Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Таэквондо тарланы

1257
Таэквондо тарланы - e-history.kz

Танымал спортшы Қазақстанда таэквандо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік ұлтжанды, дарынды және қазақ десе ішкен асын жерге қоятын бір туар азамат еді. Ол 1954 жылы қараша айының 24-і күні Түркияның Қайсары қаласына қарасты Мұсажылда атты шағын ауылда туды. Бұйырса, үш айдан кейін арыс азаматтың туғанына 70 жыл толады. «Көзден кетсе, көңілден болады өзге», деп бұрынғылар айтпақшы, таэквонда тарланы ескерусіз қалмасын деген ниетпен мақала жазып отырмыз.

 – Мұстафаға өжеттік пен қайсарлық аталарынан дарыған. Үлкен атасы болған Төлебай сөйлесе тілге шешен, егессе есесін жібермейтін ерекше адам болған екен. Сонымен қатар қытай тілін білетін зеректігі тағы бар. Біз екеуміз жасымыздан бірге өстік және жақын ағайын адамдар едік. Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге талпынды. Оның бойында бір мақсатқа жетсем, қатарымнан қалмасам деген өжет сенім бар-тын. Сондықтан да, болар ол күшті болуды бала кезінен армандады. Спортқа өте жақын болды. Сондай-ақ, оның болмысы күрес болсын, барлық спорт түрлеріне икемді еді, - деп еске алыпты марқұмының бала күнгі досы Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қара мырза өзінің естелігінде («Қазақ спорты» газеті, 2015 ж. № 12-13).

Ал біздің назарымызға іліккен деректе, Мұстафаның нағашы атасы қазіргі Алтай-Шыңжан өлкесі: Баркөл, Мори, Ақсай өңіріне аты әйгілі Қайысбай Иісұлы деген әйгілі балуан екен. Яғни, Мұстафаның әкесі Кәбен ағамыздың жары Рәзие апамыз осы Қайысбайдың балуанның қызы. Осы Қайсакең атамыз 19 жасында арысқа түсіп Баркөл-Моридің «Ақтас» жайлауында ұйғырдың атақты балуаны Насырды жығып атағы шықса, одан кейін Алтай-Қобданың қазақ-қалмақ қатысқан дүбірлі тойында ойраттың атақты күш иесі Донғара балуанды жеңіп, заманында теңдессіз күш иесі атанған екен. Көнекөз қариялар Мұстафаны осы нағашы атасына тартқан.

Мұстафа әкесі Түркия қазақтары арасында Кәбен аталып кеткен, азан шақырып қойған шын есімі «Әбдірахман Төлебайұлы» да осал адам емес. Бұл тұлға кезінде Түркия ауған қазақтарының көшін бастаған жетекшілердің бірі болған адам. Оның сыртында, арысқа түсіп атағы шықпаса да, балуандығы басым және домбыра шертіп, ән салатын өнерпаз бопты. Ал анасы Рәзие де жас кезінде асқан сұлу және әнші кісі болған көрінеді. 

«Мұстафаның ән мен өнерге деген таланты анасынан дарыған болу керек. Қазақтың, «тектіден текті туады, ата жолын қуады» дегені тегін айтылмаған» дейді білетіндер.

Әкесіне ән арнаған Мұстафа

Мұстафа марқұм 1980 жылы әкесі Кәбен дүниеден өткенде жаны күйзеле отырып өзі сөзін жазып, «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты ән шығарды. Бұл ән уақыт өте келе Түркия қазақтарының сүйікті әндерінің біріне айналды. Бұл әнді 10 жыл бұрын танымал музыка маманы, дирижер Нұрлан Бекенов нотаға түсіріп, белгілі әнші Нұрай Танабаевтың орындауында жалпақ жұртқа жариялағаны бар. Аталмыш өлеңнің сөзі мынадай:

 

Бұлбұл құстар сайраған,

 Гүл шешектер бақшаларда,

 Бір уыс гүл терейін.

 Қабыл алсаң мен саған.

Қайырмасы:

 Жұлдыздарды тілейсің бе? 

Күнді алып бер дейсің бе? 

Тағы саған, арнаған,

Жанды қосып бер дейсің бе?

 

Бұлбұлдармен ұшып кетсем, 

Дарияларға түсіп кетсем,

Кете алмайсың көңілімнен. 

