Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бозоқ қалашығы: өткен тарихы мен болашағы

4143
Бозоқ қалашығы: өткен тарихы мен болашағы - e-history.kz

Республика орталығы Астана қаласы тақыр жер, тайғақ өлкеде ғайыптан пайда болған жоқ. Оған дәлел – елорданың батысы Үркер шағын ауданы­ның солтүстік қапталында орналасқан Бозоқ қалашығы. Бұл нысан хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік, ортағасырлық қыпшақ, кейінгі Алтын Орда кезеңін бастан өткерген, яғни даладағы қала мәдениетінің үлгісі іспеттес.

Бұл нысан туралы зерттеушілер 1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі арқылы таныс. Осындағы күнделікте, «Есіл-Нұра бойында Бұзық атты көлдің жағасында көне қоныстың орны бар» делінген. 

Қалашыққа алғаш рет 1999 жылы зерттеу жүргізген танымал археолог Кемел Ақышев: «Бұл қоныс VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейінгі аралықта, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтар қо­нысы болды» деген пайым жасаса, ескерткішке жүргізілген археологиялық зерттеулер қала құрылысының тарихи хронологиясын анықтады. Ондағы қортынды бойынша: «VI ғасырда ежелгі түркілер қуатты әскери мемлекет құрып, Өтукен даласынан батысқа қарай Дунайға көшкен кезде (VII ғасыр) бұл орынға қалашық тұрғызған» деген болжам айтылуда. Яғни, бұл қалашық керуен жолдары түйілісінде маңызды рөл атқарып, егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айналысатын маңызды орын ретінде өмір сүрген. Бұған қазба кезінде табылған: стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстар қалдығы, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, монеталар және т.б. артефактылер дәлел. 

Аталмыш нысанға Есіл стацио­нарлық археологиялық экспе­д­ициясы жетекшісі Марал Хабдулина басқарып жүргізген археологиялық зерттеулер қортындысы бойынша, Бұзықты көлінің шығыс жағалауында орны тепкен  қалашықтың негізі құрылымы – 65 х 55 метр аумақты қамтыған, жалпы көрінісі үш жапырақты гүл тәріздес үш бөліктен (алаң-квартал) тұрады. Бекініс тереңдігі 2-3, ені 3-5 метр болатын ормен қоршалып, сыртқы жағынан шикі кірпішпен қамал-қабырға тұрғызылған. Бұл қамал-қабырғаның табанының қалыңдағы шамамен 8, үстіңгі жағының ені 5, биіктігі 2-3 метр болғаны жайлы археологиялық өлшем нәтижесінде анықталып отыр.  

Сондай-ақ, қалашықтың негізгі элементі –  солтүстік алаңы. Оның ішкі платформасы ормен қоршалған. Көлемі 35 x 35 шаршы метр. Алаң барлық жағынан тығыз жабылып, ежелгі қонысқа апаратын жалғыз өткел оңтүстік жағында орналасқан. Қалашықтың композициялық жағдайы мен дизайн ерекшеліктеріне назар аударған адам –  солтүстік алаң күллі бекіністің өзегі екенін аңғарады. Бұл бөлікке қазба жұмысы жасалып, төменгі қабатынан ерте ортағасырлық ғибадатхананың қалдықтары және адамның қаңқасы табылды. Қалашықтың келесі бөлігі оңтүстік алаң  болса, оның ені 3, тереңдігі 0,8-1 метр ормен қоршалған және платформасында қос қақпаның сорабы сақталған, үшінші бөлік шығыс алаңы ішкі пайдалануға арналған.

Сонымен қатар, мұнда аумағы 1000 х 300 метрді құрайтын суару жүйесімен жабдықталған диханшылық кәсіп аймағы анықталып отыр. Суару құрылымы негізгі арнадан, бірінші, екінші таратқыштардан және валиктер жүйесінен тұрған. Негізгі арна Бұзықты көлінен шығысқа қарай 580 метр созылып жатыр. Оның ені 1, тереңдігі 0,3 метр. Бұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлдерді табиғи су қоймасы ретінде игеруімен құнды. Қоймалар көктемгі су тасқыны кезінде суға толады. Жазда, қажет болған жағдайда суды арналар арқылы егіндікке ағызып отырған.

Зерттеушілер пайымы бойынша, X ғасырда бұл жерге  қыпшақ тайпалары өз қағандары үшін резиденция тұрғызған дейді. Өйткені, бұл мекен геостратегиялық тұрғыдан Сарыарқаның кіндігі солтүстік Сібір бассейні: Есіл, Сілеті, Шідерті, Нұра, Сарысу өзендері тармағында орналасқан. Яғни, Бозоқ қалашығы – еуразиялық кеңістікті игеру жолындағы қыпшақтардың алғашқы ордасы болып табылады.

Ескерткіштің келесі кезеңі XIII - XIV ғасырларға жатады. Бұл Алтын Орда дәуірі. Бұл кезеңге хронологиялық тұрғыдан қазба барысында анықталған тұрғын үйлер мен кірпіш күйдіретін пештер жатқызылуда. Сонымен қатар, қорымдағы сәулет нысандардың әртүрлілігі (күйдірілген кірпіштен жасалған тікбұрышты кесенелер) исламның далалық аймақтарда таралуының алғашқы кезеңін айғақтайды. Оның сыртында, ескерткіштің солтүстік шетінде орналасқан көпкамералы тұрғын үйлер XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың ортасына тән. Тұрғын үйлерді бұлай жоспарлау аналогы еліміздің оңтүстігі мен Орта Азия сәулет өнерінде кездеседі. Әр бөлмеде биіктігі 20-40 см, ені 0,8-1,0 м болатын U тәрізді сазды суфалар мен мұржасы бар кірпіштен жасалған қабырғаға бекітілген ошақ орналасқан. Қабырғаларға тауашалар салынған. Тұрғын үйлер бөлмесінде керамика сынықтары, темірден жасалған заттар, тас диірмендер, балық сүйектерінен жасалған моншақтар табылып отыр.

