Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қытайдағы қазақ балуандары

2502
Қытайдағы қазақ балуандары  - e-history.kz
Қытайдағы қазақ балуандарының арасында мойны озық тұратын және кейінгі ұрпақ жалғастыратын сара жол салған ұлттық күрес майталмандарының есімдері елдің мәңгілік жадында.

Қайысбай балуан 

Өр Алтай, Баркөл, Мори, Ақсай өңіріне аты әйгілі Қайысбай Иісұлы 1866 жылдары туып, 1960 жылдары өмірден өткен. Атап айтқанда, Алтай аймағының Сарғусын деген жерінде дүниеге келген атақты балуан Шіңгіл ауданы, Бәйшін қыстағында 94 жасында бақилық болған делінеді. «Қытайдағы қазақ балуандары» кітабының авторы Баяхмет Жұмабайұлы Қайысбай балуанның туған жылын 1890 жыл деп көрсетеді. 

Қайысбай балуан 19 жасында күреске түсіп Баркөл-Моридің Ақтас жайлауында ұйғырдың атақты балуаны Насырды жығып атағы шығады. Кейін Алтай-Қобданың қазақ-қалмақ қатысқан аламан тойында ойраттың атақты күш иесі Донғара балуанды таза жеңеді. 

d0e69f0a2ffeb0e302b8bc9f98e12a36.jpg

Алтай-Қобда өңірін мекендеген қазақтар салтында күш иесі балуан өзінен кейінгі ұрпаққа мықтылығын паш ету үшін ауыр тасты көтеріп белгі ретінде көрнекті жерге қойып кететін дәстүр болған. Қайысбай балуан Төлеубай бидің алқауымен үлкен асқа барып, күресіп бас бәйгеге ие болып келе жатқан жолында көреген би балуан атамызға қаратып: «Артыңызға бір белгі қалдырып кетсеңіз болмай ма? Болашақ ұрпақ сіздің күшіңізді көріп, қуатыңызды бағаласын», – дейді. Қытайдың Мори ауданның Асырқай ауылына баратын жолдың жиегінде жатқан ақ сұр тасты көтергенде балуанның жасы 37-де болыпты. 

Теңдессіз күштің иесі Қайысбай балуан – әлемге аты мәлім таэквондашы Мұстафа Өзтүріктің туған нағашысы. Мұстафаның анасы Разия Қайысбайқызы Шығыс Түркістан аймағында 1916 жылы дүниеге келіп, 1940 жылы ел үріккен шақта Гималай арқылы Кашмир өлкесінен асып Түркияға жеткен. Балуанның екінші қызы Зария да елмен бірге Еуропаға аман-есен жетіп, өмірін сақтаған. Осы Зария ананың 1981 жылы 26 маусымда Швецияның Стокгольм қаласынан туған жеріне келіп, әкеден қалған көз ақ сұр тасты құшып, мауқын басып тұрған сәті фотосуретке түскен. 

Серік балуан 

Аса ауыр салмақтағы еркін күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, XX ғасырда адамзаттың алыбы атанған Серік Қожабайұлы Алтайдың Қаба ауданы қарасты Түкпір деген жерде дүниеге келген. Әкесі Қожабайдың Сұлтаннан кейін көрген ұлы. Балуандық өнер нағашы жұртынан дарыған, шешесі Сақыми сүйекті, қайратты адам болған деседі. 

e7cffff023d9aa67bf00de449b597fb7.jpg

Жастайынан ән мен күйге, жыр, қисса, дастанға әуес болған Серік алғашында Ел Жарболды Оспан залың (қытайша мансап аты) 1913 жылы ашқан Алқабектегі алғашқы білім ошағы «Таң мектебіне» түсіп, сауатын ашады. Алайда, тағдырдың жазғанына шара бар ма, ата-анасынан ерте айырылғаннан ағасы Сұлтанның қолында тәрбиеленді. 

Еңбек жолы орнынан басталады: Алтайдың Көктоғайының Қуертіс бойындағы іште ауыр еңбек етеді. Осы еңбекте жүріп құрыштай шынығып, физикалық күш-қайраты толысып бекемденеді. Жұмыс барысында табысқан адамдардың қолқалауымен дәл 18 жасында 432 келілік тасты көтеріп, жолдастарының аузына ілінеді. 

1957 жылдың қыркүйек айында Жарболды елінің атақты ағайынды байы Салпыаяқ пен Қамза әкесі Бейітбайдың асы Білезік өзенінің шығыс жағасында өтеді. Алапаты асқан, даңқы тасқан айтулы асқа жирыма жастағы Серік те қатысып, Өнерхан балуанмен ұстасады. 

566de762ee70ab0d5622e542df1ad660.jpg

«Серіктің бетіне жерден алған бір уыс құмды шаша айбаттана ұмтылған Өнерхан бір қолымен Серіктің қылтасынан өзіне қарай тартып, ашадан алып жығатын әдісіне келтірмек болып еді, қайратты екі қолымен қарсы жағының екі жақ иық бұғанасын қысып ұстап, артына қарай серпе итерген Серік Өнерханның қолын тайдырып жіберді. Екеуі белдесіп қалды. Сол екпінмен Өнерқанның шүперек белбеуінен қапсыра ұстап, аяғын жерге тигізбей үйіріп әкетті де, сенделектеп қалған аға балуанды басына көтеріп алып, сол қалпы жерге салмақтап тастап жіберді. Шалқасынан құлаған арыс орнынан қозғалмай жатып қалды. Екі қабырғасы сынып талып қалыпты», - деп жазады осы күрес туралы журналист Ұмтыл Зарықханұлы. 

