Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алашорда ақсақалы

1654
Алашорда ақсақалы - e-history.kz

Ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының Алашорда үкіметіне қатысы туралы кейбір жайларды, ең алдымен оның Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен арадағы үлкен туыстық, достық қарым-қатынасына байланыстыра отырып айтқан дұрыс. Өкінішке қарай, кешегі кеңес өкіметі кезінде бұл тақырыпта сөз қозғау мүмкін болмады. Алаш зиялылары артына қалдырған әдеби-рухани құндылықтарымыз туралы ауыз ашпақ тұрсын, олардың есімдерін атаудың өзі қорқынышты болды. Алайда, хакім Абайдың немере інісі, ақындық мектебінің ірі маңдайалды дарынды шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлын мүмкіндігінше әдеби шығармашылық тұрғыда ақтап алуға тырыстық. Оған кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің алғаш 1950 жылы Шәкәрім мұрасына араша түскен жанкешті әрекеті жеткілікті дәлел бола алады. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының XIX ғ. соңы мен ХХ ғ. бірінші ширегіндегі қоғамдық-азаматтық қызметі туралы мүлде айтылмады. Бұл түсінікті де еді.

Дегенмен, 1980 жылдың соңына қарай кеңестік қоғамда бел алған демократиялық жаңаруларға байланысты бұрын тыйым салынып келген Шәкәрім шығармашылығына елдің қайта қызығушылығы артты. Әдеби және ғылыми қауымның сұрауына орай 1987 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының шешімімен құрылған Шәкәрім Құдайбердиевтің әдеби мұрасын зерттеу жөніндегі мемлекеттік комиссия алты айдай жұмыс істеп, біраз шаруа тындырды. Соның нәтижесінде, 1988 жылы тұңғыш рет республикалық «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан Шәкәрім шығармалары екі бірдей кітап болып жарық көрді. Бірақ жоғары билік органы ғұлама ақынның әдеби мұрасын ел игілігіне жарату жайындағы мемлекеттік комиссияның ұсыныстарымен келіскенімен, оның Алашорда үкіметіне қатысын «уақытша жаңылысулар мен кателесулер» деп бағалады. Әлі де бұрынғы пікірінен қайта қоймаған Компартияның Шәкәрімді ақтаудағы берген саяси бағасы осындай еді. Тек 1990 жылы Кеңес Одағы ыдырап, тарайтын тұста құрылып, жұмыс істеген мемлекеттік комиссия ғана Шәкәрім Құдайбердіұлын Алаш қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев Ж. Аймауытовтармен бірге толықтай ақтап алды.

Ал енді жоғарыда сөз болған Әлихан мен Шәкәрімнің достығына келсек, олардың бір-бірін сырттай болса да танып білуі сонау 1900 жылы дәлірек айтқанда болашақ Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Ә.Бөкейхановтың қазақ жер пайдалануын зерттеуші Ф.Щербин экспедициясында ғылыми жұмыспен айналысып жүрген кезінде басталса керек.

Кемеңгер ақынымыз Абай қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде Ә. Бөкейхановтың алғашқыда 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, одан соң 1907 жылы Семейдегі орыс географиялық қоғамының ғылыми еңбектер жинағында Абай Құнанбайұғлының тұңғыш ғұмырбаяндық азанамасын жазып жариялауы, 1909 жылы Санкт-Петербургтен алғаш Абай өлеңдерін жеке кітап етіп бастырып шығаруға қамқорлық көрсетіп, қолғабыс тигізуі тәрізді тағы басқа осындай белгілі жайлар оның Абай балаларымен, жалпы аға сұлтан Құнанбай әулетімен арадағы достық қарым-қатынасын күшейте түскенін білеміз.

Алаш көсемі Ә.Бөкейханов «Қазақ» газетінде жарық көрген «Кәкітай» атты мақаласында 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға депутат етіп сайлауға Семей облысы қазақтары атынан бес адамның бірі ретінде Шәкәрімнің кандидатурасын ұсынғанын, алайда ол өз жолын Темірғалиға беріп, басқаларға үлгі болғанын айтады (Осы жолы Семей облысы, Сейтен болыстығының болысы, бастауыш білімі бар, діни сауатты, әйгілі Қарқарыл петициясын орыс тіліне аударған Темірғали Нурекенов ІІ Думаға депутат болып сайланады). Және де ол аталмыш мақаласында: «...1908 ж. Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Турағұл әдейі қалаға келіп, тағы біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда, олар тағы келіп амандасқан. Бұған өзге қазақ жарамады-ау...» – дейді. Жалпы, Шәкәрім Құдайбердіұлы патшалық Ресейдегі бірінші орыс революциясынан басталатын Алаш ұлт- азаттық қозғалысына білек сыбана белсене араласып кетпесе де, оның Ә. Бөкейханов қызметімен тығыз байланысты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүргені айқын аңғарылады.

