Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Әттеген-ай» дерлік адам

3275
«Әттеген-ай» дерлік адам - e-history.kz
Көлбай Төгісов 1918 жылы «Әлихан Бөкейханды ұстап бергендерге 10 000 сом, ал Ахмет Байтұрсынұлын ұстап бергендерге 3 000 сом ақша беретінін жариялайды

Патшалық Ресейдің ішкі қалаларында білім алып, содан оянған саяси көзқарастарының әсерімен туған халқына теңдік, бостандық сұраумен істер атқарған, Алаш жолындағы азаматтармен пікір қайшылығынан бітіспей, кетіскен тұлғаның бірі – Көлбай Төгісов.

Өткен жолғы мақаламызда осындай күрделі тұлға Нұрғали Құлжановтың өмірі мен саяси қызметін шамамыз келгенше жазып көргенбіз, бұл ретте өмір жолы қым-қуыт, түрме мен абақтың дәмін сан мәрте татып, ақырында қайғылы жағдайда мерт болған бұл азаматтың тағдыры мен тағылымын қарастырамыз. Академик К. Нұрпейісовтің «Алаш және Алашорда» атты еңбегіндегі ХХ ғасыр басындағы қазақ партияларының мәселелері, көрнекті алаштанушы ғалым М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» монографиясындағы тың тұжырымдар мен профессор С. Смағұлованың Көлбай тұлғасына арнайы жазылған «Көлбай Төгісов және «Үш жүз» партиясы» деген еңбегіндегі деректер ғылыми айналымға еніп, ХХ ғасыр басындағы саяси-тарихи жайттардың проблемелары анық шешілді.

Көлбай Төгісұлы 1879 жылы бұрынғы Семей облысы Зайсан уезінің Шорға болысында ауқатты шаңырақта дүниеге келген. Арғы аталары Қаракерей ішінде Байжігіт, оның ішінде Тәуке. Оның төртінші атасы Бөжей өзінің ақылымен, жеке басының ерекше қасиетімен үзеңгілес замандастарын тәнті еткен, заманында «Байжігіт Бөжей» атанған әйгілі, ұлық адам болған. Тіпті кемеңгер Кеңгірбай бидің өзі: «Осы өмірімде үш жүздің жақсыларының көбін көрдім, соның бірде-біреуі Байжігіт Бөжейге тең емес. Шіркін, Бөжейде қыз бала боп, оны бір балама әперсем, содан ұл туса, нағашысына тартса деп тілеп, атын Бөжей қояр едім» деп армандаған деседі.

Белгілі тарихшы Мұхтарбек Кәрімовтің әкесі Қарпық Егізбаевқа Айтқазы Төлеев деген тобықты ақсақалының әңгімелеп беруіне қарағанда, Кеңгірбайдың Ералы деген ұлы Бөжейдің қызын қалыңмал беріп алып, құда болып жарасады. Әлдеқандай бір кесел дертпен ауырған қыз баланы келін ғып түсіріп, бақсы шақырып емдетіп алған соң, көп ұзамай, ұл бала тауыпты. «Тілегімді құдай берді деп қуанған Кеңгірбай әуелде айтқан сертім бар, немерем нағашысына тартар ма екен деп ырымдап, баланың атын «Бөжей» қояды» [1]. М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы белгілі кейіпкер Бөжей Ералин – осы бала болатын.

Бөжейден Ұлтарақ, Ұлтарақтан Шаянбай, Шаянбайдан Бөгіс, Төгіс туады. Бұл кісілердің барлығы да алдына мыңдап мал біткен дәулетті, кісі қақын жемеген кісілікті адамдар болған. «Мал керек болса, Төгіске бар. Әділдік керек болса Бөгіске бар» дейді екен ел арасы. Ағайынды екі адам да бірге қажыға барып, Бөгіс «Сары қажы», Төгіс «Қара қажы» атанған көрінеді [2].

Қажылық демекші, бұл әулеттен Мекке сапарына сегіз адам қажылыққа барғаны жайындағы дерек атақты ақын Әріп Тәңірбергеновтың «Біржан-Сара» айтысы» дастанында кездеседі:

«Сөйлеймін Қара Шорға Байжігітті,

Бұтабай, Шаянбаймен екі мықты.

