Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орта Ертіс өңірі мен Қарақаралы тарихының жұмбақ кезеңі

2460
Орта Ертіс өңірі мен Қарақаралы тарихының жұмбақ кезеңі - e-history.kz

Қазақстан тарихнамасы ХХ ғасыр басынан ауызша дәстүрден біржолата алыстап жазба деректердің кіріптарына айналғаны белгілі. Бұл жазба деректерді абсолюттендіріп, ауызша дәстүрді «ертегі сықылды» деп атаған Ш.Құдайбердіұлынан басталады да қазіргі күнге дейін жалғасып келеді. Соқыр тауыққа бәрі бидай деп бізге алыс-жақын шет елдердің өкілдері жазған дүниенің бәрі тарихи қайнар көз. Сырттан уақытша келген адам қаншалықты сіздің тіліңіз бен тарихыңызға бойлады, сіздің этнографияңызды қаншалықты игерді, өкінішке орай мұны саралап жатқан зерттеуші аз. Жалпы тіл білмеген адам тарих туралы не айта алады? 

Әлемнің көптеген халықтары сияқты қазақ та өзінің сырын,  шынайы  тарихын бөгде  жұртқа  жайып айта бермейді.  Есесіне қазақ тілін білетін адам қазақтың өз төл аңыздарынан көп нәрсені ұғады. Бұл мәселені «Қазақ шежіресі: Ұлы  дала тарихының қайнар көзі және тұжырымдамасы» (2012)  кітабымызда  жан-жақты қарастырдық. Осы жолы М.Ж.Көпейұлының «Мес» жинағынан  алынған шағын ғана бір аңызды тәпсірлейміз. Бұл аңыздыің бір нұсқасын 2013 жылы Құрман тұзда Коряковка ауылының қарияларынан да жазып алдым, бірақ Мәшһүр нұсқасының тілі шұрайлы.  Аңыздың мазмұны  Орта Ертіс өңірі мен  Қарақаралы аймағының ортағасырлық тарихындағы  шешеуші оқиғаларға қатысты.  Аңызды шартты түрде  «Апай-Бөрі одағының шығу тегі туралы» деп атадық. Енді мәтінге жол берейік: 

«Маған көктен Жәбірейіл періште уахи келтірген жоқ. Қағаз жүзінде жазылған қазақта шежіре нұсқа  жоқ. «Естіген құлақтың жазығы жоқ» дегенмен естігенімді жаза бергендіктен «шежіреші» атандым. Керекуге 25  шақырым дерде «Құрман тұзы» деген тұз бар[1].  Сол Құрман-Қыпшақ екен де, өзі мейлінше бай болған екен, жылқысының санын өзі де білмейді [2]. Жалғыз баласы болыпты. Күндердің бірінде, салт атты, сабау қамшылы, бір бөрі тонды, бөрте атты жігіт келіп, бала болыпты. Малға шын жаны қарағандықтан жылқы билігі сонда болыпты. Байдың жалғыз баласы сері болыпты. Он жігітпен жүреді дейді. Жазғытұрым бие құлын төгіп жатқанда бай баласы жылқы аралапты. Жаңа туып жатқан қара құлынды сойып, терісін ала беріпті. Осы жүрген он бірімізді де бір түсті қылып қара құлын жарғақ киеміз деп. Бөрі тонды, бөрте атты жылқышы мұны көрген соң, іші күйіп жылап, долданып байға келіпті:

- Бай, маған батаңызды беріңіз, малға менің иелігім болмады. Мына қорлықты көріп жүргеннен өлгенім артық деп... Бай жалынып-жалпайып тоқnата алмайды:

- Мен риза, құдай риза, осы жылқының қақ жарымын ал, - депті.

- Жоқ, бай, бір тай да алмаймын, батаңды бер, - депті.

- Жоқ, балам, дәнеме алмай кетсең, бата да бермеймін, ризалығым да жоқ, -депті.

