Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 15 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында

1108
Күндерек. 15 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

15 ақпан күні әлемде айтулы мерекелер атап өтілсе, Қазақстанда ел өмірінде, ұлт тарихында есімдері алтын әріппен жазылатын көптеген белгілі тұлғалар өмірген келген.

15 ақпанда дүниеге келген айтулы тұлғалар 

Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев – көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. 1907 жылы 15 ақпанда қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жанысата аулында дүниеге келген. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (аталан сөздікке басшылық жасады), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», екі томдық «Орысша-қазақша сөздік» қатарлы іргелі академиялық еңбектердің авторы. Қазақстанның  Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұллыз» ордендерімен сыйланған. 1995 жылы 16 қаңтарда дүниеден өткен.

Шәкен Кенжетайұлы Айманов – қазақтың аса көрнекті актері, режиссер. КСРО Халық әртісі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері. 1914 жылы 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірген соң 1928 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Осы оқу орнында оқып жүріп, 1932 жылы Ғабит Мүсіреповтың шақыруымен Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Мұнда ол алғашқы рөлдерін ойнай бастайды. Актерлікпен қатар әншілік қырымен де танылып, опера арияларын орындай бастайды. Режиссерлікпен де сәтті айналысып, қазақ театр және сахна өнеріндегі шоқтықты туындыларды сахналайды, ленталайды. Өзі де көптеген фильмдерде басты рөлдерді ойнайды. «Абай әндері», «Жамбыл», «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» қатарлы фильмдер – қазақ кино өнерінің классикасы саналады.

1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатына ұшырап қаза болып, Алматы қаласына жерленген.

Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов – аса көрнекті қазақ тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі.

1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Төре ауылында дүниеге келген. Яғни Абылай ханның жетінші ұрпағы. Абылайдан Уәли, одан Тәуке, одан Жанбөбек, одан Бекмахан, одан Ермұхан. 

Ермұхан Бекмаханов Ресейдегі Воронеж қаласындағы педагогикалық институтты тарихшы мамандығымен бітіргеннен кейін Қазақ КСР Ағарту министрдігі жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек жолын бастайды. Соғыс жылдарында ол Халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болып қызмет атқарады. Алматыдағы жоғары оқу орындарында сабақ береді. 1946-1947 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан 1966 жылдың алтыншы мамырына дейін ҚазМҰУ-дағы өзі алғаш құрған қазақстан тарихы кафедрасын басқарады. Ермұхан Бекмаханұлы ұлт тарихындағы ең күрделі кезең ХІХ ғасырдың бірінші жартысы туралы ғылыми монография жазады. 1946-жылы «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты тақырыптағы ғылым кандидатын алу үшінгі диссертациясын Мәскеуде қорғайды. 1947 жылы Алматы қаласында осы тақырыппен монографиялық еңбегі орыс тілінде жарық көреді. 

Елдегі сталинизмнің өршуі саяси көзқарасы үшін қуғындауға әкеліп соғатын алмағайып кезеңнен бұл еңбек шет қалған жоқ. Ермұхан Бекмахановтың монографиясы ұлтшылдық, байшылдық, феодализм элементтерін дәріптеуге құрылған, буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияның насихат құралы деген жала жабылып, автор қуғынға түседі. Сөйтіп ол жұмысынан қуылып, компартия қатарынан шығарылады. Нарынқолға, одан соң Жамбыл облысының Шу ауданы Новотроицк аулына қарапайым мектеп мұғалімі ретінде жұмысқа жібереді. 

1952 жылы Ермұхан Бекмахановтың ісі қайта қапалып, осы жылы 2 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Соты Қылмысты істер алқасының үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып ГУЛАГ-тің қиыр шеттегі лагерьлерінің біріне айдалады. 

1954 жылы КСРО Ішкі істер Халық Комиссары, қанқұйлы Берия атылғаннан кейін ісі А.М.Панкратова қатарлы әріптестерінің күш салуымен қайта қаралып, 16 ақпанда ақталып шығады. 

Қазақтың қайсар ғалымы бұдан кейін ғылыммен, ұстаздықпен шұғылданып өнімді еңбек етті. Сібірде айдауда жүрген жылдары денсаулығына зақым келгендіктен, 1966 жылы 6 мамырда 51 жасында өкпе ісігінен қайтыс болды.

Салихитдин Әбсадықұлы Айтбаев – көрнекті график-суретші, кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1938 жылы 15 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген.

Орта мектепті бітірген соң 1956-1961 жылдары Алматы Көркемсурет училищесін бітірген. Әйгілі суретші М.Кенбаевтан дәріс алған. 1966 жылы Мәскеудің Манеж алаңында Бүкілодақтық жас суретшілер көрмесіне қатысып, алғаш өнертанушылардың назарын аудартқан. Ол Қазақстандағы заманауи графикалық кескіндеме өнерін жаңа биікке шығарушылардың бірі. Салихитдин Айтбаевтың «Бақыт» картинасы ұлттық кескіндеу өнерінің зор табысы болып саналады. Ұлттық колориттерге бай туындылары көптеген көрмелерде сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. 1966 жылы «Менің Отаным» атты картиналар топтамасы үшін ҚР Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Автордың «Абай» портреті, «Жас қазақтар» картинасы т.б. кескіндемелік және графикалық туындылары ҚР Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы тұр. Суретші 1994 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеден өткен. 

