Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Халық музыкалық аспаптар музейі

1545
Халық музыкалық аспаптар музейі - e-history.kz

XX ғасырдың аяқ жағына қарай ел аумағында өмірге келген ғажайып идеяның бірі – қазақ халқының мәдени мұрасын қорғау һәм соның ішінде ұлттық музыкалық аспаптарды жинақтау болатын. Қоғамға қажетті рухани құндылықтарымыз өшкен, санадан жоғалып бара жатқан, мәдени мәйегімізден ажырауға шақ қалған тұста жасындай жарқ ете қалған осынау музейдің құрылуы – ұлт үшін де, жалпы қазақ қоғамы үшін де, келешек жаңа буын үшін де игі іс еді. 

Міне, жуырда Алматыға барған іссапарымызда  күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының есім-сойы берілген халық музыка аспаптары музейіне барып, оның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Аталмыш кешеннің негізін Қазақстанның Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков қалағанын еститінбіз. Енді оның ізін басқан ұлы Бауыржан Өзбекәліұлы жақында  сол музейдің директоры болғанын білдік. 

Музей басшысы Бауыржан Жәнібековтың айтуынша, халықтың музыкалық аспаптарын бір жерге тоғыстырып отырған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Орта Азия аумағындағы бірегей музейлердің бірі ретінде 1981 жылы 24 сәуірде ашылған. Алғашында Панфилов-Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасып, 1984 жылы бүгінгі тұрған ғимаратқа көшкен екен. Ал 1990 жылы музейге күйші-қобызшы Ықылас Дүкенұлының аты берілген. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорында 1400-ге жуық экспонат бар. Музейде ерте кезеңдерде бақсы-балгерлер тұтынған жәдігерлерден бастап, еліміздің ұлы тұлғалары, жыршы, әнші, күйші-композиторлар ұстаған музыкалық аспаптары – қобыз, домбыра, сырнай, сыбызғылардың мол қоры сақталған. Музейдің залдары шетелдік музыкалық аспаптармен де толыққан. Музейде қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар, әлемнің 50-ге жуық елінің мәдениетімен таныстыратын жәдігерлер 9 экспозициялық залға орналастырылған.

 

Музей тарихы, мұндағы қордаланған мәселелерді білу үшін осы жерде 40 жылға жуық еңбек еткен, музейдің негізін қалаушылардың бірі, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш аспаптанушы-этнолог, тарих ғылымдарының кандидаты, КСРО Мәдениет министрлігінің «Үздік мәдениет қызметкері», ҚР Еңбек сіңірген қызметкер, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық ИКОМ Қазақстанның Дипломанты Жәкішева Забира Сыпатайқызымен сұхбаттастық. Ендеше сол сұхбатымызды қадірлі оқырмандарымыздың назарына ұсынғалы отырмыз!

 

- Забира апай, сіз осы музейде біраз жылдан бері еңбек етіп келесіз. Айтыңызшы, мұндағы экспонаттар несімен құнды? 

- Орталық Азия республикалары арасында  алғаш рет Қазақтың Ұлы Даласында дүниеге келген бұл музей – сан ғасырды артқа тастап, жылдар елегінен өтіп бүгінге жетті. Экспонаттардың негізгі тарихи үлгі-нұсқалары музей қорына 1981-1990 жылдарда-ақ жинақталды. Осы істің басы-қасында да Өзбекәлі Жәнібеков жүрді.  Жинақталған экспонаттардың арқасында музей ашылған 1981 жылдың өзінде мына төмендегі экспозиция жабдықталды. Олар:

археологиялық аспаптар; 

ішекті-шертпелі аспаптар (домбыралардың этнографиялық үлгі-

нұсқалары); 

ыспалы аспаптар; 

үрлемелі аспаптар; 

соқпалы аспаптар;

шулы-сылдырлы аспаптар;

мемориал аспаптар;

Түркі халықтарының аспаптпары;

Шетел халықтарының аспаптары.

 Экспонаттардың құндылығына – әсіресе, археологиялық табылғылар, мемориалдар  мен этнографиялық аспаптар жатады. Музейден осы аспаптарды көрген боларсың сондықтан тізіп жатпаймын. Бұл аспаптардың көпшілігі алғашқы жылдарда-ақ Ө. Жәнібековтың сілтеме-сұратуымен музейдің алтын қорына әкелінген-ді.