- Олай болса, теңбіл көк сәурігіңді бер, үйірінде бес байталы бар. Соны үйірімен берсеңіз, шын-батаңызды бергеніңізді сонан білемін, -депті.

- Уа, шырағым, маған құт болған, қыдыр болған, көбікті көктің тұқымы еді. Өзімнің аузымды көбікті саумалға тигізген жануарым еді. Мал қадірін білмеген қу жалғызға болғанша, мал қадірін білетұғын сенде болғаны жақсы, -деп, батасын берген екен.

Байдың батасын алып, алты тұяқ жылқымен Ертістің бер жағына өтіп, Апай деген жесір қатынның қызын алып, онан бес бала туады: Келден, Қыстау, Қақа, Сатыбалды, Жаңбыршы.  Малы да, басы да өсе бастайды.

Жоғарыда айтқан малдың «Көбікті көк» атанып жүргені биеге шапқан айғырдың қасасынан ақ көбік шұбалып, үзілмей ағып тұрады екен. Соны Бөрі өз алақанына тосып алып, балаларына әкеліп жалатады екен. Бір баласы жаламайды екен. Сол жаламағанның ұрпағы ана төртеуіндей болмады деседі, жарлы-жақыбай, өсімсіз-өнімсіз болды деседі[3].

Жесір қатын Апай атанған – Қаракесек қатыны еді деседі. Байы өлген жесір қатын үй-отанымен, қара-құрасымен төркініне келген. Артынан Қаракесек іздеп, келіп, бұрын да тапқан бала-шағасы болса керек, екіқабат кетіп еді десе керек. Ер ұл тапқан екен де оны бөтен бір жерге асыратқан екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма? Бұл жақта тиген байынан бала туып, «Апай» аталған атпен  үрім-бұтағы  «Апай» атанып, Апай  мен Бөрі оттас, ораздас болып кеткен [4].  Біздің жақта тұрған биік Бөгембайды сол Апайдың ауызынан туған бала осы дейді. Мұның үрім-бұтағы осы Баянаула бауырынан жаңада кетсе керек. Бөрінің бел баласы Келден қыстауы екен дейді...  Баянаулада бір асуды Қазанғап асуы дейді. Бөріден шыққан, атағы жер жарған Қазанғап қыстаған жер дейді»[5].

Бұл аңыз бір қарағанда ХVІІІ-ХІХ ғасырлар шеңберінде пайда болған әңгіме сияқты. Шын мәнінде әңгіме сонау тарих төріне шығып кеткен ІХ ғасырға, Үшніші Түрік қағанатының соңғы кезеңіне   барады. Тәпсірді «Құрман тұз» атауынан бастайық:

1.«Керекуге 25  шақырым жерде «Құрман тұзы» деген тұз бар» деп Мәшһүрдің жазып  отырғаны ертеде Құрман тұз, 1754 жылдан бастап «Коряковское озеро» атанған Ертіс бойына белгілі қоныс. Бұл кезең  Кереку жардағы  (Коряков яр) Коряков форпосты бекініске  айнала  бастаған уақыт. Орта Ертіс өңіріндегі көлдердің көпшілігі патша үкіметін тұз өндірісімен қызықтырған. Жалпы Жәміш көлі (Ямыш) көлі сияқты тұзды көлдерге тұз алуға бүкіл Сібір аймағының татары мен орысы ХVІІ ғасырда кіре тартып келіп жүргені белгілі.  Әз Тәуке хан заманында Жәміш (Ямыш)  тұз саудасының орталығы болды да, Тұз қала атанды.  Кейіннен тұз саудасының орталығы  Керекуге  (Коряков яр) көшіп,  Коряков атауы  Құрман тұзға да  берілетіні осы себептен.  Керекуге ең жақын тұз өндірілетін   көл осы Құрман тұзы.   Көлдің айдыны үлкен - солтүстіктен оңтүстікке қарай қоржынның  екі басындай жайылып жатыр.  Құрман деген сөздің түпкі мағынасы қоржын екенін ескертеміз. 

