Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада Республика күніне арналған дөңгелек үстел өтті

2292
Астанада Республика күніне арналған дөңгелек үстел өтті - e-history.kz

Бүгін ҚР Ұлттық архивінде Республика күніне орай «Егемендік декларациясы: Тәуелсіздік. Мемлекеттілік. Ұлттық жаңғыру» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. 

Шараны ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты, ҚР Ұлттық архиві және Астана қаласының Тілдерді дамыту және Архивтер ісі басқармасы ұйымдастырған. Жиынға ғалымдар, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық архив басшылары мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты. 

Еліміз үшін 25 қазан күні – аса маңызды даталардың бірі. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. 

Дөңгелек үстелге Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп модератор болды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл дөңгелек үстелге қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, Қазақстан тарихына мемлекеттің назары ауа бастағанын тілге тиек етті. 

«Жалпы соңғы кезде Қазақстан тарихына мемлекеттің де назары ауа бастады. Бұл өте дұрыс бастама. Себебі ағылшын антропологы Энтони Смиттің: «тарихи жад болмаса, бірегейлік болмайды; бірегейлік болмаса, ұлт  болмайды» дегені бар. Сондықтан біз ұлт болғымыз келсе, ең алдымен тарихи жадымызды қалыптастыруымыз керек. Осы тарихи жадты сақтап, қалыптастыратын архивтер. Архив тек қана құжат сақтайтын қойма емес. Кейбірі сол мағынада түсініп жатады... Бірақ бұл қойма емес, музей де, мысалы, құнды жәдігерлерді сақтайтын қойма емес. Бұл – ғылыми орталық. Осыдай зертханалар ғылыми жұмысты жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Сондықтан жаңа зертханаға тек қана ғылыми табыс тілеймін. Құдай қаласа, қаражатты болады. Себебі ғылым болуы үшін міндетті түрде ақша да болады. Кезіндегі Наполеонның айтқаны бар ғой: «соғыс үшін үш нәсре керек. Біріншісі – ақша, екіншісі – ақша, үшіншісі – ақша» деп. Ең алдымен сол қаражат керек. Бұл 1-2 жылда шешіледі деп ойлаймын. Сондықтан баршаңызды тағы да Республика күнімен құттықтаймын,  еңбектеріңізге табыс тілеймін»  - деді тарихшы Е. Аманжолұлы. 

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки  архив қызметкерлерін тарих институттарымен бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.  

«Бүгінгі талқыланып отырған тақырыптың маңыздылығын ескере отырып, сіздердің араларыңызға келіп қосылып отырмын. Мемлекет тарихы институтының бастамашылығымен басталған «Егемендік декларациясы: Тәуелсіздік. Мемлекеттік. Ұлттық жаңғыру» республикалық дөңгелек үстелінің маңыздылығы алда келе жатқан Республика күні қарсаңындағы игі шаралардың бірі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан біршама үлкен жобалар жүзеге асуда. Бірден-бірі – осы Қазақстан тарихы бағытындағы кітаптар, жалпы зерттеулер, әлеуметтік-гуманитарлық саласындағы терең зерттеулердің нәтижесінде еліміздегі жасалған жұмыстардың нағыз ғылыми тұрғыдағы дәлелдемесімен соның болашаққа бағытталған айқын шараларын көздеу жоспарлануда. Біз Министрлік тарапынан осындай мейрам алдындағы шараларға келіп, қатысып отырғандарыңызға рақмет айтқым келеді. Алдағы уақытта өздеріңізбен бірлесе жұмыс атқарып, архив құжаттарындағы тың жаңалықтарды зерттеу арқылы, қоғамға керекті ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырамын. Бүгінгі дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тілеймін» - деді Дархан Жұмақанұлы. 

