«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қазақтың отты қаруларының тарихы» монографиясы оқырманға жол тартты

1015
«Қазақтың отты қаруларының тарихы» монографиясы оқырманға жол тартты - e-history.kz
Қалиолла Ахметжан көп жылдан бері қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының тарихын зерттеумен айналысып келе жатқан жалғыз білікті маман.

Астанадағы Ұлттық музейде белгілі этнограф, тарихшы, қазақтың қару-жарақ зерттеуші ғалымы Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен шығып отырған кітаптың тұсаукесеріне белгілі тарихшы ғалымдар, музей саласының білгір мамандары, Астана қаласындағы музейлердің ғылыми қызметкерлері, өнертанушы жас ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

76690422da8a4e8bdaaf41a370f33b84.jpg

Кітаптың тұсаукесер рәсімін аша отырып, Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» монографиясы үлкен еңбекпен жарыққа шыққанына тоқталып өтті. 

 «Сыншылар, зерттеушілер бұл кітаптың бағасын беріп жатады. Жалпы кітаптың ішкі мазмұны, безендірілуіне баспа болмаса музей ұжымы емес, зерттеуші ғалым Қалиолла Ахметжанның тікелей өзі ат салысты. Қазіргі таңда кітаптар көп шығып жатыр. Олардың сапасы мен ішкі мазмұныда төмендеу болып жатады. Кейде кітаптың безендірілуіде солқын тартады. Ал бүгінгі ғалым ағамыздың кітабының бір ерешелігі әрбір бетіне дейін, оның ішкі текстологиясы, көркем суреттермен безендірілуіне, кітаптың баспа өнімінен шыққанға дейінгі аралықта Қалиолла Ахметжанның үлкен қызметтер атқарғандығы. Кітап біздің ұлттық музейдің жанындағы «Халық қазынасы» орталығының «Қазына» сериясы аясында тұңғыш басылып шыққан кітап болды. Ендеше кітаптың тұсаукесер рәсімі құтты болсын. Көрерменге, оқырманға тың жаңалықтар мен мазмұндық тағылым бере берсін деп тілейміз»,-деді музей басшысы. 

a3e7a2f1e485dc45d4acd81ccafcbb7c.jpg

Өз кезегінде Астанадағы Әскер-тарихи музейінің директоры Перизат Ақселеуқызы Өтепова өзі басқарып отырған музейдің жас ғылыми қызметкерлері Қалиолла Ахметжанның ғылыми еңбектерін жиі оқып, зерделеп жүргенін айтты. 

«Қазақтың отты қару» кітабында өте құнды тарихи деректер шоғырланған. Әрбір оқырман бұл кітаптан қазақтың отты қаруының, алғашқы қарулардың тарихын оқып үйренеді. Біздің әскери-тарихи музейде қару-жарақ бөліміміз де бар. Жалпы әскери-тарихи музейдің ашылуына да ағамыз үлкен септігін тигізді. Өзінің ғылыми зерттеу ойларын, пайымдарын әркез айтып, біздің жас ғылыми зерттеушілерімізбен бөлісіп отырады. Әскери-тарихи музейдің жас ғылыми қызметкерлері ағамыздың еңбектерін жиі оқып, оның тарихи ой-толғамдарын ескеріп отырады»,-дейді Перизат Ақселеуқызы.

Қалиолла Ахметжан көп жылдан бері қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының тарихын зерттеумен айналысып келе жатқан жалғыз білікті маман. «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты еңбегі қазақ тарихындағы отты қарудың таралуы, қолданылуы мен даму үрдісін зерттеуге арналған монографиялық еңбек. 

a713175bae882a07aab4e6e0105b1cbc.jpg

Алғаш рет бұл еңбекте отты қарудың Қазақ жерінде қолданысқа енген уақыты зерттеліп, қазақтарда қолданылған бұл қарудың түрлері, отты қаруды атуға қажетті жабдықтар мен құралдардың типтері мен үлгілері қарастырылады. Кітапта әртүрлі тарихи дереккөздер негізінде қазақтардың мылтықты ату тәсілдері, жаппай атыс жүргізу әдістері мен соғыста мылтықты қолдану тактикалары және мылтық атысынан қорғану жолдары көрсетілген. 

Бұл қазақ халқының мәдени мұраларын зерттеумен айналысатын Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» сериясы аясында басылып шығарылған тұңғыш кітабы. Сериялық басылымды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде басып шығару, ғылыми айналымға енгізу. Жобаны жүзеге асыру барысында 2016–2018 жж. аралығында қазақ халқының мәдени мұрасына қатысты 20 кітапты басып шығару жоспарланып отыр. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ 

Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?