Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Маңғыстаудың арғы тарихы туралы зерттеулер

1421
Маңғыстаудың арғы тарихы туралы зерттеулер - e-history.kz

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Абланова Эльвира Амангелдіқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Эльвира Амангелдіқызы, Маңғыстау тарихына қатысты толымды зерттеу жасап жүрген ғалымдардың бірісіз. Өзіңіздің зерттеу бағытыңыз қандай? Ғылыми ізденіс барысында дереккөздерді қайдан іздейсіз? Осы төңірегінде әңгіме өрбітсек. 

- Өзім жайлы қысқаша таныстырып өтетін болсам – тарихшымын. ҚазҰУ-дің тарих факультетін бітіргенмін. Отыз жыл уақыт университетте сабақ бердім. Ақтаудағы Есенов университетінде, «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі болдым. ҚазМҰУ-дің аспирантурасынан өттім. Ғылыми жолым ҚазМҰУ мектебінде қалыптасты деуге болады. Айналысатын басты ғылыми тақырыбым – Қазан төңкерісіне дейінгі Маңғыстау тарихы.

Маңғыстау түбегін иеленген Кіші жүз қазақтары мен түркімендер қарым-қатынасы, олардың қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи дамуын жаңа методолгиялық позиция тұрғысынан әлемдік өркениет эволюциясының логикасына сай қарастыру қажеттілігі туындайды. XVIII-XX ғғ. басында зерттеліп отырған аймақтың саяси-экономикалық дамуы тұрақсыз сипатта өрістеді. Түбекті билеуші элита құрамы қалмақтардан түркмендерге, одан қазақтарға өтіп, өзгеріп, өзіндік бір трансформация жүзеге асты. Бұл кезең жарты аралды қоныстанушылардың біресе ауыл-ауылымен үдере көшіп, жердің қаңырап бос қалуымен, біресе лек-легімен қайтып келіп тұрақтануымен суреттеледі.

 Оның ішінде ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларды біршама зерттедім. Қазіргі күні ХҮ-ХҮІ ғасырлар кезеңін қарастырудамын. Зерттеу жұмысы бойынша бұрынғы кеңестік, қазіргі ТМД елдерінің орталық архивтерінде ізденіс жұмыстарын жүргіздік. Атап айтқанда зерттеу жұмысының деректік негізін Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архив қорлары; Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архив деректері, Грузия Республикасы Орталық мемлекеттік архив қоры, Армения мемлекетінің ұлттық архиві, Әзірбайжан мемлекетінің ұлттық архиві; Нейтралды Түркменстан мемлекеттік архивінің деректері, Ресей Федерациясы (Москва, Санкт-Петербург, Астрахань, Орынбор, Ставрополь өлкесі, Қалмақ Республикасы) мемлекеттік архив қорлары құрады. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінен, Ташкент қаласындағы Низами атындағы орталық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан алынған жазбалар, Чавчавадзе атындағы Ұлттық Парламент кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан; Түркменбашы атындағы Түркменстан орталық кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан жинақталған мәліметтер мен Санкт-Петербург қаласындағы орталық жария кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан алынған жазбаша мәліметтер құрайды.

Жинақталған деректер бойынша XVII- XVIII ғасырлар межесіндегі деректер табылып, ғылыми айналымға енгізілді. 

Маңғыстауда қалмақтар мекендеген кезеңге қатысты деректер жинау үшін Элистадағы Қалмақияның орталық архивінде отырдым. Маңғыстаудағы түрікмендер мекендеген кезеңге де біраз зерттеулер жасадым. Себебі, Маңғыстауға қазақтар түпкілікті мекендегенге дейін біршама уақыт түркімендер де қоныстанды ғой. Мен жалпы басында мақсат қойғанда Маңғыстаудағы қазақтардың тарихымен ғана айналысамын деп жоспарлаған едім. Ал кейін деректердің ретіне қарай тереңдеп түсе бердім де, ары қарата не бар екенін зерттеу қажет екенін ұғына түстім. «Жеті жұрт келіп кеткен» демекші, осы өлкеде әр кезеңде мекендеген жұрттарға қатысты зерттеулер біртіндеп ұласа берді. Осыған байланысты Маңғыстаудың түрікмендер кезеңіне қатысты Ресейдегі Ставрополь архивінде де болдым. Себебі Ставропольде бір замандары Маңғыстаудан кеткен түрікмендердің күні бүгінге дейін тұтаса орналасқан қоныстары бар. Солардың деректерімен танысқан болатынмын. 

