Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарих тасасындағы тұлға

1255
Тарих тасасындағы тұлға - e-history.kz

ХХ ғасырдың басындағы ұлттық ояну дәуірі жаңа тарих парақтарын ашты. Қазақ әдебиетінің небір үлгілері қалыптасып, даму арнасына түсті. Әсіресе көркем проза, драматургия жанры өрістеді. Жаңа жанрдың пайда болуы әдебиетке жаңа есімдерді алып келді. Соның бірі де бірегейі – Тайыр Жомартбай.

1884 жылғы 23 шілдеде қазіргі Абай облысы Абай ауданының Мұқыр ауылында дүние есігін ашқан Тайырдың азан шақырып қойған есімі – Тайлақбай болатын. Туған жері Мұқыр, білесіздер, ұлы ақын Абайдың ең талантты шәкірттерінің бірі, жанына 25 жыл серік болып ере білген Көкбай ақынның ауылы.

Тайырдың әкесі ескіше хат таныған көзі ашық, ел-жұртқа сыйлы, құрметті адам болыпты. Жомартбайдың жеті ұлы болған, Тайырдың аға-бауырлары Сәрсенбай, Ибраһим, Хасен, Ғабдолла, Шамали және Төлеубаймен жастайынан ойнап-күліп балалық шағын өткізген. 

Бала Тайыр сабақ берген алғашқы ұстазы Көкбай Жанатайұлы болды. Мұқырда Көкбай ашқан мектептен талапты жас араб, түркі, орыс тілдерін үйреніп бастайды. Тайырдың еті тірі, пысық ағасы Хасен інісін Семей шаһарына ертіп, жақын туыстарының үйіне орналастарып, медресеге оқуға береді. 

Бұл оқуды тәмамдаған соң Тайыр өнер-білім қуып, Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне түсіп, оны 1908-1911 жылдар аралығында оқып тауысады. Көрнекті татар ағартушысы, дінтанушы, жәдитшілдіктің үлкен тұлғасы Зия Камали негізін салған «Ғалия медресесінде» шығыстану пәндері, логика, философия, тарих, география, математикамен қатар орыс тілі, орыс әдебиеті пәндері оқытылған. 

Кейінірек жылдары Алаштың үркердей тобына айналған бір шоғыр талантты қазақ жастары Біләл Сүлейұлы, Бекмұхамед Серкебай, Әбдірахман Мұстафаұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Мұхамедғали Оразбаев, Нұғыман Манай, Жиенғали Тілепберген, т.б. осы оқу ордасын тәмамдағандар еді.

Тайыр атақты медресені тәмамдаған соң сол медреседе өзімен бірге оқып шыққан Адығия Фахирисламқызына үйленіп, Семей қаласына қайтып оралады. Заречная Слабодка деп аталатын Семей қаласының бір бөлігінде, яғни алаш кезеңінде Алаш қаласында ашылған мұсылман мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Тайыр мұнда ер балаларға, әйелі қыз балаларға сабақ берді.

Тайыр Жомартбайдың ағартушылық көзқарасы демократиялық құндылықтарға негізделген, ол алаш идеясымен өзектес болып келеді. Отарлауға ұшыраған қазақ халқының заңды бостандығын көксейтін, халықтың тарихи әділетті жолын таңдауға құқығы бар екенін ескеретін идея, әсіресе қазақ қыздарының еркіндігі, теңдігі тақырыбы – Тайырдың азаматтық көзқарасының айқын жемісі. 

Тайыр жаңашыл мұғалім ғана емес, мәдени-ағарту ісіне белсене атсалысқан, сол кездегі белгілі мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің қатарында болған тұлға. Оның «Қыз көрелік» романының қазақтың алғашқы романдарының қатарында жарық көруі сол кезең үшін айрықша маңызды оқиға болады. 

