Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елордада кітап мерекесі

726
Елордада кітап мерекесі - e-history.kz

Бүгін ЭКСПО Конгресс орталығында «Astana Eurasian Book Fair – 2024» VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ресми ашылу салтанаты өтті.

Орталық азиядағы теңдессіз мәдени жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру, оқырмандарға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең жақсы заманауи ассортиментін ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу, әлемдік баспалармен байланыс орнату және баспа ісіндегі жетістіктерді көрсету. 

2016 жылы алғаш рет өткізілген «Astana Eurasian Book Fair – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесінің бірден-бір ұйымдастырушысы – «Фолиант» баспасы. «Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы бірегей баспа. 30 қыркүйек күні ашылғалы бері баспа отандық баспа сферасынан тыс шетелдік кеңістікте те мойындалып, зор қызмет сіңіріп келеді. Баспаның бас редакциясы, меншікті өндіріс және сауда үйі Астана қаласында орналасқан, ал ресейлік бөлімшесі Мәскеуде жұмыс істейді.

«Фолиант» баспасы жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне аударып және басып шығарады. Өнімдер ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар. Соңғы жылдары оқырман сұранысын зерттей отырып, балалар контентіне байланысты да көптеген еңбектерді басып шығарды. 

7 реті жалауын көтеріп отырған биылғы кітап мерекесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын ұсынатын 70-ке жуық компания қатысуға өтініш білдірген. 

«Astana Eurasian Book Fair – 2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме қонақтары мен қатысушыларын жетекші қазақстандық және шетелдік баспалардан балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиеттердің тұсаукесері, белгілі ақын-жазушылармен қолтаңба-сессиялар, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер күтеді. Бес күндік көрмеде күн сайын ойын алаңында кітап оқу, шеберлік сыныптары және тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізіледі.

Жаңа кітаптардың биылғы таныстырылымында Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабы, Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы, арабтың халық романы «Бейбарыс» кітабы, Таупық Рымжановтың «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі» атты фэнтези кітабы, Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан» атты тарихи романы, «Зүлейханың оянуы», «Самарқанға бағыт алған эшелон» кітаптарының авторы Гүзел Яхинамен кездесу, Ұларбек Дәлей «Хат бармайтын қыстақ», Есбол Нұрахмет «Таусылмас түн», Ерболат Әбікенұлы «Министр» атты кітаптары, Б. Сәрмекова «Кейіпкер», М. Шүйіншәлиева «Ар азабы», Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы» кітаптарының таныстырылымы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ 2024 жылы 18-19 сәуірде Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Professional Meetings of Publishers деген атпен танымал Astana Publishing Fellowship стипендиялық бағдарламасы өткізіледі. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы баспа саласын жергілікті деңгейден әлемдік деңгейге дейін кеңейту, әлемдік баспа тәжірибесінен үлгі алу, сондай-ақ баспа қызметінің сапасын арттыру. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бағдарламаға қазақстандық баспагерлерден басқа Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей және ТМД-ның басқа елдері мен таяу шетелдердің баспагерлері қатысады деп жоспарланып отыр. Екі күн ішінде баспа өкілдері, редакторлар және авторлық құқық қызметкерлері әрқайсысы жарты сағаттан тұратын B2B іскерлік кездесулеріне қатысады. 

Кітап көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысады. Ашылу салтанаты 17 сәуірде сағат 11:00-де Г. Әлиев көшесі, 12 мекенжайындағы Конгресс орталығының фойесінде өтеді. Кіру бағасы 500 теңге (зейнеткерлерге, балаларға, оқушыларға, студенттерге, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін). Жиналған қаржы су тасқынынан зардап шекен аймақтарға жіберіледі. 

Көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы келесі номинациялар бойынша өтеді: 

  • Үздік оқулық
  • Үздік өлкетану басылымы
  • Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап
  • Мәдениет және өнер
  • Ғылым және инновация
  • ГРАН-ПРИ

Сондай-ақ көрме барысында бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындары өткізіледі.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?