Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тілдер мерекесінің мерейі асқақ

925
Тілдер мерекесінің мерейі асқақ - e-history.kz

2023 жылғы 5 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінің салтанатты ашылу рәсімін ұйымдастырды.

Биыл алтыншы жыл бұл мереке ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйекте аталып өтіледі. Жиналғандар тіл саласын дамытуға арналған соңғы жылдары шығарылған ғылыми кітаптар, оқу-әдістемелік құралдар, конференция жинақтары қойылған кітап көрмесімен танысты. Сонымен қатар, «Аталардың аманатына адал болайық», «А.Байтұрсынұлы», «Т.Шонанұлы», «Қ. Жұбанов» және т.б. танымдық бейнероликтерді тамашалады.

Басты мақсаты туған тілге деген құрмет мен сүйіспеншілікті, мемлекеттік тілдің еліміздегі этностарды біріктірудегі тарихи маңызын танып, білуге бағытталған республикалық бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі C.Нұрбектің құттықтау сөзімен ашылды.

Оны вице-министр Т.Ешенқұлов оқып берді. Онда былай делінген:

«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және Қазақстан азаматтарының ана тілдерін сақтап, оны дамытуға қамқорлық жасау міндеті Ата заңымызда белгіленген. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға бағытталған жүйелі іс-шаралар іске асырылуда. «Coursera» платформасында әлемге танымал ғалымдардың бейнедәрістерінің қазақ тіліндегі нұсқалары қамтамасыз етілуде. Халыққа қызмет көрсету саласындағы IT-сервистердің қазақ тіліндегі нұсқалары пайдалануға берілуде. Қазіргі жаһандану дәуірінде жастарды ана тілін, туған жерін сүюге, оған қызмет етуге, құрмет тұтуға тәрбиелеуіміз  қажет». 

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Н.Жүсіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.ИсаҚазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі,  филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы кафедраның меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Салқынбай, Астана қаласы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы  Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кеңесінің төрағасы Ш.Пулатов  сөз сөйледі. 

Салтанатты марапаттау рәсімінде Сабыр Қасымов, Қазыбек Иса, Тұрдығұл Шаңбай, Анар Салқынбай, Нұрша Оразахынова және басқа да қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытып жүрген ғалымдарға, гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі табысталды. 

Бұл марапат Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары қатарына енгізілген. 

Республика бойынша облыстарда және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 90-ға жуық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында: 6 ғылыми конференция, 10 тіл фестивалі, 10 дөңгелек үстел, 14 байқау, 9 форум, 5 салтанатты іс-шара, 1 TedX  форматында ашық пікірталас, 1 жалпыхалықтық диктант, 10 форум, 10 көрме, 6 акция, 8 әдеби-сазды-кеш т.б. іс-шараларды атауға болады.

Сондай-ақ, шараға онлайн форматта өңірлердегі барлық тілдік құрылымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Автор:
Сауалнамалар
Алтын Орда (Ұлық Ұлыс) мемлекетінің мұрагерлері кімдер?