Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Репрессия жылнамасы: Алжир – тарихтың өшпес парағы

2504
Репрессия жылнамасы: Алжир – тарихтың өшпес парағы  - e-history.kz
Музей кешені «Қайғы қақпасы» монументі, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі мүсіндік композициядан, сондай-ақ «Сталин вагоны», «26-барак» кешендерінен тұрады

Ертең Қазақстанда саяси репрессия құрбандарын еске алу күні өтеді. Осыдан 19 жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынысымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілген. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұтқындардың тағдырын трагедияға айналдырған қасіретті жылдар кезеңінде қазақ халқы да қасаң да қатаң мемлекеттік саясаттың құрбанына айналды. Миллиондаған совет азаматтары репрессияға ұшырады. Осы орайда Қазақстан тарихы порталы тілшілері Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұтқындардың әйелдерін қасіретке айналдырып, баласы мен туған ата-мекенінен ажыратқан Алжир лагерінен арнайы экскурсия ұйымдастырып, музейдің тарихына, оның әрбір жәдігерінің сыр бүккен тарихын біліп қайтты.

3764f855aae978fb7ace4f5a701f672e.jpg

Астана іргесіндегі Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ашылған. «Жылда атаулы еске алу күні қарсаңында музей кешеніне келушілер қатарып көбейіп, сол бір зұлматты күндердің тарихына білгісі келетіндер қатары көбеюде. Бізде 31 мамыр күні ашық есік күні ретінде көп шараларды қолға аламыз. Музей жәдігеріне қосылған жаңа тарихи құжаттарды көрермендерге ұсынамыз. Саяси қуғын-сүргін қасіреті туралы деректі фильмді көрерменге көрсететін боламыз», – дейді музейдің экспозиция бөлімінің басшысы Э. Аяғанова. 

857375ba8a90ef5a8db6a11db64901c8.jpg

Экскурсияны бастамас бұрын музей қызметкері Эльмира Аяғанова портал тілшілерін қарсы алып, мемориалдық кешеннің сыртқы композициясын таныстырып, олардың тарихи мәнін түсінідіріп берді. Музей кешені «Қайғы қақпасы» монументі, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі мүсіндік композициядан, сондай-ақ «Сталин вагоны», «26-барак» кешендерінен, «Еске алу қабырғасынан», 3 этажды музей ғимаратынан тұрады. 

973a1c4373299ac73b1b589337f2af9e.jpg

Зұлматты тарих куәсі болған лагерьдің бау-бақша алаңқайында орналасқан музей кешенінің табалдырығын аттап, ішке енгенде, тасқа қашалып салынған қасіретті кезеңнің картинасынан көңіліміз бірден құлазып, жүрекке зіл салып, қорқынышты әсерге бөлендірді. Десе де үш этажды музей ғимаратын толықтай аралауға көшіп, әрбір тарихи суреттін тарихын білуге құмарттық. 

5c224a9ed26916e82d14e9087c6f846f.jpg

Музейдің бірінші қабаты 1905-1916 жылдары қазақ зиялыларының саяси іс-әрекеттері, Алаш мұрасы мен оның тарихи тұлғалары, кеңес үкіметін орнату кезеңі, ұжымдастыру және шаруашылықтың қасіреті, қазақ жеріндегі аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессия құрбандары, Қазақстан аумағындағы ГУЛАГ-тың бөлімшелері, өзге халықтарды Қазақстанға қоныс аудару бөлімдері жеке-дара экспозияциялық құндылықтарға тұнып тұр. Бірінші қабат жәдігерлері мен арнайы бөлімдері Қазақстан тарихына арналған. Залдың дәл ортасында "Өмір гүлі" деп аталатын қара тасты қақ жарып шығып тұрған қара гүл композициясы орналасқан. Жоғарыда "Еркіндік пен Еркінсіздік" деген әйел образдарын сомдаған тор ішіндегі бірі босап шығып жатқан, бірі қамауда қалып жатқан көгершіндер бейнеленген. Бұл залдың басты ерекшелігі Қазақтың соңғы ханы Кенесарымен жалғасқан тарихи құндылықтар, Алаш зиялылырымен аяқталады. 

a95e7b59dee2829cf119285473ccb964.jpg

Екінші қабат толығымен 1937-1953 жж. «Алжир» тұтқындарына арналған. «Алжир» лагеріндегі әйелдер тағдыры, олардың пайдаланған тарихи жәдігерлері, тұтқын әйелдер жатқан абақты көшірмесі, лагердегі әйелдердің шаруашылығы, «Алжир» лагеріндегі балалар тағдыры, 1986-ншы жылғы желтоқсан оқиғалары жеке-жеке бөлім болып ұсынылып отыр. Әсіресе екінші қабаттағы «халық жаулары әйелдерінің тағдыры» бөлімі өзінің материалдық құжаттарымен саяси қуғын тарихын, жазалау институттарының әрекет ету тетіктерін анық көрсетіп, шынайы тарихи деректерді алға тартып тұрғандай әсерге бөлетеді. Сол уақыттағы әйел-ана тағдырларының қиын да, қасіретті кезеңдегі ауыртпалықтарын тарихи суретті композияциялармен анық көрсеткен. 

