Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кемпірқосақ: көмгүр қосақ па, ыл көген бе, әлде қус Кузах па?

2285
Кемпірқосақ: көмгүр қосақ па, ыл көген бе, әлде қус Кузах па? - e-history.kz

Бүгінде жұрт арасында жаңбырдан кейін көк аспанда жеті түрлі түстен тұратын ғажайып доға жасап, құлпырып шыға келер құбылыс атауына қатысты талас көп. Ағылшындар бұл құбылысты бұл құбылысты Rainbow, орыстар Радуга, түріктер Gökkuşağı, әзірбайжан ағайындар Göy qurşağı, қырғыздар Күнжебеси немесе Асан-үсөн, монғол жұрты Солонго деп атайды екен. Өзбектер Kamalak деп атайды. Бір қызығы, қазақ халқы бұл құбылысты «кемпірқосақ» деп атаған. Расын айту керек, ел арасында бұл атау тым қарабайыр, құлаққа тосындау, біртүрлі естіледі деген пікір де аз емес.

Бүгінде жұрт арасында жаңбырдан кейін көк аспанда жеті түрлі түстен тұратын ғажайып доға жасап, құлпырып шыға келер құбылыс атауына қатысты талас көп. Ағылшындар бұл құбылысты бұл құбылысты Rainbow, орыстар Радуга, түріктер Gökkuşağı, әзірбайжан ағайындар Göy qurşağı, қырғыздар Күнжебеси немесе Асан-үсөн, монғол жұрты Солонго деп атайды екен. Өзбектер Kamalak деп атайды. Бір қызығы, қазақ халқы бұл құбылысты «кемпірқосақ» деп атаған. Расын айту керек, ел арасында бұл атау тым қарабайыр, құлаққа тосындау, біртүрлі естіледі деген пікір де аз емес. 

Шынымен солай ма? Жеті түрлі түстен тұратын ғажайып доға расында да кемпірдің қосағы ма? Жалпы «кемпірқосақ» сөзі қайдан шыққан?

Түсіндірме сөздіктерде «Кемпірқосақ» сөзіне негізінен мынадай анықтамалар берілген:

1. зат есім. жаз күндері дүркін-дүркін жауған өткінші жаңбырлардан соң көк жүзінде пайда болатын доға тәрізді жеті түсті жолақ. Күн сәулесінің ауадағы су тамшыларына түсіп спектрге бөлінгенінен көрінетін оптикалық ...

(Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 3-том. – Алматы: РПК «Слон» DPS, 2012. – 736 б.).

2. Бірнеше жолақтан тұратын ою-өрнектің түрі. Мұндай жолақтар кесте тігу өнерінде рет-ретімен орналасады...                                                                                        

(Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 3-том. – Алматы: РПК «Слон» DPS, 2012. – 736 б.).

Уикипедия не дейді:

Кемпірқосақ – аспан күмбезінде түрлі-түсті доға түрінде көрінетін атмосферадағы оптикалық құбылыс. Ол аспанның бір жағында торлаған бұлттан жаңбыр жауып, қарсы жағында жарқырап күн шығып тұрған кезде көрінеді. Кемпірқосақ тікелей түскен күн сәулесінің жаңбыр тамшыларынан өткенде сынып, құрамдас бөліктерге (қызыл, сарғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) бөлінуінің және тамшы бетінен шағылған толқын ұзындығы әр түрлі сәулелердің дифракциялануы мен интерференциялануы нәтижесінде пайда болады. 

Бұл анықтамалардан «кемпірқосақ» атауының табиғат құбылысы ғана емес, ұлттық оюға да қатысы барын байқауға болады. Яғни осыған қарап, шетсіз де шексіз даланы емін-еркін жайлаған бабаларымыздың аспан астындағы ғажайып құбылысты кемпірқосақ оюына ұқсатуынан туындаған дейтін жорамалдар да жоқ емес.

Жарайды, солай-ақ болсын делік. Бірақ зеңгір көкте жаңбырдан кейін  пайда  болатын  доға  тәріздес түрлі-түсті жолақтар құбылысы қазақтан кейін пайда дүние емес қой. Әрине, бұлардың барлығы да халықтық этимологиясы немесе жалған этимология арқылы жеткен дүниелер. Яғни адамдардың белгілі бір ұғымды өзіне таныс, жақын сөзбен түсіндіруден туындағаны даусыз. 

Бұған қарап кемпірқосақ сөзіне қатысты ғылыми негіз әлі жасалмаған деуге болады. Кейбір зерттеушілер аталмыш ұғымның «кем бір қосақ» деген сөз тіркесінен шыққанын айтады.

Жеті түсті доғадан құралғандықтан, доғаларды үш қосқа және бір дара (қосақсыз) доғаға бөлуге болады. Нақты түсіндірер болсақ, кемпірқосақ төрт жұп спектрден тұрады, төртінші жұптың сыңары ультракүлгін сәулесінен тұратындықтан, арнайы құрал болмаса, жай көзбен көру мүмкін емес. Осыны білген атам қазақ «кем бір қосақ» деп атаған-мыс. Қазақ тіліндегі ілгерінді ықпалдың нәтижесінде «б» ұяң дыбысы «м» үнді дыбысының ықпалынан «п» қатаң дыбысына айналып, «кемпірқосақ» атауы шыққан-мыс. 

