Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХХ ғ. 20-шы жылдарының басындағы Қазақстандағы ашаршылықты зерттеу мәселелері

791
ХХ ғ. 20-шы жылдарының басындағы Қазақстандағы ашаршылықты зерттеу мәселелері - e-history.kz

2023 жылдың 12-қазан күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ««ХХ ғ. 20-шы жылдардың басындағы Қазақстан мен оған іргелес аумақтардағы ашаршылықты зерттеу мәселелері: себептері, көлемі және тарихи салдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция  өтті. 

Қазақстандағы XX ғасырдың 20-жылдарындағыашаршылық пен оның салдарлары мәселесі бойынша зерттеулер қазіргі тарих ғылымында өзекті мәселе болып табылады. Осы уақытқа дейінгі отандық және шетелдік тарихнамада Қазақстандағы 1920 жылдардың басындағы ашаршылық тақырыбына қатысты бірқатар еңбектер жарияланды. Бірақ, қазақ тарихындағы бұл қасіретті апаттың тарихы толық жазылып, обьективті бағасы әлі күнге шейін беріле қоймады. Ұзақ уақыт аралығында бұл тақырыпты зерттеуге тиым салынған болса, ал жарияланған еңбектерде барлық қырлары толық көрініс таппады. Ашаршылыққа байланысты дереккөздер болып табылатын аймақтық және шетелдік архивтерде жинақталған құжаттар, сол кездің мерзімді басылымдарында жарияланған мақалалар мен хабарламалар және т.б. түрлі ақпараттар көпшілік оқырмандар қауымына толық жетпеді. Сондықтан, зерттеушілердің алдында ХХ ғ. 20-жылдарындағы ашаршылықтың себеп, салдары, сабақтары секілді бірқатар мәселелерге деректерге сүйене отырып баға беріп, обьективті түрде талдап, ғылыми айналымға зерттеу жұмыстарын енгізу секілді бірқатар міндеттер тұр. Бұл конференция «Қазақстандағы 1921-1922 жж. ашаршылық және оның салдары (жаңа архивтік және жазба материалдар негізінде)» атты ғылыми жобаның аясында (жоба жетекшісі Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана филиалының директоры М. М. Қозыбаева) жоспарланып өткізілген шара болды.

Аталмыш шараға осы тақырыппен айналысып жүрген Отандық ғалымдар, институт қызметкерлері, «Қазақстандағы 1921-1922 жж. ашаршылық және оның салдары (жаңа архивтік және жазба материалдар негізінде)» атты гранттық жоба орындаушылары қатысты, сонымен қатар Ресей Федерациясынан, Башқұртстаннан, Қарақалпақ елінен, Қырғызстаннан ғалымдар қатысып баяндамалар оқыды. Ашаршылық тақырыбына қызығушылық танытқан 40-тан астам көпшілік қауым ZOOM бағдарламасы арқылы конференцияға қатынасты. 

Конференция модераторлығын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., проф. Қапаева Айжан Тоқанқызы мен институттың жетекші ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор Қаипбаева Айнагүл Толғанбайқызы атқарды. 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, аға сарапшы, т.ғ.к., Шашаев Әуезхан Қадыржанұлы құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның қатысушыларына сәттілік тіледі. 

Алғашқы баяндамашы Мұхатова Оразгүл Хасенқызы ашаршылық тақырыбын зерттеудегі кейбір мәселелер мен зерттеу әдіснамасына тоқталып, осы күнге шейін аталмыш тақырыпқа қатысты жарыққа шыққан еңбектерге тарихнамалық талдау жасап берді. Келесі баяндамашы Ибрагимов Марат Хакович Ресейдегі Орал-Еділ аймағындағы орын алған ашаршылыққа тоқталып, қазақ жеріндегі ашаршылықпен өзара салыстырмалы талдау жасаған болатын. Қапаева Айжан Тоқанқызы – архивтік деректерге сүйене отырып бұл ашаршылықтың хронологиялық шеңберін қайта анықтау жөнінде айтып, оған қоса географиялық ауқымын да кеңейту қажет екендігін дәлелдеп баяндама жасады. Ресейлік ғалым Циденков Григорий Геннадиевич аштық жайлаған елді-мекендерден халықты көшірумен айналысқан эвакуациялық пункттердің қызметіне тоқталып өтті. Сдыков Мұрат Наурызғалиұлы ашаршылықтың кейбір демографиялық зардаптарына тоқталып, статистикалық мәліметтер келтіре отырып, Батыс Қазақстандағы халықтың сандық көрсеткіштеріне тоқталды. Жоба жетекшісі Қозыбаева Махаббат Мәлікқызы жоба барысында атқарылған жұмыстарға қысқаша есеп беріп, өзінің баяндамасында ашаршылықпен күресте халыққа көмек қолын созған шетелдік гуманитарлық мекемелердің қызметіне тоқталып, нақты атқарған істерге шолу жасап өтті. Конференция барысында Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы, Асанова Салтанат Әмірғалиқызы, Гривенная Людмила Александровна, Гиззатов Саялбек Махамбетұлы, Байдалы Рауан Жомартұлы, Хамитова Алтыншаш сынды баяндамашылар зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, ашаршылықтың көлеңкелі тұстарына тоқталы, өз ойларын ортаға салды. 

Конференция өз жұмысын сәтті аяқтап, айтылған ұсыныстар қаперге алынып, қарар қабылданды. Халықаралық конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағын шығару жоспарлануда.

 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы 

Тарих және этнология институтының 

ғылыми қызметкері 

Қ.М. Мурзаходжаев

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?