Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік және әдебиет

1452
Тәуелсіздік және әдебиет - e-history.kz

Еліміздің тәуелсіздік алуы әдебиетке де өзгеріс әкелді деп жалпылама айтамыз, шын мәнінде бұл салаға айтарлықтай жаңалықтар келгенін байқауға болады, қазақ прозасы бұрынғы көңілі тоқ, социалистік жарыстан өзге уайымы жоқ кеңес адамының образынан арылып, жаңа бағытқа бұрылды. Тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық дағдарыс кезіндегі қарапайым адамдардың қиналысы, жас мемлекеттің бастан өткерген саяси-әлеуметтік қиындықтары мен оның жаңа қоғаммен өзара сәйкеспейтін қайшылықтары, осы кезге дейінгі сенімінен, идеалынан ажырап қалған адамдардың жұмыссыз қалып, тұрмыстың тауқыметін шеккен кездегі ішкі көңіл-күйі, өтпелі кезеңде күрмеуі шешілмеген көп мәселемен бетпе-бет қалған ұлт тағдыры, осыдан келіп туындаған, белең алған рухани жүдеулік – осының бәрі жаңа әдебиеттен, жаңаша стильдегі әңгімелерден көріне бастады. 

Айталық, соңғы отыз жылда проза жанрында адамдардың жалғыздығы, ішкі мұң, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуінен туындаған сана дағдарысы бұрын-соңды жазылған дүниелерге ұқсамай, тартымды беріліп, сонымен бірге виртуалды һәм мистикалық сарын дами бастағанын көреміз. 

Бұл орайда М.Мағауин, Т.Әбдік, Қ. Түменбай, Т. Нұрмағамбетов т.б. жазушылардың тәуелсіздік кезеңінде жазған әңгімелерін әрқайсысын бөлек қарастыруға болады. Әр әңгіменің астарында қадау-қадау ойлар, ұлттық идея жатыр. 

Т.Әбдіктің жаңа стильде, жаңа пішінде жазылып, ой мен оқиғаны астастыра әрі жаңа идея айта білуімен есте қалатын «Парасат майданы», «Ақиқат» романдары, Т.Нұрмағамбетовтың кейіпкері қарны жарылғанша ас ішіп, ақыры жарылып өлген «Мешкей» атты шығармасы мен «Ұлттың дерті», «Какаду», «Маскүнемнің малқорасы», «Күрес партиясы» т.б.  әңгімелері есімізде. Мысалы, «Ұлттың дертінде» кезінде болып-толып, лауазымды қызметте болып, бір күні министрліктің орынбасарлығынан түсіп қалып, аяқ астынан зейнеткерлікке шыққан Керімқұл Алтайұлының бейнесі арқылы өзін өмір бақи билікте жүретіндей көріп, соған арқа сүйеп, малданып, күндердің күнінде биліктен қол үзіп, кеңседе шаруасы жоқ кәдімгі қарапайым зейнеткер болып шыға келген кей адамдардың осыны тағдырдың ауыр соққысы ретінде қабылдап, есалаң күйге түсетінін автор шынайы, өте иланымды берген. Бұрынғы бастық болған қарияның өзінің жаңа жағдайына бейімделе алмай, қиналғаны сонша, бастапқыда сөйлемейтін ауруға ұшырайды. Бала-шағасы отағасының сөйлемей қалғанына алаңдап саса бастайды, бірақ арада үш-төрт ай өткенде Керімқұл қарияның үндеместігіқалып, енді тоқтамай сөйлеп, таңды таңға ұратын, және тек қана саяси әңгіме айтатын мылжың шалға айналады. Шалдың өзінің «мылжыңдық» дертімен ауырғаны ештеңе емес, ауруы жұқпалы болып, баласы Мәрленге, одан немересіне жұғады. Зейнеткердің әйелінің шақшадай басы шарадай болып, не істерін білмей, бір үйдегі үш науқасты емшіге апармай ма, оларды қараған «түрік тектес» көріпкел олардың сырқатын тап басып, алақанындағыдай көреді. Сөйтсе, мылжыңдық деген ауыр дерт екен, тек қана Керімқұлға немесе оның ұлы мен немересіне емес, бүкіл ұлтқа мылжыңдық дерт жабысқан екен дейді. 

Жазушының тұспалы – қоғамда боссөзділік көп, олай-бұлай ескен есірік жел сөз одан да көп, егемен ел болдық десек те, сөзден іске көшуге мойын жар бермейді, баққанымыз сөз теру мен сөз аңду, бүкіл ұлтқа жабысқан осы дерттен қашан толық құлан-таза жазылатынымызды ешкім білмейді. Елге ақыл айтады ау детйіндердің өзі осы дертке шалдыққан. Ұлтқа тәуелсіздіктің мәнін, қадірін өз деңгейінде сезіндіре, түсіндіре алмай отырғандар да мылжыңдыққа душар болып, соның кесірінен бос мақтан, жалқаулық, даңғойлық дерті асқынғандар. Жазушы егер елді басқарушы адамдарда ұлтты алға бастар ортақ мұрат, ұлттық мүдде сияқты үлкен мақсат мүлде жоқ болса, тәуелсіздікті өз тұғырында ұстап тұру да өте неғайбілдеу шаруа екенін ескертеді. Әңгімеде мылжыңдық дертке тек қана ер адамдар ұшырайтыны айтылады. Бұл да тұспал. Жазушының ойынша халықты бұл қиындықтан алып шығатын тек ер азаматтар ғана. Олар сырқаттанса, бүкіл ұлт, қоғам сырқатқа шалдығады. 