2. Енді Мәшһүрдің «Сол Құрман-Қыпшақ екен де, өзі мейлінше бай болған екен, жылқысының санын өзі де білмейді» дегеніне келейік. Бұл «Құрман-Қыпшақ екен» деген сөздің анығы мынау- Қыпшақ этникалық қауымдастығы, кейін Қыпшақ ұлысы Орталық Азияның солтүстік орманды даласымен байланысты. Қазіргі уақытта Бараба (Барап)ғ Құлынды даласы аталатын аймақтар қыпшақ этногенезінің түп қазығы. Барабы сөзінің негізі Бараб – біздің көне тілімізде ораманды дала дегенді білдіреді.  Егер сіз Оғыз хан (Уыз хан) туралы  көне түркілік аңыздарды Рашид-ад-дин. Әбілғазы хан, Мәшһүр Жүсіп Көпрейұлы нұсқаларында оқысаңыз мынадай ақпаратты кездестіресіз:  «...Уыз хан  жетпіс екі  жыл мұғол-татармен  жауласып, жетпіс үш жылда бәрін өзіне бағындырып, Пұсырман қауымына  кіргізді. Сонан соң  жүріс қылып, Қытайды алды, Шүршітті алды, Таңғұтты алды. Таңғұтты  тәжік: «Дибет»-деп те айтады. Сонан кейін барып Қарақытайды алды. Қарақытай атанғаны- кісілерінің  өңі-түсі һинді халқындай қара түсті болады екен. Һиндістан мен Қытайдың аралығында болады екен.  Бұлардан әрі дүние айналған  мұхиттың жағасында заңғар биік тауларда қоныс, тұрақ қылған жұрттар бар екен. Патшаларының аты «Итбарақ» екен. Солармен соғысты. Итбарақ хан басым  шықты да, Уыз қосыны  бәсең тартып,  жеңіліп бара жатқан соң, қашты. Ұрысқан жерінің  бір жағында ағатұғын екі дария бар еді. Сол дарияларды көрген соң Итбарақ  хан  қосыны қайтып кетті. Уыз хан  қосыны есін жиып, етегін жауып,  демалып, қашқан-босқан, қалған-құтқанын  жинады. Ол заманда  соғысқа аттанғанда, қатын-қалаш, бала-шағасын қалдырмай, бірге алып жүреді екен. 

Уыз ханның бір өзіне жағымды жігіті бар екен. [Ол] соғыста өлген екен де,  қатыны қашып құтылып, ел соңынан келіп, үйірін тапқан екен. Өзі буаз екен, толғақ тұтып,  баспаналауға үй жоқ, бір  іші қуыс, шірік ағаштың ішіне  қорғалап, босанып ұл тапты. Ол заманда  іші қуыс шірік ағашты: «Қыпшақ»- деп атайды екен. Уыз хан бұл баланың атын «Қыпшақ» қойып, өзі бала қылып алды. Осы бала өсіп, жігіт болған соң, қолбасы қылып, көп жігіт-желең беріп, Орыс, Ұлақ (Олақ), Башқұрт, Мажар жақтарына жауласуға жіберді.  Бұл айтылған жұрттар  «Тең» деген судың  бойында болады екен. Қыпшақ келіп, Орыс, Ұлақ, Башқұрт, Мажарды- өзіне қаратып алып, үш жүз жыл патшалық қылды. Бұған қараған ел «Қыпшақ елі» атанды. Тең, Еділ, Жайық,- осы үш судың өлкесінде төрт жүз жыл тұрақ қылып, тарихларда  «Дешті Қыпшақ» атанды». 