- Бір замандарда осы Маңғыстау түбегі арқылы Ресейдің Ставрополь өлкесіне өтіп, сонда күні бүгінге дейін мекендеп жатқан түркімендер тарихының зерттелуі туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- Бұл жөнінде біршама зерттеулер жүргізілгенін көреміз. Осы тақырып ауқымында біршама деректерді шолдық. Ставрополь аймақтық мемлекеттік мұражай қорынан табылған деректерде XIX ғасыр басындағы Маңғыстаудан қоныс аударған түркмендер шаруашылығын, күн көріс әдісін суреттейтін 408-қор – «Қызыл Қопан түркмен халқының 1802-1916 жж. аралығындағы мәліметтері», 410-қор «Ачикул және түркімен приставтарының 1860-1891 жж. құжаттары» қарастырылды. 

Ставрополь өлкелік мемлекеттік архив қорында ХVІІІ ғасырдан бастап осы өлкеге Маңғыстаудан қоныс аударған түркімен руларының сандық есебі, 1872 жылғы VІІІ Халықаралық Статистикалық Конгресс құжаттары, салыстырмалы статистикалық есептер жиынтығы, көшпелі түркімендерді, қалмақтарды тіркеу карточкалары, жеке адамның аты-жөні, жынысы, жасы, отбасындағы басты тұлға, шаруашылығы, азаматтың жағдайы, айналысатын ісі, кәсібі, қабылдаған діні, тілі сауаттылығы, туған жері, ұлты, тұрғылықты жері, дене мүшесіндегі кемістіктер: соқыр, саңырау, мылқау, есуас, психикалық кемістігі толықтай тізімделген екен.

Аталған қорда түркімен қоғамының отбасы тізімі, Ставрополь аймағындағы Өзен-Суат, Қызыл-Қопан ставкасы, Куликов-Қопан ауылдарында қоныстанған және көшіп-қонып жүрген түркмендер туралы баяндама есептері жарияланған. Маңғыстаудан ығысып Ставрополь аймағына дейін жеткен түркмен руларының өткені жайлы статистикалық есептік жинақтан басқа бұл мұражайда И.Л.Шегловтың (926-іс) қолжазбаларынан ХХ ғасырдың басындағы көшпелі және отырықшы түркмендердің Кавказ өңіріне қалай миграцияға кеткендігі, оларға бөлінген жер кесінділерін үлестіру ережесінің жазбасы т.б дәйектер сақталған.

Одан кейін Астрахань архивінде де көп отырдым. Себебі Маңғыстау мен Астрахань арасында теңіз жолы арқылы өте керемет байланыс болған. Соған қатысты деректер жинадым.

- Архивтен ақпарат іздеу дегеннің өзі де кенорыннан бағалы металл немесе асыл тас іздегенмен бірдей ғой. 