«Ең бастысы Бозоқ қалашығы – Қазақстанның далалық аймағының алғашқы ортағасырлық соның ішінде, шығыс Дешті-Қыпшақтың дала аймақтарын исламдастырудың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр» дейді музей-қорықтың ғылыми хатшысы Айнагүл Ғаниева ханым.

Қазіргі таңда елорда іргесіндегі ежелгі қоныс, ескі жұртқа далалықтардың Еуразия кеңестігінде қалдырған ізі деген тарихи баға беріліп, бұл идеяны орнықтыру мақсатында, аталмыш мекеме қалашық аумағына Ұлы Дала мәдениетінің жиынтығы істеттес «Аспанасты музейін» ашу ісімен айналысып жатыр.

Тарқатып айтар болсақ,  ««Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 2004 жылы Бозоқ қалашығын­да шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылы­ми форум өтті. Форумның қоры­тындысы бойынша резолюция қабылданды және қалашықтың ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еура­зияның ғылыми археоло­гия­лық кеңістігіне енді. Сөйтіп,  «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негізінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын, нақтырақ айтқанда аспанасты музейін құру жоспарланған болатын. Басты мақсат – ата-баба­­ларымыздың жетістіктерін бей­нелейтін музей-қорықтың сәулет көрінісін тұжырымдап, ойын-сауық, демалыс, спорт, денсаулық функциялары ма­ңызды болатын сапалы жаңа форматты жанды музейін құру. Яғни, көне қала­шыққа жүргізілген археологиялық қазбалар негізінде «Ашық аспан астында ұлттық саябақ» жобасын іске асырып, сол арқылы еліміздегі  ежелгі және ортағасырлық стацио­нарлық ескерт­кіш­тер­ді қал­пына келтіру, нақтырақ айтқанда, ежел­гі дәуір кезеңдерін бей­не­лейтін аспанасты музей құру. Мұндай музейлер әлемдік тәжі­ри­беде бар. Қазіргі таңда елі­міз­де 240-тан астам музей болса, олардың 12-сі қорық-му­зей есе­бінде. Бұл барлық музей­лер­дің 5 пайызын құрайды. Республика бойынша қазірге дейін бірде-бір рес­­­пуб­­л­и­ка­лық мәртебесі бар архео­­ло­гиялық және этногра­фия­лық про­фильді музей жоқ. Осы сұра­нысты қана­ғат­тандыруға Бозоқ ескерткіш кешені сұранып тұр», - дейді «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Сәуле Бөкейханқызы. 

Келесі кезекте, болашақта құрылуы тиіс аспанасты музейінің стационарлық құрамы, яғни бөлшек нысандары қандай болады дегенге тоқталсақ: қазіргі жоспар бойынша, аспанасты музей аумағында Археологиялық парк, музей-ғи­ма­­раты, отбасылық демалыс орта­­лықтары, балаларға арналған жасөспі­рім­дер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, саябақ аймақтары, шығыс базар­лары, қолөнер шеберханалары, тақы­рыптық дәмханалар, шәй­хана, алма бақшалары болады. 

Соның ішінде Археологиялық саябақ – Еуразияның ежелгі және ортағасыр­лық тарихында отандық және шетелдік ғалымдар­дың зерттеулеріне не­гіз­делген нәтижелер бойынша жасалмақ. Сонымен қатар, бұл жерде энеолит кезе­ңі­не тән Ботай қонысының тұрғын үйлері де тұр­ғызылады. Бұл – тас дәуірден металл өң­деуге дейінгі тех­но­логиялық серпіліс кезе­ңі мен жыл­қы өсіру мәдениеті дәуі­рін әйгілемек. Айналып келгенде нысандардың барлығы аса үлкен 412 га аумақты алып жатқан Археологиялық саябақты құрайды. 

Бұл сая­бақ алдағы уақытта ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асы­рудың платформасына айналуы тиіс. Одан кейін сақ кезеңіне тән еліміздегі археологиялық ескерткіштер: Қызылорда облысы жеріндегі Бәбіш мола нысаны қалпына келтіріледі. Одан соң қала инфрақұрылымының металлургиялық көрсеткіштері,  Атасу-1, Мыржық, Семиозерное, Талдысай-1 т.б. шеберханалар эксперименттік археология әдісі бойынша қайта жаңғыртылмақ. 

Ғұндар қонысының еуразиялық үлгісі ретінде: қорғаныс, стационарлық және жылжымалы үйлер, ғибадатханалар т.б. нысандар салынса, ежелгі түркі мәдениетінің жазбаша және археологиялық дереккөздерін  қалпына келтіру жоспарлануда. Соның ішінде қаған сарай кешені, тұрғын үйлер, қолөнершілер кварталы, монша, петроглифтер тізбегін орналастыру  көзделіп отыр. Қазақ хандығы дәуіріндегі орталықтар – Сауран, Сығанақ, Сарайшық және Түркістан қалаларын зерттеу барысында ашылған насындар қатарынан Сапар орталығы осында салынады.

Бұйыртса алдағы жылдары ннновациялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қалашығы еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым ретінде танымал болады. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады. 

Бұйыртса алдағы жылдары ннновациялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қалашығы еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым ретінде танымал болады. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналары анық. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?