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, академик Р. Нұрғали Т. Жомартбай романының идеясы жайында: «Қаламгер ұстаздық қызметінде роман сюжетінде қолданатын француз ертегісіндегі шешендік сұраққа ойға қалуы, қыз кімді таңдайды дегенге шәкірттерін де ойлантып, өзі де ойланған болуы керек. Қыз таңдауы ғаламат сыйлықтар әкелген жігіттерге емес, адамзатқа пайдасы мол, теңдесі жоқ қажетті нәрселерді жасай алатын сауатты, білімді, өнерлі жігітте болуы керек деген ойдан туындаған тәрізді. «Қыз көретін жігітті бір көрелік» идеясының бастауы ағартушы-демократтық көзқарас, қызметте екені белгілі» дейді.

Тайырдың шығармашылық жолы өлеңмен жазылған «Балаларға жеміс» атты кітабынан басталады. Бұл кітап Семей қаласында 1912 жылы «Жәрдем» («Ярдам») баспаханасынан басылып шықты.

«Бұл кітап жинағында басылған Тайырдың барлық 16 өлеңі, сондай-ақ бұрын баспа бетінде жарияланбаған 14 өлеңі енгізілген. Сондай  шығармаларының  қатарында «Су  болған  жаңбыр жаумай», «Тілек», «Ербосынға»,  «Құранға  арнадым», «Масғұтқа»,  «Сайпеңе», «Бибіжанға», «Қос қыз», «Күмісқасқа», «Оразғалиға», «Есешке» атты арнау  өлеңдері мен  мақалалары және фелетоны бар. Әйтсе  де Тайырдың  кейбір  өлеңдері мен мақалалары,  фельетоны күні  бүгінге  дейін баспа  бетін  көрген жоқ» дейді зерттеушілер.

Т. Жомартбай осы кітабы арқылы ұстаздық қызметі ақындықпен ұштастырып, ағартушылық миссияны үстемелейді. Ол жас ұрпақты оқуға шақырып, өнер-білімнің, ғылымның пайдасын айтады, білімнің маңызын тсүіндіреді, өлеңмен әсерлі етіп суреттеп береді. Ақынның жырлары жас балалардың сана-сезімін оятып, көңіл көзін ашып, адамгершілікке, ізгілікке, мейірімді, бауырмал болуға, адалдыққа, еңбекке баулып, тәлім-тәрбие беруге арналған. Жеміс жегеннен қарын тоятын болса, білім жемісінен жаның тоятынын, рухың оянып, мінездерің қалыптастынын жеткізеді. 

Бар саналы ғұмырын ұрпақ жолына жұмсаған, қазақ әдебиетіне ақ, адал қызмет еткен Тайыр Жомартбайұлы – сталиндік репрессия құрбаны. Кузнецк қаласындағы №23 мектепте  жұмыс істеп жүрген кезінде айыпталған ол Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына ұшырады. Қарапайым мұғалім, ақиық ақын, дарынды драматург, жалынды журналист – Есіл ердің ойындағы арманы, ойы толық орындалмай қалды. 

Қорыта айтқанда, Тайыр Жомартбайдың қоғамдық-педагогикалық қызметі мен шығармашылық-әдеби мұрасы ұлт балаларын тәрбиелеуге, білім нұрын шашуға, қазақ тілі мен әдебиетін дамытуға, білім слаасын жетілдіруге арналған. Оның мерзімді басылым беттерінде жариялаған публицистикалық шығармалары, мақалалары мен фельетондары ағартушылық-демкратиялық идеяларға бағытталған. 

Бар  өмірін, бар білімі мен өмірлік тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне, жастарға арнаған Тайыр Жомартбайдың шығармашылық мұрасы халық арасында насихатталып, ұрпақ жадында жатталып тұрады. «Халқым», «елім» деп соққан әзіз жүрек иесінің есімі әркез сақталады. Биыл алаш зиялысының туғанына 140 жыл толып отыр, дөңгелек даталы мерейтойын туған өлкесінен бастап, қазақ даласының әр өңірі атап өтуге тиіс деп білеміз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?