- Солай. Дегенмен архивке барғанда бізде көп адамдар, жас тарихшылар архив құжаттары алдынан қабат-қабат қатталып, фрагменттеліп шыға келетіндей ойлауы мүмкін. Ал шындығында көбінесе олай емес қой. Жалпы сыртқа шықса-ақ тұтасымен тарихи деректер толып тұр деп үміттенуге болмайды. Бір барғаныңызда басы бар, аяғы жоқ, аяғы бар басы жоқ, фрагментті деректер кездесуі мүмкін. Кейде соншама жерден уақыт пен қаражат бөліп барғанда дым таба алмай тауың шағылып қайтатын кез болады. Бірақ тағы бір барғаныңда іздеп жүрген тақырыбыңа қатысты бір ғана сөйлем тауып қайтуыңыз мүмкін. Түйіндей айтқанда, өткен ғасырларға қатысты жеке аймақ тарихы бойынша деректер  – фрагмент-фрагменттен тұрады ғой. Соларды құрастырып, зерттеу қажет болады. Осыны іздене отырып, шөп ішінен ине іздегендей ыждағаттылықтан жаңылмасаңыз ғана сәттілік жолдасыңыз болады. 

- Алтын Орданың жұртында қалыптасып дәуірлеген Ноғай ордасының да осы өңірге қатысы бар деуге бола ма? 

- Ноғай Ордасы, Маңғыт ұлысы – Алтын Орда ыдырап, Ақ Орда әлсірегеннен кейін Батыс Қазақстан жеріне іргелес аймақта пайда болған мемлекеттік бірлестік. Негізгі аумағы Еділ мен Жайық аралығы болғанымен, шығыста Жайықтың сол жағасына, солтүстік-шығыста Батыс Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батыста Қазанға дейін, оңтүстік-батыста Арал, Каспий теңізіне дейін, кейде Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі алқапты қамтыды.

Жалпы Ноғай Ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл процесс XIV ғасырда әмір Едіге тұсында жалғасып, оның баласы Нұрад-диннің (1426-1440 жж) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы үстем тайпа маңғыттар болды. «Ноғай», «ноғайлықтар», «Ноғай Ордасы» деген терминдер әдебиетте алғаш рет тек XVI ғасырдың басында ғана пайда болды, ноғайлар өздерін маңғыт деп, ал өз ұлысын «Маңғыт жұрты» деп атаған. Оларды көрші халықтар осы атпен білген.

«Ноғай» атауы бұдан кейініректе, алғаш орыс жылнамаларында (1479 ж.), кейін шығыс деректерінде (1500 ж.) пайда болған. Бұл атаудың шығу тегі туралы көптеген зерттеушілер XIII ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда әскерінің қолбасшысы Ноғай иелігіне қараған ұлыс халқы «ноғай», «ноғайлы» аталғандықтан деп санайды.

Тарихшылар А.Б.Кочекаев, И.Х.Калмыков және басқалары ноғайлардың монғол-қыпшақтардан тарағандығы туралы белгілі зерттеушілердің пікірлерін келтіреді; олардың көпшілігі (С.Е.Малов, Р.Г.Кузеев және басқалары) Ноғай Ордасы негізгі тұрғындарының шығу тегін Алтын Орда түменімен, XIII ғасырда Ноғай әскерінің құрамына кірген тайпалармен байланыстырады. Ноғай Ордасының орталығы – Жайық өзенінің төменгі саласы, Сарайшық қаласы болды.

Ноғай Ордасының құрамына маңғыттармен бірге қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаш, тама және басқа рулар енді. Олардың басшылары арасында билік пен көшіп-қонатын жер үшін үнемі күрес жүріп жатты. Алтын Орданың қираған тамтығынан құрылған басқа бірліктер сияқты, Ноғай Ордасы да этникалық құрылым емес, көбіне саяси құрылым болды.

Енді ноғайлардың Маңғыстаумен байланысы жайлы деректерге тоқтала кетейік. XV ғасырдың екінші жартысындағы жазылған деректерде бірнеше маңғыт биінің аты аталады. Олардың ішінде біз Мұса Уақасты қарастырамыз. Мұса Уақас тәуелсіз Маңғыт жұртының яғни, Ноғай ордасының билігін нығайтуда өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Башқұрт халық ауыз әдебиетінде Мұса Мұрадым Нұр-ад-Диннің мұрагері ретінде суреттелген.

1492 жылы Мәскеуге Мұсаның өз туысқандары Аббас пен Жәнгіршіден бөлек Ембіде көшіп-қонғаны жайлы мәлімет түскен. 