 

- Ал музей тарихы қай уақыттан басталады?       

- Музей – 1980 жылғы тамыз айының 1-ші жұлдызында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №358-р санды Жарлығы бойынша ұйымдастырылып, 1981 жылы сәуір айының 24 жұлдызында есігін айқара ашып, халық игілігіне айналды. Музей Жарлыққа сәйкес алғашқы кезде Республикалық статуспен ашылды. Сексенінші жылдардың өзінде бірден республикалық дәрежемен (стстуспен) ашылуына табандылық танытып, жүзеге асыра білген Өзбекәлі Жәнібеков (1931-1998) болды. Музей – осы қайраткердің  жеке тұлғалық келбетімен, өнегелі өмірімен, терең білімімен, халық мұрасына деген қамқорлығымен жүзеге асырылды. Өмір талабынан туындап, жеке тұлғалардың күшімен ашылған бұл музей –  1980 жылдың басынан бастап қазақ музейтану мен қазақ аспаптану ғылымы тарихына соны жаңалық болып енді. 1990 жылы халық композиторы, күйші-қобызшы Ықылас Дүкенұлының (1843-1916) есімі берілді. 

Қазіргі кезде, яғни, арада 42 жыл өтсе де, Өзбекәлі Жәнібеков орнықтырып кеткен музейдің жаңалығы, ғылыми нәтижесі, еларалық байланыстардағы рөлі, қазақ аспаптану ғылымының ұлттанудағы орны, қазақ аспаптану ғылымы өсе ме, болашағы бар ма? деген басқа да қордаланған мәселелердің басы ашылмай отыр. Музей – өзі ашылған уақыттан бері осы сұрақтарға жауап іздеуде. Біз осылай ұлттық мұраларға (аспаптарға) немқұрайлы қарап жүргенімізде жат ағымдардың  «домбыра харам» деген сөзіне де келіп жеттік. Бұл – біздегі аспаптану ғылым-білімін зерттеп-тану, насихаттаудағы кемшін тұстарымызды көрсетеді және оны жат ағымдар дәл тауып пайдаланады. 

- Экспонаттарды сақтау үшін қандай жұмыстар атқарылды?

- Жинақталған экспонаттарды сақтау мәселесі музейдің мекен-жайына тәуелді және экономикалық әлеуетіне байланысты. Аспаптану саласына қатысты архивтік құжаттарды, музей экспонаттарының ғылыми дерекнамаларын, тарихи жазбаларды т.б. мәліметтерді сақтайтын арнайы жабдықталған бөлмелер болғаны дұрыс болар еді.  Бұрын болмаған бұл шаруаның қазіргі жағдайы қандай екенін музейдің қор-сақтау бөлімінен біле аласыз.

- Жалпы әлемде, әсіресе Еуропада өз ұлтының мәдениетіне, тарихына бей-жай қарамау, яғни оған қызығу, зерттеу, тану мәселелері біраз жолға қойылған. Мұны тіпті сол жаққа саяхаттап барған адамдар да растайды. Ал бізде ше? Сондай мәдениет қалыптасты деп айта аласыз ба?

- Бұл өзі – ауқымды тақырып. Мен бұл сұрақ жайында Еуропалық елдердің мәдениетіндегі аспаптану саласын ғана айта аламын. Еуропалық елдерде аспаптану ғылымының барлық саласы жолға қойылған. Бізде кәсіби аспаптанушы мамандардың тапшылығынан қазақ аспаптану ісімен тікелей байланысты болып келетін – органология, литофония, драмология, акустика, мифология, діни наным-сенім, бақсылық дәстүр т.б. секілді салалар қалыптаспаған. Мұндай салалардан ұлттық аспаптану мәдениетіміз мүлдем хабарсыз. Сондықтан да болар, кезінде  аспаптану, музейтану, өнертану секілді ғылымдармен айналысуға тиіс музей – қазіргі кезде жәй ғана  қаладағы көп музейлердің бірі болып отыр. Сондай-ақ, ұлттық, түркілік және шетелдік мұраларды сақтап-насихаттап отырған музей – Қазақстандағы жалғыз жинақталған қор орны, дерекнамалық базасы саналады. Сондықтан мен бұл музейдің  өз алдына жеке болғанын қалар едім. Музейді әлемдік болмаса да, «Тамырлас түркі халықтарының музейлері Каталаогына енгізу мәселесі де келіп жеткенін айту парыз. Себебі, музейде түркілік аспаптар да жинақталып, насихатталып отыр.

