Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жабайхан Әбділдиннің шығармашылық тұлғасы

1852
Жабайхан Әбділдиннің шығармашылық тұлғасы - e-history.kz

2023 жылдың 16 ақпан айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында  академик Ж.М.Әбділдиннің 90 жылдығына арналған «Әлемдік философияның өзекті мәселелері» атты IV Халықаралық ғылыми-конференция өтеді. 

Қазақстандық философиялық ғылымның дамуына негіз болған, 1949 жылы ашылған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің алғашқы түлегі, философия ғылымдарының докторы, академик Абдильдин Жабайхан Мубаракович биыл мерейлі 90 жасқа толып отыр. Ғалым 400 ғылыми еңбектің, 35 монографияның авторы, Қазақстандық диалектикалық логика, тарих философиясының жетекшісі, Қазақстандық философиялық ғылымның негізін қалаушылардың бірі.

1933 жылы Павлодар обылысының, Май ауданының Майтүбек ауылында дүниеге келген,   Жабайхан Мүбарақұлының өмір тарихы ғибратқа толы. 1954 жылы С.М. Киров атындағы КазМУ-нің философиялық-экономикалық факультетін тамамдап, Ресейдің М.В. Ломоносов атындағы ММУ-нің аспирантурасына түсіп, ғылыми-ізденіс жолын бастады. 1958 жылы философия ғылымының кандидаты атанып, 1968 жылы КСРО ҒА Философия инстутында «Теориялық танымдағы бастама мәселесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Жас ғалымның еңбек жолы қайта құрылған Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер лауазымынан басталады. Ғалымның естеліктерінде бұл кезең жайында «Философия институтына ғылыми қызыметкер ретінде жұмысқа шақырған академик С.Зиманов еді. Іскер басшының ұлағатын көріп, сенімін ақтау үшін жатпай-тынбай еңбек етіп, әрдайым шығармашылық атмосферада жүретінбіз» деп жазылған. Жабайхан Мүбаракұлы 1975 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1983-ші жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі болып сайланып, 1986-95 жылдар аралығында ҚР ҰҒА вице-президенті қызметін, 1990 – 2005 жылдар аралығында халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің төрағасы, депутат, 1998 – 2006  ҚР Президенті  жанындағы адам құқығы жөніндегі Комиссия төрағасы қызметін атқарды.

Академик Ж.М. Әбділдиннің  философия ғылымы саласында, Қазақстанның тәуелсіздік тұғырын қалыптастыруда тындырған істері ұшан теңіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, оған энциклопедиялық тағылым, тамаша шешендік шеберлік пен әрқашан ымыра таба білу қабілетінің үйлесімділігін көрсетті. 

Ғалыммен иық тіресе еңбек еткен Ағын Қасымжанов, Әбдімәлік Нысанбаев, Муханмадияр Орынбеков, Лев Науменко, Мамия Баканидзе, Герасим Югай, Александр Хамидов т.б. танымал ғалымдардың философияға деген сүйіспеншілігі негізінде ортақ идеяны тиісті теориялық дәрежеде құра отырып, Қазақстандық диалектикалық бағытты әлемдік философиялық дискурсқа енгізді, диалектикалық логика мен ғылым әдістемесінің аса күрделі философиялық мәселелерінің көтерді.

 

 

Жабайхан Мүбәрәкұлының 70-80 жылдары қазақ зиялылары, қоғамдық-саяси көрнекті қайраткерлер: Шәкәрім Құдайбердіұлын, Мағжан Жұмабаевты, Жүсіпбек Аймауытовты, Ахмет Байтұрсынұлын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде атқарған еңбегі -  келешек ұрпаққа, ғалым жастарға баға жетпес еңбек болды. 

Тәуелсіздік дәуірінде ғалым шығармашылығындағы философиялық зерттеулердің ауқымы айтарлықтай кеңейіп, философиялық ізденіс бағыттары кеңейіп, қазақ философиясы зерттеле бастады. Жабайхан Мүбәрәкұлы кейінгі жылдары қазақ философиялық ой-пікірлері бағытында Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов,  Мұхтар Әуезов шығармашылығына, қазақ философиясының, ойдың даму диалектикасына арналған бірқатар монографиялар жазды.  

