Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ боксы – Азияның айбары

1560
Қазақ боксы – Азияның айбары - e-history.kz

Сурет: 7-su.kz

Бокстан еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы Иорданияның астанасы Амман қаласында өткен Азия чемпионатынан жалпыкомандалық есепте бірінші сатыға тұрақтап, олжалы оралды. Осымен 32-рет ұйымдастырылған құрлық додасынан еліміздің боксшылары 6 алтын 7 күміс, 8 қола медаль олжалады. Енді осыны ретімен баяндалық

Айбынымызды асқақтатқан арулар

Азияның чемпионы атанған боксшылардың легін алдымен қыздарымыз бастады. 48 келі салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова Азия чемпионы атанды. Алуа финалда өзбек қызы Фарзона Фозиловадан басым түсті. Балқыбекова осы жылдың мамыр айында Түркияда өткен әлем чемпионатының финалында сүрініп, күміс жүлдені місе тұтқан болатын. Былтыр да Азия чемпионатында алтын медаль олжалап, өзінің құрлықта дара екенін дәлелдеген, осы жолы да сол биігінен төмендеген жоқ. 

54 келі салмақта Жайна Шекербекова құрлық чемпионы атанды. Финалдық айқаста Жайна қыз тайландтық  Джутамас Джитпонгты әбден діңкелетті. 32 жастағы Шекербекова осыдан он екі жыл бұрын, яғни 2010 жылы Астана қаласында өткен құрлық додасында Азия чемпионы атанған еді, араға бір мүшел уақыт салып сол биігіне қайта шығып отыр. 

57 келі салмақта Карина Ибрагимова өзінің мықтылығын паш етті. Боксшы қызымыз Азия чемпионатының іріктеу кезеңдеріндегі жекпе-жектерін сәтті өткізіп, финалдық айқаста жапон боксшысы Ирие Сенді сан соқтырып, 3:1 есебімен ұтты. 

Қыздар додасында күміс жүлде кімдерге бұйырды? 81 келіде Гүлсая Ержан финалда сүрініп, құрлық додасының күміс  медалін місе тұтты. Гүлсая финалда өзінен әлдеқайда тәжірибелі әрі тегеурінді қарсылас саналған үнді қызы Савитаға есе жіберді. 

Жартылай финалға дейін жеткен  бес қызымызға қола медаль бұйырды. 50 келі салмақта екі дүркін әлем чемпионы, құрлық додасында бұған дейін де оза шапқан Назым Қызайбай Амманда арынын көрсете алған жоқ. Жартылай финалда жапон боксшысы Намики Сукумиге есе жіберді. «Бұйырмай тұрғаны шығар, барымды салдым бірақ төрешілер жапон қызы қарымды деп баға берді. Жарақатымнан толыққанды айықпағанымның да әсері шығар. Елімізді әлі де жарқын жеңісіммен қуантамын деп сөз беремін. Аммандағы Азия чемпионатында бапкерлердің айтқанын толықтай орындай алдым дей алмаймын, мүмкін соның да әсері шығар», –  деді Назым Қызайбай.  Былтыр Біріккен Араб  Әмірлігінің бас қаласы Дубайда өткен Азия чемпионатында Назым Қызайбай көк туымызды көкке желбіретіп, алтын медальмен оралған болатын. 

Қыздар арасындағы екінші қола медальді 52 келіде Жазира Орақбаева алды. Жазираның да жолы жартылай финалда бөгеліп, жапондық Ринко Киноситоға күші жетпеді. 66 келі салмақта Мадина Нұршиева финалдық айқасқа жолдама алатын жартылай финалдық жекпе-жекте оңтүстіккореялық  Чой Хон Гүннен ұтылды. 70 келіде олимпиада ойындарының жүлдегері Дариға Шәкімова да Азия чемпионатынан қола медальмен оралды. Тәжірибесі толысқан Дариға жартылай финалда тайпейлік Чен Чиннен жеңілді. 81 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ләззат Күнгейбаева үндістандық Альфие Акрамға жарытлай финалдық жекпе-жекте есе жіберіп қола медальді місе тұтты. 

Шәміл Сафиуллин баптайтын қыздарымыздың 12 салмақ дәрежесінде сарапқа салынған медальдар жиынтығынан 9 жүлде олжалауы аз табыс емес. «Қыздардың әзірлігі ойдағыдай өтті. Біз Амман қаласында Иордания, Филиппин елдерінің ұлттық құрама боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіздік, шәкірттеріміз барын салды, кем-кетігіміз де бар, қателіктерді түзеуге күш саламыз», – деді қыздар құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллин.  Айтпақшы, Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында біздің қыздарымызға қолдау көрсету үшін Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы түрік боксшысы Бүсеназ Сүрменелі арнайы ұшып келіп жанкүйер болды.  