Осы орайда Ә. Бөкейхановтың II Мемлекеттік Думаға депутаттыққа Шәкәрім Құдайбердіұлы кандидатурасын ұсынуына байланысты мынадай бір жайларға баса назар аудару қажет секілді. Мысалы, зерттеуші ғалымдар М. Асылбеков пен Э. Сейітовтер өз еңбегінде І Мемлекеттік Думаға сайлау қарсаңында Ә. Бөкейхановтың басшылығымен Семейде қазақ зиялылары арасында құрылған кадет партиясы бастауыш ұйымының жиналысы болып өткені, оған 160-тан астам адам қатысқаны, жиналыс барысында кадет және «Халық еркі» партияларының уақытша өзара біріккені, қысқасы I және II Мемлекеттік Думаларға Ә. Бөкейхановтың өзі Семей облысынан осы кадет партиясы атынан ұсынылып, сайланғаны туралы деректерді келтіреді (Асылбеков М., Сеитов Э. Әлихан Букейхан - общественно-политический деятель и ученый. – Алматы, 2003. - С. 82).

Ресей кадет партиясы, жалпы сол кезеңде батыстың демократиялық бағытын ұстанған прогрессивті көзқарастағы күшті саяси ұйым болғанын, ал Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхановтың аталмыш кадет партиясына жайдан-жай мүшелікке еніп, қазақ зиялылары арасында кадет партиясы бөлімшесін кұра салмағанын естен шығармауымыз керек. Мысалы, Ә. Бөкейханов «Виктор Петрович Обнинский» атты мақаласында кадет партиясының атышулы шешені, білгіші В.П. Обнинскийдің жастай қайтыс болғанын айта келіп, «орыстағы барша бұратана жұрттардың саяси адамдарын біріктірген «автономист» партиясының ұйытқысы еді» деп өкініш білдіруі тегін емес. Тіпті Ә. Бөкейханов құрған «Алаш» партиясының саяси бағдарламасы сол кездегі Қазақстан қалаларында ресми тіркеліп, үгіт-насихат жүргізген «Кадет», «Халық еркі», «Социал-демократтар» секілді партиялардың бағдарламалары негізінде әзірленіп жасалғаны, қазір ашық айтылған. Алайда Ә. Бөкейхановтың осы кадеттерден мүлде қол үзіп кетуін «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласынан жақсы білеміз.

1917 жылғы ақпан және қазан төңкерісі кездерінде Семейде «Кадет» партиясының «Дело», ал «Халық еркі» партиясының «Халық сөзі» газеттері үзбей басылып шығып тұрды. Айтпақшы, «Халық сөзі» басылымның редакторы ұлты татар, бес сыныптық мұсылмандар училищесінің меңгерушісі, қалалық Думаның мүшесі, ең бастысы Шәкәрім қажы секілді кезінде Толстоймен хат жазысып, пікір алмасушы Семей зиялысы Рахметолла Меңғалиұлы Елкебаев болды. Ұлт санасы оянып, әлеуметтік-саяси белсенділігі күшейген осы тұста әрбір көзі ашық, оқыған азаматтардың қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарап қалмай белсене араласып, қатысуы заңды құбылыс еді. Демек, бұл арада Әлихан Бөкейхановтың «жұртқа көрсетуімен» Ш. Құдайбердіұлы ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттыққа кандидат болып жаңағы кадет партиясы атынан ұсынылмады емес пе екен? Олай болса, ғұлама ақынның да кадет партиясына бір қатысы болуы әбден мүмкін ғой...

Екіншіден, барша зиялы қазақ арасында үлкен білім мен беделге ие Ш. Құдайбердіұлының осы депутаттықтан бас тартып, өз жолын Темірғали Нүрекеновке бере салуының сыры неде? Меніңше, бұл арада ол саясаттан гөрі неғұрлым өзінің рухани ұстазы Толстойдың «кісікиік өмірін» көбірек қалағанға ұқсайды. Бір қызығы, Толстой да өзінің елуден асқан шағында елден жырақ кетіп, философиялық еңбектер жазумен айналысқан екен. Ол турасында Шәкәрім өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырбаяндық дастанында «Жиырма мен қырық арасы, Бос өткенін қарашы» деп бір кездегі билік қуып, болыс болған, би болған, сөйтіп білім-ғылымсыз бос өткен жастық өміріне өкініш білдіре келіп:

Сыр айтайын мен сізге, 

Әр түрлі жай бар басымда... 

