Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұрапыл соғыс сардары

1434
Сұрапыл соғыс сардары - e-history.kz

1941 жылдың маусымында басталған сұрапыл соғысқа Совет Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Отан үшін от кешуге қазақ елінен 1 млн 800 мыңнан астам азамат аттанды. Олардың арасында 18 жастағы Асылхан Бекбаев та бар еді. 6-дивизия құрамында Беларусь пен Батыс Еуропа даласын жаудан қорғаған майдангер Жеңісті сол кездегі Кенигсберг қазіргі Калиниград қаласында қарсы алды. 

Асылхан Бекбаев 1924 жылы 31 наурызда қазіргі Абай облысы Бесқарағай ауданының Қарабас ауылында дүниеге келген. Ол – 1930-1932 жылдар аралығында қазақ даласында болған ашаршылықтың ауыр зардабын өз көзімен көргендің бірі. Журналистерге берген сұхбатында ол нәубет жылдарды еске алып былай деді:

«Сол жылдары Кеңес үкіметі барлық малды тартып алды. Оны қайда жібергені белгісіз. Малсыз қалдық. Халық ашыға бастады. Орыстар сол кезде бақша отырғызып, көкөніс егетін. Ал қазақтар оны білмейтін. Мал жоқ. Кейін адамдар тамақ таба алмай, аштықтан қырыла бастады. Жұматай деген туған бауырым болды. Аштық кезінде ол екеуміз балалар үйінде болдық. Күніне бір-ақ кесе көже мен бір тілім нан береді. Кейбір балалар аштыққа шыдай алмай, өліп қалды. Олардың арасында Жұматай да бар. Ол көз алдымда қайтыс болды. Сонда балалар үйінің қызметкерлері өлікті далаға апарып көме салатын. Құдай басқа бермесін, өте қиын жағдайлар болды. Оны ешкім көрмей-ақ қойсын, балам», – деді ардагер.

Екі жылдан соң Асылхан Бекбаев туған ауылына оралды. 16 жасында ауылдағы почта бөлімін басқарады. Алайда, 1941 жылы соғыс басталып, бір жылдан соң ол әскерге шақырту алады.

«Алдымен сол кезде Петропавлда ашылған авиациялық мектепте 4 ай білім алдым. Онда меңгерген мамандығым – борт механик. Мектеп қарағайдың ішінде болды. Парашюттан секіріп үйрендік, түрлі жаттығулар жасадық. Солай 4 ай өте шықты. 18 жасымда майданға аттандым. Біз алдымен жаумен Беларусь аспанында соғыстық. Әскери аэродром Бобруйскте болды. Ұшқыш, сардар, авиация генерал-полковнигі Тифомей Хрюкиннің қарамағындағы 6-бомбалаушы авиациялық дивизиясында әскери борышымды өтедім», – деді ол соғыс жаңғырығын еске алып.

Асылхан Бекбаев «Петлякова-2» ұшағымен жаудың маңызды стратегиялық нысандарын бомбалады. Алайда бір күні неміс басқыншылары Бобруйсктегі әскери аэродромға шабуыл жасаған. 

«Неміс ұшақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, аэродромды бомбалады. Менің ұшағыма снаряд тиіп, мен парашюттан секіруге мәжбүр болдым. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Сөйтсем, минаның жарықшақтары басыма тиіпті. Сол кезде Татьяна Новикова есімді беларусь қызы мені күтіп, қарап жүрді. Кейін екеуміз үйлендік. Татьяна ислам дінін қабылдап, қазақша үйреніп алды. Ауруханада 4 ай жатып, сауыққан соң қан майданға қайта аттандым», – дейді ардагер.

Осы орайда отан үшін от кешкен жауынгер атамыз сұрапыл соғыстағы қиын сәттерді қалай еңсергенін айтып берді.

«Берілген бұйрықты бұлжытпау орындауға тырыстық. Жас болдық. Елімізді жаудан қорғау үшін жанталастық. Фашистер қатыгез болды. Ешкімді аямайтын. Құдай сақтасын, сұрапыл соғысты ешкім көрмесін. 4 жыл фашистермен соғыстым. Шығыс Пруссияны жаудан азат етуге атсалыстым. Жеңісті Кенигсбергте қарсы алдым. Одан кейін 4 жыл Беларусьта әскери борышымды өтедім. Одан кейін елге аман-есен оралдым», – дейді Асылхан ақсақал. 

Асылхан Бекбаевтың соғыста көрсеткен ерлігі де ескерусіз қалмаған. Ол «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Беларусьты азат еткені үшін», «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» ордендерімен және т.б. медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін ардагер педагогикалық қызметке белсене араласты. 25 жыл Семей педагогикалық колледжінің (қазіргі М. Әуезов атындағы) директоры қызметін атқарып, 6 мыңдай ұстаз дайындаған екен.

Өзі сұранып қайн майданға аттанып отанның адал ұлы, қарт майдангер Асылхан Табылдыұлы Бекбаев 2019 жылғы 12 мамыр күні 96 жасында қайтыс болды. Ол 5 баласынан (3 қыз, 2 ұл) 13 немересі мен 19 шөбере көрді. Есімі елге белгілі журналист, продюсер Майя Бекбаева – осы Асылхан атамыздың туған немересі, еліміздің телевизия саласында орасан зор еңбек етіп келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?