Кеңгірқосақ немесе зеңгірқосақ болуы да мүмкін деген жорамалдар да жоқ емес.  Алайда бұл да нақты тұжырым емес. Белгілі зерттеуші, журналист Асылбек Байтанұлының айтуынша, аспанда көрінетін ғажайып көріністі сипаттайтын сөздің егде әйел затына, яғни кемпірге еш қатысы жоқ.

«Кемпірқосақ атауына қатысты өз ойымызды білдірсек: Кемпір сөзінің әуелгі мағынасы «кембір», яғни бірі кем, тақ болғандықтан солай аталған дейтін пікір де бар. Бірақ бұған да илана қою қиын. Біздіңше, негізгі түйін – осы «кемпірде» жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай кемпір дегеннің өзі парсы тілінен енген, «егде әйел» мағынасын білдіретін сөз болса, онда бұл сыңардың түпкі мағынасы басқа деген сөз. Біздіңше, бұл – кам (кем) түбірінің осы ұғымды жасауға тікелей қатысы бар. Мағмұд Қашғаридің «Түркі сөздерінің жинағында» иілген, имек затты, бейнені «камги» деп атайды деп көрсетеді. Ию, доғалау, қоршау, біріктіру деген ұғымдардың барлығы да осы кам, көм, қамның айналасында өрбиді емес пе? (қамау, қаумалау, қамқор, қамыт, көмкеру, көмек, т.б.) Демек, қазіргі «кемпір» сөзінің астарында имек, доға деген мағына жатыр. Олай дейтініміз моңғол тілінде ортасы дөңес, екі шеті иілген деген мағынадағы хөмгөр (көмгүр) деген сөз бар. Демек «кемпірдің» түпкі мағынасы: камгар, көмгүр – иілген, имек, доға деген сөз деп тұжырымдауға негіз бар», – деген пікірін білдірді А. Байтанұлы. 

Кемпірқосақ сондай кісі шошитындай, қазақ ат тонын ала қашатындай жат сөз емес. Зерттеуші-журналист Жақсыбек Қақанның айтуынша, сөзжасамдық тәсіл арқылы бірнеше түбір сөздің бірігу арқылы жасалған туынды сөз. Сондай-ақ ол кемпірқосақ сөзіндегі «кем» немесе «пір» сөзіне бола бұл туынды сөзге тірелудің, соңына шам алып түсіп, індете зерттеудің қажеті шамалы екенін айтады. 

«Кемпірқосақ ешқандай да бір күрделі философиялық астарды бүгіп жатқан атау емес. Мейлі сөз құрамында парсылық элементтер болса да. Қазақ-түркі сөздерінің этимологиялық түп мағынасын ашу үшін бізде қазір парсылық және арабтық туынды, қосарлы сөздерден негізсіз қашу үрдісі бар. Кемпір – парсыша пирзн деп айтылатын پیرزن – ауд. егде, кәрі әйел деген мағынадағы сөз. Қазіргі кейбір уәждерге қарасақ, кемпірқосақ сөзі тым дөрекі естіліп, шұбалаңқы айтылады дейді. Мәселе, шұбалаңқыда болмаса керек. Қазақ ұлт болып қалыптасып, өсу жолында өзінің қаншама төл сөзін жолда қалдырып, қаншама сырттың сөзін өз сөзіндей қабылдап, күнделікті тұрмысына пайдаланып кетті. Кемпірқосақ сондай кісі шошитындай, қазақ ат тонын ала қашатындай жат сөз емес. Сөзжасамдық тәсіл арқылы бірнеше түбір сөздің бірігу арқылы жасалған туынды сөз. Ондағы пір сөзіне бола бұл туынды сөзге тірелудің, соңына шам алып түсіп, індете зерттеудің қажеті шамалы.

Мысалға қыста балалар қардан домалатып-домалатып жасайтын қар адамды «Аққала» дейміз. Шыны керек, сіз оның ешбір жерінен қала таба алмайсыз. Бірақ, оның аты аққала. Бізде мынадай бір ортақ үрдіс бар, бір сөзге келгенде, жаңа сөз жасауға келгенде қателікке қашанда бой алдырамыз. Жаңа атау, термин жасар болсақ, сөзсіз атағалы отырған затымыздың атын сол заттың формасы, функциясына қарай ат қоямыз. Бұл өз кезегінде жасаған жаңа сөздердің түрін сымпитып, аталуын қиындатып қояды. Түлкі деген сөзді түсіндіріп бере алатын этимолог бар ма екен, неге бұғы, неге арыстан, неге қасқыр осындай, осындай өзіміз түсіндіре алмайтын қаншама сөз бар. Ал, осыған дейін халыққа түсінікті болып кеткен сөздер болса амал жоқ, жаңадан Америка ашудың қажеті шамалы. 