1491 жылы Ноғай ордасының билеушісі Аббас би қайтыс болады. Маңғыт патриархының қайтыс болуы Мұсаның түркімендер арасынан Ордаға қайтып оралуына себеп болды. Ноғай Ордасы құрамындағы елдер ішінде түркімендер, оның ішінде олардың солтүстік-батыс Үстірт пен Маңғышлақты қоныстанушы тобы болды.

XIII ғасырдың басындағы монғол шапқыншылығы кезінде Сырдария түркімендері солтүстік-батысқа қарай миграциялық жылжуға түсті. Түркімен қоныс аударушылары өз этнонимін сақтап қалғанымен, көшпелі өркениетте ассимиляцияға түсіп, қыпшақтанды. Олардың бір бөлігі Жайық пен Волга (Еділ) арасында көшіп-қонды. Бұл жоғарыда айтылған дерек контексінде «Мұса Жайықтан әрі алысқа Үстіртке не Маңғышлақ түркімендері арасында болды» деген тұжырымды нақтылайды.

- Кәсіби тарихшы ретінде өзіңізге мынадай сұрақ қойсам деп едім. Маңғыстау түбегінде мекендейтін қазақтың адайының сонау ертеде, Геродот заманында өмір сүрген дайлар, дактар қатарлы тайпалармен қатысы бар деп айтуға негіз бар ма? 

- Жоғарыда атап өткенімдей, тарихшы ретінде Маңғыстау түбегінің тарихын архив деректері мен қолжазбалар негізінде қарастырамын. Архив деректерінде даха, дай туралы мәлімет кездестірмедім. Бірақ, тарихнамалық зерттеу еңбектерін жинақтап, жүйелеп, талдауға талпыныс жасадық. Бұл мәселені маңғыстаудан шыққан ғалым Серікбол Қондыбай өз зерттеулерінде мифтік негізде жақсы қарастырған.

Тарихта дахалар туралы алғаш рет Ахеменид патшасы Ксеркс жазбасында - Ахеменидтер империясының елдері мен аймақтарының тізімінде кездеседі. Бұл тізімде дахтар сақтармен қатар өмір сүреді. Біздің заманымызға дейінгі 1 ғасырда Страбон дахтар мекендеген елді «скиф дахасы» деп атайды. Тарихшы оны қазіргі Батыс Қазақстан территориясына орналастырады.

С.Қондыбай Маңғыстау жерінде, Арал-Каспий ареалына кіретін территорияда б.з.д. 1 мың жылдықтықтың екінші жартысында өмір сүрген «массагет» және «дай» атауын иемденгендердің бір жұрт болғаны жөнінде де, олардың бірінің орнын бірі басқан екі бөлек жұрт болғандығы мәселесін де ашық тастаған. «Дай» және «даха» этнонимдерін тарихи-лингвистикалық, мифологиялық тұрғыдан талдай келе «иран тілді» екендігіне күмәндана отырып, «дайлар жылан культін ұстанған мәдени ортаның адамдары, ал ирандықтар (үндіирандықтар, үндіеуропалықтар) болса жыланға табынбаған ортадан шыққан, сондықтан бұл жерде дайларды «иран тілді» дей салудың реті келе бермейді» - деп анықтаған.

Көне дәуірдегі Оңтүстік Сібір мен Қазақстандағы тұрғындардың мүрдені жерлемей өртеуіне байланысты оларды үндіирандықтармен байланыстыру ғылыми кеңістікте қабылданды. Осыған қарсы С.Қондыбай келесі «Өлім хақындағы озал» мақаласында о дүниелік болған адамды өртеу салты б.з. IV-V ғғ. түркілерде де болғандығын анықтап, Ресей археологтарының қазба жұмыс есебіне сүйене отырып, нақтылаған.

