Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлпан» романының премьерасы

1724
«Ұлпан» романының премьерасы - e-history.kz

Музей – тарихи ғылыми деректерді, мәдени мұраларды сақтап, жинақтап қызмет атқаратын мекеме. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына , өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, санасының өсуіне көп көмегін тигізеді.

Бүгінде Алматы қаласындағы Мұқан Төлебаев көшесіне табан тіресеңіз, әр үйдің сыртындағы мемориалдық тақтайшаларға көзіңіз түседі. 

Дәл осы көшеде Ғ. Мүсіреповтің 1968-1985 жылдар аралығында тұрып, жемісті еңбек еткен үйінде 1991 жылы әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылған. Келушілер музей-үйінен жазушы өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтермен толық танысып, жазушы баспанасындағы тарихи жәдігерлерді тамашалай алады. 

Музей мен театр арасындағы рухани, мәдени байланысты нығайту мақсатында шаһарымыздағы «Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер» театрының әртістері қаламгердің музейінде қонақ болды. Театр актерлары музейге келіп жазушының қолының табы қалған жеке заттарын көріп, әр жәдігердің өзіне тән  баяндалар  сырымен, тарихымен танысты. 

Сонымен қатар келушілердің қатарында Мәскеудегі Е. Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпеисова, Ғ. Мүсірепов театрының режиссері Дина Жұмабай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, актер-актрисалар Тынышгүл Сұлтанбердиева, Еркін Әбдірешов, Әсет Иманғалиев, Ақбота Рахат, Гүлбаһрам Байбосынова тағы басқалар болды. 

Музейге келген театр ұжымы Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» романының спектакль ретінде сахналануына дайындық үстінде екендігінен  хабардар етті. «Ұлпан» романының премьерасына Ғ. Мүсірепов музейінің қызметкерлері  шақырылды. Музей осы күндері музей қорындағы қаламгердің жеке заттарынан көрме ұйымдастыруды өз жауапкершілігіне алды. Музей көрмесі, спектакль премьерасы шілде айының 28-31 аралығында өтеді. 

Жазушының «Ұлпаны» – барлық қазақ аналарының бейнесінің шоғыры. Ақылдылығымен, сұлулығымен қоса, бір ауылды басқарып, жетім-жесірге, кедей-кепшікке көмектескен өжеттік-батырлық мінезі ғасырдан ғасырға аңыз, ұрпақтан ұрпаққа өнеге.

Жанар ТАЕВА, Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарасты «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің» ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?