Елімнен кеттім елсізге, 

Елуден асқан жасымда. 

Қора салған жеріме, 

Кіргендей болып көріме, 

Өкпеледім еліме,

Отырман деп касында. 

Аңшылық ескі салтым деп,

Корермін ақыр артын деп, 

Партия кудың халқым деп, 

Кәріңіз бен жасың да.

Қауымнан қаштым қағылып,

Оңаша омір сағынып,

Жасымда біткен тағылық, 

Осы екен ғой асыл да. 

Ойға оңаша жер керек 

Ойынды ұғар ел керек, 

Партия куған елбелек 

Ел озіне масыл да, – дейді. Ал ғұлама ақынның өзі «елуден асқан жасымда» деп айтатынындай, бұл кез 1907-1908 жылдарға, яғни ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттарды сайлауға тұспа-тұс келеді. Ендеше баяғыда-ақ «партия атаулыдан түңіліп, саясаттан бойын аулақ салған» Шәкәрімнің қоғамдық және әдеби шығармашылық өмірге бірыңғай бет бұратын кезі осы емес пе екен? Шынында, бұл ойымызды ғұлама ақынның қоғамдық және әдеби шығармашылық салалардағы істері, мәселен, оның білім-ғылым іздеп қажылық сапарға баруы, орыс ақын-жазушылары А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой шығармаларын аударуға ден қоюы, Семейдегі орыс географиялық қоғамының толық мүшесі атануы, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жанашыры әрі белсенді авторы ретінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси маңызы зор мәселелерге үнемі үн қосып, мақалалар жазып отыруы, сондай- ақ Семейдің «Жәрдем» баспасынан бірқатар құнды еңбектерінің жарық көруі тәрізді жайлар жан-жақты толықтыра түсетінін атап айтқан жөн.