Ұрқынан сегіз адам қажы барып,

Болып тұр осы кезде дінге мықты» [3].

Көлбайдың әкесі-шешесі жайлы негізгі тарихи деректер де қазіргі кезде тиянақталып, бір жүйеге түсті. «Төгістің бел баласы емес» деп сан-саққа жүгірткендерге ұрпағы Мұсылманбек Әбділдабекұлы қолмен қойғандай етіп, дәлелдеп береді. Оның жазуынша, «Төгістің бәйбішесі – Қажы апа (шын есімі Иса) қонысы іргелес Тәукенің қызын күтушілікке ұстайды. Төгіс бозбалашылық жасап, қыз ауыр аяқ болады. Тоқалдыққа алуына Қажы анамыз көнбейді. Ақылды, адуынды, абыройлы бәйбіше болғандықтан, туыстары да оны қолдап, қызды еліне қайтарады. Төгіс қаражатын беріп тұрады, Көлбай дүниеге келгенде қалжасына дейін апарады» [4].

Осындай адуынды да ақылды ананың қолына түскен Көлбайдың кейінгі өмірі өзгереді, білім жолына қарай бастайды. 11-12 жасында Көлбайға Иса анасы: «Оқу ізде, көзіңде от жайнайды, жүрегің шайлықпайды» деп бата ықыласын беріп, Төгістің төл атын мінгізіп, Зайсанға оқуға жібереді» [4].

Зайсандағы ауыл шаруашылық мектебін ол 1896 жылы бітіреді. Орыс тіліне жетік болғандықтан отарлық билік орындарының ұйғарымымен Зайсан уезінің бітімгерлік сотының тілмашы болып қызмет етті. Арнайы заңгерлік мамандығы болмаса да, ол 1905 жылдан бастап Зайсан уезінде адвокаттық қызметпен айналысқан.

1905 жылғы Бірінші орыс революциясы тұсында патша өкіметінің жүргізіп отырған отарлық саясатына қарсы шыққан Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ақпайдың Жақыбы секілді қайраткерлердің қатарында Көлбай да болған. Ол Қарқаралы петициясын әзірлеуге қатысады.

1906 жылдан бастап қаламын тастамаған ол газет-журналдарға үзбей мақала жазып, ел, жер су тағдырын қозғаумен болады. «Семипалатинский листок» газетінде патша өкіметінің қазақ халқына жасап жатқан қысымшылықтары жайлы мақалалар жариялайды. Қазақ жеріне земство енгізу қажеттігін жақтап, осы мәселеде көп сөздер айтып жазады. «Бірақ патша охранкасының көзін алдап, оның бәрін бірде К. Төлеңгітов, бірде К. Степняк деген жалған фамилиямен (псевдониммен) жариялап отырған» [4].

Дәл 26 жасында Қарқаралы еңбекшілерінің ереуілін ұйымдастырғаны үшін үш жыл түрмеде (1909-1912 жж.) отырады. Бұдан кейінгі үш жылда қалаларда тұру, саяси жұмыспен айналысу құқынан айырылады.

Алаштанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен табылған фотосуретте 21 адам бейнеленіп, соның қақ ортасында отырған да Көлбай Төгісұлы. Ғалымның анықтауынша, сурет Семей қаласында 1911 немесе 1912 жылдардың бірінде түсірілген. Соған қарағанда, бұл суретке ол түрмеден шыққан соң түсуі мүмкін. Қалай болғанда да мығым отырысы мен орта тұсты иеленген мәртебесіне сай өз дәуірінің жарқын өкілі болғаны аңғарылады [5].

Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында Көлбайдың жастармен суретке түсуі туралы қызықты дерек келтіреді: «Онда біз оқып жүрген кезіміз. «Қазақ» газетіне қатты нанатынбыз. Сол 1914-15 жылы қыстың күні Көлбай біз оқып жүрген Омбы қаласына келді. Менің Көлбайды әуелгі де соңғы да көргенім сол. Көлбай Омбыдағы оқып жүрген қазақ балаларын жиып, бірге суретке түсті. Мен бармай қалдым. Бармауым әлгі «Қазақ» газетінің Көлбайды оңдырмай жамандауының әсері еді. Көлбаймен бірге суретке түскендердің көбі соңынан «Алаш» болып Көлбайға топырақ шашқандар» [6]. Қ. Мұхамедханов жазып кеткендей «Семей, 1911-1912» деген анықтаманы С. Сейфуллиннің «Омбы, 1914-1915» дегенімен салыстырып, нақтылау түсу қажет тәрізді.

Абақтыдан босағаннан кейін Көлбай Төгісов Семей өңірінде үш жыл мерзім аралығында тұру құқығынан айырылып, Қапалға жер аударылды. Ол Қапалда жүріп, «Айқап» журналында қазақ халқы арасындағы халық ағарту ісінің ахуалы жайлы мақалаларын жариялады. «Мамания» мектебін ашқан азаматтармен және онда дәріс берушілермен тығыз қарым-қатынаста болды.

Өзіне саясатпен айналысуға тыйым салған соң, Ташкентте 1916 жылдың 16 қарашасынан бастап әйелі Мария Әпсәләмованың атынан «Алаш» газетін шығара бастайды. Газет 1917  жылдың ортасына дейін аптасына бір рет шығып тұрды. Зерттеушілердің еңбегіне қарағанда, 1917 жылдың күзінде газет бастапқыда Омбыға, сонан соң Петропавлға көшсе де, Көлбайдың саясатқа белсенді түрде араласуына байланысты жабылып қалады.

«Алашты» шығарып жүргенде «Үш жүз» партиясы әлі дүниеге келмеген болатын. Ол басқарған басылымға Т. Жомартбайұлы, А. Мәметұлы, Ж. Сейдалин, С. Дөнентайұлы, Ш. Айманұлы, Б. Күлейұлы, Б. Майлин, І. Жансүгіров, А. Баржақсин, Ж. Аймауытұлы мен М. Әуезов, Н. Құлжанова, Ж. Бабатайұлы т.б. қаламгерлер мақалаларын жариялап отырды.

1917 жылы мамырдың 1-інен 11-іне дейінгі аралықта Мәскеуде Бүкілроссиялық мұсылмандар съезі өтеді. К. Нұрпейісовтің зерттеуіне қарағанда, жиын империяны мекендеген мұсылман халықтарына ортақ көптеген проблемаларды қарастырған. Съезге жиналған 800-ге жуық делегат маңызды мәселелердің төмендегі үлкен тобын талқылады:  мұсылмандарға үндеу, мұсылмандардың орталық органы туралы; Россияның мемлекеттік құрылысы, аграрлық; әйел және жұмысшы мәселелері; Құрылтай жиналысы сайлауына дайындық; әскери мәселе; діни мәселе; оқу-ағарту; жергілікті басқару; соғысқа көзқарас; россиялық мұсылмандардың орталық бюросы туралы.

«Съезд мұсылмандық кеңес құрды, ол өзінің құрамынан атқару комитетін сайлады. Атқару комитетке мүше болғандардың қатарында Жаһанша Досмұхамедов, Уәлихан Танашев, Жақып Ақпаев және Көлбай Тоғысов болды» деп жазады К. Нұрпейісов [7]. Ғалымның «Тоғысов» деп жазып отырғаны – «Төгісов» екені айтпаса да түсінікті. Осы жылы жазда ол Зайсан уезіне оралып, онда қазақ еңбекшілерінің съезін өткізуді ұйымдастырды.

Саяси мәселеде Көлбай Төгісұлы Алаш зиялыларымен ортақ пікірге келе алмаған. Тіпті керісінше «Алаш» партиясына қарсы үгіт жүргізіп, советтік билікпен ымыраға түседі. К. Нұрпейісов Көлбай Төгісов пен Алаш қайраткерлерінің арасының салқындауы оған Алаш зиялыларының сенімсіздік білдіруінен басқа дерек жоқ деп есептейді.