Серік Қожабайұлы 21-22 жасында ШҰАР-дың әр аймағынан, ішкі Қытайдан келген балуандардың барлығын жеңіп, қысқа уақыт ішінде өзінің мықты балуан екенін, командаға да, бапкері сібе ұлтының азаматы Шын Шиюға да танытқан. Бұл шақта оның салмағы 108 келі, бойы 190 см болған екен. 

1960-1962 жылдар аралығында Серік балуан әбден шыңдалып, күрестің сан алуан әдістерін қапысыз теңгеріп, Қытайдың 29 өлке, қаласында болып өзіне тең келерлік балуандардың барлығын асау жамбастың астына басады. «1960 жылы Моңғол Халық Республикасының атақты балуаны Баладай Серікті арнаулы Кохқот қаласына белдесуге шақырып, екі рет күресіп ала алмағасын ақыры күдерін үзеді». 

1962 жылы мамырдың 10-25 күндері аралығында Хуби өлкесінің Ухан қаласында Республикалық еркін күрес шеберлерінің байқауында ауыр жарақатына қарамай сегіз балуанды астына бүктеген ол тоғызыншы атақты балуан Гау Боданды да алып ұрып, даңқ тұғырының бірін сатысына көтеріледі. 

51144a9a233a711c74be7f596e0e525f.jpg

Серік Қожабайұлы – «Мемелекеттік бірінші дәрежелі спортшы», «Мемелекеттік еркін күрестің аға жүлдегері», «Спорт шебері», «Аға жүлдегер» сияқты құрмет ордендерін иеленген. Соныме қатар ота жасатқанымен жазылғанына қарамай күресіп, қарсыласының барлығын шыққан оның аса төзімді әрі тәжірибелі балуан екендігін мойындап, мемлекеттік спорт комитеті «Қытай Халық Республикасының мүлдемдік (маңгілік) аға жүлдегері» атағын береді. 

Заманында қарсыласын қоғадай жапырып, өзінің жауырынын тигізбей өткен атақты балуан Серік Қожабайұлы 1994 жылы қыркүйектің екінші жұлдызында дүниеден өтті. Қытайдағы қазақ балуандарының арасында мойны озық тұратын және кейінгі ұрпақ жалғастыратын сара жол салған ұлттық күрес майталманының есімі елдің мәңгілік жадында. 

Солтыкен балуан 

Солтыкен Көкішұлы 1952 жылы Қытайдың Алтай аймағы Қыран өзенінің бойында өмірге келген. Толағай күш-қайратына ақыл-парасаты құп жарасқан ол жарыста жүлдесіз оралмайтын балуан һәм қолына қалам ұстап елдің мұңы мен өзі басының тағдырын қатар жырлай білген үлкен жүректі ақын болып қалыптасқан. 

eff12e574b4bdd319053855433ed0d6d.jpg

Қажымұқан бабасы сияқты екі ұлы өнерді бойына сыйғызған Солтыкен Көкішұлының жастық шағы Қытайдағы атышулы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келгендіктен, күрестегі жолы кешігіп басталады. Алғаш 1977 жылы Қытай Шынжаң балуандар командасына шақырылғаннан бастап, бойындағы тасқын күшті күрестің сан қырлы әдіс-айласымен жетілдіріп, аз уақыттың ішінде өз деңгейін әйгілей білді. Зерттеушілердің жазуынша, балуан боз кілеммен қоштасқан соңғы сәттеріне дейін сан алыптың қабырғасын қайыстырып, тізесін бүктіріп, алтын, күміс, қоласы бар 22 жүлде салған екен. 

Алтайдың қара аюы атанған Солтыкен балуан 1974 жылы 22 жасында көтерген тастың салмағы 292 келі болған. 

Солтыкен балуан үшін мемлекеттік жарыста салмағы 130 келі таратын, кезінде ауыр атлетикамен айналысқан, 100 келілік штанганы төбесінде ойнататын, арқанға өрмелегенде аяғына 20 келі ауыр зат байлап жаттығатын, сол кездері ешкімге дес бермей жүрген балуанмен кездесуі есінде ұмытылмастай сақталған. Солтыкеннен ұпай санынан ұтылған ол балуан: «Оның күші менен артық емес екен, бірақ мүмкіндікті қалт жібермейтін шапшаңдығымен бірге бойында бір құдырет бар сияқты», – деп мойындапты. 

Оның жеңісті белдесулерінің алғашқысы 1978 жылғы еркін күрес түрі бойынша Үрімжіде өткен Қытайдың мемлекеттік шешуші жарысы еді. Онда екінші орынды қанағат тұтса, 1979 жылы Шұйжуда, 1981 жылы Шаңхайда, 1982 жылы Тайванда, 1986 жылы Ланжуда өткізілген Қытайдың шешуші жарыстарында қазақтың қара аюдай алыбына төтеп беретін миллиардтар елінен ешбір жан табылмапты. 

61ac181516b788c9821aaa889c30ff99.jpg

Солтыкеннің ең даңқты күресі 1984 жылғы Иранның астанасы Тегранда өткізілген «Такти» атты халықаралық бәсекеде болған. Бұған дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Кубаның әлем таныған атақты балуанын (төрт дүркін әлем чемпионы) жер иіскетіп, тәубесіне келтіргенін сол кездегі Қытай ақпарат құралдарының жарыса жариялаған. Қытай мемлекеттік спорт комитетінің «Күрес майоры», «Аға жаттықтырушы» атақтарын алған. 

Дайындаған Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?