Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ерлігі алты алашқа рух берген Аққошқар батыр

3671
Ерлігі алты алашқа рух берген Аққошқар батыр - e-history.kz

Қазақ халқының XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов басқарған Ұлт азаттық күресінің басты жеңістерінің бірі – Ақтау бекінісін алу шайқасы. Биыл сол біріккен қазақ сарбаздарының империяға қарсы жанқиярлық күресінің өткеніне 185 жыл толады. Ел тарихында өзіндік өшпес орны бар айтулы оқиға қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтыны анық. Мұның бабалар ерлігі арқылы ұлт ұрпағын тәрбиелеуде де маңызы жоғары. Оған қоса марғасқа марлан далада өткен осы майданда көзсіз ерлік көрсеткен Көкбөрі Керней Аққошқар батырдың ұрпақтары баба рухына тағзым етіп, құласа да құндылығын жоғалтпайтын көне кесенесін қайта көтеріп, ас беруге ниет етіп отыр. 

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерлістегі Ақтау бекенісінің алынуына 185 жыл 

XIX ғасырдың 30 жылдарының басында Арқаның төрінде, қазіргі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданының орталығынан 80 шақырым жерде Манақа өзенінің жағасына Актау бекінісі салынды. 1640 жылы іргетасы көтерілген Гурьев, 1716 жылғы Омск, 1718 жылы  Семипалатинск, 1720 жылы Павлодар, Усть-Каменогорск, 1832 жылы Ақмола және 1854 жылы Верный алғашқыда бекініс ретінде салынса да, сауда жолдарында тұрғандықтан әрі экономикалық маңызына қарай кейін ірі қалаларға айналған. Ал, Ақтау қамалының жөні бөлек, қазығы қағылған күннен бастап қазақ тайпаларын Ресейдің құзырына әбден бағындырып, 1866 жылы жабылғанға дейін қазақ даласын әскери құрсауға айналдыру мақсатымен салынған.  Ресми түрде патша үкіметі Троицк, Петропавлдан шығып Ташкент, Бұқараға өтетін сауда керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін деп жариялағанымен, басты мақсаты қазақтың қазанатына да, азаматына да құрық салып, тайпаларының тынысын тарылтып, тіршілігін қатаң бақылауға алу еді. Қамал салынар алдында ол кезде Батыс-Сібір генерал губернаторлығының құрамындағы Омбы облысының бас сатрапы Талызин жергілікті халықтың мүддесін қорғайтынын, әдет ғұрыпқа, қазақтардың тұрмыс салтына тиіспейтінін айтып үндеу жазды. Құрылысқа қажетті көлік пен адам күші жергілікті халықтан алынды. Бірақ құрылыс біте сала полковник Талызин уәдесінен тайып, жалға алынған аттар мен түйелерді қайтармады.

Қамалдың қабырғалары төртбұрышты үлгімен қаланып, айнала мұнара мен зеңбіректер орнатылды. Ішінде әскерилер мен олардың казармалары, штаб, офицерлердің үйлері, тастан каланған ат қоралар мен қоймалар,  ас үйлер, қарауыл, аурухана, ұстахана орналасты. Орнаған күннен бастап бекініс әскерлері патша үкіметінің отарлау саясатының ең сұрқия сипатын көрсетіп, маңайдағы халықты шауып, тонап, қарсыласқандарын қанға тұншықтырып, тырп еткібей ұстауға тырысты. Кенесарының Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал майор Генске жолдаған хатында 1836 жылы Ақтаудан 400 орыс әскері шығып, Алшын, Жағалбайлы, Тоқа және Найман руының 250 адамын өлтіріп кеткендігі туралы айтылады. 

1837 жылы жазда Кенесары ұлт-азаттық туын көтерген кезде, қанау мен тонаудан әбден зәрезап болған Ақтау төңірегін мекендеген Арғынның Қуандық руының халқы біртұтас көтеріліп, ежелгі қоныстарын тастап, Балқашқа қарай көшті.  Олардың бірінші мақсаты – көтеріліске қосылу болса, екіншіден, бекініс маңайына ел қалдырмай, қамалдағы әскердің азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайын қиындату еді. Қоныс аударушылар  сұлтан Күшік Айшуақовқа орыс казактары олардың малын тонап, қыз келіншектерін зорлағанын, мініске бәйге аттарын дейін алып, қайтармай қойғандарын айтқан. Ақтау бекінісі жойылып, туып өскен жерлері қайтарылмай, оралмаймыз деген екен.