Қыпшақтың  Ертістен бері асып далалық аймаққа қарай қозғала бастаған уақыты Х-ХІ ғасырлар.  Бұл кезең тарихнамада  оғыз-қыпшақ жаугершілігі деген атпен белгілі, оның ең әдемі дәлелі өзіміздің «Қобыланды батыр» жыры және Ертіс бойындағы Сырлы қала, Қазан қорасы атты ортағасырлық оғыздық қалалық қоныстар. Қазіргі күні «Қимақ (кемек)» атанып жүрген қауым- Ертістің жағасына қоныстанған оғыздың отырықшылары. «Кем» сөзі  өзен деген мағынада, яғни «кемек»- өзен бойының тұрғындары. Қыпшақтар бұл қалалық қоныстарды қалай алғаны «Қобыланды батыр» жырының «Қазан салған бас қала, Сырлықала, Қырлықала»  тарауларында баяндалады. Бұдан шығатын қорытынды біреу- бұл әңгіме қыпшақтар әлі де Ертістің оң жағасында тұрған кезеңге,  яғни ІХ ғасырға қатысты. Қыпшақ елінің  Ертістің оң жағалауындағы орманды далаға  иелік жасағаны, олардың дәулеті тасыған бай ел болғаны Құрман образынан мен мұңдалап тұр.

3. «Салт атты, сабау қамшылы, бір бөрі тонды, бөрте атты жігіт» кім дегенге келейік.

Ертістің оң жағасында отырған Құрман байға келетін  «Бөрі тонды, бөрте атты жігіт»  бейнесінің ар жағында үлкен оқиғалар тұр.  Бұл ғажайып  оқиғалар Орталық Азия өңірінде IX ғасырдың ортасында Орхон бойындағы Ұйғыр қағанатаның құлауына байланысты өріс алған алапат миграциядан хабар береді. Әбілғазының «Шаджарат и түрк» кітабында: «Монғол жұртында екі тау бар, ұзындығы күн шығыстан күн батысқа қарай созылып жатқан үлкен таулар, біреуінің аты – Тоқырату буалық, екіншісінің аты – Ұсқынлық текрем. Сол екі таудың арасында монғол жұртының күн батысында тағы бір тау бар, оны Құттағ дейді. Осы айтылған таулардың арасында бір жерде ағып жатқан он сай (өзен) бар, тағы бір жерде тоғыз сай (өзен) бар, бәрі де үлкен өзендер еді. Көне ұйғыр елі сол сулардың ара-арасында отырар еді. Тоғыз сайдың жағасында отырғандарды тоғыз ұйғыр, он сайдың жағасында отырғандарды он ұйғыр дер еді. Жүз жиырма ру ел еді. Бір кісіні патша көтергенмен, оның дегенін істеп, оған бағынбас еді, мұның өзі кейін олардың ыдырауына соқтырды...

Ұйғырлар үш мың жылға жақын осы айтылған жұртта отырды. Одан кейін ыдырап, әркімге олжа болып, жан-жаққа бытырап кетті. Бір бөлегі жұртында отырып қалды, бір бөлегі Ертіс өзенінің жағасына келді. Бұлардың өзі тағы үшке бөлінді. Бір бөлігі Бешбалық шаһарына барып, егін егіп, дәулетті ел болды. Енді бір бөлегі жылқы, қой бағып, Бешбалық маңында көшіп-қонып, көшпенді өмір сүрді. Үшінші бөлегі Ертістің тоғанында балық, құндыз, тиін, сусар аулап, етін жеп, терісін киіп күнелтті. Жібектен не мақтадан, не басқа материалдан істеген киімді ғұмырында киіп көрмеген еді. Егер қыздарын қарғаса, «жылқылы, қойлы жігітке тұрмысқа шығып, ет жеп, қымыз ішіп, басыңа жаман күндер тусын» дер еді (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Ауд. Б.Әбілқасымов. Алматы, 1991,32 б.).

Ол заманда қыпшақ ұлысы Ертістің оң жағалауына иелік жасағаны, олардың дәулеті тасыған бай ел болғаны Құрман образынан мен мұңдалап тұр. Аңыздағы бөрі тонды, бөрте аттың жігіттің образының астарында Орхон бойындағы ауыр соғыстардан кейін батысқа қарай жылжыған түріктің жауынгер тайпаларының бейнесін көруге болады. Ұйғыр қағандығы құрылғанға дейін Бөрі тайпасы Шығыс Түрік қағанатының құрамында болғаны қытай деректерінен белгілі (бөрі-фуле). Шығыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін бұл өңірде үш тайпа билік жасағаны тарихи деректерден белгілі: ұйғырдар, басмылдар және қарлұқтар. 

