Ертең, 26 желтоқсан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханада елімізде алғаш арнайы жасақ бөлімшесінің негізін қалаушы және алғашқы командирі, ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері және ҚР Құрметті ардагері, спорттың қоян-қолтық жекпе-жек түрінен Әлем чемпионы, отставкадағы полиция полковнигі Даулет Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабының қазақ және орыс тілдеріндегі тұсаукесері өтеді.
«Арлан» арнайы жасағының алғашқы командирі, ҚР құқық қорғау саласының майталманы, полиция полковнигі Дәулет Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабы үш бөлімнен тұрады.
Деректі детектив желісінде жазылған бұл кітапта 90-шы жылдардағы кепілге алынғандарды босату, қарулы қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау және жою, қоғамға қауіп төндірген экстремизм мен терроризм актілерін оқшаулау, т.б. арнайы жасақтың ерен еңбегі мен ерлік істері баяндалады. Болашақ ұрпаққа патриотизмнің шынайы үлгісін ұсынатын бұл шығарма, сондай-ақ кинематографияға сұранып тұрған оқиғаларға толы.
Кітаптың бірінші бөлімінде «Текпен дарыған темірдей жігер», «Рэкетпен бетпе-бет», «Rolex» сағаты мен қомақты ақшаға сатылмады», «Тірескеннің тізесін бүктірген», «Сыған қызын кепілдіктен босату», «Бір өзеннің қос жағасы немесе Рыжий Алмазды ұстау», «Кепілге алынған кәсіпкерді босату», «Жұртты үрейлендірген «Четыре братья», «Асқар Жамбульский оқиғасы», «Қиын да қызықты қызмет жолында» сынды қызықты хикаяттар қамтылған. Енді ішіндегі шытырман оқиғалардың бір-екеуінің қысқаша мотивіне кезек берейік.
Жаңа жыл қарсаңында болған оқиға
Оқиғаға қатысқан қылмыскер – бокстан спорт шебері, десантшы әрі физикалық дайындығы күшті адам. Ол Алматыдағы қаржысы мол кәсіпкердің жеке күзетшісі болып жұмыс істеген. Қожайынымен жанжалдасып, ашу үстінде кетіп қалады. Іштей кек сақтап, ол түнде кәсіпкердің дүңгіршегіне барып, сатушының сеніміне кіріп, ішке кіреді де, жиырма екі рет пышақтайды. Қылмыс орнынан ақша, алтын бұйымдарымен бірге 90-шы жылдарда сән болған былғары күртешені алып кетеді.
Ресейге қашып кеткен қылмыскерді арнайы жасақтың үш қызметкері барып, тауып алуға әрекет жасайды. Ақшалары бітіп, арып-ашып, азиат пішіндес болғандықтан, ресейлік рэкеттердің назарына тез ілігіп, олардан сытыла жүріп, сол жақта беделі жоғары қылмыскерді ұстап, ұшақпен елге алып келеді.
«Rolex» сағаты мен қомақты ақшаға сатылмады
Бұл екі қабатты, кіреберісте ұзын дәлізі бар, казармаға ұқсайтын үй. Қатты дауыстар шығып, шелек даңғырлағандай болды. Күзетшісін ерткен мафия серкесі дәлізде тұрған шелекті теуіп: «мынау неге аяқ астында тұр?» деп, ашуланып келе жатыр екен. Арнайы жасақ қызметкерлері есіктен жымын білдірмей кіріп, дәліздегі бір таса жерде белгі берілуін күтіп тұрады. Есікті жұлқа ашып кіріп келгенде, іште күтіп отырған АМР (Арнайы мақсаттағы рота) қызметкері шекесіне қару төсей қойып, бір соққымен құлатты. Осы кезде күзетшінің артында келе жатқан авторитет кері қарай қаша жөнелді. Сол кезде дәлізде тығылып тұрған қызметкер әлгіні далаға шығуға мүмкіндік бермей, қаруымен желке тұсынан бір соғып құлатты. Үстіне жата қалып, қолын байлап тастады. Қапыда қолға түскен авторитет өздерін күзетіп қалған екі сарбазға жалынып:
– Жігіттер, бізді босатыңдар, ана аяқтарыңның астындағы кілемнің шетін көтерсеңдер, екі жүз мың теңге жатыр, оған қоса қолымдағы «Rolex» сағатын алыңдар, – деді. Бірақ сарбаздар арбауға ермей, өздерінің адалдығын айқын көрсетеді.
Сыған қызын кепілдіктен босату
1994 жылдың жаз ортасы. Бопсалауға қарсы күрес Басқармасына Н.И. Солдатова (аты-жөні өзгертілді) деген азаматша хабарласып, сағат 11-лер шамасында өзіне белгісіз нөмірден хабарласып, қызын ұрлап кеткендері жөнінде мәлімдегенін жеткізді. Қызды босату үшін адам ұрлаушылар 500 000 АҚШ долларын талап еткен. Полицияға хабарлайтын болса, қызды өлтіретіндерін айтқан. Жедел топ арыз берушінің үйіне нөмірді анықтайтын телефон орнатты. Таңға жуық қоңырау түсіп, дауысында анық акценті бар адам: «Ақша жиналды ма?» деген сұрақ қойды. Айтылған соманың үлкен екенін, әлі жиналмай жатқаны айтылған соң, телефонның арғы жағынан автоматтың оқ жаудырған үні естіледі.
Арнайы жасақ қызметкерлері қылмыскерлердің Бішкек қаласында бір қонақ үйде екенін анықтайды. Көп айла-тәсілдер мен кәсіби шеберлікті отырып, қызды босатады.
«Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабында осы тектес оқиғалар өте көп. Олардың барлығы өмірде болған. «Арнайы жасақ сапындағы қыздар», «Шұбар элиталық ауданында болған оқиға», «Жоғалған бала», т.б. бір-бір серияға сұранып тұрған оқиғалар.
Д. Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабы ғұмырбаяндық жанрға жатады. 1993-2001 жылдар аралығында рэкет, бопсалау, адамды кепілдікке алу, экстремизм, терророизм, т.б. қылмыс түрлерімен бетпе-бет келген шым-шытырық оқиғаларды әсерлі баяндалатын оқиғаларға автордың өзі ткелей қатысқан, көзімен көрген оқиғалар қамтылған.
Автор туралы анықтама: Темірханов Дәулет Әмірханұлы 1955 жылы 3 сәуірде туған. Алматы және Астана қалаларында ең алғашқы Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің негізін қалады және өзі құрған арнайы жасақтың бірінші командирі болды.
Отставкадағы полиция полковнигі Дәулет Әмірханұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Еңбек сіңірген қызметкері» және «Құрметті ардагері». Сонымен қатар, «ҚР Құрметті спорт қызметкері», «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері». Ол 2023 жылы Қоян-қолтық ұрыстан Әлем Чемпионы болып, «4-дан, Қара белбеу» және Әлем кубогының жеңімпазы атанды.