38d88bcff635cee3ce3fd148f3c49707.jpg

936acb5bc4ac28198a9b4f9d39b4236b.jpg

Экспозиция бөлімінің басшысы Эльмира Аяғанова бұл қабатты таныстыруда абақтыдағы әйелдердің басынан өткен қорқынышты әңгімелерін айтып берді. «Ауыл іргесіндегі Жалаңашкөлдің жағасында әйелдер қызмет еткен. Олар көлдің жағасында қамыс орған. Сонда білсеңіз күніне әрбір әйел 40 бума қамыс ору керек екен. Оны жинамаған әйелдерге сол күні тамақ берілмеген. Музей ғимараты орналасқан бұл жерде бау-бақша бағы болған. Онда да тұтқын әйелдер қызмет атқарған, олар алма бағындағы жемісті қояндарға жегізбей үздіксіз қызмет қылған. Әйелдер саз балшықтан кірпіш жасап, өздері тұтқындалған барактарды соққан, оның ішіне қамысты жайып төсеніш қылған. Тіпті тігін тігу ісінде өздері жасап, тіпті түнде де май шамның көмегімен киім тіккізген. Көп әйелдердің көздері бұл қорлыққа шыдамай, соқыр болуға дейін барған. Бұл әрине ол әйелдердің көрген қорқышытраны бер жағы. Бұдан да қиын зорлық-зомбылықтарды көрсетіп, аяусыз соққыға жыққан. Тіпті сымбатты, әдемі әйелдерді абақты күзетшілері зорлаған. Олардан туған балаларды 3 жасқа дейін өсірген, 3 жастан кейін балалар үйіне қарауылдар өткізетін болған. Тұтқын әйелдер күніне 18 сағат жұмыс жасап, ал түнде тергеу астында отратын болған. Қатал тергеу астында 8 сағаттап отратын болған. Ал отырған орындықтарының биіктігі сонша аяқтары жерге тимейтін болған. Сол себепті аяқтары ісіп, қан айналым бұзылып тамырлары жарылып кететін болған», – деп біраз әңгімені Э. Аяғанова айтып берді. 

36325011fdfff8488a3be68ef8d64264.jpg

Үшінші қабаты әкімшілік-шығармашылық бөлімдері мен ғылыми зерттеу бөлімдерінен құралған. Үш қабатты музей ғимаратының барлық экспонаттары шеңберлік көрініс бойынша орналастырылып, келушілердің сол бір сұрапыл жылдар тарихынан мол мағлұмат алуына мүмкіндік беретіндей безендірілген. Алжир халық жауы әйелдерінің түрмесінде КСРО мемлекет басшыларының, әскери шенділердің, қазақ ұлтының интелегенцияларының, қоғам қайраткері мен саяси тұлғалардың, руханият жанашырларының әйелдері мен қыздары, балалары жапа шеккен қасіретті абақты. Онда қазақ интелегенциясының әйелдері ауыр азапты шегіп, қасіретті қайғыны көрді. Солардың қатарында С. Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б. Майлиннің әйелі Күнжамал , Т. Рысқүловтың әйелі Күләндам, С. Мендешовтың әйелі Рәзия, Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Асфендияровтың әйелі Рабиға, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, Зарап Темірбековтың әйелі Сақыпжамал, Жұмат Шанинның әйелі Жанбике және т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері , аяулы аналар «жазасын өтеді».

b9b2dbfb77b81a4efdc5feaa17f54770.jpg

Қысқаша тарихқа жүгінер болсақ, Алжир - Отанын сатқандардың Ақмола әйелдер лагері. Алғашқыда бұл жерде «26-нүкте» деп аталатын орын болған. Соның негізінде 1938 жылы НКВД-ның Ақмола арнайы бөліміне (Қарағанды лагеріне) қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Алжир аталып кеткен азам түрме орталығында 20 мыңға жуық нәзік жандар қамауда болған. Мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Осының салдарынан 1500-ға жуық нәресте дүниеге келіп, 3 жастан асқан соң, жетімдер үйіне тапсырылған. Азапты күндер шежіресінде нәзік жандылар аштық пен суықтың құрбаны болды. 

160ac2c9b36764feff6dcceff8d27995.jpg

Алжир - Қарағанды лагерінің ("Карлаг") 26 бөлімшесі ретінде қазіргі Астана қаласының оңтүстік батысында, Ақмол (Малиновка) елді мекенінде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының (НКВД) 1937 жылы 5 тамыздағы 00486 бұйрығы негізінде құрылған. КСРО ОАК-нің 1934 жылғы 8 маусымдағы қаулысына сәйкес "отанын сатқандардың" отбасы мүшелеріне 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 жылға Сібірдің аудандарына жер аудару жазасы берілген. Алжир лагері 30 мың га жерді алып жатты. Оның Қарағанды, Ақмола өңірінде бірнеше бөлімшелері болды. Алжир тұтқындары егін екті, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты. Ұлы Отан соғысы жылдары Алжирде 8 мыңнан астам тұтқын әйел ұсталды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?