Біздегі консерватория, өнер академиялары, өнер колледждері, университеттердің өнер-музыка бөлімдері секілді  оқу орындарында аспаптану білімі оқытылмайды. Кейбір зерттеушілер «Саз сырнай», «Сыбызғы», «Шертер» секілді аспаптар жайында кандидаттық диссертациялар қорғады. Алайда, мұндай тақырыптардағы диссертациялар жалпы қазақ аспаптану ғылымының толып жатқан, толғағы жеткен мәселелерін қамтыды, шешіп тастады деп айта алмаймыз. Сондай-ақ, мұндай  тақырыптармен біз әлемдік демесек те, түркілік аспаптану ғылымының көкжиегіне шыға алмайтынымыз түсінікті жәйт. Біздің ұлттық мәдениетімізде күні бүгінгі дейін ескерілмей келе жатқан бір сала болса ол осы – қазақ аспаптану саласы!

Өркениет мәдениетін қалыптастыру үшін – ұлттық мұратану білімін мектептерден бастай отырып, өнер, музыка, тарих  пәндерін жиі болмаса да анда-санда музейлерде өткізуді қалыптастыру керек. Еуропалық елдерде мектеп оқушылары осындай жолдардан өткендіктен, есейе келе өз ұлтының мәдениеті мен тарихын қалыптастырады, қастерлейді! 

 

- «Сазген» көне аспаптар ансамблі мен Музей арасындағы байланыс қандай? Бұған Өзбекәлі Жәнібековтың қаншалықты еңбегі сіңді?        

- Музей қызметкерлерінің күшімен қоғамдық негізде «Сазген» этноансамблін ұйымдастыру Ө. Жәнібековтың өз идеясы болатын.   Музей – Сазген қол ұстаса, жұбы жараса өмірге келді. Ансамбльдің  басты мақсаты жайында Ө. Жәнібековтың: «...Задача наша глубже – найденные или воссозданные инструменты, молчавшие годы и даже столетия должны опять зазвучать. С этой целью мы сформировали из сотрудников музея ансамбль «Сазген». Ансамбль «Сазген» будет выступать с лекциями, концертами с целью ознакомления широких слоев трудящихся с казахскими народными песнями, кюями, давно ушедшими от нас мелодиями...» ,-деп атап өткен сұқбаты деректерде сақталған.     

Музей мен Сазген жайында: «...Мен бүкіл әлем халықтарының музыка мәдениетіне ден қойып жүрген адаммын. Дәл Сіздердің музейлеріңіздей музей әлемде жоқ. Музыка аспаптарын көру бір басқа да дауысын естіп, қалай ойналатынын көру бір басқа. Бұл – ежелгі заманның әуеніне дейін жанданған тірі музей. Бұл – нағыз қымбат қазына!»,-деп жазды поляк музыка маманы Г. Храпкович. Бұл  сөз Музей – Сазген байланысы жайындағы сенің сұрағыңа толық жауап береді деп ойлаймын.

- Аспаптану саласы біздің елде дамыған ба? Тарихи жәдігерлердің құнын біліп жүрміз бе?  

- Халықтық музыка аспаптары музейі өзінің бірегей коллекцияларының  ерекшеліктеріне сай – қазақ аспаптану, қазақ музейтану,  аспапты-археология, аспапты-қолөнер, тұрмыстық этнографиясы, аспапты-музыкалық фольклор т.б. секілді гуманитарлық білімдер жүйесін қамтып, бірнеше өнер салаларының басын қосты. Алайда, кәсіби аспаптанушы мамандардың тапшылығынан бізде бұл айтылған салалармен қоса, қазақ аспаптану саласымен тікелей байланысты болып келетін – органология, литофония, драмология, акустика, мифология, діни наным-сенім, бақсылық дәстүр, аспап және поэзия, аспаптардың рухани және заттық мәдениеттермен байланысы т.б. секілді салалар қолға алынбаған. Аспаптану саласы бізде дамымақ түгілі осындай музейі бола тұра оны зерттеп-танитын орын, орталық қалыптаспаған.