Төкен Смайылұлы Ибрагимов – сыншы, әдебиет және өнертанушы, көрнекті абайтанушы. Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер. «Құрмет» орденінің иегері.

1939 жылы 15 ақпанда бұрынғы Семей (қазіргі Абай) облысы, Ақсуат ауданы, «Жаңа несіп» кеңшарының Кезеңшілік деген жерінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң 1958-1964 жылдары Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетінде оқып тәмамдайды. 1971-1975 жылдары аспирантурада оқиды. 1964-1969 жылдары мектепте тәрбиеші, мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 1969-1976 жылдары Семей облыстық теледидарында редактор, аға редактор, 1976 жылдың 12 сәуірінен өмірінің соңына дейін Абай қорық-мұражайының меңгерушісі болып қызмет етті. Көптеген әдеби, тарихи-танымдық зерттеу еңбектердің авторы. 2017 жылы 27 қарашада Семей қаласында дүниеден өтті.

Бекжан Асаубайұлы Тұрыс – танымал актер. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері. 1965 жылы 15 ақпанда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шошанай аулында дүниеге келген. Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Сол жылдан Қазақ академиялық драма театрында актер. 

15 ақпан - әлемде

15 ақпан – Ауғанстанның азаттық күні. Бұл мемлекеттік мереке он жылға созылған Ауған соғысы ресми аяқталып, 1989 жылы кеңес әскері толықтай ел аумағынан шығуына орай атап өтіледі. 1978 жылы Ауғанстанда Саур төңкерісі болды, оның соңы азаматтық соғысқа ұласты. 1979 жылы наурыз айында Гератта бүлік басталды. Осыдан кейін ауған басшылығы Кеңес Одағынан бұл бүлікке тікелей араласып, әскер кіргізуін сұрады. Ауғанстан басшылығының тағы бірнеше реткі өтінінінен кейін Кеңес Одағы 1979 жылы 12 желтоқсанда осы елдің аумағына өз әскерін кіргізуге шешім қабылдады. Он жылға ұласқан бұл соғыста Ауғанстан Демократиялық Республикасы мен Кеңес Одағының әскері жергілікті партизандар болып саналатын моджахедтермен («душмандармен») соғысып, еш нәтиже шығара алмады. Ақыры 1989 жылы кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарылды. 

15 ақпан – Сербия мемлекеттілігінің күні. Сербия елінің басты ұлттық мерекесі. Бұл күн Тұңғыш серб көтерілісі деген атпен де әйгілі. 1804 жылы Сербияның белгілі водеводалары Қара Георгийдің (Георгий Петровичтің) бастауымен түрік бодандығына қарсы азаттық үшін күрес бастады. Бұл көтеріліс жеңіске жетпегенімен, Екінші серб көтерілісін жасауға деген жігер сыйлады деп есептеледі. 

15 ақпан – Канаданың ұлттық туы күні. Бұл мереке 1996 жылдан бері атап өтіліп келеді. Оған себеп – 1965 жылы дәл осы күні қызыл үйеңкі жапырақты ту алғаш көтерілген болатын. Дүниежүзі халқы үшін Канада дегенде осы үйеңкі жапырағы елестейтіні рас. Алайда бұл жапырақтың Канада туында орын алуы тым арғы дәуірлерге кетпейді. Канадағы алғашқы қоныс аударушылар 1520 жылдары мекендей бастаған. Ол кезеңде Канада аумағындағы жұрт Әулие Георгий кресі бейнеленген ағылшын туын көтерді. Канада жерлері кейінірек Франция корольдігінің қарамағына өткенде француздық Орлеан династиясының туын пайдаланды. Бұдан кейін де көптеген тарихи, саяси факторларға байланысты Канада туы өзгеріске ұшырап отырды. Тек ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана қазіргі туы Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизаветаның мақұлдауымен бекітілді. Мұндағы тудың симметриялық екі қызыл түсі Канада жағалауларын оң және сол жағынан жуып жатқан екі суайдынын – Тынық және Атлант мұхиттарын нышандайды. Себебі, Канаданың ұлттық ұранының өзі – «From sea to sea» яғни «Теңізден теңізге дейін». Үйеңкі жапырағы ұлттық бірлікті, қызыл түс – Әули Георгийге тән Ұлыбританияның, ақ түс – дәстүрлі француз монархиясының өзара бірлігін, сондай-ақ елдегі ағылшын, француз тілдерінің тең құқықтығын білдіреді. Әлем тулары арасындағы ең қарапайым да әдемілерінің бірі болып саналатын Канаданың ұлттық туы туралы танымдық мағлұмат осындай.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?