Шәкәрім Құдайбердіұлы үлкен ақындық, оқымыстылық дарын-қабілетіне коса сол кездің өзінде-ак прогрессивті көзқарасымен, азаматтық белсенділігімен елге кеңінен танымал әйгілі тұлғаға айналды. Мысалға оны Шәкәрімнің алғаш «Қазақ» газеті ашылып, шыға бастағанда, оған тек құттықтау өлең арнап, шығармаларын жариялап қана қоймай, Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптар құрған «Азамат» серіктігін Кәкітай және Турағұл Құнанбайұлдары, Қаражан Үкібай, Мағат және Хасен Ақайұлдарымен бірге қызу қолдап, мүшелік жарна төлеп тұруы, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасындағы айтыс-тартысқа ақсақалдық тоқтау айтатыны тәрізді осындай үлкенді-кішілі қоғамдық істерінен көруге болады. Алаш көсемі Ә. Бөкейхановтан бастап ақиық ақындарымыз С. Торайғыр, С. Сейфуллин, белгілі журналист-тарихшы С. Ғаббасов және тағы басқалар өз еңбектерінде Шәкәрімнің қоғамдық-азаматтық қызметі туралы көптеген жылы пікір білдірді. Мысалы, Ә. Бөкейханов «Қазақ» газетіндегі «Мұсылман сиезі» мақаласында «Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп жазса, М. Дулатұлы «Айқап туралы» мақаласында «Егер «Қазаққа» жұрттың ықыласы «Айқаптан» гөрі артығырақ болса, біз мұны Шәкәрім қарт айтқандай, жаңа шыққан нәрсеге жұрт таңсықтығынан жабылып «Айқапқа» соның үшін салқын қарады деп ойлаймыз» дейді. Ал жетісулық атақты бай, меценат Есенғұл Маманов болса, «Қазақ» газетіндегі «Ашық хат азаматтарға» мақаласында былтырғы жылы қазақтың ақын-жазушылары үшін роман-бәйге жариялағанына тоқтала келіп, осыған орай жинақталған әдеби шығармаларға ұлт зиялылары ішінен Әлихан, Ахмет, Міржақып және тағы басқалармен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлының да белсене атсалысып, өз төрелігін айтуын сұрап өтініш білдіреді. Жалпы, 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейінгі ұлт санасының оянып, саяси-әлеуметтік белсенділігі күшейген осы кезеңде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Әділ-Мария», «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», «Білімдіден бес түрлі сөздің шешімін сұраймын», «Би һәм билік ту- ралы» тәрізді бірқатар әйгілі тарихи танымдық және публицистикалық еңбектерінің жарық көруі, шын мәнісінде, оның қазақ қоғамында орын алған оқиғаларға бей-жай қарап қалмағанын, әрдайым оған белсене ара- ласып отырғанын аңғартады. Мәселен, ғұлама ақын «Әділ-Мария» шығармасын алғашқыда «Қайғылы роман» деп атағанын, ал онда қазақ аулының 1910 жылғы өмір кезеңін суреттегенін білеміз. Сол сияқты «Би һәм билік туралы» мақаласында қазақтың ежелгі билік айту салт- дәстүрі, билер шешімінің әділ болуы керектігі әңгіме болады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының қоғамдық-саяси қызметі дегенімізде, жалпы, оның ел басқару билігіне ерте бастан, сонау жас жігіттік шағынан араласқанын атап айтқан жөн. Ел басқарудың өзі сол кездегі қазақ ауылдарының өміріндегі үлкенді-кішілі істерге, патшалық Ресейдің далалық өлкедегі жүргізген саяси шараларына қатысу екені белгілі. 1878 жылы Семей облысына қарасты Шыңғыстау өңірінде болыс сайлау науқаны өтешиеленісті жағдайда өтеді. Шыңғыстау болысындағы жеті старшын елдің әрқайсы өз атқамінерлерін болыстыққа ұсынып, қысқасы, екі партияға бөлініп, бір-біріне дауыс бермей отырып алады. Кемеңгер Абайдың ақыл-кеңесі және Семейден келген жоғары лауазымды бір шенеуніктің араласуымен, сол жолы жасы енді ғана жиырмаға іліккен жігіт Шәкәрім алғаш рет үш жылға Шыңғыстау болыстығына болыс болып тағайындалады. Ол өзінің осы ел басқару саласындағы қоғамдық қызметін 1878- 1880 жылдар аралығында атқарады. Шәкәрім осыдан кейін билікке араласты ма, жоқ па дегенге келсек, кейбір деректер бойынша оның тағы да бірер жыл Шыңғыстауда болыс болғандығы айтылады. Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердиевтің әкесі туралы естелігіне қарағанда, оның болыстықтан кеткен соң ел ішінде би болып, билік айтқаны туралы: «Шәкәрім кісі қағуға жүйрік еді. Ұры мен айтушыны қаққаны ешбір билердің қаққанына ұқсамайды. Айтушысы жоқ жұмысты тексергенде, демек, жеке ұрының, айыпкердің өзін қаққанда да шындығын табатын. Және Шәкәрімге келген адамдардын наразы болып кеткенін көргеміз жоқ», – деп жазады.

Жалпы, Шәкәрім Құдайбердіұлының гуманистік, қоғамдық-азаматтық қызметі арналарын екі кезеңге бөліп қарастыруымыз керек секілді. Мысалы, оның алғашқысы 1878-1917 жылдар аралығындағы жігіт ағасы Шәкәрімнің ел басқарып, билік айтудағы және қоғамдық, әдеби шығармашылық салалардағы өмір кезеңдерін қамтыса, ал соңғысы ғұлама ақын, ойшыл Шәкәрімнің 1917 ж. ақпан төңкерісінен бастап «Алаш» партиясы мен Ала- шорда үкіметі, сондай-ақ кеңес өкіметі жылдарындағы қоғамдық, әдеби шығармашылық қызметімен тікелей байланысты болып келеді.