Мәселенің логикалық бірізділігі Серікбол Қондыбайдың «Алып Ер Тұңға – Афрасиаб – Франграсйан» тақырыбындағы ізденісінде жалғасын тапқан. Бұл жазбасында автор иран эпосы мәселесін көтеріп, оған анықтама беріп, б.з.д. VI-V ғасырларда тарихи Ариана немесе қазіргі Орта Азия мен солтүстік ауған жерлері парсыларға бағындырылғаннан кейін және зороастризмнің Парсы елінде таралуына байланысты бір идеялық жүйеге келтіріле бастаған ежелгі Орта Азиялық сюжеттердің кешені ретінде нақтылаған. Автор иран эпосының қалыптасуына, б.з.д. III ғасырда Иран жерін жаулап алып, V ғасыр билеген парфиялық дай-массагеттердің, яғни дай тайпасының парн немесе апарндай руынан шыққан Аршақ немесе Арсақтың ұрпақтары билеген жырлары ықпал еткен деп пайымдайды.

Осы зерттеуінде С.Қондыбай Сасанидтер дәуіріндегі парсы тарихнамасында парфияндар туралы деректің сақталмағанына мән беріп, Ахаменид кезеңін жақсы біліп, өздерін Дарий әулетінің мұрагері деп есептеп, жаулаушы парндар кезеңі тарихын көзден таса қылғандығын: «Парфиялық дай-массагеттер парсылар үшін бөгде мәдени дүние болған сияқты» - дей келе, дай-массагеттердің этникалық тегі түркі болмады ма екен деген ойға тағы оралады.

Ғалым Е.В.Зеймальдің «Шахнаманы» жазған Фирдоусидің «парфияндардың тармағы мен тарауы қысқа болды, олардың өткені де данқты болды деп ешкім нақтыламайды. Мен олардың атын ғана естідім, патша жылнамаларынан көрмедім» деген сөзіне сілтеме жасаған. Бұл ретте, Фирдауси өз заманынан 200-600 жыл бұрынғы Сасанид әулетінің тарихын, 1200-1400 жыл бұрыңғы ахемен кезеңінің тарихын білсе де, осы екі дәуір аралығындағы 700-1200 жыл бұрынғы, Иранды 450 жыл бойы билеген Аршақ әулеті туралы мәлімет келтірмегеніне назар аударған. Сондықтанда массагет-дайлар шынында да парсы үшін бөгде халық деген пікірін қайталаған.

Е.В.Зеймальдің 1982 жылы Эрмитаж жинағында жарияланған «Парфянский лучник и его происхождение» зерттеу жұмысында парфия монетасындағы сурет талданған: «Тиындағы парфиялық садақшыны патшалық биліктің геральдикалық эмблемасы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Омфал бұл композицияда салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде, бұрын Селевкидтерге тиесілі аумақта Парфия патшаларының билігі таралған кезде пайда болды. Осындай маңызды идеологиялық композицияның ахеменидтердің бейнелеу дәстүрінің прототипі деп қарау тарихи тұрғыдан ақталған сияқты. Естеріңізге сала кетсек, аршакидтердің шығу тегінің аңызға айналған нұсқасы болды, онда олар Ахеменид патшаларымен байланыста көрсетіледі. Шамасы ерте аршакидтік тиындар, әсіресе парфиялық садақшы бұл аңызға айналған шежіреге нақты иллюстрация ретінде қызмет етуі мүмкін.»

Иран тарихының тарихнамасында қарағанда орыс тарихнамасы антикалық дах-дахи тайпалары туралы біраз мәлімет береді. Дахи немесе дайлар тайпасын орыс археологы С.П.Толстов, шығыстанушы тарихшы Л.Н.Гумилев қарастырған. Қазақ тарихнамасында бұл мәселеге тарихшы-этнограф С.Әжіғали мән берген.

Францияның тарихшы-географы Луи Вивьен де Сен-Мартен дахи тайпаларын түрікменнің «Теке» тайпасымен байланыстырады, Кеңес тарихшысы, академик С.П.Толстов та осы пікірді дәлелдейді.