1917 жылғы көктемде өткен облыстық қазақ сьездерінің бірде-біріне қатыспаған Көлбай, шілде айында өткен бірінші жалпықазақ съезіне де шакырылмаған Көлбай, расында да Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт серкелері үшін күдікті тұлға болып көрінген.

Осындай жағдайларды бағамдап барып Көлбай Төгісов 1917 жылы солшыл пікірді ұстанғандарды жинап, саяси көзқарастары бір арнада өрбитін  жақтастарының партиясын құруды көздейді. Ол партия «Үш Жүз» болатын.

Партия 1917 жылғы қазан-қараша айларында пайда болады. Бұл ұйым әуел баста Алашпен бірлесе әрекет жасауды мәлімдегенімен, олар бұл ойынан тез айнып қалады. Тіпті «көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөнінен «Алаштың» басты сынаушысына (оппонентіне) айналды» деп тұжырымдайды академик К. Нұрпейісов [8].

1917 жылғы 17 қарашада Көлбайдың саяси серіктерінің бірі, «Үш жүз» партиясының алғашқы жетекшісі Мұқан Әйтпенов «Қазақ» және «Ианы уакыт» газеттеріне мынадай мазмұнда жеделхат жолдады:

«Әлихан Бөкейханов құрған «Алаш» партиясының бағдарламасына разы болмаған қазақтар «Үш жүз» социалистік партиясын құрды. Партияның мақсаты – федерацияны қолдау, түркі-татар қоғамын біріктіру, Құрылтай жиналысына депутаттардың жеке тізімін ұсыну».

«Үш жүз» партиясының бағдарламасы мынадай еді:

- Совет өкіметін толық қолдау, олармен қоян-қолтық араласып жұмыс істеу;

- Соғысты тоқтату, көпке бірдей бітім жасауды жақтау, ғаріп-қасір, жетім-жесірлерге көмек көрсету;

- Мұсылман дініне құрметпен қарау, болашақ қазақ заң жинағына шариғаттың «адалдық», «әділдік» жөніндегі қағидаларын енгізу;

- Ауылда земство ұйымдастырып, нашар шаруашылықтарға көмектесу; Халыққа білім беретін мектептер ашу, ғылыми-техникалық білім беру [1].

Саясат сахнасында шыққан жаңа партиясын көпшілікке кеңінен таныстыру үшін Көлбай пен оның пікірлестері өз жақтастарының бір тобын Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар етіп ұсынды. Ұсынғандардың Семейде тұратын Нұрғали Құлжанов, Ақмола облыстық қазақ комитетінің мүшелері: Хасенқожа Бекқожин, Қазы Торсанов және Байсейіт Әділов, Омбы уездік казак комитетінің төрағасы Мұқан Әйтпенов және Петропавл уездік қазақ комитетінің төрағасы Ғалиасхар Қуанышев болды. Бұдан тыс тізімде Үсен Қасаев, Сәкен Сейфуллин, Махмұд Уәлиханов, Шәймерден Әлжанов, Сұлтан Абылаев және Ыбырай Төлебаевтардың есімі жүрді.

Бұл орайда тарихшы Светлана Смағұлова «алаштықтар» «Үш жүз» партиясының құрылтайға ұсынған тізіміндегі алғашқы алты адамының депутат болуға лайықсыз екенін айтып, «Қазақ» газетіне мақала жариялады» деп жазады [5].

«Үш жүз» партиясы Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлау науқанына дербес тізіммен түсіп, сайлауда бірде-бір өкілін өткізе алмады. Бұл олардың қазақ қоғамы арасында беделінің жоқтығына, басшылығында ел мойындаған саяси тұлғаның болмауына, сондай-ақ партияның халықты соңына ерте аларлық нақты бағдарлама ұсына алмауына байланысты еді.

Партия эсерлерге, ұлттық социалистерге және социал демократтарға іш тартты, жақындасты. Зерттеушілердің еңбектеріне қарағанда, «Үш жүз» партиясының бағдарламасы «Алаштан» мүлде өзгеше де емес еді, оларды 1916 жылғы соғыс туралы пікірде қана айырмашылық болды деп есептейді.