Сонымен, Шәкәрім Құдайбердіұлының 1917 ж. ақпан төңкерісінен кейінгі гуманистік, қоғамдық бағыттағы өмір кезендері қандай оқиғалармен есте қалады? Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов кезінде бұл мәселенің астарына, әсіресе, ғұлама ақынның Алашордаға қатысты қызметіне байланысты кейбір жайларға біршама үңіліп, оған Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» шығармасында айтылған оқиғалармен түсінік беруге ұмтылған еді. Әрине, Алаш зиялылары әлі де толық ақтала қоймаған кеңес өкіметі кезінде ағынан жарылып бәрін айта қою мүмкін болмады. Сол себепті, Шәкәрімнің Алашорда үкіметіне қатысы туралы кейбір жайлар көлеңкеде қалып келді. Іс жүзінде ғұлама ақын әу бастан-ақ Алаш қайраткерлерінің «жеке өз алдына егеменді ел болсак, тәуелсіз мемлекет құрсақ» деген түпкі мақсатына қосылмай, бас тартып, ат-тонын ала қашқан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың 1913 ж. «Қазақ» газетіндегі «Алаш» не сөз?» деген мақаласына алғаш үн қосып, жауап қатқандардың бірі осы Шәкәрім Кұдайбердіұлы болды. Мұның өзі ғұлама ақынның тұңғыш саяси қазақ партиясының «Алаш» деп аталуы- на белгілі бір дәрежеде қатысы болды дегенді аңдатады. Сол сияқты Ә.Бөкейхановтың 1914 ж. жарық көрген «Би һәм билік» («Қазақ», 1914, №48-50) аталатын мақалаларына жауап ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Би һәм билік туралы» (Қазақ, 1914, No 65) мақаласын жазды, онда қазақ елінің әкімшілік және сот құрылысындағы бұрынғы әдет-ғұрып, салт-сана, би- лер билігі әңгіме болады. Тегінде, Шәкәрімнің билікке байланысты мұндай маңызды мәселелерді көтеруі, кейінде оны Алашорда үкіметі тұсында оны қазақ соты қызметіне тартуға басты себеп болған сыңайлы. Сондай-ақ Шәкәрім халыққа «теңдік, бостандық» әкелген 1917 ж. ақпан төңкерісі кезінде де «қазақ оқығандарының жетегіне» еріп, «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» өлеңдерін арнап, қоғамдағы болып жатқан дүбірлі оқиғалардан шет қалмағанын көреміз. Мысалы, С.Торайғыров «Таныстыру» поэмасында Шәкәрім ақсақал туралы:

Семейдің съезінде байқадық қой, 

Екенін қарт кемеңгер әм терең ой. 

Оқығандар болмаса жай қазақтан, 

Онан басқа кім шықты көрсетіп бой, - деп өз ризашылығын білдіреді. Ол 1917 ж. ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде ұлт зиялыларының «Алаш» партиясын және қазақ автономиясын құрсақ деген идеясымен облыстарда (соның ішінде Семейде) қазақ съездері жаппай өткізіліп жатқан кез еді. Осы жылы 27 сәуір, 7 маусым аралығында Семейге қарасты бес уезден (Өскемен, Семей, Павлодар, Қарқаралы, Зайсан) 200-дей, ал көршілес Ресейдің Бийск уезінен 2 өкілдің қатысуымен өткен облыстық съезде Алаш қайраткерлері Р.Мәрсеков, Ж.Ақбаев, Х.Ғаббасовтармен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлы да ұлт болашағы туралы пікір білдіріп, сөз сөйлейді (Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы, 1995. - 105-б.). 1917 ж. 21-26 шілде аралығында өткен бірінші жалпы қазақ съезі іс жүзінде «Алаш» партиясы мен ұлттық автономияны құруға негіз қалап берді. Көп ұзамай осы жылы қазан айында Семейде Ә.Бөкейхановтың басшылығымен «Алаш» партиясының облыстық комитеті құрылып, оның төрағасы болып Халел Ғаббасов сайланды.

Шәкәрім Құдайбердіұлының Алашордаға қатысына байланысты тағы бір дерек, оның 1917 ж. желтоқсанның 5-13 аралығында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезіне шақырылуы болды (Қазақ, 1917, No 250). Шын мәнісінде ұлт зиялылары бұл съезде Алашорда үкіме тін құруға қол жетті. Оған Семей облысынан Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, Турағұл Абайұлы, Жұмекен Оразалин, Ахмет Шығыров, Қабыш Бердалин, Ахметолла Барлыбаев қатысты. Міне, осы съезге қатысуға, Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың қол қоюымен арнайы жедел-хаттар жолданып, облыс-облыстан шақырылған баршаға белгілі беделді жиырма сегіз адамның ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының да есімі аталады. Ал енді ғұлама ақын оған қатысты ма, жоқ па, ол жағы белгісіздеу. Кейбір деректер «Шәкәрім бұл съезге қатыспағанын» меңзейді. Қалай десек те аталмыш бір ғана фактінің өзінен-ақ, оның әрдайым Алаш тілегінде болғанын көреміз.