Кемпірқосақ – кемпірдің көгендеп қосқан түстері дегісі келген болу керек кезіндегі сөзжасамшыл бір қазақтың. Қай заманнан бері бұл біздің ортақ тілдік нормамызға айналғаны белгісіз. Ал, бір қарасаң, жаңбырдан кейінгі аспанның жартысына пайда бола кеткен түрлі-түсті осы ғажайып көрініс аналарымыз, әжелеріміз тоқып киіз үйдің ішіне доғалап, салбыратып іліп қоятын бау, басқұрдан аумайды. Кемпірқосақ соңғы мың жылдықта әбден қолданысқа еніп, тілімізбен бірге қанымызға өтіп кеткен сөз. Атақты Қашқари сөздігінде де кемпірқосақты ىاكتُكقْل (ыl көgеn) - ыл көген деп көгенді пайдаланады. Көген мен қосақтың сөздік мағынасында да ешқандай алшақтық жоқ. Демек, бұл сөзден тұра қашар уәжіміз және жоқ. Қазақ көзіне аспандағы табиғаттың сызған қызылды-жасылды доғасы әжеміздің қолмен тоқыған бауындай көрінгені анық болып тұр», – дейді Жақсыбек Қақан.

Халық арасында адамзат баласының жер мен көкті бірдей мекен еткені туралы аңыздар бар. Солардың бірінде бейне жер бетіндегі қазақ қауымы сияқты аспандағы адамдар да малын бағып, қойын сауып, көшіп, қонып жүргені айтылады. Жаңбыр жауып, ашылған кезде көктегі елдің кемпірлері де қойларын қосақтап, сауып отырады. Соның үшін ол «кемпірқосақ» деп аталған («Бабалар сөзі» жүзтомдығы. 78-том)

Сол секілді «...аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпір бар екен. Кемпірқосақ – сол бай кемпірдің қосағындағы әртүсті қойлары-мыс. Сол кемпір қойларын ылғи да жауыннан кейін сауатын көрінеді. Тағы біреуінің уәждемесіне үңілсек, кемпірқосақ – кемпірдің қосағы. Қойды екі жағынан жіптің ілгегіне, жерге байлап қойған. Қосақ – түрлі-түсті қой, жаңбыр жауған соң, кемпір оны аямай сауатын болған. (Ш. Уәлиханов «Таңдамалы»).

Кейбір зерттеушілер кемпірқосақ тіркесіндегі қосақ сөзінің араб-парсы тілінен келгенін айтады. 1970 жылғы арабша-орысша сөздікте кузах — әшекейлеу, безендіру сияқты мағына меншіктенсе, ал «кус кузах» – біздегі «кемпірқосақ» дегенді ұғындырады. Араб тіліндегі «қус кузах» тіркесінің алғашқы сыңары – «қус» иілген, доға сияқты мағыналар береді. Демек, бұл тілдегі «кус кузах» тіркесін қазақ тіліне сөзбе-сөз аударсақ «әшекейлі доға» болмақ. Арабша «қус» сөзі «садақ» мағынасына да ие. («Бес жүз бес сөз». – Алматы: Рауан, 1994 ж.).

Сол секілді аталмыш еңбекте кемпірқосақтың алғашқы тіркесінде иран-парсы эелементі жатқаны айтылады. «...Иран тілінде әрбір иіліп жасалған зат атауының түбірі – кем, кеман – садақ; кемер – 1. белбеу; 2. Күмбез, т.б. Иран тіліндегі «күмбез» мағынасын беретін «кемер» араб тілінің «кузах» сөзінің алдында тұрып, тіркес құрып, сол күйінде («кемер кузах») қазақтарға ауысып, дыбыстық өзгерістерге ұшырай отырып, «кемпірқосақ» қалпына дейін жеткен. Сөйтіп кемпірқосақтың нағыз қазақша мағынасы – «әшекейлі күмбез». Бұл жерде сөздердің орын ауыстыруы да болған (кемер//кемпір – күмбез, қосақ – әшекейлі)» 

Айтпақшы, «Кузах» сөзінің араб мифологиясына қатысты екені «Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі» (Құрастырған Г. Мамырбекова) және 2019 жылы құрастырылған Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігінен (Құрастырғандар: Ш. Құрманбайұлы, С.Исақова, Б.Мизамхан және т.б.) көруге болады: 

Кемпірқосақ (ар. қаус кузах) – жаңбырдан соң аспанда пайда болатын түрлі-түсті доға тәріздес жолақты құбылыс. Араб мифологиясы бойынша жарықтың құдайы Кузах күннің шығуына қарсы болған түнекпен шайқастан соң, садағын аспанға іліп кеткен. Осыдан кейін жаңбырдан соң шығатын түрлі-түсті құбылыс «қаус Кузах» деп аталған. Яғни Кузахтың садағы... 

Арғы-бергі тарихымызда араласып, көршілес болған елдердің тілінің ықпалын ескере отырып, біз кемпірқосақ сөзінің ана тілімізге моңғол сөзінің өзгерісі арқылы енген деген тоқтамға келіп отырмыз. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?