Кезінде «Ауыл әңгімелері» деп аталған әңгімелер әдебиеттің бір мәуелі бәйтерегіндей еді, ауыл тақырыбын көтеріп отырып та, адамзат, қоғам, табиғат, жалпы өмір турасында әжептәуір пікірталас тудыратын көптеген мәселелер қозғалатын. Ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының тағдырын әңгімелеп отырып та, жазушылар өмірлік маңызды мәселелерді қозғады. Жалпы «Ауыл прозасы» деген терминді кеңес кезіндегі сыншылар енгізген, дегенмен, ауыл туралы жазатын жазушылар ауыл деңгейінен баяғыда шығып кеткенін көеміз. 

Орыс әдебиетінің өкілі Д.Быков өзінің ютуб каналындағы әдебиетке қатысты лекциясында А.И.Солженицыннің Валентин Распутинге сыйлық тапсыру кезінде сөйлеген сөзінде: «Оларды моралистер деп атаған дұрысырақ болар еді – өйткені олардың әдеби төңкерістерінің мәні дәстүрлі моральдың қайта жаңғыруы болды, ал жойылып кету қаупі төнген ауыл тек қана табиғи көрнекі объективтілік» – деген сөзін мысалға келтіреді. 

Солженицын бұл жерде әділ бағасын берген. Бұл термин шартты, шынымен де ауыл тақырыбын жазатын қаламгерлер ауыл тіршілігінің ішкі драмасын көрсете отырып, қарапайым ауыл тұрғыны арасынан адамгершілігі жоғары адамдарды тапты, шаруаның өмірі, бейнеті, ізеті, қайсарлығы көрінді, қандай жағдайда да өзіне, айналасына адал болып қала білуі оның өнегелік тағылымы болып шықты. Қазір бізде ауыл туралы бірыңғай мұңға толы әңгімелер жазылады, өйткені баяғы еңбектің көрігі қызған ауыл жоқ, жұпыны ауылдар бар болса да бүгін-ертең көшеміз деп алаңкөңіл отыр, оның ақжарқын адамдары да азайған. Бұдан ауыл туралы жазудың қажеті жоқ, ауыл әңгімесі бітті деген ой тумауы керек, әлеуметтік, моральдық жағында қиындықтар болғанымен, «ауыл әңгімесінің» қадір-қасиеті сарқылмайды. 

Бүгінгі таңда Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін шынайы тарихи бағасы берілген жоқ, саналарды сілкінтіп, ұлттың оянуына әкелген бұл оқиға әдеби шығармаларда жеткілікті түрде көрінбей отыр деген пікірлер бар. Бұл тақырып ұлттық әдебиетте мүлдем ескерілмеді, жазылмады деуге болмайды. Осы тақырыпта халықтың ойындағысын қозғап, іштегі шерін шығаратын шығармалар жазған М.Байғұттың, Ж.Қорғасбектің, Қ.Түменбай, т.б. жазушылардың еңбегін айта кету керек. Мысалы, Қ. Түменбайдың «Мұнар күн», «Қазанама оқушы», «Қобыздың мұңы» деп аталатын әңгімелерінде өз елінде екінші сортты ұлт болып күн кешіп, өгейсіген қазақтың жайын айта отырып, желтоқсан тақырыбын көтереді. 

А.Алтай өзінің кең байтақ жері, үлкен астанасынан пана таппай, жетім бұрыш жағалап жүрген қазақ жастарының басындағы баспана тауқыметін, шетқақпай болған ұлттың жетім көңілін көрсеткен «Прописка» атты әңгімесінде желтоқсан тақырыбын қозғап өтеді, «Сібір әңгімесінде» қазақ жастарының обалына қалған Бураханның өмірінің қайғылы аяқталуынан – оны ұлт тәуелсіздігі жолында шейіт кеткен, жазықсыз таяп жеп, қудалауға ұшыраған жастардың обалы мен көз жасы жібермеді деген ой барын аңдаймыз. 

Бүгінгі қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар жазушылар әдебиет тарихындағы бұрыннан қалыптасқан әңгіме дәстүрінен біржола бас тартқан жоқ, керісінше өздерінің алдындағы үлкен жазушылар салып кеткен дәстүрлі жолды жалғап отырып, өздері де жаңалық ала келді, соны ізденістерімен ерекшеленді. Алдыңғы буынның еншісіндегі жетістіктерді қайталамай, жаңа заман ағымына ілесіп, жалпы әлем әдебиетіндегі әдеби дамуға қатысты жаңашылдықтарды зерделей отырып, туған әдебиетті жаңғыртып, түлете бастады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?