Дегенмен, осыған қатысты мына бір жайды айта кеткен орынды ма деп есептеймін. 1917 ж. қараша-желтоқсан айлары Семей қаласында түрлі саяси оқиғаларға толы болды. Соның бірі Семейде Земстволық басқару жүйесін енгізуге байланысты алғашқыда уездік, одан соң облыстық Земство жиындары депутаттарын сайлаудың өткізілуі еді. Дәл осы кезеңде Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтар «Қазақ» газетіндегі Земство туралы жазған мақалаларында ақпан төңкерісінен кейінгі елдегі зор саяси өзгерістерге баға бере келіп, қазақ зиялыларын жергілікті жерлерде земстволық билікті қолға алу үшін сайлауға қызу қатысуға үндеді, сондай- ақ Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мәселесін көтерді. 1917 ж. қараша-желтоқсан айларында өткен осы земстволық сайлау науқандарына қазақ қауымының қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Сол кезеңде Семейде шығып тұрған «Дело» газетінде С.Возмитель деген біреу «О выборах гласных в Семеи- палатинское уездное Земство» атты мақаласында атал- мыш сайлау қорытындысына тоқталып, Семей уездік Земстволық жиынына депутаттыққа жетінші округ бойынша 38 қазақ (жалпы 40-тай дерлік) және екі орыс сайланғанын, орыс шаруалары мүддесіне қатысты мәселелерді шешуде бұл екеуінің даусы аздық ететініне реніш білдірген болады, бірақ қазақтардың бұл сайлауда үлкен ұйымшылдық танытқанын айтады. Со- нымен бірге бұл басылымда («Дело», 1917, No 145) Семей уездік Земствоны енгізу жөніндегі комитеттің (төрағасы С.Брюханов, хатшысы А.Колобов) өткізілген сайлау қорытындысы, яғни онда Семей уездік Земство жиынына депутаттыққа (гласныйлыққа) Семей қаласы- нан Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, М.Малдыбаев, И.Тарабаев, Н.Құлжанова, Заречная Слободкадан (Алаш қаласы) А.Қозыбағаров, Ж.Үкібаев, А.Аңдамасов, Қ.Мұздыбаев, Шыңғыс болысынан Ш.Құдайбердиев, Мұқыр болысынан К.Жанатаев, Қызылмола болысынан И.Қазанғапов тәрізді тағы басқа қазақ зиялылары сай- ланғаны туралы ресми мәліметі берілген. Міне, көріп отырсыздар, Шәкәрім Құдайбердіұлы Алашорда өмірге келген Орынбордағы екінші жалпы қазақ съезіне арнайы шақырылғанымен, оның оған барып қатыса алмауына осындай бір оқиғалар тізбегі себеп болғанға ұқсайды.

Бүгінде осы уездік, облыстық Земстволар басқармалары мен олардың депутаттар қауымының дәл осы жылдары оку-ағарту, денсаулық сақтау, азық-түлікпен жабдықтау, егіншілік пен шаруашылық жүргізу салаларында, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру, әкімшілік басқару мен сот жүйесінде болмасын қандай шешімдер қабылдап, нақты істер атқарғаны туралы деректерді Семей қазіргі заман тарихының құжатнама орталығы қорларынан кездестіруге болады. Қысқасы, 1917 ж. аласапыран уақытында Семейде құрылған қазақ комитеттері және жаңағы уездік, облыстық Земстволар басқармалары мен депутаттары Алашорда үкіметінің жергілікті жердегі сенімді көмекшісі әрі тірегі бола білді. Ал өзімен замандас Көкбай Жанатайұлы, Иманбазар Қазанғапов сынды арқалы ақындармен бірге Семей елі өміріндегі осындай оқиғалардың бел ортасында ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының да жүруі сөзсіз еді. Мәселен, оған Шәкәрім ақсақалдың Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедұлы әскери жаттығу жүргізіп жатқан кезде қапыда большевиктер атқан оқтан қаза болуына байланысты бүкіл елді жылатып сөйлеген сөзі дәлел болады. Әсіресе, мына бір дерекке ерекше тоқтала кеткен жөн бе деймін. 1918 ж. сәуір айында өткен Семей облыстық Земствосының бірінші төтенше жиналысында ең басты мәселенің бірі болып әкімшілік басқару мен сот жүйесін құру ісі қаралады, сөйтіп облыстық қазақ сотының төрағасы болып Мұқыш Поштаев, төраға орынбасары Иманбек Тарабаев және мүшелері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Смахан Бөкейханов, ал кандидаттыққа А.Аңдамасов пен Теміржанов сайланады (Семей қазіргі заман тарихының құжатнама орталығы. Қор-37, тізбе- 01, іс-26, папка-5).

