Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әскери-тарихи музей: мәдени серуен

1630
Әскери-тарихи музей: мәдени серуен - e-history.kz

Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін алып жатқан қазақ жерін ғасырлар бойы қорғап келген батыр бабалар жолы – бізге аңыз - әпсана. Олардың  жорық жылнамасы, сол кезеңнің көзіндей болған олардан қалған жәдігер – бүгінгі ұрпақтың рухани азығы. Патриоттық тәрбие қат болып тұрған бүгінгі уақытта сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2015 жылдың 1 желтоқсанында Астанада ҚР ҚК Ұлттық әскери - патриоттық орталығы ашылған болатын. Бүгінгі таңда оның құрамында концерттік зал, Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі,  Орталық ансамблі және Әскери-патриоттық мұражай жұмыс істеп тұр. Отан қорғаушылар мерейлі мерекесіне орай ашылғанына біраз жылдар жылжыған Әскери-тарихи мұражай өмірінен репортажды «Қазақстан тарихы» порталының оқырмандарына ұсынамыз.  

Ең бірінші бір нәрсені ерекше басымдықпен атап өткіміз келеді. Бұл Әскери-тарихи мұражай – Астанадағы өзге мұражайлармен салыстырғанда жәдігерлер саны жағынан үлкен мұражай саналмағанымен, ол елордамыздағы ғана емес, республика бойынша мамандандырылған жалғыз мұражай. Музей 2000 жылы Президент Н. Назарбаев идеясымен, өз қолымен сызып берген көк күмбезді, салтанатты ғимаратта орналасқан. Санаулы ғана жылдар ішінде 70 000-нан астам көрермен жинап үлгерген мұражайдың тағы бір ерекшелігі мұражайға келушілерге тегін қызмет көрсетеді екен. Мәдени, тарихи объектіге біз де бас сұқтық. Бізді Әскери-тарихи мұражайдың экскурсия бөлімінің офицері, экскурсия жүргізушісі Дәулет Қадыров қарсы алды. Кіреберістен байқағанымыз, мұражайға келушілерді қақ төрден ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы, Елбасының алматылық суретші П. Драгунов жасаған портреті қарсы алады. Бірнеше қабатты қамтитын музей еліміздің жүріп өткен жолындағы әскер тарихымен және қазіргі таңдағы қарулы күштердің әлеуетін танытатын құрал-жабдықтар мен қару түрлерін көрсете алады. Мұндағы әрбір зат ерекше құндылыққа ие. Экспонаттар бірнеше залда орналасқан: 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің залы,

Мерзімді көрме залы, XIX ғасырдағы көне зал, 

XX ғасырдағы әскери тарихи зал, 

XX-XXI ғасырдағы қару-жарақ залы. 

Бейнелеу өнері залы, сондай-ақ «Қазақстанның әскери ісінің тарихы» атриумы. 

Бірінші қабаттағы  ҚР Қарулы Күштерінің залы төл әскерімізге, тәуелсіз Қазақстан әскерінің тарихына, жетістіктеріне, Қорғаныс саласын басқарған тұлғаларымыздың өміріне арналыпты. Құрлық әскері, Әскери-теңіз күштері, Әуе қорғаныс күштері сынды Қарулы Күштеріміздің 3 түрінің ерекшелігі толық керек-жарақпен қамтылған жауынгерлердің манекен бейнесінен-ақ байқалады. Залда, сондай-ақ халықаралық бітімгерлік бригадасы, оның қаһарман батыры капитан Қайрат Құдабаевқа да экспозиция арналыпты. 2004 жылы Ирак мемлекетіне бітімгерлік мақсатта аттанып, қасында тұрған отандастарының өмірін сақтап қалу үшін денесімен жарылғыш затты жапқан жерлесіміздің мұнда өзі тұтынған жеке заттары, фотосуреті қойылған. Көрмеге көрік беріп тұрған марқұм капитан Қайрат Құдабаевқа қатысты деталь – II дәрежелі «Айбын» ордені ерліктің ерен үлгісін паш етіп тұрғандай. Көрмедегі тағы бір құнды құжат – 1992 жылы 7 мамырда шыққан ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығының түпнұсқасы. Осы күннен бастап тәуелсіз Қазақстан әскерінің жаңа тарихы басталған болатын. Соның айқын көрінісіндей залдың оң қанаты тәуелсіз еліміздің төл Қарулы Күштерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қос тұлға Сағадат Нұрмағанбетов пен Мұхтар Алтынбаевқа арналыпты. Онда қос әскери қайраткердің жеке құжаттары, өміріне арналған фотосуреттері сақталған.  Залда ерекше көз тоқтатар тағы бір жәдігер – МиГ-25 ұшағының кабинасы. 1996 жылға дейін қолданыста болған ескі ұшақпен Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев 13 жыл бойы ұшыпты.