Вивьен де Сент-Мартин түрікмен тайпаларының ішіндегі ең ірісі – теке атауын ежелгі дереккөздер арқылы берілген Оңтүстік Түркіменстан халқының атауының туындысы – Даха немесе Дахае ретінде қарастыру мүмкіндігін атап өтті.

С.П.Толстов «Ежелгі Хорезм» еңбегінде: «егер массагет этникалық қабатының түрікмен этногенезінде ең үлкен рөл атқарғанын ескерсек, теке руынан дахтардың тікелей дерлік ұрпақтарын көруге болады, онда түрікменде хеттік киімнің сақталуы, ежелгі хорезмдік киімнің хеттік-фракиялық параллельдері біздің ойымызды дәйектейді», - деп нақтылаған.

С.Әжіғали өз еңбегінде: «б.д.д. III ғасырдың орта шенінде Каспий өңіріне дах (дайлар) да қоныс тепкен еді. Олар шын мәнінде қазақ-адайлардың ежелгі ата-бабалары болатын..», - деп атап көрсетеді.

С.Қондыбай өзінің «Адай сөзінің көне мағынасы туралы» мақаласында: «Иранды жаулап алған, IV- жарым ғасыр ел билеген патшалық әулеттің негізін жасаған дай тайпалары бірлестігінің көсемі Аршак парн руынан шыққан. Дайлар жылан культін ұстана берген. Тіпті парсы топырағында өз тілі мен мәдени болмысын жоғалтып, жергілікті халыққа сіңіп кетсе де олар «жыланға тағзымын ұзақ уақыт жоймаған. Ал қазақтар, оның ішінде адайлар ғасырлар өтіп, жаңа дін-ислам сенімін қабылдаса да олардың түсінігінен бағзы «жыланға деген табыну» салты көрініп қалады..», - дейтіні де бар ғой.

- Қазақ жүздерінің, ондағы рулардың миграциялық хронологиясы бар. Бұл өткен ғасырлардағы Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы билігі тұсындағы түрлі кедергілер салдарынан өз маңызын жойды. Жалпы Маңғыстау түбегіндегі қазақтардың миграциялық хронологиясы нақты зерттелген бе? Қазақтардың Маңғыстауға келуіне қатысты жәдігерліктер, деректер қай кезеңді қамтиды?

- Маңғыстау даласында қазақтар түркмендердің бейбіт өмірін бұзып, тыныштықты кетірді деген дерек Бегеніш қажының Астрахань ақсүйегі Воронинге 1721 жылы 3-наурызда жасаған мәлімдемесінде кездеседі.

Осы дерек 1721 жылы маусымда Астрахань воеводасы И.Кикиннің Камер-коллегия президенті П.А.Толстойға жазылған қатынас қағазында расталады. Онда: «Патша өкіметінің кемелері Карағанға түркмендермен  сауда жасауға келіп тұрды, енді түркмендермен қазақтар арасында қырда (далада) бейбіт өмір сүру қиындап кетті», - делінген. 

1741 жылы тамызда капитан Г.Тебелевтің кемесі Маңғыстауға келген сапарында түбекте аздаған санмен тұрақты түркіменнің абдал руының өкілдері тұратынын, оларға көршілес қазақтар «ұлы қысым» көрсетіп отырғанын, түркмендердің малын айдап, кейде адамдарын тұтқынға алып кететінін, түркмендер ауылы әр жерде шашырай қоныстанғанын, тек Өліқолтықтағы Ираклы (Айрақты Э.А.) тауында түркімен руларынан қарауыл қарауылдап қайсақтар жақындағанда белгі беріп, қайсақ шапқыншылығынан қашқан түркмендер биік таудың үстіне шығатынын жазған.