Әрине, бұл арада айтайық дегеніміз, Шәкәрім Құдайбердіұлының аз уақыт болса да Алашорда үкіметінің төбе биі қызметін атқаруы туралы болып отыр. Ол «Мұтылғанның өмірі» атты шығармасында өзінің «сырттай сот болып сайлануының, алайда Алашорданың кейбір басшыларынан әділдік таппай соттықты тастап кетуінің» сырын жан-жақты ашып береді. Өкінішке қарай, осыны кешегі кеңес өкіметі кезінде «Шәкәрімнің Алашордаға қатысы жоқ, болмаған» деп айту үшін еріксіз тілге тиек еттік. Бірақ та оның Семейдегі Белгібай деген байдың қызын алып қашқан жас мұғалім жігіт Ғабдолла Қоскеевтің тағдырына араша түсіп, әділ шешім шығаруы, Алашордаға белгілі бір дәрежеде қатысы болғанын айғақтайтын факт екені даусыз. Ахат Шәкәрімұлы осы оқиғаны әкесі туралы естелігінде:

«1918 ж., мен орыс оқытушысынан орысша оқиын деп Семейге бардым. Кеңес өкіметі қазаққа соттықты берген соң, мұндағы Алаш азаматтары облыстық соттың бастығы етіп сырттай әкейді сайлаған. Біз қаланың Жоламан жақтағы шетінде, Үдері дегеннің үйінде жаттық. Семейдегі Белгібай деген байдың қызы бір мұғаліммен кашып кетті дегенді есіттік... Ертеңінде Жаңасемей базарының жоғары жағында, Қаражан байдың мектепке жалдаған үйі болатын. Сот сонда болатын болды. Алаш бастығы Әлихан Бөкейханов Омбыға кетіп, орнына уақытша Мұхаметжан Тынышбаев тұрған. Сот болатын залға жұрт лық толды. Мен есік босағасында тұрдым. Сыймағандар есіктен сығалап тұрды. Алдыңғы қатарда қыз, Белгібайдың туғандары отырды. Басы орамалмен таңулы, беті, маңдайы көкала болған мұғалім тұрды. Оның артында мылтық ұстаған солдат тұр. Соттар келгенде, отырған жұрт түрегелді. Әкейдің екі жағында Мұқыш Поштаев пен Смахан Бөкейханов отырды. Мұқыш Белгібай атынан жазылған арызды оқыды... Соттар оңаша бөлмесіне кіріп кетті. Аздан соң, соттар шықты. Жұрт түрегелді. Мұқыш соттың билігін оқыды. Бас жағында: «Біздің сот – ар соты, ардан, адамгершіліктен аспай, әділін айтамыз...» - деген сияқты сөздерді оқып келіп: «Қыздың басына бостандық берілсін! Өзі сүйген адамына барсын!» - деп тоқтады. Залдағылар ду қол шапалақтап жіберді... Ыспан қажы орнынан атып тұрып, әкейге қарап, қатқыл дауыспен: «Ей, Шәкәрім! Алашорданы астыңмен басып отырғанынды көрермін! Алаш азаматтары, қауым не бізбен болар, не сенімен болар! Босаға бұзып, жесірімді тартып алып отырған бұзақыны ақтап жіберген арам билікті қайдан көрдің?! Бұл билігіңді алмаймын! Жеріне жеткенше қуармын!» - деді... Кешке әкей қатты күйзеліп келді. Аңқау, ақкөңіл Үдері қажы: «Қарағым, ауырып келдің бе? Өңің қашып кетіпті?!» дегенде, әкей: «Мен босқа әуре болып жүр екем! Басшылардың елді ел қылатын түрі жоқ! Баяғы күндестік! Баяғы мансапқұмарлық! Өзімшілдік! Баяғы рушылдық, партиядан арылар түрі жоқ! Елді қорғау, адалды жақтау жоқ! Сорлы елге, сор жауыны сорғалағаннан басқа түк жоқ! Бұлардан үміт-қайыр жоқтығына көзім жетті! Ел оқығандары ғой, елді адал жолға бастайды бұлар деп сеніппін! Қаталасыппын!» деді... Осы түнде әкей: «Партия қуған өңкей кырт», «Тыныштық жоқ, тыным жок», деп басталатын өлеңдерін қолма-қол ашу үстінде жазды. Ертеңінде Быков деген доктырды шақыртып алып, іш ауруымын қағаз алды да, атын жеккізіп, Жаңасемейдегі Абдрахман байдың үйіндегі Алаштың кеңсесіне келіп кірді. Мен, Дүйсембі екеуіміз қақпа алдында, арбада отырдық. Әлден уақытта әкей шығып: «Ертең елге қайтатын болдық. Бүгін керек-жарақ аламыз», деді. Сүйтіп, әкей ауылға қайтып кетті», - деп суреттейді.