Осылайша «қазақ жұмысшылары мен кедейлерінің сөзін ұстаймыз» деген «Үш жүз» партиясының Октябрь революциясы жеңіске жеткен соң айы оңынан туады. Олар енді «Алаш» партиясына қарсы ашық күреске шығады. Баспасөз бетінде бірін-бірін аямау, жеке басқа да тиетін мақалалардың жариялануы, тіпті бірін-бірі былайғы өмірде көрсе жеп қоярдай жауласуға дейін баруы екі партияның арасы әбден шиеленіскенін көрсетті.

Даудың шырқау шыңына жеткені сондай, ақырында Көлбай Төгісов 1918 жылы Омбыда шығатын «Известия» газетінің сәуірдің 23-індегі санында «Әлихан Бөкейханды ұстап бергендерге 10 000 сом, ал Ахмет Байтұрсынұлын ұстап бергендерге 3 000 сом ақша беретіндігін» жариялап тастайды. Ол мұнымен тоқтамай, Ленинмен және Сталинмен телеграф арқылы байланысқа шығып, келіссөз жүргізген Алаштың Әлихан, Ахмет, Ғаббас секілді ардагер азаматтарының әрекетінен хабардар болып, бұлардың сыртын ала Сталинге хат жазып жолдайды. «Алашпен» күресуде өзін жақтасуды қолдап сұраған Төгісовтің өтінішін орындауды Сталин Ә. Жангелдинге тапсырады.

Омбыға келген Колчактың әскері большевиктермен бір бағытта қызмет еткен Қазақ социалистік партиясының басшыларын тұтқындады. Көлбайды 1918 жылғы сәуірде қамауға алады. Мағжан өмірін зерттеген Бақыткамал Қанарбаева Төгісовтің қаза болуы жайлы тың деректер айтады: «Мағжан ақынды Көлбай 1918 жылы түрмеге салып, алты ай ұстаған. «Әне атам, міне атам» деп отырған. ...Мағжанды жанындағы екі адаммен ұстап отырғанда Ресейден қашқан адмирал Колчак Омбыға келеді. Сол кезде Колчакқа Әлихан Бөкейханов телеграмма салады. «Андағы жерден қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаевты шығарып алыңыз. Ал Көлбай Төгісовті орнында атып тастаңыз», –  дейді. Көлбай қашады. Артынан қуып жүріп атады» [8].

Белгілі тарихшы Қайдар Алдажұманов «Қазақтың «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісовті ақтарға алаштықтар ұстап берді» деген пікірде. Осылай 1919 жылы Колчак жеңдеттері Көлбай Төгісовті Омбы түрмесінде өлтіреді. Ал оның серіктері Ш. Әлжанов Александровск түрмесінде, Ы. Кәбеков пен С. Төлеңгітовтер Петропавл түрмесінде атылды.

Қалай болғанда да Көлбай Төгісов алуан түрлі амалдары арқылы Алаш қозғалысы мен партиясының жұмысын жеделдеткен жүйе іспетті. Қайраткердің өз замандастары да, кейінгі буын өкілдері мен қазіргі зерттеушілер де оның тарихи тұлғасын сан-саққа жүгірткенімен, Сәкенше айтқан бір ауыз тамсануға ештеңе жетпейтіндей көрінеді: «Қарап тұрғанда «әттеген-ай» дерлік адам еді...».

 

Әдебиеттер:

1. Егізбайұлы Қ. Тағлым. – Семей, 2001.

2. Ақанұлы С. Ғасыр көші. – Өскемен: Рекламный Дайджест, 2013.

3. Тәңірбергенов Ә. Шығармалары. Құр. Б. Ердембеков. – Астана: Фолиант, 2013.

4. Смағұлова С. Көлбай Төгісов және «Үш жүз» партиясы». – Алматы: Арыс, 2009.

5. Кәрімхан З. Бір суреттің тарихы. // «Қазақстан тарихы». 05.12.2017.

6. Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. Әдеби KZ.

7. Нұрпейісов К. Алаш және «Алаш Орда». – Алматы: Ататек, 1995.

8. Қанарбаева Б. Мағжанның соңына шам алып түскен үш адам бар. // «Алтайньюс». 16.12.2018.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?