Ақтау маңынан қазақтардың үдере көшіп кетуі патша үкіметін едәуір абыржытып, істің мән жайын зерттеуге итермелейді. Тексеру қорытындысы бекеттердің жиі салынуы, құрылысқа алынған күш, көліктің қайтарылмауы, салықты көбейту үшін санақ кезінде мал санын көбейтіп жазу себеп болған деп табады.

Елдің басына түскен ауыртпалықты көріп отырып Кенесары патша үкіметіне жолдаған хаттарында үнемі халықтың басына түскен нәубетті ашық айтып, үнемі Ақтау бекінісін жоюды талап етіп отырды. Осындай хаттардың бірі 1838 жылдың көктемінде Тобылды Тоқтыұлы мен Көшкінбай Қазанғапұлы бастаған елшілікпен Батыс-Сібір генерал губернаторы, князь Горчаковқа тапсырылады. Генерал губернатор бейбіт өтінішке құлақ аспай, Кенесарының тұтқында отырған адамдарының бәрін саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп дүре соқтырады. Олардың әскерге жарайтынын алып, қалғандарын Шығыс Сібірге жер аударады. Дандайсыған губернатордың бұл қылығынан кейін амалы қалмаған көтерілісшілер шұғыл шешуші әрекеттерге көшуге мәжбүр болады. Старшина Симоновтың жасағына соққы беріп, көптеген қару-жарақ пен оқ дәріні тартып алады, отаршыларды қолдаған Қоңырқұлжа сияқты шонжарлардың  мыңдаған жылқыларын барымталап қолды қылады. 22 маусымда Ақтау, 7 тамызда Ақмола бекіністеріне басып кіріп, жағып жібереді.

Ақтау бекінісін алу оқиғасы қазақ фольклорында да бейнеленген. Доскей ақынның Кенесары дастанына сүйенсек  қамалды қоршап шапқан казақ қолының саны 800-ден артық болуға тиіс. 

Жиналған осы батырлар, сегіз жүздей қол еді, 

Жолдан естіп қосылды, батырлар тағы қайдағы,-деп жырланған.

Мұрағат деректерінде де осы дерек  ұшырасады. «Қорыққанға қос көрінер» демекші, тек Ақтау бекінісінің комендантының көрсетуінде ғана шабуылдаушылар саны 2000 болды деп баяндалған.

Ақтау бекінісін алу Кенесарының беделін көтеріп, көтеріліске қазақ тайпаларының өкілдері жан жақтан ағылып қосылып, көтерлісшілер саны он екі мыңға жетеді. Доскейдің ақынның дастанында:

Ақтауды алып кенелді,

Батырлар салған өнерді.

Он екі мыңдай қол болып,

Ақмолаға жөнелді,-деп тайға таңба басқандай өлеңмен өрнектелген. 

Аққошқар бабамыз, Кенесары Қасымов басқарған Ресей империясына қарсы қазақтың ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқан.  Аққошқар батыр көтеріліске Кәрсөн және Керней руының сарбаздарын бастап апарған. Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Иман батырлармен қандыкөйлек жолдас болып, ерлікті ту етіп, талай қантөгіс  қақтығыста намысты қолдан бермеген. 

Киелі қазақ даласының дәл кіндігіне Батыраштың балтасындай жүзін батырған Ақтау бекінісіне басып кіріп, күлін көкке ұшырған, атынан адам шошып, ат үркіген көтерілістің апогейі болған, сауыт сөгіп, жебе жауған алапат майданда қол басқарып, бекініске алғаш басып кіргендердің бірі болған. Аққошқар батырдың қолында елінен еріп келген Керней сарбаздары ғана емес, батырдың қолбасшылық қабылетін жоғары бағалаған Кенекең басқа рулардан да баһадүрлерді қосып берген, сарбаздары көтерілістің белең алған кезінде мыңға дейін жеткен. 

Аққошқар баба батырлар арасында Кенесарының өзі қойған лақап аты Мүйіз есімімен белгілі болған. Сыртта өз атынан лақап аты кең тарап, осы жазбаның авторы да батырды Мүйіз есімімен біліп, шын атын белгілі жазушымыз Төрехан Майбастан естіген еді.