Мұражай қорында қазір шамамен 13 000-ға жуық жәдігер бар. Онда тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстан мен оның жауынгерлік әскерінің құрылуының кезеңдері мен ата-бабаларымыздың батырлығы туралы сыр шертетін мұра жатыр.

Мұражайдың екінші бөлімі көне заманнан XIX ғасырға дейінгі кеңістікті қамтиды. Бұл бөлімнен біз қазақ елін мекен еткен тайпалардың алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бастап қорғану құралының даму эволюциясын байқаймыз. Зал негізінен 3 уақыт кеңістігінен мағлұмат береді. Көне заман, орта ғасыр және Қазақ хандығы. Осы ретте ерекше атап өтерлік бір жайт, бұл бөлімдегі тұпнұсқа жәдігерлердің басым бөлігі – археология ісінің білгірі, профессор Зейнолла Самашевтің еңбегі. Көне дәуір күмбірін көз алдымызға әкелген археологтің үздіксіз ізденісі әскери-тарихи мұражай көрмесіне де көрік беріп тұр. Тас шапқылар, неолит дәуірінде пайда болған мыстан жасалған қарулар, қола дәуірінің жетістігі алғашқы қару-жарақ түрлерінің қандай болғандығын көз алдымызға елестетеді. Қару-жарақ эволюциясының қарқынды түрде дамығандығын темір дәуіріне тиесілі жебелер классификациясынан-ақ білуге болады. Пластина тәріздес, үшқырлы, инелері бар жебелер, жаудың аттарын үркіту үшін қолданылған ысқыратын жебелер. Сақ жауынгерлеріне тиесілі найза, олардың жорықтық қазаны, барлық сауыттары бар сақ, сармат жауынгерлерінің дәлме-дәл көшірмесі –  «қара қазан, сары бала қамы үшін» найза мен қылыш ұстап қар төсеніп, мұз жастанған батыр бабаларымыздың ерлігін паш етіп тұрғандай айбынды, асқақ. 

Залдағы тағы бір ерекше құнды жәдігер – Шығыс Қазақстан, Зайсан өңірінен табылған б.з.д. ІІ мың жылдық қола дәуіріне тиесілі олжа жауынгер асатаяғы. Әлемде мұндай жәдігердің тек 3 үлгісі ғана бар екен. 

Көз тоқтатып, ерекше көңіл қойып қарар тағы бір құнды, көне жәдігер бар. Ол – Сармат жауынгерінің тас мүсіні. Археологиялық қазба нәтижесінде ежелгі қорған қала Қызыл Үйіктен табылған тас мүсін б.з.д. IV- ІІ ғасырларға жатады. Мұнда бас бөлігі жоқ көне түркі жауынгерінің айқын бейнесі көрсетілген. Залда бейнеленген 3 диараманың біріншісінде парсы патшасы Кир мен сақ патшайымы Тұмардың арасында болған қақтығыс бейнеленген. Мұнда да сақ жауынгерлігінің асқақ рухы салтанат құрып тұр. 

Орта ғасыр экспозициясы ұлы Түркі қағанатынан басталады. Мұнда «көк түріктің көк семсері атанған атақты батыр, Шығыс Түрік әскерінің бас қолбасшысы Күлтегін ескерткішінің көшірмесі тұр. Келесі бір жәдігерді экскурсия жетекшісі ерекше назар аудартып, тәптіштеп түсіндіріп берді. Түркі жауынгерлеріне тиесілі жебелер салынған қорамсақ. Тек түркі жауынгерлері ғана қорамсаққа жебелерінің ұштарын жоғары қаратып салады екен. Өйткені аттың үстінде шауып келе жатқан кезде жауынгер артында тұрған қорамсақты көрмеген. Оның жауынгерлік шеберлігі сонда  жебенің ұшын ұстап біліп-ақ қандай жебені алып шығу керек екенін білген екен. 

Үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы ханы Абылай мен жоңғар қолбасшысы Шарыш жекпе-жегі бейнеленген екінші диарамамен орта ғасыр экспозициясы жалғасады. Алтын орда деп аталатын экспозиция ұлы Шыңғыс хан дәуірін қамтиды. Экскурсия жүргізуші Дәулет Қадыров ерекше тоқталған бір дүние – көшпенділердің соғыс тактикасы. Көрмеде «әткеншек» деп аталған  үлкен психологиялық шабуылдың сызбасы қойылған. Яғни бұл соғыс тактикасы бойынша  атты садақшылар айнала шауып жүріп жауды садақпен атқылайтын болған. Оның бірінші себебі –  өздеріне оқ тию ықтималдығын азайту. Екіншіден оқшашар жүйесімен, яғни алдыңғы қатардағылар атып болғанда арттағылар дайын тұрып, жауды әрдайым оқ астында ұстау. Залдағы үшінші диарамада қазақ тарихындағы маңызды шайқас Аңырақай шайқасы бейнеленген. 

Мұражайдың әр қабатының кіреберіс залдары соңғы заманауи мэппинг экрандармен жабдықталған. Мәселен, екінші қабатта қазақ жерін мекен еткен тайпалардың көтерген тулары көрсетіліпті.

Залдың үшінші қабаты XX ғасырдағы әскери тарихи зал деп аталады. Мұнда Алашорда, Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысына қатысты жәдігерлер қойылыпты. Бір байқағанымыз, Алаш армиясына қатысты стенд жұтаңдау көрінді. Мұнда негізінен Алаш милициясын құруға үлес қосқан тұлғалар мен офицерлердің өмірбаяндары, олардың сол заманда қолданған жалпы қару түрлері қойылыпты. Стендтың жұтаңдығын экскурсия жүргізуші Дәулет Қадыров бұл тақырыптың әлі жақсы зерттеле қоймағандығымен түсіндірді. Көңілге демеу болатыны Алаш әскеріне қатысты стенд тұңғыш рет осы Әскери - тарихи мұражайда қойылыпты. Келесі экспозиция Ұлы Отан соғысы тақырыбына Брест қамалы, Ленинград блакадасы, Панфиловшылардың ерлігі, 100,101 атқыштар дивизиясына арналыпты. Мұнда қойылған жәдігерлер негізінен жеке адамдардың заттары емес. Оқ гильзасы, екі тілім нан, альюминий қол бақыр, жау оғы тескен кеңес каскасы, Токарев винтовкасы, Калашников пулеметі, оқ тесіп өткен құты – мұның бәрі соғыстың сұрапыл күндерінен хабар беретін көріністер. 

Бір ескертіп өтетініміз, мұражайдағы экспонаттардың негізгі діңгегі ақысыз негізде берілген жеке коллекционерлердің топтамалары екен. Ортада мәңгілік алау голограммасы қойылып, ал орталық экрандарда ІІ Дүниежүзілік соғыс, Ауған соғысында қаза болған жауынгерлер жайлы қысқаша мағлұмат беретін электрондық кітапшалар орнатылыпты. Одан кейінгі бетте сұрапыл соғыс жылдары Қазақстаннан құрылған полктердің тулары, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туының көшірмесі орнатылған. Атақты Панфиловтың қызы Алуа Байқадамованың әкесінің жеке мұрағатынан берген Панфиловтың қалта сағаты және партиялық билеті, Совет Одағының батыры атағын алған даңқты 2 панфиловшының грамоталарының түпнұсқалары соғыс экспозициясын толықтырып тұр. Алайда біз залдан батыр Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтың, Талғат Бигельдиновтың бейнелерін, жеке заттарын көре алмадық. Экскурсия жетекшісі мұны алдағы уақытта мұражайдың бір залын қазақ батырларының галереясына арнау жоспарымызда бар деп түсіндірді. Осы залдың бір шетінде Ауған соғысы тақырыбына да орын беріліп, «Қазақтың қара майоры» атанған Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаевтың жеке тұтынған заттары, фотосуреттері қойылыпты. 

