Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Таңдаулы тарих» ерекше тарихты танытады

766
«Таңдаулы тарих» ерекше тарихты танытады - e-history.kz

«Қазақстан тарихы» порталы жаңа жобаны бастайды. Жоба графика арқылы тарихи тақырыптарды көпшілікке, оның ішінде жастарға жаңаша, жеңіл әрі толымды жеткізуімен құнды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па? Мұндай іргелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз. Оны қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажет. Өйткені тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс. Бұл ретте, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн», - деді. Осы ретте бұл жоба өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға басымдық беретінін атап өткен жөн.

Жоба қазақ тарихының шағын видеошежіресі десе де болады. Себебі жоба ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды тақырыптарды барынша қамтуға тырысқан. Сәйкесінше, бағдарлама халқымыздың тарихы туралы мәлімет білгісі келетін жастарға бейнебағдар болады деп сенеміз.

«Таңдаулы тарих» жобасының мақсат-міндетіне:

  • Отандық тарихты көпшілікке, оның ішінде жастарға графикалық видеолар арқылы түсінікті жеткізу;
  • ғылыми ортадағы тарихи мәліметтерді халықтық айналымға түсіру. Яғни, осы арқылы жастардың негізгі тарихи оқиғалар мен тұлғаларды жақын тануын қамтамасыз ету;
  • жастардың өз тарихына деген қызығушылығын ояту; 
  • жаңа ғылыми мәліметтер негізінде олардың тарихи білімін тереңдету;
  • ортақ тарихи сана қалыптастыру арқылы жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерді нығайтуға ықпал ету, т.б. жатады.

Маңызды тарихи оқиғалардың барлығы графика арқылы көрсетіледі. Тілі жеңіл, фильмдердің өзі көрерменді жалықтырмайтындай динамикалы болады.  Графикалар жастардың түсінігі мен талабына сай креативті ұсынылады.   

Жобаның бірінші шығарылымы Қазақ жеріндегі темір жол тарихына арналып отыр. Көріңіз, пікір жазыңыз. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?