Шәкәрім «Алашорда соты қызметінен өз еркімен бас тартты» десек те, ол осы сот жұмысынан мүлде қол үзіп кетпеген сыңайлы. Олай дейтініміз, Семей қазіргі заман тарихының құжатнама орталығынан табылған мына бір деректе (кор-37, тізбе-01, іс-7) 1919 ж. 29 шілдесінде Семей уездік Земствосы басқармасына Шыңғыс болысының басқарушысы Біләл Құнанбаевтың (есімі көрсетілмеген автор – Е.С.) кол коюымен 1920 жылға Шыңғыс болысы бойынша халық соты қызметін атқаруға құқысы бар адамдардың тізімі берілген. Соның ішінде Абай балалары Турағұл, Мекайыл, Ізкайіл және немересі Срайыл, Құнанбай шөбересі Біләлдармен бірге Шәкәрімнің де есімі «Худайбердин Шакарим, 60 лет, грамотный, №2 аул» деп аталып көрсетіледі. Шәкәрім қажының осы бір аласапыран жылдардағы өмір ке- зеңдері туралы көрнекті әдебиетші ғалым, жазушы Мухтар Мағауин: «1917-1925 ж.ж. аралығында Шәкәрім аз уақыт дүниауи өмірге қайта оралғандай болады, ел ішіндегі игі өзгерістерді құттықтайды, газет-журналдар бетінде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда, қарт ақын көп ұзамай қайтадан ел тіршілігінен аулақтайды» дейді (Мағауин М. Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар. Жалын баспасы, Алматы 1988.-8-б.).

Шәкәрімнің өмірдегі және өнердегі жолы, шынында да, М.Мағауин айтқандай, «ұзақ та ұлағатты, келісті әрі күрделі» болды. Адамгершілік асыл қасиеттерді өміріне арқау етіп, оны ақындық құдірет-дарыны және биік азаматтық ісімен халқына үйретуге ұмтылған ғұлама ойшылдың жан дүниесіндегі қуаныш-күйініш сезімдерінің сырын бірден дөп басып, ашып айту, әрине өте қиын. Дегенмен, Шәкәрім өмірінің соңғы кезіндегі осы көңіл күйін, оның «Қорқыт сарынымен» жазған өлеңімен бейнелеп жеткізсек пе деймін. Сонымен ол: 

Кешегі өткен ер Қорқыт, 

Кейінгі жанға болды ұмыт. 

Сарынын ән деп салайын, 

Ескі ауыз демей құлақ тұт. 

Ескермей кетпе арынмен, 

Қобызбен Қорқыт сарнаған.

Қалмады жері бармаған, 

Мұңлы әнмен өмір суреттеп, 

Осы әнін соған арнаган. 

Ашулы, мұңлы сарынмен, 

Қорқыт түбі түрік, қалмақ, 

Ойы - өлім мен өмір жайын әнге салмақ. 

Ол ән аяғын сөзсіз сарынмен, 

Шер тарқатыпты, зарлал.

Отырмын таудың басында, 

Жетпістен асқан шағымда. 

Жапанды жалғыз кезетін, 

Жолдасым жоқ жанымда. 

Жаһанда қалған мен бір шал, 

Қар басқан дала, қалың қар.

Ішімде қайғы, зарым бар, 

Артым бір тұман, алдым жар, 

Көз жетпес бұлдыр жолым тар, 

Ұққаның сөзге құлақ сал, 

Кетсін сар далага сарын, 

Желмен жайылсын әлемге, 

Бұл айтылған зарым.

Бар арлы адамның жетіп ойына, 

Қозғап адамшылық арын. 

Бостандықта елім қаналмай, 

Әділет жолын таба алмай, 

Бастыққа айтқан мұңдары, 

Есепке жатыр саналмай. 

Түзелмей отыр басшылар. 

Қойылса екен жақсылар, 

Елменен еркін санасар.

Саналы, ойлы сахилар. 

Бостандық жолға салатын, 

Көп арыз жолда қалатын, 

Жалған емес, анық сөзім,

Айтам, керген сол ауыр халін елдің. 

Мен кеттім, 

Ал, жақсыларым жәрдем ет, 

Әділ болсын сөзің, - дейді. 

Шәкәрімнің гуманистік, қоғамдық-азаматтық бағыттағы қызметі туралы айтқанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен арадағы үлкен достық қатынасына байланысты, міне, осындай жайлар ойға оралады.

Ерлан Сыдықов, тарихшы, ҚР ҰҒА академигі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?