Қарлұқ- Болат-Қаракесек

Түрік-Орхон сына жазуларынан бастау алатын жазба деректерге сүйенсек, қарлұқтардың ерте кездегі қонысы - Алтай таулары «қарлұқтар бұрынғы уақытта Алтай тауында өмір сүрді және тоғыз-оғыздарға бағынышты болды. Одан кейін өз қожайындарына қарсы көтеріліп, түркеш елін жаулап алды, одан әрі мұсылман елдеріне қарай қозғалды», деп жазады араб тарихшысы әл-Марвази /ХІІ ғасыр/. 710-734 жылдары көк түріктердің басшылары Күлтегін мен Білге қаған тұсында мемлекет ішіндегі күресте қарлұқтар аса белсенді болды. «Білге қаған» жырында /734 ж./ осы өзара соғыстың бір эпизоды:

«Мұңсыз емін-еркін көшіп жүрген,

қарлұқ халқы жау болды.

Таңбалы-ұйық баста соғыстым.

Қарлұқ халқын қырдым, жаулап алдым.

Отыз екі жасымда басмыл-қарлұқ жиылды,

Оларды қырдым, өлтірдім»,- деп өзара соғыс лаңы суреттеледі

Осы соғыстардың нәтижесінде қарлұқ елінің үлкен тобы Алтайды тастап Жетісу мен Сыр бойына жылжыды, бір тобы Сарыарқа даласына бекінді. Көне түріктің Терхин жазбасында «Ит жылы үш-қарлұқ елі азаттық туып көтеріп, бөлініп шықты, көшті. Батысқа, он оқ елінің жұртына олар келді», - делінеді.

Қарлұқтардың батысқа жылжуы толқын-толық бірнеше кезеңді қамтиды. Қарлұқтардың 751 жылы болған араб-қытай арасындағы соғыста мұсылмандарды жақтап шығуы Орталық Азияда ісләм діні үшін бетбұрыс оқиға болды. Талас өзені бойында болған бұл соғыс түрік көшпелілерінің арасында ісләм шапағатына, шығыс мәдениетіне жол ашты. Сонымен қатар қарлұқтардың түрік тайпалары арасындағы орынын көтеріп, Қарахан империясын құруына мүмкіндік берді. 

766 жылы қарлұқтар Талас пен Суяб сияқты ірі қалаларды бағындырып, өздеріне орда жасады. Қарлұқтың ішіндегі шығыл деген ата /Чигил/ өздеріне жеке иелік көтерді «алтыннан көтерілген Арғу-Талас пен Қашу, Ордакент пен Шығыл-балықтың иесіміз», - деуші еді

Үш қарлұқ дейтін себебі, оның ішінде болат, шығыл, ташлық /тухси/ дейтін ірі-ірі үш үлкен ру бар. Оңтүстікке жылжу барысында қарлұқтың ішіне-қалаш, әзкіш, шарық, арғу сияқты Орта Азияның елдерінен көптеген рулар қосылды. Сонымен мемлекеттік тарихы бірнеше ғасырға созылған қарлұқ елі бір шеті Алакөл мен Ыстықкөл, бір жағы Сырдың орта ағысы мен Тохарстан /Жиделі-Байсын/ арасында ірге көтерді. Жазғы жайлауы Сары арқаның кең даласы Қарқаралы-Қазылық, Бұғылы-Тағылы мен Ортау. Қысқы қонысы мен жаз жайлауының арасындағы шекаралық алқапта Болат тауы, Болат қаласы деген жерлер де кездеседі. Араб географы әл-Идриси /ХІІ ғ./ қарлұқ елі туралы мынадай мағлұмат береді: «Тараз қаласы мен кемек елінің қағанының жұртына дейін /Ертіс бойы/ шөл дала мен қарлұқ- түрік  жері арқылы 81 күн жүру керек. Қарлұқтар жер өңдемейді, бірақ қонысы өте құнарлы. Бедуиндер сияқты жүннен жасалған шатырларда /киіз үй/ тұрады. Шығыс жағында Хайхам бекінісі бар, патшалар тұрады. Патша жақсы қаруланған, көп әскерді ұстайды. Бекініс-қорған-таудың басына орналасқан, оның сыртында су толтырылған шұңқыр бар, көл сияқты». Географиялық есептер бойынша Әл-Идрисидің суреттеп отырған өлкесі Орталық Қазақстанның алқабына сәйкес келеді. 