Маңғыстауға қазақтардың қоныстануына қатысты келесі деректер XVIII ғасырдың екінші жартысындағы жазбаларда кездеседі. Маңғыстаудағы Кіші жүз руы адайлардың аты 1770 жылы Маңғыстау түркмендеріне хан сайланған Нұралы хан баласы Пірәлімен қоса аталады, бірақ негізгі дәйектерде Пірәлі ресми түрде түркмен ханы деп көрсетіледі де, адайлар «Түркмен ханы Пірәлі жанында орналасқан» деп жазылған. 

XVIII ғасырда қазақ қоғамының бір бөлшегі ретінде адай рулары ішінде де халық әлеуметтік тұрғыдан дәулетті, орташа, кедей болып бөлінді. Дәулетті адайлар өз есігінде күң ұстады.

1786 жылы қазақ старшындары мен сұлтандарының барон Игельстром атына жазған талап хатында адай руынан Асан, Атағозы, Қаражүн, Есіркеп, Шотандар қол қойған: «Қыстау үшін біз Оралдан төмен, тіпті Гурьев қалашығынан да төмен орналастық. Бізден қашқан 5 күң қызметшілер Орал қалашығынан Гурьевке дейін бекіністерді паналады», - деген мәлімет кездеседі. Олардың иесі – адай руының Еркесарысы, мұңалдың Баубегі, Мәмет Қараекіттер екен. Бұдан дәулетті адайлардың қол астында күң ұстағандығы нақтыланады.

Жалпы алғанда қазақтар легі түбекке XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басында қоныстанған. Мен өз зерттеулерімде қазақтардың Маңғыстауға қазақтардың келуі кезеңін он сегізінші ғасырмен байланыстырамын. Маңғыстаудағы көптеген зираттар он сегізінші ғасырға тән ғой. Нақты сол ғасырдың жәдігерліктерін қырқыншы-отызыншы жылдармен байланыстыруға негіз бар. Себебі сол кезеңде алғашқы шапқыншылықтар болды. Қазақ тарихында әр ру ХҮІІІ ғасырдан бастап өз территориясын айқындады деп айтамыз ғой. Оған дейінгі кезеңге қатысты нақты дерек болмаған соң біз «Сауран айналған» деген сияқты болжаммен айтамыз. 

Біз тек қолдағы деректерді қарастырдық. Тек ХҮІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап деректер кездеседі. Ескерерлігі: бұл деректерде де «адайлар» деп бермейді, «татарлар» деп береді. Менің қолыма түскен үзінді деректерде он сегізінші ғасырдың қырқыншы жылдары түрікмендерден басқа белгісіз татарлар Маңғыстауда жүргені жазылған. Сондай бір ғана сөйлем ғана кездеседі. Осыдан кейінгі кезеңдерде бұл татарлар туралы деректер біртіндеп молая береді. 

- Сонда ол деректердегі «татарлар» деп аталған жұртты біздің қазіргі қазақтарымыз деп түсінуге болады ғой?

- Иә, қазақтар. Сосын бұл жерде біз Хиуа шапқыншылығына да мән береміз. Маңғыстаудың Хиуа хандығымен де байланысы мықты болды ғой. Он сегізінші ғасырда Хиуа хандығы да Маңғыстаудың орыстардың ықпал ету стратегиясын жақсы түсінген. Сондықтан да олар қазақтармен барынша жиі қарым-қатынас құруға тырысқан. Ол қарым-қатынас бұрын сауда-экономикалық қарым-қатынасы түрінде болып келген болса, ендігі жерде Маңғыстауды өзінің қол астында қалдыру үшін шапқыншылыққа көшеді. Маңғыстау түбегі орыстармен теңізбен, хиуалықтармен құрлық арқылы байланыстар жасалды. Осы екі мемлекеттің ортасында қалған бұл жердің стратегиялық маңызы күн санап өсе бастайды. Он сегізінші ғасырда халықтың келе бастауы, қазақтардың келуі, қазақ-түрікмен қарым-қатынасының шиеленісуі – Маңғыстауда қазақтардың жерді өзіне толық бекітіп алуына алып келеді. 

Сұхбаттасқан: Асылбек Байтанұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?