихы» порталы үшін де 2024 жыл маңызды даталармен, атаулы күндермен айшықталды. Алғаш рет портал тарихында Алаш жылнамасы жасалып, ондағы даталарға байланысты мазмұнды материалдар жарық көрді. 

Қаныш тойы. Әлемдік теңдесі жоқ бірегей ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық меретойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Сәуір айындағы туған күнінен басталған мерекелік іс-шаралар желтоқсанға дейін жалғасып жатты. «Қаныштың тойы – қазақтың тойы» деген атаумен жұрт есінде қалатын үлкен той ғұламаның туған өлкесі Баянауылда өтті. Сонымен бірге классик жазушы Ж. Аймауытұлының 135 жылдығы, атақты ғалым Әлкей Марғұланның 120 жылдығы, кәсіби режиссер Ш. Аймановтың 110 жылдығы қатар тойланды. Біздің порталда «Қаныш Сәтбаев пен Алаш Орланы не байланыстырады?» деген мақала жарық көрді. 

Көшпелілер ойындары. Биылғы жылдың ең дүрмекті, қызықты кезеңі Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізумен де есте қалады. 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өткен бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 100-ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысты. Бұл шара ұлттық спорт түрлерін насихаттап, халықаралық деңгейде мәдениетімізді танытуға мүмкіндік берді.

Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 43 алтын, 32  күміс, 37 қола медальді жеңіп алып, жалпы есепте 112 медальмен рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. 

Жошы тұлғасын ұлықтау. Қазақстан Республикасының президенті Қ. Тоқаев ұлттық құрылтай жиындарында ұлттық тарих мәселесін көтеріп, ұлы тұлғаларды ұлықтау турасындағы ойларын білдіреді. Еліміздің мемлекеттік негізін қалыптастырған алғашқы хан Жошы Шыңғысұлының өмірі мен саяси жолын, қызметін насихаттау мақсатында ғылыми конференциялар мен көрмелер ұйымдастырылды. Ұлы ханның көркем образы әдебиеттерде сомдалып, әр түрлі жанрда еңбектер жазылды, деректі, көркем фильмдер жарық көрді. 

Архивтік зерттеу жұмыстары. Қазақстан Жазушылар одағының ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе ұйымдастырған «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы жүзеге асырылды. 

Жоба бойынша таңдаулы 16 қаламгер 16 елге барып, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген. Архив құжаттарымен жұмыс істеп, тың деректер тауып, әдеби-ғылыми айналымға енгізді. 

Осы жоба аясында Алаш тарихына қатысты З. Кәрімханның «Отыншыдай ер қайда?», Елдос Тоқтарбайдың «Ілиястың Ресейдегі іздері (1925-1928)», Данияр Ихсанның «Қазақтың Ер Едігесі», Жауынбай Жылқыбайұлының «Алаштың ардақтысы», Ертай Біләлдің «Алаштың ақсұңқары» кітаптары оқырманға жол тартты.

2024 жыл біз үшін жемісті, жеңісті жыл болды. Келер жылдың жақсылығы көп болсын. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?