- Төл мәдениетіміз бен тарихымызға деген оңды көзқарасты қалыптастыру үшін қоғамдық сана қандай өлшемге өтуі қажет?

- Сана – дегеніміз белгілі бір өлшемге жата ма өзі? Мәселен, қоғамдағы әрбір адамның санасы, сенімі, көзқарасы, білімі, діни ұстанымы, ой-өрісі әртүрлі. Олардың бәрін бір өлшемге жатқызу, өткізу, келтіру мүмкін бе? Қоғамдағы әрбір адам өзін өзінше саналы санайды. Сондықтан төл мәдениетіміз бен тарихымызға деген оңды көзқарасты қалыптастыру үшін адамдардың бойында (қоғамда) терең білім, дұрыс тәрбие, адамгершілік құндылықтар болу қажет.  Сондықтан қоғамдық сананы қалыптастыру үшін ең әуелі ұлттық идеология мен білім жүйесі дұрыс жолда болуы қажет.

 

- Уақытыңызды бөліп, жауап бергеніңізге көп рақмет!

- Сізге де рақмет!

 

 

P. S. Бұдан бөлек музейдің ардагер қызметкері, аспаптанушы Забира Сыпатайқызы Музейді ұйымдастырудың мән-мағынасы, ғылыми нәтижесі, аспаптану ғылымына қатыстылығы жайында бірқатар маңызды мәселені қаузап, музейдің бұған дейін атқарған ұшан-теңіз жұмысы туралы редакциямызға хат жолдады. Ендеше сол хатты мұртын бұзбай, оқырман да оқысын деген ниетпен төменде жариялап отырмыз:

 

«Халықтық музыка аспаптары музейін ұйымдастырудың тарихи мәні неде, ғылыми нәтижесі қандай, жалпы аспаптану ғылымы тарихында музейдің орны бар ма, болса қандай деңгейде?» деген мәселелер музейде де, одан сырт жерлерде де назарға алынбаған. Зерттеулерімізде музей ұйымдастырудың нәтижелері, мәні, орны мына төмендегіше сипатталады. 

Нәтиже:

* Орталық Азия Республикалары арасында дәстүрлі музыкалық аспаптарға арналып ашылған тұңғыш музей болды;

* Зерттеулеріміз нәтижесінде аспаптардың тек бір жақты музыкалық-орындаушылық бағытты ғана емес, олардың – аспаптану, музыкалық этнография, аспапты-археология, аспапты-қолөнер, өнертану, акустика, драмология, литофония, органология, заттану, мифология, бақсылық дәстүр, аспап және поэзия т.б. секілді бұрын назарға алынбаған гуманитарлық ғылым салаларымен байланысы нақтыланды; 

* Музей – қазақ аспаптану ғылымының ғылыми-зерттеу орны, дерекнамалық базасы ретінде қалыптаса бастады; 

* Тәжікстанның Душанбе қаласында ашылған «Музыкалық аспаптар музейіне» және Саха елінің Якут қаласындағы ұлттық «Чангкобуз» (Шаңқобыз) аталатын музейлердің ұйымдастырылуына үлгі-нұсқа болды;

* Музей мұраларының рухани және заттық мәдениетке  бірдей қатыстылығы зерделенді; 

* Музейдің тарихи мұралары жайында кітаптар  жарық көріп, диссертациялық еңбектер қорғалды; 

* Республикалық және Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен түрлі жиындарды өткізуге негіз қаланса да бұл істе көптеген түйіткілдер бар; 

* Музейдегі «Мемориалдық аспаптар» 2018 жылы қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мемлекеттік бағдарламаның жалғасы болып табылатын «Ұлы Даланың 7 қыры» Жобасында көрсетілген «Ұлы Дала тұлғалары» атты тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін маңызды

* Музейдегі «Археологиялық табылғылар», «Этнографиялық домбыра нұсқалары», «Түркілік аспаптар», ««Шетел аспаптары» қатарлы жинақтаулар – қазақ аспаптануғылымы саласындағы алғашқы және маңызды жинақтау бола отырып, музей үшін тарихи құндылық, рухани-мәдени мұра ретіндегі рөлі айқындала түсті; 

 * Қазақ аспаптану ғылымын зерттеп-танудың Қазақстандағы жалғыз орны, ол осы халықтық музыка аспаптары музейі болып табылады;

* Халықтық музыка аспаптары музейінің тарихи мәні, нәтижесі, орны осылайша көрініс тапты деп айта аламыз!

