Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Qazaqstan tarihy» порталына 10 жыл

1279
«Qazaqstan tarihy» порталына 10 жыл - e-history.kz

Ұлт тарихын электронды жүйеде насихаттауды мақсат еткен «Qazaqstan tarihy» порталына 10 жыл, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Qazaqstan tarihy» порталы – ұлттық тарихымыз туралы нақты және толық ақпарат беріп, тарих ғылымы саласындағы жетістіктерді насихаттап келе жатқан бағыты айқын бірегей жобалардың бірі. Qazcontent АҚ–ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі.

2013 жылы 5 маусымда Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында «Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілетін арнайы оқу, анықтамалық «Қазақстан тарихы» веб-порталын іске қосу және және оны интернет-ресурстарда белсенді таралуын қамтамасыз ету» деген тапсырма жүктелген болатын. Сол жылдың 25 қыркүйегінде Мемлекеттік хатшының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен e-history.kz домендік атауымен «Qazaqstan tarihy» порталы құрылды.

«Qazaqstan tarihy» порталы – цифрлық тарихи материалдарды, түрлі өзекті мәселелер бойынша энциклопедиялық анықтамалықтарды ұсынушы және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша негізгі ақпараттық арна. Бүгінгі таңда портал республиканың үздік 40 жаңалықтар сайтының тізіміне тұрақты түрде кіріп отыр. Сайтты күн сайын Қазақстан мен ТМД елдерінен 30 мыңға жуық оқырман қарайды. Жоғары нәтижеге қол жеткізудің бірден бір себебі – сайт жаңалықтарының үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) жариялануында. Бұл – e-history.kz. сайтының еліміздегі басқа танымдық порталдарынан ерекшелігін көрсетеді.

«Qazaqstan tarihy» қазақ халқының ежелгі тарихынан бастау алып, қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын энциклопедиялық анықтамалықты ұсыну және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша цифрлы ақпараттық арна құру миссиясын арқалаған болатын. Ол мақсатымызды орындадық деп ойлаймын. Портал ашылған жылдары ауызша тарих, өлкетану, шежіре, қазақ халқының мәдени мұрасы сынды бөлімдерді толықтырып жұмыс атқарды, - дейді Алтынбек Құмырзақұлы.

Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы мен тарихи мәселелерді интернет әлемінде насихаттап отырған бірегей жобаға айналды. Бір сөзбен айтсақ, бір институттың жүгін арқалап отырған порталға айналды. Әрине бұл жұмыстарды жүргізуде портал ұжымы ғана емес, Қоғам тарапынан да, еліміздегі тарих ғылымын зерттеп жүрген институттар тарапынан да қолдау мүмкіндіктері ерекше болды.

10 жыл уақыт ішінде портал Қазақстан тарихы ғылымы бойынша электронды оқулықтардың жинақталған мол қорын қалыптастырды. Порталдың Е-кітапхана бөлімінде 1000-ға жуық оқулық пен оқу құралының, монографиялар тарихқа қызығушы қауымның пайдасына жарап тұр. Бұдан бөлек күнделікті жарияланымдар санатында 10000-нан астам материал жинақталған. «Қазақстан тарихы» 5 кезеңінің толық электронды базасы қалыптасты. Порталда контент «Қазақстан тарихы», «Тарих 5 минутта», «Оқушыларға», «Тарихи білім», «Киелі Қазақстан», «Тұлғалар», «Ұлы дала», «Арнайы жобалар», «Мультимедиа» санаттары бойынша ұсынылған.

Ұжым өзім жетекшілік еткен бес жыл бойында әр түрлі жобаларды іске асырды. «Әулет» 20 сериялы деректі фильмдер топтамасын, «Семей полигоны», «Ұлытау. Ұлық Ұлыс» деректі тарихи фильмдерін, «Жүз ауыл», «Әскери тарих», «Алаш100», «Ұлы дала», «Қазақстанның бейнелі тарихы», «Тарих ағай», «Quiz» жобалары оқырмандарын қызықтыра алды. Биылдың өзінде оқырмандарымызға «Qeoқазық», «Көшелер тарихы», «QazaqTalk» мультимедиялық жобалары мен «Сұлтан Бейбарыс 800», «Күндерек» жобаларын қолға алып отыр, - дейді портал жетекшісі.

Айта кетейік, Е-history.kz ұлттық Award.kz интернет-сыйлығының «Бала тәрбиесі, білім және ғылым» аталымы бойынша білім берудің үздік ресурсы аталымының иегері. Портал қызметкерлерінің жұмысы бірнеше рет түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мақтау қағаздарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?