Осындай мазмұнды еңбек пен ғылым жолында Жабайхан Мүбарақұлы әлемдік философия ғұламалары Платон мен Аристотельдің, Кант пен Гегельдің, Абай мен Шәкәрімнің ізгілік философиясын бойына әбден сіңіріп, өмірлік қағидаға айналдырды. Ғалым бүгінге дейін 20-дан астам ғылым докторын, 42- ден астам ғылым кандидатын дайындаған. Қазіргі таңда антикалық және неміс классикалық философияны жетік меңгерген, бар күші мен дарынын ғылымға арнаған Жабайхан Мүбаракұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры философия кафедрасының докторанттарына дәріс оқып, ғылыми жұмыстарға жетекшілік етуін тоқтатпай, Қазақстандық ғылымының дамуына сүбелі үлесін қосуды жалғастыруда. 

Қаламы қарымды ғалымның марапаттары да оның Қазақстанның ірі көрнекті ойшылы екендігінің дәлелі: 2-ші дәрежелі «Барыс» ордені (2000),  Қызыл Ту еңбек ері, «Құрмет белгісі», «Парасат», «Қауымдастық» (ТМД) ордендері. Төс белгілері: «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай» (1970), КСРО ВДНХ-ның күміс медалі (1986), ғылымды дамытудағы жетістіктері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы (1983), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Ғасыр ғұламасы, академик  Н.Ә. Назарбаев - ҚР ҰҒА, Алтын медалі» (2018), «ТМД ПАА-на 20 жыл» (2012), Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Алтын медаль (2013), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), БҰҰ және Қазақстандағы БҰҰ-ның соңғы 15 жылдағы жұмысына баға жетпес үлесі үшін «Өнегелілік қағидаттарына адалдығы мен берілгендігі үшін алғыс білдіремін» атты тақтайша (2007), Қазақстандағы БҰҰ-ның 15 жылдығына орай ЕҚЫҰ медальдарымен, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 60 жылдығына орай Гегель атындағы «Барлығы үішін әділет және абырой» алтын медалімен марапатталды (2008). 3-дәрежелі «Барыс» ордені (2022).

Сонымен қатар академик «Теория құрудың диалектикалық-логикалық принциптері» монографиясы үшін Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының ғылым саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының 6 дүркін лауреаты (1974),  «Теория құрылымының диалектикалық-логикалық принциптері» монографиясына ғылым саласында Шоқан Уалиханов атындағы Қаз ССР Ғылым академиясы президиумының мемлекеттік сыйлығының (1974),  «Материалистік диалектиканың негізгі принциптері мен олардың ғылыми танымдағы рөлі» атты жұмыстар жинағы үшін ғылым және техника саласында ҚазССР мемлекеттік сыйлығының (1984), Қазақстан Республикасының Президентінің бейбітшілік және рухани келісім мемлекеттік сыйлығының (1994),  Мұсылмандық діннің өзекті мәселелерін талқылауға қосқан үлесі үшін Сауд Аравиясы королінің Халықаралық сыйлығының (2008) иегері. 

1968 – 2018 жылдары Барлық Бүкіләлемдік Философиялық Конгрестің қатысуышысы мен баяндамашысы. Академиктің еңбектері әлемнің 30 тілінде жарық көрген.

Міне,  Ж. М.Әбділдиннің Қазақстан ғылымының мәртебесін көтеруде атқарылған істерінің дәлелі. Дүниежүзілік философиялық ой тарихында өшпес ізі бар академик Әбділдиннің болмысына тән рухани ізігілігі, әділдігі мен шыншылдығы, оның жаңашыл ойлары Қазақстандық ғылымның жаңа рухани кеңістігін қалыптастырып, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосып отырғаны сөзсіз.   

 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 3 курс докторанты Абылханова Б.Қ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?