Жігіттердің жілік майы толысса 

Қайрат Сәтжанов баптайтын ерлер құрамасы да Аммандағы Азия чемпионатынан аз табыспен оралған жоқ. Әуелі еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағымызды желбіреткен жігіттердің жеңісіне тоқталайық. Ерлер Аммандағы Азия чемпионатына дейінгі  оқу-жаттығу жиындарын Алматы облысы Бәйтерек ауылындағы олимпиадалық даярлау орталығында өткізді. 

48 келіде Санжар Тәшкенбай қарсыластарының барлығын да айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды. Бұл боксшы жастар арасынан ересектер сапына өткеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Жастар арасында әлем чемпионы атанды, Азия додасында олжа салды. Енді, міне, ересектер қатарына да қосылғанда өзінің мықтылығын дәлелдеп отыр. Ерлер құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келі салмақта Азия чемпионы атанды. Финалда құрама капитаны жергілікті елдің боксшысын жеңді. Ерлер додасында үшінші алтын медальді 92 келі салмақта айқасқан Айбек Оралбай иеленді.

51 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов финалда әйгілі өзбек боксшысы, Рио Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогынының иегері Хасанбой Дусматовқа қарсы айқаста қауқар таныта алмады. Тәжірибелі, талайды көрген, түрлі додада ысылған Дусматов Сәкеннен шеберлігін асырып, Азия чемпионы атанды. Бибосынов Аммандағы доданың жартылай финалында әлем чемпионы жапондық боксшымен жекпе-жекке түскенде қабағын жарақаттап алған болатын. Финалдық айқаста жарақаты сыр беріп, кедергі келтірді. «Жартылай финалда жапон боксшысына қарсы айқаста жеке бапкерім Мырзағали Айтжанов жақын қашықтыққа бармауымды, ішінен, бүйірден ұруға ұмтылмауды қадап тапсырды. Себебі оның бойы менен әлдеқайда тапал еді. Басымен жарақаттап жіберуі мүмкін екенін ескертті. Бірақ қызынып кетіп, бапкердің айтқанын тыңдамадым ба, бауыр тұсынан ұрамын деп еңкейгенде басымен қағып, қабағымды жарып жіберді. Соған қарамастан финалға шықтым, бірақ Азия чемпионатының алтын медалі бұйырмаған екен, алдағы уақытта жанкүйерлерді жеңісіммен қуантамын», – деді Сәкен Бибосынов. 

54 келі салмақ дәрежесінде жасындай жарқылдап жүрген Сабырхан Махмұдқа да Иордания төрінен күміс медаль бұйырды. 57 келіде Серік Теміржанов, 67 келіде Дулат Бекбауов, 75 келі салмақта Нұрқанат Райыс, аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев финалда сүрініп, күміс медельді місе тұтты.        

Қола жүлде 60 келіде Саматәлі Төлтаевқа, 80 келіде Нұрбек Оралбайға, 86 келі салмақта Сағындық Тоғамбайға бұйырды. 

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Иорданияға арнайы барып, боксшыларымызға жанкүйер болып қолдау көрсетті. «Біздің боксшылар әуесқой бокста әлемдік рейтингтің көшін бастады. Бұл еліміз үшін зор табыс.  Келесі жылы жазғы Азия ойындары, әлем чемпионаты өтеді. Міне, сол додада біздің боксшылар барын салып, мықтылықты дәлелдеуі тиіс.  Бапкерлер өздерінің шәкірттерімен кемшілікті түзеуге жұмыс жасауы керек. Болдым-толдым деуге әсте болмайды.  Иорданияға аттанарда боксшылардың денсаулығына баса мән бердік, дәрі-дәрмекті қабылдауда арнайы фармаколог, ас-ауқат ішерде диетолог мамандармен бірге  жіті қадағалап, қатаң бақылауда ұстадық. Соның нәтижесінде міне, Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте көш бастап отырмыз», – деді Қазақстан бокс федерациясының президенті К.Рақышев. 

Иорданияда өткен Азия чемпионатына құрлықтың 27 мемлекетінен боксшылар қатысты.  Бұл дода біздің боксшылардың қазіргі деңгейін көрсетіп отыр. Әлі де әзірлікті күшейтетін, боксшылардың физикалық әлеуетін толықтыратын тұсымыз көп. Былтыр Токио жазғы Олимпиадасында боксшыларымыз жартылай финалдан аса алмай пұшайман күйге түскені  жанкүйерлердің  есінде. Сол олқылықтың орнын 2024 жылы париж төрінде толтыруы тиіс. Ол үшін тынымсыз жаттығу, тоқтаусыз еңбек ету керек. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?