Қорыта айтсақ, Орта жүз арғын ішіндегі қаракесек шежіресінің түп-төркіні ҮІІІ-Х ғғ. аралығында Орталық Қазақстан мен Сыр өңірін мекендеген қарлұқ елінің тарихына барып астасады.  «Қарлұқ»- сөзінің астары  болат ұғымымен байланысты, көне түркілер тілінде «қаралұқ»  болат темірден әбден шыңдап жасалған қылыш. Бұл елдің әуелгі тарихы Еуразия даласындағы темір өндіру тарихымен байланысты. Сіз Ә.Х.Марғұлан 1962 жылы қазған Қарқаралы, Суық бұлақ сияқты қола дәуірінің қоныстарынан темір рудасы мен шлактары табылғанын еске түсіріңіз.  Сіз Алтай-Сібірде қалған қаракесектің бір тармағы шорлардың әлі күнге «Жыл басы» мейрамында темір қыздырып соғатынын білесіз бе?  Қарлұқ-Қаракесек-Болат /қожа/ атауының сыры да осында деген пікірдеміз. 

Басмыл дегеніміз бәсентиін

Қытай деректерінде басмылды «басими» деп атайды. Енді Н. Я. Бичурин аудармасындағы мәліметтерге көшейік: «...Басими в первый раз явился к Двору в двацать третье лето правления Чжен-гуань, 649. В первое лето правления Тьхянь-бао, басимисцы с хойху убили тукюеского хана и басимиского главного старейшину Ашинами Хэли Тюцзуйе поставили ханом, и отправили посланника ко двору с благодарностью. Сюань-цзун пожаловал их пурпуровыми травчатыми кафтанами, золотыми венчиками, поясами и шагреновыми сайдаками /колчанами/. Не прошло и трех лет, как разбитый Гэлолусцами и Хойху бежал в Бэй-тьхин, а потом переехал в столицу и получил военный чин, а земли и народ его поступили к Хойху» (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. 1 т,  М.-Л., 1950, -355-356 бб.).  Қытай деректерінде «хойху» деп ежелгі оғызға негіз болған  ұйғырларды атайды. Олардың қонысы ұлан-байтақ Орталық Азия, соның ішінде қазіргі Моңғолия жері. Орталығы Қарбалғасын қаласы.  840-шы  жылға дейін ұйғырлар осы алқаптағы ең үздік, күшті және қалалық мәдениеті дамыған  ел болып отырды. 

Жоғарыдағы дерек басмыл тайпасының көне ұйғыр қауымына жақын болғанын айғақтайды. Тіпті деректің өзі де «Танши» кітабының Гаогюй руларына қатысты толықтыру аталатын бөлігінде орналасқан. Бұл жерде он төрт ру туралы сөз болады. Олар: сеянто, байегу, бугу, дубо, гулиган, байси және т.б. Шығыс Түрік қағанатының құрамындағы елдің жалпылама атауы Момын (Бумын) аталуы туралы болжам бар.