Аққошқар батыр сабырлы, қанша дүрбелең болса да салқынқандылық танытып, үрейге берілмейтін ұстамды ер болған. Батырлар кеңесінді сөздің артын тосып, орамды пікірлер айтып, ханның шешімдеріне көп ықпалы болған. Кенесарының інісі Наурызбай және басқа кейінгі буын жас сарбаздар Құдайдай сыйлап, Ағыбайды Ақаекем десе, Аққошқарды Мүйіз аға деп қошаметтеп отырған.

Кейінгі жылдары ел аузында «Аққошқар батыр Наурызбаймен жекпе жекке шығып, мерт болыпты-мыс» деген бұрыс қауесет тарады. Тарихта белгілі, Наурызбай 1847 жылы қырғызда қайтыс болды, Аққошқар қартайып елдің ішінде 1870-ші жылдары көз жұмды. 1858 жылғы санақта аты-жөні, қанша малы бар екені де жазулы тұр. Наурызбай Мүйізден екі мүшел кіші, көтерілістің рухын көтеріп отырған батырлар бір-бірінің жағасына жармасты деген өз қисынға келмейді. 

Бірақ әңгіменің шығуының мынандай себептері болуы мүмкін. Батырдың туысы Қаракесек, Керней Итқара батырдың ұлы Қанбатыр Наурызбаймен күресіп, жарақат алған. Бірақ ол жарақаттан емес, оқиғадан оншақты жыл өткенде астан ұшынып қайтыс болады. Екіншіден, Аққошқар хан тұқымын соғыстың сотқарлары, қасыреттің жендеттері екенін жиі айтып, олардың елге жасаған озбырлықтарын бетіне басып айтып, тоқтатып отырған. 1840 жылы Кенесарының төлеңгіттері Аққошқардың руластары Кернейдің Қабыл аталарынан 500 жылқыны әскер қажетіне деп айдап әкетеді. Бұны естіп, батыр Нұра бойында торғауылда жүрген жерінен ордаға келіп ханға кейістік білдіреді. Сонда Кенесары жылқыларды Аққошқар қолының қажетіне беріп, «ағайыныңмен өзің шешімге кел» деген екен. Осындай қақтығыстар қауесет әңгімеге арқау болуы әбден мүмкін. 

Қазіргі орыс-шешен соғысының аяғында шешен көтеріліс қолбасшыларына амнистия бергендей, ежелгі Ресей империясының дәстүрімен Ағыбай Қонырбаев және басқа көтеріліс қолбасшыларының қатарында Аққошқар Ақеділұлына да Сібір қазақтарын басқарудың шекаралық басқармасының 1843 жылдың 30 қаңтарындағы үкімімен кешірім беріледі. 

Белгілі академик Ж. Ақылбаевтың жетекшілігімен қарағандылық ғалымдар орыс мұрағаттарынан ел мен атамекен тарихына қатысты құжаттар жинаған екен. Соның ішінде Омбы мұрағат материалдарынан құпияланған дерек шығып отыр. 

Деректе Кәрсөн Керней болысынан Кенесары Қасымов қозғалысына тікелей қатысқандардың тізімі беріліп, оларға қандай айып тағылғаны келтірілген. Құпия баяндама Қарқаралы сырт округ приказының бағалаушысы (заседателі) Сухомлинский және хатшы (секретарь) Людницкийдің қолымен 1847 жылдың 7 ақпанында Сібір қырғыздарының (отаршылардың қазаққа берген атауы) шекаралық басқармасының бастығы, генерал майор Вишневскийдің атына жазылған. 

Баяндамада Кәрсөн Керней болысының халқы патша үкіметіне наразылық көрсетіп, жаппай округтан бөлініп көшіп кетті деп көрсетілген. Ежелгі көшпенділердің дәстүрі бойынша шекарадан дүре көшу империядан бөліну деген мағына береді. Одан әрі хаттамада отаршыл шенеуніктер бұзақы сұлтан Кенесары Қасымовтың қозғалысына Кәрсөн Керней болысынан тікелей қатынасқандар деп аталарымыздың тізімін келтіреді. Империя жауларының тізімінде орысша мәтінмен Ак Кашкар Ак Идилев (Аққошқар Ақеділұлы) Бай арыстан Абенов (Байарыстан Әбенұлы), Уразбек Акбатин (Оразбек Ақботаұлы), Тлеп Давлетов (Тлеп Дәулетұлы), Рысь Байбурин (Ырыс Байбөріұлы) келтірілген. Бұларға К.Қасымовпен  бірге Ақтау бекінісіне шабуыл жасаған деп айып тағылады. Аяғында бұлардың 1843 жылдың 30 қаңтарында Шекара басқармасының үкімімен амнистияға түскені хабарланады.

