Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жошы хан туралы алғашқы жаңа роман

2667
Жошы хан туралы алғашқы жаңа роман - e-history.kz

Сізге өтірік, маған шын, Шыңғыс хан туралы қалың кітаптар жазылғанымен, біреуі Жошыға арналмапты. Алғашқы жеке драма Думан Рамазанның қаламынан туса, алғашқы жеке роман Ұларбек Дәлейұлынан шығып отыр.

Қазақ қарасөзіне ат қойып андағайлап енген аға-досым Ұларбек Дәлейұлын жаңа табысымен құттықтаймын. «Жошы хан» романы тұңғыш болуынан бөлек, деректілігімен, көркемдігімен, суреткерлігімен оқырман қауымды баурайтынына кәміл сенеміз. Есугей-Темужин-Жошы болып тартылған роман желісі сол дәуірге тән жазба деректерді ұтымды пайдалануымен, оқиғаларды сипаттауда шынайы фактілерді қолдануымен құнды бола түседі. 

Шығармада көшпелілер өркениетінің қыз-қыз қайнаған, аса бір дәуірлеген кезеңінде өмірге келген Жошының балалық, жастық шағы, өскен ортасы, қоршаған айналасы, алғашқы жорық жолдары мен ғұмырының ақырғы сәттері толық суреттеледі.

Атақты «Фолиант» баспасынан жарық көрген романның көлемі 30 баспа табақ, 480 бетті құрап отыр. Жалпы 23 хикаяға жіктелген. Әр хикаяның ішінде бірнеше тақырыптарға бөлінген, айталық бірінші хикая «Есугейдің іңір әлетінде Батсайғұн бақсының тұлымын кесуі. Қоныстан жеткен хабарға Сарқы әулиенің көз жасын төгуі» деп берілген. Әр хикаяға тақырып қоюда да Рашид ад-Дин үлгісін жақсы қолданған. Оның үстіне осы тарауда айтылатын әңгіменің тезисі ретінде «Жамиғ-ат-тауарих» сынды сол дәуір шежіресінен тиісті цитаталарды тиімді пайдалана алған. Мұндай тақырыптар романның сыртқы қаңқасы мен ішкі мазмұнын жинақтап, жымдастырып отыратыны анық.

Осылайша хандардың ханы, қазақ хандарының атасы Жошы ханның бекзат болмысын, қайырымды қалып-мінезін, парасатты ақыл-айласын, өр рухын, Қазақ хандығының негізі болған Жошы ұлысының құрылу кезеңін шынайы суреттеген туынды өмірге келді. 

Сиясы әлі кеуіп үлгермеген, баспадан жаңа басыла салған беті авторға берілген бес-ақ дана кітаптың біреуі біздің еншімізге қолтаңбасымен бұйырды. Құтты, қайырлы болсын дейміз! Алдағы жазылатын басқа да үлкен шығармалардың беташары, жолбастары болсын!

Қазір президент Қ. Тоқаев Жошы ханды ұлықтауға байланысты көптеген бастамалар көтеріп, мақалаларында атап жүр. Олай болса, Жошыны дәріптеу арқылы мемлекетіміздің елдік негізін қалыптастырып, тарихи санамызды жаңғырта түсеміз.

Кітаптың таныстырылымы 20 сәуір күні Астана қаласы Конгресс орталығында (Г. Әлиев 12 мекенжайында) өтеді. Оған зиялы қауым, ақын-жазушылар мен тарихшылар, баспа өкілдері қатыспақшы.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?