Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әділетті мемлекеттің негізі – бірлік пен біртұтастықта

1406
Әділетті мемлекеттің негізі –  бірлік  пен біртұтастықта - e-history.kz

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Осыған байланысты ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова өз пікірін білдірді.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ: «ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ОМБУДСМЕН ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ». 

Омбудсмен – азаматтық немесе мемлекеттік қызмет атқарушының және атқарушы билік органдарындағы және лауазымды қызметтегі белгілі бір азаматтардың қызметтерінің іс-қимылдар әділдігі мен мүдделерін бақылау қызметі. Яғни омбудсменге мемлекеттік мүддеге сай, өкілеттілік беріледі немесе тапсырма жүктеледі. Ғаламтор ақпаратында Омбудсмен» - ежелгі скандинавия тілінде «өкілеттілік», «тапсырма» деген түсінікті беретіндігі жазылған. Алғаш рет парламенттік омбудсмен 1809 жылы Швецияда сол жылғы қабылданған конституцияға сәйкес құрылған. Бүгінгі күні әлемнің 100-ден астам елінде омбудсмендер өздерінің қызметтерін атқарады. Омбудсмендер ең алдымен адам құқын (балалар қауіпсіздігі, кәсіпкерлік пен бизнес құқын, БАҚ құқын, қаржылық омбудсмендер, бағаны бақылау бойынша омбудсмендер және басқа да салалар бойынша) қорғауға негізделген. Омбудсмен тағайындау мәселесінің күн тәртібіне алынуы ел ішіндегі ахуалды жақсарту және адами құқық ережелерін сақтауды ретке келтіру қажеттілігінен туындап отырғаны мәлім. Қазақ тарихында ел мен жерді, адам құқын қорғауға қатысты дәстүрлі институттардың өте ертеректе қалыптасқаны белгілі. Билер институтының өзі ғасырдан ғасырға қазақтың әдет-ғұрпы мен рухани-мәдени дүниелерін, саяси көзқарастарын сабақтастырғанын айтсақ та жеткілікті. Соның ықпалды белгілері 1960-1970 жылдардың соңына дейін ауылдық жерлерде «ақсақалдар кеңесінен» көрініс тапқан болатын. Билер мен ақсақалдар қара қылды қақ жаратын, адал ісі және әділ шешімімен жұртшылықты таң қалдыратын. Оны көзіміз көріп өсті. Өкінішке орай, ашығын айту керек тәуелсіздіктің онжылдықтарында сол дәстүрдің кейбір көріністері болғанмен, негізінен трайбализмге, жершілдік пен жікшілдікке жол берілгені жасырын емес. Қаншама өткеннің елесін қуғанмен, бабалардың асыл қасиеттеріне көлеңке түсіріп алдық. Ендігі мұрат – жұртымыздың қам көңіліне жарық сәуле түсіре алатын заманауи әдіс-технология негізінде дәстүрімізді жаңғырту. Әділ шешім шығаратын тұлға -заманына сай көреген, ақыл-ой иесі, халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын, дүниенің көзін – халықтың санасы мен даналығынан көре алатын, ақ адал еңбегіне сүйенетін, тек ісімен және әділ шешімімен жұртын сүйіспеншілікке бөлейтін биік интеллектуалды – мінезді жан. Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында еліміз осындай тұлғаларға зәру. Жоғарыдағы туындаған мәселелерді ескере келе, Мемлекет басшысының «Президент жанынан Омбудсмен тағайындау» бастамасы мен шешіміне қолдау білдіремін. Себебі бұл - ушығып тұрған ел ішіндегі және сыртындағы көптеген келеңсіздіктерді шешуге немесе сан мыңдаған қалыптасқан интеллектуалдар мен кәсіпкерлердің, жас буын өкілдерінің бұлақ көзін ашудағы бірден бір жол. Оған қоса, бұрын қолға алынған саяси жаңғыру бағыттары мен Конституциялық реформалардың түпкі мақсаттары мен міндеттерінің заманауи қоғамға сәйкес үйлесімділік табуымен де түсіндіріледі. Бастысы республика тұрғындарына, кәсіпкерлер мен топқа, мемлекетті басқарушы әкімшілік қызметкерлеріне іс-қимыл еркіндігі мен мүмкіндіктер беріледі. Десе де, әрбір сала өкілдері мен азаматтардың түрлі топтары арасында өзара сенім мен түсіністік болуы шарт. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, экономикалық еркіндікті қолдайтынын» атап өтті. Экономикалық еркіндік дегеніміз, республикадағы әрбір аймақтың мемлекеттің мүддесі мен қауіпсіздігіне қатысты жеке міндеттер мен нақты жауапкершілік алу екендігін де, қаперде ұстаған жөн. Әділетті мемлекеттің негізі – бірлік пен біртұтастықта. Ар-ұждан алындағы адал еңбек пен ұрпақтар сабақтастығы, Берекелі қоғамға бастайтыны айқын.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?