Қарағандылық өлкетанушы, жазушы, тарихшылар Темірғали Аршабеков пен Жамбыл Жумабековтың 2006 жылғы басылымға шыққан мақалаларында да әр рудан көтеріліске қосылған батырлар мен жауынгерлер арасында Керней Кәрсөн болысынан барғандардың ішінде осы аталарымыздың тізімі берілген. 

Кенесары қозғалысы саябырлап, оңтүстікке ауғанда, Аққошқар орта жүздің  батырларымен Арқада қалады. Ол кезде көтерілістің де тағдыры шешілген заман еді. Кенесары қырғыздың қолына түсіп, кіріптар болған кезде күйзеліп айтқан сөзі бар ғой: «әттеген-ай, арқаның батырлары жанымда болса мұндай күйге түсер ме едім» деп, солардың ішінде Кенекеңнің жадында қандыкөйлек батыры Аққошқар да бар шығар.

Аққошқармен көтеріліске Кернейден бірге барған аталастарының ішінде Итқара батырдың немересі 22 жасар Оразбек Ақботаұлы да бар еді. Оразбек еліміздің бостандығы үшін ұлт-азаттық қозғалыстың бас-аяғына шейін қатысып, кешегі жоңғарға бөрідей шапқан даңқты аталары Көкбөрі Керней, Ес, Балта, Жарылғап, Итқара батырлардың туына дақ түсірмеген. Алдыңғы буын ағалары Аққошқар мен Ағыбай елде қалғанда, ағаларымен кеңесіп, ханымызды қалдырмаймыз деп, Кәрсөннен Тәңірберген батыр, Кернейден Оразбек , Кенесарымен оңтүстікке өтеді. Үйсін, қырғыз жерінде көтерілісшілердің басынан өткен барлық тауқыметін көтеріп, Алатаудың бөктерінде дүние салған Кенесары мен Наурызбайдан айырылады.

Тәңірберген хан Кенемен елден келген арғын сарбаздарына бас болып Қордай өңірінде қалады. Бұлардың ұрпақтары осы уақытқа дейін Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Ауқатты ауылында тұрады.

Оразбек болса ханның тірі қалған төлеңгіттерімен бірге Кенесарының ол кезде есейіп қалған Сыздық деген ұлымен Хиуа хандығына, одан тағдырдың тәлкегімен Қоқан өтіп, елге оншақты жылдардан кейін оралады. 

Елге келгенде бабамызды Аққошқар батыр бауырым емес, «үзеңгілес сарбазым», деп қарсы алып, алдына мал салып берген. Сұрапыл соғыста серігі болған жауынгерін сыйлап, атамыздың тұңғышы Аймағамбетке Ақжолтай Ағыбай батыр да өзінің немересі Нағым әжемізді қалыңмалсыз берген. Асылдардың тұяқтары Аймағамбет атамызды да, Нағым әжемізді де көре алмадық. Бірақ әкемнің үлкен ағасы Мұсағұл марқұм: «шешем Ақжолтай атасына тартқан, мысық сияқты, түнде күндіздей көреді, түнгі дәретке шамсыз шығады» деп айтып отыратын.

Оразбек бабамыз руымыздың кесенесі Қарабұлақ жеріндегі Итқара атасының зиратында емес, Шет пен Ақадырдың ортасында, қолбасшысы Аққошқар батырдың жанында жиырма шақырым жерде жерленген. Мүмкін, қантөгіс шайқаста ғана емес, екінші дүниеде де бірге болайық деп сертескен шығар…                                     

Биыл Көкбөрі Керней баба ұрпақтары жиналып Аққошқар бабаның басын жаңарттық. Кезінде кесенесін орасан ғып қыштан қалаған екен, көлеміне қарасақ, ел сыйлаған батыр жатқаны бірден көрініп тұр. Арқада бұндай көлемді зират көп емес. Тамызда батырға ас берсек деген ниет бар.   

Көкбөрі Керней, Аққошқар Ақеділұлы елім деп еңіреген, ұлтымыздың азаттық туын асқақтатып, тәуелсіздігіміздің бүгінгі алтын таңын атырған қажымас қайратты қазақ батырларының бірі де бірегейі. Аққошқар батырдың аты «алаш туы астында күн сөнгенше сөнбей», «Жаңа Қазақстанның» жауһар тарихында мәңгілікке жаңғырып тұрары сөзсіз. 

 

Бекет Аймагамбетов 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?