Залдың төртінші қабаты XX-XXI ғасырдағы қару-жарақ түрлеріне арналыпты. Негізінен Екінші дүниежүзілік, Ауған соғысындағы және қазіргі уақытта қолданыста жүрген қару-жарақ түрлері қойылған. Совет-герман соғысы жылдарындағы қару-жарақ түрі маузер, винтовка, халық арасында «Жеңіс пулеметі» деп атап кеткен Шпагиннің пулеметі, МГ-42 жойқын неміс пулеметі, атты жауынгер қолданатын кавалерлік карабин, қазіргі қолданыстағы авиациялық қарулар, инженерлік оқ дәрілер, басқарылатын зениттік зымырандар... мұражай көрмесінен қару-жарақтың түр-түрін көресіз. Ал мұражайдың бесінші қабаты көбіне баталиялық тақырыпта салынған қазақ суретшілерінің туындыларына арналыпты. Бұл зал еркін экскурсия залы болғандықтан біз экскурсия жүргізушісі Дәулет Қадыровқа алғысымызды айтып, осымен әскери мұражай әлеміне алғашқы саяхатымызды аяқтадық. Мұражай бізді қызықтырды. Залдың төменгі қабаты көне заманнан бастап жоғарыға сатылау арқылы бабаларымыздың жорық жылнамасын, қару-жарақ түрлерінің эволюциясын жүйелі түрде көрсеткенімен қызықтырды. Мұражайдың басты ерекшелігі сол – өткен жүз жылдықтың қаруы мен қазақстандық армияның заманауи қару-жарағын, мергендік винтовкадан бастап артиллериялық зеңбірек пен оқ-дәріге дейінгі жәдігерлерді көзбен көріп тамашалауға мүмкіндік туғызғанында. 

Енді аз-кем мұражайды бай рухани жәдігерлермен толықтырып жүрген әскери-тарихи мұражайдың ғылыми кеңесшілеріне ойыссақ. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі үнемі археологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Мәдени, тарихи объекті ретінде музей өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуі, қорды бірегей артефактілермен толықтырып отыруы маңызды. Әскери-тарихи мұражайдың ғылыми зерттеу қызметінің бастығы Данияр Қаусымовтың айтуынша, мұражайда ежелгі Қазақстан тарихы бойынша археолог Зейнолла Самашев, орта ғасыр, Алтын Орда тарихы бойынша тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев, Қазақ хандығының әскери тарихы бойынша суретші, этнограф-қарутанушы  Қалиолла Ахметжанов, Совет-герман соғысы тақырыбы бойынша «Мемориалды аймақ» іздестіру жасағын басқарушы Майдан Құсайынов, Алаш әскері тақырыбы бойынша белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғали ғылыми кеңесші ретінде жұмыс істеген болатын. 

Мұражай болғандықтан бізді тағы бір дүние жәдігерлерді сақтау, қалпына келтіру жағы қызықтырды. Сөйтіп бұл мұражайдың қорды есепке алу, сақтау, консервациялау және реставрациялау бөлімінде де болдық. Бөлім бастығы Гүлсара Мұқашеваның айтуынша, мұражайдағы жәдігерлердің басым бөлігі жеке коллекция жинаушылардың тартуы болғандықтан әкелінген дүниелерге алдымен тазалау, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әкелушілерден сұрау арқылы әпсанасы жазылып, тізімге алынады екен. Жөнделген жәдігерге бұзылмауы үшін консервация жасалады, яғни қатырады. Одан кейін ғылыми қызметкерлердің көмегімен жәдігердің атауы, сипаттамасы жазылып, мерзім, күні қойылады екен. Еліміздегі тұңғыш және жалғыз әскери-тарихи мұражайға алғашқы сапарымыз осылай аяқталды. Бір білетініміз, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде үлкен үлес қосып жатқан мұндай мұражайдың болғандығы көңілге қуаныш ұялатады. Себебі көкірегі ояу, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу ісі – бүгінгі күнде өте маңызды іс. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?