Түрік-ашина ішіндегі талас Білге хан қайтыс болған 735 жылдан басталады. Одан кейін билікке Ежен-хан келді, ол өлген соң жас патшазада Құтлық Тәңірі келсе керек. Ол жас болғандықтан шешесінің кеңесі бойынша мемлекеттік қызметке Юйси /Жүз/ деген қолбасшыны жақындатыпты. Ол өзі тархан атағы бар адам екен, ел ішкі бұлғаққа түсті,  бас-аяғы екі жылда үш қаған өлді.  Оның үстіне  басмыл   бастаған тайпалардың жауынгер одағы түрік-ашинаға қарсы 739, 741, және 742 жылдары үш рет ірі соққы берді. Бұлғақпен берекесі кеткен билікті оғыз ябғуының /жабағы/ баласы Тұрайын пайдаланды. Ол әкесімен бірге түркі-ашина билігіне қарсы көтеріліске шықты. «Мен Тұрайын –жиырма сегіз жасымда Жылан жылы /741 ж/ түркі билігіне қарсы көтерілдім» - деп жазады ол осы қадамы жөнінде. Түркі-ашинаға қарсы қозғалыс кезінде оғыздар басмыл, қарлұқ, руларымен жең ұшынан жалғасты. Ақыры 742 жылы одақтастар түркі –ашина /сир/ ордасына басып кірді. Озмыш тегін өлтірілді, оның әйелін басмылдың көсемі алды т.б. Қырғыннан аман қалған ашина топтары бір жағы Құлынды даласына, бір бөлігі Наньшань мен Бэйтин арасына тарап кетті. Азаматтық соғыста жеңген тайпалар өз билігін басмылдың қолбасшысы  Гйеде Ел- теріс / Гие де Иши/ батырға берді. Сонымен басмыл  тайпасының Орталық Азиядағы дербес билігі 742-745 жылдарды  қамтиды. 

Оғыздың Көл білге мен Тұрайын сияқты көсемдерінің билікті басмылға тапсыруында қандай жұмбақ бар? Біріншіден басмылдардың өзге тайпалардан жолы, үлкен болуы мүмкін, көшпелілер жолға, жөнге қарайды. Екіншіден егер көтеріліс сәтсіз болған уақытта оғыздардың жауаптылықтан қашуы да, қорқуы да заңды?! 

Түрік-ашина үстемдігін құлатқан одақтастар мемлекетте жаңа дәстүрлерді қалыптастыра бастады. Екі қолдың да өз тіршіліктері мақсат-мүддесі болғаны анық, дегенмен шартты түрде болсын олар басмылға бағынды. Аса қиыншылықпен, бірнеше соғыспен алған билікті арқалап жүру жаңа одақтастарға оңай болған жоқ. Тіпті соғыстың шығынын жабу да оңайға соқпайтын. Үштік одаққа кірген тайпалардың ішінде тоғыз- оғыздар өте айлакер саясат жүргізді. Олар тікелей соғыстарға шығудан жалтарып, түрік тайпаларымен болған соғыстарда көбінесе басмыл күшін пайдаланды. Кейде Ел–теріс идиқұт саяси-экономикалық шаруаларды өткеру түгілі, сыртқы жаугершілікті де толық тия алған жоқ. Мемлекет ішінде бейбітшілік орнап, орталық биліктің қалыптасқан кезінде күшейіп алған оғыздар Көл- Білге бастап қарлұқтармен бірігіп 745 жылы басмыл идиқұты Гиеде Ел Терісті өлтіріп, басмыл билігінің  көзін құртты.

Кейінірек ұйғырлар күшейіп билікті өз қолына алды да, басмылдар мен қарлұқтардың  батысқа қарай қоныс аударуының екінші кезеңі басталды. Үшінші ірі   көші-қон   шамамен 840-шы жылғы Қырғыз шапқыншылығына байланысты болса керек деген пікірдеміз. Себебі сол жылы Орхон бойындағы Қарабалғасын сияқты астана қаласынан, кең жайылым мен ыңғайлы  қыстаудан айрылған елдің ішіндегі көпшілігі ұйғырлар, басмылдар мен қарлұқтар еді.   Осылайша Әбілғазы баһадүр хан жазғандай олардың бір үлкен тобы Ертіс бойына келді. Бұл көші-қонның  ең үлкен белгісі Орхоннан көшіп келген  басмылдар мен қарлұқтардың Орта Ертіс бойында салған  Қала балғасын (Колбасунка) қаласы. 