Жиынның алғашқы баяндамасын ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов жасады. Ол өз кезегінде республика күнінің маңыздылығына тоқталып,  мерекенің сипатын айтып өтті: 

«Қазақстандық патриотизм сезiмiн тәрбиелеу мақсатында 1995 жылы Республика  күні - Ұлттық мереке ретінде аталып өтілді. Алты жылдан кейін мереке «ұлттық» мерекелік сипатын жоғалтты және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267 Заңына сәйкес «мемлекеттік» мереке ретінде белгіленді. 2009 жылы мереке тізімінен алынып тасталды.  2022 жылы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытауда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек». Одан әрі Президент өзге алқалы жиында «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды», - деп пайымдады. Бүгінгі күні Республика күні мерекесінің сипаты өзгеріп, Қазақстан Республикасындағы демократияландыру үдерісін дамытуға бағытталғаны, «адамның егемендігі» оның әл-ауқаты мен өзі өмір сүріп отырған ортаға деген адалдығы қайта күн тәртібіне шығып отыр. Қазіргі уақытта осы идея «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарымен үндеседі. Адам жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашатындығы үнемі басымдығымыз болуы маңызды» – деді баяндамасында Нұрбек Серікұлы. 

Республикалық дөңгелек үстелде “Қазақстан тарихы” интернет-жобасының бас редаторы Алтынбек Құмырзақұлы да баяндама жасап, цифрлы тарих және оның жаһандық цифрландырудағы жетістігі туралы айтып өтті.

“Бүгінгі таңда цифрландыру бойынша әлемдік рейтингтердегі алдыңғы қатарлы елдер ұлттық тарихы мен мәдениетін, әдебиетін, ғылым мен білімін цифрландыруды бастан өткізді. Тіпті басым көпшілігі интернет толық қолжетімді болмаған 2000 жылдардың басында цифрландыруды жүзеге асырды. Біз бұл сала бойынша 2010 жылдардан бастап іске көше бастадық. 2013 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы М. М. Тәжиннің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен e-history.kz. домендік атауымен «Қазақстан тарихы» веб-порталы құрылды. Е-history.kz жобасының бастапқы мақсаты ұлттық тарихымызды цифрлы форматқа көшіріп, кез-келген жастағы оқырманға қолжетімділігін қамтамасыз ету болды. Бүгінгі таңда кез-келген салаға цифрлындыру, жаңа технологиялар келе бастады. Жаңа технологияның күн санап дамуы офлайндағы контентті онлайнға көшіруге жағдай тудырды. Қазір бәріміздің қолымызда смартфон, планшет, компьютер бар заман болды. Біз интернеттің көмегі арқасында танымдық мақалалар оқып, архивтік құжаттарды іздеп, көне суреттерді тауып, видео көріп, аудио тыңдай алатын күшке жеттік. Сондықтан көзіқарақты оқырман өзіне қажет мазмұнды контентті таба алуы керек деген ойдамын. Бүгінгі таңда ғаламтор бетінде тарих, мәдениет, білім және ғылым тақырыптары бойынша ағылшын және орыс тілдеріндегі контент өте көп. Біздің де басты мақсатымыз ғаламторға қазақ тіліндегі контентті көптеп дайындап, оқырманға сұранысты көбейту” деді портал басшысы.

Алқалы жиында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова «Егемендік декларациясынан – Әділетті Қазақстанға дейінгі деректер қоры» тақырыбында ой тарқатты. Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы Әлима Ауанасова «Ұлттық жадты қалыптастырудағы мемлекеттік архивтердің рөлі» тақырыбында, Ақмола облысы Мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Назира Исенова «Ақмола облысы Мемелекеттік архивінің қоғамға қызметі: қарым-қатынас аспектісінде» тақырыбында баяндамалар жасады. 

Жиын соңында «Архивтегі аманат» (фотошежірелер мен карталар), «Қазақстанның шығысы, Алтай өңірінің тарихы XIII-XIX ғасырлар аралығындағы Еуропа, Ресей зерттеушілері шығармаларында, Ресей мемлекеттік архивтері деректерінде (көне дәуірден XX ғасырдың басына дейін) кітаптарының тұсауы кесіліп, Мемлекет тарихы институты мен ҚР Ұлттық архиві меморандумға қол қойды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?