Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде «Көшпенділер өркениеті: Ұлы қағандардың хаттары, жарлықтары» атты көрме ашылды. Бұл көрме Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Көшпенділер өркениетін, мемлекеттік дәстүрін, көне жазу және дипломатиялық қызмет тарихын насихаттау мақсатындағы көрмеде көшпенділер тарихындағы ұлы, кіші хандардың хаттары, жарлықтары, таңбалары, алтын найза үлгілері, алтын-күміс тиындары, ежелгі ұйғыр, моңғол ұлттық жазу мұралары көрсетілді.
Осынша дүниенің бәрін әкеліп, насихаттап жүрген «ТИТЕМ-АРТ» академиясының мүшесі, өнертану докторы, құснихат шебері, Моңғолия мәдениетінің үздік қызметкері, Моңғолия мәдениет елшісі Эрдэнэхуяг Ариунболд бұдан бұрын осындай көрмелерін Жапония, Франция, АҚШ, Ресей, Иран елдеріне де апарған екен.
Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Несіпбек Айтұлы өз сөзінде:
- Қазақ-моңғол халқының тарихы өте тереңде, мыңдаған жылдарға созылады. Мынау ұлы апайтөс Азияның төсінде ата-бабаларымыз талай-талай күрделі тарихты басынан кешірген. Екі ел арасындағы терең тарихымызды тану үшін бүгінгі көрменің маңызы өте зор. Мемлекеттер арасындағы байланысты күшейту үшін біз көне тарихымызды терең тануымыз керек. Көне замандағы хандардың жазысқан хаттары – бұл тірі тарих, осыны бізге әкеліп отырған Ариунболдтың өнері арқылы көне дәуірмен тілдесіп отырмыз, – дей келіп, Қазақстан-Моңғолия елшісіне алғыс білдірді.
Өз кезегінде Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Доржийн Баярхүү де ықыласын білдірді:
- Біздің екі елдің арасындағы ресми қатынасқа отыз жыл орнағанымен, екі ел халқының тарихы одан да әріде. Тіл мәдениетіміз де ортақ, соның ішінде тұрмыс-тіршілігіміз ұқсас, киіз туырлықты, малшылық мәдениетті ұстанған көшпенді халықтармыз. Бір ғана мысал, «зәрлік» деп айтып тұрмын ғой, қазақша ол «жарлық» деген сөз. Ғалымдар зерттеулерінде қазақ-моңғол тілдерінің түбір сөздерінің бірлігі бір негізде екенін дәлелдеген.
Көрменің басты иесі, Моңғолия мәдениет елшісі Эрдэнэхуяг Ариунболд қазақ жұртының қонақжайлық ниетіне бас иіп алғыс білдіре келіп, былай деді:
- Осы ежелгі хандардың хаттарын, мұраларын таныстырып көптеген елде болдық, бірақ Қазақстанға алғаш келуіміз. Қазақ-моңғолдар ағайындас халықтармыз, ортақ құндылықтарымыз мол, көшпенділер өркениетінде жазу мәдениеті де дамыған, ұлы қағандарымыз осы жазу арқылы хат түсіріп отырған. Неге әкеліп отырмыз? Қазіргі жаһандану заманында мәдениетіміз батыстық мәдениетке еліктеп, тез бағыт алып бара жатыр. Жастар 13-ғасырда ұлы қағандарымыздың жазған дүниелерін өнер туындысы ретінде білсін, танысын деп әкеліп отырмын. Бұл туындыларымның түпнұсқалары Моңғолияның мемлекеттік сарайында, Сыртқы істер министрлігі сарайында тұр, оны мен көшпенділердің ежелгі мәдениетіне сай теріге, былғарыға жазып әкеліп отырмын, бүктеп ұшақпен алып жүруге ыңғайлы. Мысалы, мынау Құбылай ханның жарлығы. Көрмемізде көшпелі бабаларымыз қолданған 6-7 жазу үлгісі бар. Мысалы, тиындар, ақшалар, Самарқанда соғылған Шыңғысханның тиынының үлгісін әкелдік. Бір жағында арабша, бір жағында көне моңғолша жазу бар, тот жазуы дейді, Абылайхан қолданып жүрген жазу, айқын жазу деген бар, Құбылайханның өзі шығарған төртбұрыш жазуы бар, тиындарда, ақшаларда мөрі тұр. Бұдан сауда мәдениетін дамытқаны көрінеді. Сондағы жазулар арабша, моңғолша жазылған. Біздің көшпелі ұлы қағандарымыз жазу мәдениеті арқылы дипломатиялық қатынас тарихын нақтылаған.
Моңғолиядан келген қонақтардың сөзін қазақшаға аударған халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, Моңғолияның мәдениет елшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Тойшанұлы виртуальды музейді таныстыра отырып, алғашқы моңғол жазуындағы ескерткіштер туралы айтты. Көрмеге келушілер Шыңғысханның баласы Үгедей, одан туған Күйіктің Рим папасына жазған хатын тамашалады. «Ұлы қаған Шыңғыс ханның жарлығы, оны тыңдаған адам бағынуы керек және өзінің адамдарын әкеліп бағынсын» деген бұл хаттың түпнұсқасы Ватиханның архивінде сақталған. Хатқа қызыл мөр басылған, ұлы қағандардың мөрі 25 сантиметр дерлік үлкен болған. Хаттардың өзі де ұзын болған. Мен кішірейтілген нұсқасын әкелдім. Бұл – Құбылай хан қытайдың алфавитін жойып, «мынаны қолданыңдар» деп реформа жасап, төртбұрыш әліпбиді қолдану туралы Тәңірдің бұйрығын түсірген кездегі жарлығы. Ал мынау – иран-парсыларды билеп отырған Құлағу ханның тұқымы, немересі Қазан ханның әлемде бейбітшілікті қолдап, «тыныштықта өмір сүру туралы Тәңірдің бұйрығы» деп түсірген хаты»-деп таныстырды Эрдэнэхуяг Ариунболд.