4. Басмылдардың тұқымы қазіргі бәсентиін тайпасы, ал аңызда айтылатын Апайдың  қаракесектен туды – мыс делінетін баласы  қарлұқ текті екені анық. Қарлұқ тайпасының бір бөлігі басмыл ішіне Апай атымен  сіңіп кеткен болып отыр. Бұл аталған екі тайпа Орхон бойынан шығысқа қарай бірге, қатарлас көшкен. Басмылдар Ертіс бойына орнықса, қарлұқтар Қарақаралы-Қазылық  өңіріне келген. Бәсентиін-Бөрілер қаракесектерге не әуелден жақын болған, не Ертістің сол жағасына шыққан соң  араласқан, әйтеуір соның арқасында одақтас болған.  Олай болса қазақ шежіресіндегі Апай-Бөрі атымен белгілі бұл ру қауымы басмыл-қарлұқ одағынан қалған жұрнақ деп қарастыруға болады (Қара: Омари Ж. Малайсары тархан (ХУІІІ ғасырдың ұлы тұлғасы). Павлодар,2007. 49-95 бб. «Бәсентиін шежіресі» бөлімі).. 

Бәсентиін арасындағы шежіренің бірінде Бөрі батырдың әкесі Қатыс деген адам екен, ол қалмақтармен соғысып жеңген соң сол елге хан болған екен делінеді. Бірақ әйелдері ұл тапса өлтіре береді екен: «мені бұл ел сыйлағаннан емес, қорықаннан хан қойып отыр. Мен өлгенен соң, бәрібір тұқымымды құртады» деп. Қатыстың бір әйелі жүкті болып, ұл тауып, ол ұлды ханға көрсетпей асырайды екен де, бір сәті түскенде бөрте атқа мінгізіп, бөрі тонды киізіп батысқа қарай қашырып жібереді екен. Үш күнге дейін еш елге соқпа, кездейсоқ кісіге бұрылма, тоқтаусыз жүре бер дейді екен. Осылайша бөрі тонды бала, бөрте аты астында Ертіс жағасындағы бәсентиін еліне жетіп, Бәйімбет балаларын табады-мыс. Бәйімбет Бәсентиін аталатын елдің негізі болғанға ұқсайды. Бұл аңыз Жеңіс Марданов жинақтаған аңыз-шежірелердің ішінде жүр (Тілеке Ж. Шежіре: Ертіс-Баянаула  өңірі. 1-ші кітап. Павлодар. 1995., 154-156 бб.). 

Қалай болғанда да бұл аңыздардан шығатын қортынды біреу. Бөрі аталатын бәсентиіннің ірі атасының бірі өз тарихын Көне Түрік қағанатының заманынан алады.

5. «Біздің жақта» деп М.Ж.Көпейұлы Баянаула-Қызылтау төңірегін айтып отыр. Бәсентиін елі бір жағы Қарақаралы, бір жағы Баянаула өңірі  қазақтарымен қашанда аралас-құралас, өмірдің қиын-қыстауын, қызық-қуанышын бірге бөлісетін елдер. Қазанғап Сатыпалдыұлы (1771-1856 жж.)-Ертіс бойы қазақтарының арасынан шыққан көсемдердің бірі, бәсентиін тайпасының Бөрі тармағынан шыққан. 1810 жылы патша әкімшілігінен капитан шенін алды, 1817 жылы штаб-капитан, 1833 жылы майор. 1843-1848 жылдары Баянауыл сыртқы округінің аңға сұлтаны. (Қара: Қазанғап би Сатыбалды ұлы. Жауапты. Ред. Ж.О.Артықбаев, Қ.Ж.Нұрбаев. Павлодар,2008).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?