Қанша ұзақ кеткеніңмен,

 Одан әрі жақындайсың, 

Әуре болып жүргеніңмен.

 

Қайырмасы: 

Жұлдыздарды тілейсің бе? 

Күнді алып бер дейсің бе? 

Тағы саған, арнаған

 Жанды қосып бер дейсің бе?

Мұстафа бас рөлде ойнаған «Алатай» фильмінің афишасы

Тұрғыт Өзалдың рахметі

Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұлда орта мектепті бітіргеннен кейін, Тайваньдағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітіреді. Осы елде жүріп кореялық көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Ол жерде таэквондо спортынан үздік мәртебе 6-шы дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар, халықаралық жаттықтырушы мамандығын да алды.

Оқуын аяқтап Түркияға оралған соң Ыстанбұл қаласында өзінің алғашқы таэквондо мектебін ашады. Осы мектептен шыққан бірсыпыра шәкірттері күні бүгін Түркия спортының әр саласында жоғары қызметтерде жүр. 1987 жылы Мұстафа Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударды. Келесі жылы (1988) Мюнхен қаласында таэквондо мектебін ашады.

«Қателеспесем, 1989 жылы Қазақстаннан бір топ адам Германияға сапарлап барды. Олар: И.Тасмағамбетов, С.Әбдірахманов, Т.Жаманқұлов, Д.Жолжақсынов, Т.Теменов т.б. Бұлар осы сапарда Мұстафамен танысты. Шынын айтқанда, Өзтүріктің Қазақстанға ат басын бұруына себепкер болған да осы адамдар. Сөйтіп, Мұстафа 1990 жылдың басында ат басын атамекенге бұрды. Осы жылдың қазан айында Мюнхендегі таэквондо мектебінің шәкірттерін Қазақстанға алып келді», - дейді досы Ә.Қара.

Мұстафа Қазақ еліне өзі ғана келіп қойған жоқ, өзінің үлкен жүрегін әкелді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркия арасында алғашқы ресми байланыс орнатылуына мұрындық болды. Осы жылдары Өзтүрік және оның қасында Түркияның “Хүрриет” және “Тержүман” атты екі үлкен газетінің тілшілері Ердоған Салғырбойы мен Ирфан Сезер үшеуі Мемлекет басшысының қабылдауында болды.

Осы ресми кездесу кейін Түркия елінде үлкен резанонс тудырады. Бұл мақаланы оқыған Түркия елінің басшысы Тұрғыт Өзал өзінің Қазақ еліне баруға аса ынталы екендігін айтып оқиғаға қолдау білдіреді. Нәтижесінде, 1991 жылдың 14-15 наурыз күндері Түркия президенті Тұрғыт Өзал Қазақстанға келеді. Көп кешікпей 1991 жылдың 25-26 қыркүйегінде Қазақстан Президеті де Анадолыға сапарлайды. 

«Мен өзім куә болған мына бір оқиғаны айтайын Германияда жүргенінде Тұрғыт Өзал өзі жекелей Мұстафаға телефон соғып, Түркия-Қазақстан байланыстарына үлес қосқаны үшін алғысын білдірді», - дейді Әбдіуақап Қара мырза.

Елі ұмытпайтын ер

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Қазақстан таэквондо федерациясының құрылуына мұрындық болып, өзі соның алғашқы президенті болды. Оның кезінде қазақ таэквондошылары халықаралық жарыстардан жеңіспен оралып жүрді.

Өкінішке орай, осындай табыстар жалғасын таппады. Қазақтың есіл азаматы белгісіз жағдайда 1995 жылы наурыз айының 15-і күні Алматы қаласында қазаға ұшырап, денесі Ыстанбұлдағы әкесі жатқан бейітке жерленді. 

Содан бері міне, 30 жылға жуық уақыт өтті. Туған халқына адами қасиеттерімен танымал болған Мұстафа Өзтүрікті халқы ешқашан ұмытқан жоқ. Оның дәлелі: 2000 жылы Алматы қаласында атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылса, 60 жылдық мерейтойы 2014 жылы Астана қаласында аталып өтті. Енді міне азамат ердің 70 жылдық даталы күні де жақындап келеді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?