 

«Сазген» жайында:

*«Сазген» этнотобы сол кездегі астанамыз Алматы қаласының музейлері тарихында музей қызметкерлерінен қоғамдық негізде құрылған алғашқы этноансамбль болды (1980); 

* «Мұрагер», «Адырна», «Алтынай», «Жетіген», «Ғасырлар пернесі» қатарлы өзінен кейін құрылған этнофольклорлық өнер топтарына үлгі-нұсқа болды;

* Ансамбль жұмыстары арқылы дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі халықаралық көрме-жәрмеңкелерде насихаттала бастап, көне аспаптарды дыбыстандыру жұмыстары жолға қойылды;

* «Сазген» этноансамблі қазіргі таңда музейден бөлініп, үлкен сахналарға

 бет алып, кәсіби өнер жолына түсті; 

 

Шеберхана жайында:

* Музейдің құрылу тарихында «Аспап жасау және қалпына келтіру шеберханасының» ұйымдастырылды. Мұны бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Музей залдарын  экспонаттармен жабдықтау оңай жасалатын шаруа емес еді. Батыл да шұғыл шешім қабылдай алатын Ө. Жәнібеков жан-жақта шашырап жүрген аспапшы-шеберлердің, қолөнерші-зергерлер мен ұсталардың басын қосты;  

* Музей үшін аса маңызды әрі шешуші рөл атқарған шеберхана жұмысы арқылы музей қоры мен экспозициясы толықтырылып, жаңғыртпалары мен көшірме нұсқалары жасалды; 

* Шеберханада белгілі шебер Д. Шоқпарұлының жетекшілігімен алғаш рет «Ортеке» музыкалық ойын құралының жаңғыртпасы жасалды. Нәтижесінде – домбыра сүйемелімен орындалатын «Ортеке өнері» адамзаттың рухани-мәдени мұраларының биік шыңы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне енгізілсе, ұлттық «Домбыра мерекесі» күні белгіленді; 

* Музей шеберханасы өзінен кейін құрылған «Мирас», «Шебер», «Шертер» т.б. секілді  шеберханалардың  жұмыстарына үлгі-нұсқа болды;

* Музей шеберханасы арқылы республикалық және халықаралалық «Үкілі домбыра», «Абыз қобыз», «Шежіре домбыра» т.б. қатарлы аспап жасаушы қолөнер шеберлерінің байқау-бәйгелері (конкурстары)  өмірге келді; 

* Өткен ғасырдың 1980-ші жылдарында Ө. Жәнібековтың тікелей өз Жоба-Жоспарымен жүзеге асырылған «Музей – Сазген – Шеберхана» үштігі – ұлт мәдениетінде, аспапты-музыка өнерінде және аспаптану ғылымы тарихында алтын әріппен жазылған ең ірі кешенді еңбек болды. 

 

 

Статусына:

Кезінде Ө. Жәнібеков ұйымдастырған бұл музей – бір ғана жазушының, сазгердің немесе мемлекеттік қайраткердің атындағы жеке музей емес. Бұл музей – гуманитарлық ғылымдардың барлық салаларымен тығыз байланысты болып келетін кешенді ғылыми-зерттеу орны! Сондықтан елімізден асып шет мемлекеттерге де танымал болып отырған бұл музейге – жоғарыдағы Жарлыққа сай өзінің бұрынғы Республикалық мәртебесін қайтарып, өз алдына жеке музей ретінде сақтаған орынды болмақ!   

Төменде Жарлықтың орысша нұсқасын жіберіп отырмын: 

Принять предложение Министерства Культуры Казахской ССР, согласованное с Госпланом Казахской ССР, Минфином Казахской ССР, Академией наук Казахской ССР, об открытии в г. Алма-Ате Республиканского музея народных музыкальных инструментов Казахской ССР.

Председатель Совета Министров Каз. ССР – Б. Әшимов. 1.08 1980 г»

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?